Көркем мәтінді талдау жолдары



Дата18.10.2023
өлшемі57,5 Kb.
#118470
Байланысты:
Көркем мәтінді талдау жолдары Презентация




КӨРКЕМ МӘТІНДІ ТАЛДАУ ЖОЛДАРЫ

Әдебиет – көркемөнердің бірі. Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүюден елін, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді. Әдебиет арқылы оқушылар алдында еліміздің тарихы, оның ғасырлар қойнауында қалған сөз сандығы ашылады, солар арқылы халық арманы, қиялы, болашақтан күтер үміті, ақ сенімі көрінеді. Әдебиетті оқытудың басты мақсаты – оқушыларды сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы – әдебиетін жан-жақты игерту, сол арқылы парасаттылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа, сұлулыққа тәрбиелеу.


Талдау (анализ) - көркем шығарманы тексергенде қолданылатын тәсіл. Шығарманы әр қырынан алып карастырып, оның қасиет ерекшелігін, жеке бөлек-бөлшектеріне тән өзгеше сипат белгілерді арнайы зерттеп, танып-білу. Айталық, шығарманы идеялық мазмұн, тақырыпты баяндау ерекшеліктері тұрғысынан, немесе, сюжеттік, композициялық құрылысы, жанрлық сипаты жағынан талдауға болады. Сондай-ақ, кейіпкерлердін характерін бейнелеу принциптері тұрғысынан, сөздік, тілдік кұралдарды пайдалануы, егер поэзиялық шығарма болса ырғактык интонациялық өзгешеліктері, әр түрлі шумақ, тармақ, ұйкастарды қолдану жағынан талдауға болады. Шығарманы осындай бірнеше қырынан тексергенде жеке ерекшеліктердің өзіндік сипат белгілерін де олардың бір-бірімен байланысында аңғаруға мүмкіндік бар. Әрине, шығарманы боршалап, бөлшектеп, талдап карастырғанда оның мағыналық көркемдік бірлік түтастығынан туатын әсері бір сәт әлсірейді. Оның есесіне шығарманың күрылыс-бітімін-дегі әншейінде көзге түспейтін, байқала бермейтін сипат белгілері айкын танылады. Ал оларды көре білу, түсінудін шығарманы тұтас кабылдағандағы алатын әсерімізді толықтырып, байыта түсетіні сөзсіз. Талдау дегеніміз - жеке қасиет ерекшеліктерді арнайы карастырып, танып білу арқылы бүтінді айқын сезінуге себін тигізетін, соған қызмет ететін тәсіл. Әдетте шығарманың ерекшеліктері, ірілі-ұсақты бөлшектері, олардың өз алдына оқшау тұрғандар сипат-белгілері көбірек козге түседі, оларды байқау жеңілірек болады. Әдеби шығарманы талдау үшін, көркемдік касиет-белгілерін нактылы сипаттап беру үшін калай да онын өзгешелік-ерекшеліктерін түгелдей де, жекелеп те ашып қарау керек.
Әдебиетті оқыту көркем шығарманы оқудан басталады. Көркем шығарманы оқу үйде, сыныпта жүргізіледі. Көркем туындыны оқуда мәнерлеп оқу, әр сөзді айқын, түсінікті оқу, жинақы оқу, дауыс естілімінің де ашық болуы талап етіледі. Оқушыны көркем мәтіннің оқу түрлеріне дағдыландыру керек. Көркем мәтінді оқу түрлерін былайша жіктеп ажыратуға болады.
1) көркем мәтіндегі жазушы ойын мұғалім көмегімен аңғара оқу. Оның мән-мағынасын тұшына, түсіне оқу. Қиын, түсініксіз образды, айшықты сөздерді ұғына оқу, яғни лингвистикалық түсіндірмелі оқу;
2) таңдап оқу. Белгілі мақсатпен қойылған сұрақтарға жауап іздеп, тіл көркемдігін дәлелдеу, портрет, пейзаж, образды табу;
3) іштен оқу немесе өздік оқу. Іштен оқудың оқушыны жеке, өз бетімен жұмыс істеуге баулудағы маңызы ерекше зор. Ойлану, өз бетімен іздену, жауап табу, дербес белсенділігін арттырудағы іштен оқудың атқарар рөлінің ерекше екендігі;
4) рөлге бөліп оқу. Рөлге бөліп оқу таным белсенділігі, қызығушылығын арттыруда, қабілеттерін дамытуда, сабақтың эмоциялық, психологиялық мәнін нәрлендіруде пайдалы;
5) хормен оқу. Оқу техникасын жетілдіру, мәнерлі, айқын оқу, көркем мәтінмен жұмыс істеуге баулу бүкіл сынып оқушыларын көркем оқуға ұйымдастыруда тиімді;
6) ұжымдық оқу. Әсіресе, даралап оқытуда тиімді. Оқу техникасына, мәнерлеп оқуына қарай, оқушыларды топқа бөле отырып, мұғалім ұжымдық оқуды тиімді ұйымдастырса, көркем мәтінді тез меңгертуге ықпал жасайды, мәтінді оқуға деген оқушы ынтасын арттыруға әсер етеді;
7) жұптық оқу. Жұптық оқудың тиімділігі, біріншіден өз беттерімен оқу техникасын жетілдіру дағдыларын дамытады, екіншіден ұқыпты тыңдай білуге, бір-бірінің жұмысына талдау жасай білуге икемдейді;
8) мәнерлеп оқу. Мәнерлеп оқу-әдебиетті оқытудың басты әдістемелерінің бірі. Мәнерлеп оқудың мақсаты:
а) оқушыларға көркем туындының эмоциялық-эстетикалық әсерін сезіндіру;
ә) көркем мәтінге жан беру, әр сөздің мәні мен мағынасын, сөз бояуларының нақышын сезе білу;
в)көркем мәтіндегі айтар ой мен поэтикалық көркемдікті өздеріне болжату, түсіндіру, мәтінді талдау дағдыларын дамыту.
Әдебиет сабағының күре тамыры көркем мәтінмен жұмыс істеу деп санаймын. Оның ерекшелігі сол - ол оқушының жүрегіне, сезім қылына әсер етуі. Оқушылармен бірге көркем шығармамен жұмыс істей отырып, олардың ойлауына, толғауына, пікір айтуына ықпал жасаймын. Оқушылар көркем шығарманы оқып біткен мерзімде, ауызша, жазбаша сұрақтар арқылы мазмұнын айтқызамын, өзіне ұнаған бір эпизодты қысқаша баяндатамын, бір кейіпкердің іс-әрекетінен мысалдар келтірткіземін, ең негізгі деген жерлерден үзінді жазып, «Ол қай оқиғадан алынды, кімнің сөзі?» деген сұрақтарға жауап аламын, әр түрлі әдеби ойындарын жүргіземін.
Көркем мәтінді талдау шығармашылық жұмыстарды талап етеді. Көркем мәтінді оқыту мен талдауда оқушының мәтін мазмұнын меңгеруіне көңіл бөлу керек. Көркем шығарманы оқығанда, оқушылардың ол туралы өзіндік әсері, пікірі туындайды. Оқушылардың зейіні, есте сақтау, қабылдау қасиеттеріне қарай мұғалім мәтінді тұтастай емес, ең негізгі басты мәселелерін ғана мазмұндатып, оны меңгеруді одан әрі жалғастырғаны тиімді болады. Үзіндіні мазмұндағанда, оқушыларды мүмкіндігінше жазушы тілімен мазмұндатуға икемдеу керек. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап етемін. Көркем шығарманы үйге тапсырма ретінде бергенде, түсініксіз сөздерді, сөйлемдерді оқушылардың алдын ала белгілеп келуін талап еткен жөн. Сабақ барысында шығарманың мазмұнына талдау жұмысын жүргізгенде, күрделі, түсініксіз сөздерге түсінік беру керек.
Әдеби талдаудың басты мақсаты-оқушылардың өзіндік қабылдауларын, пікірін әдебиеттану ғылымының талабына сай ғылыми арнаға бағыттау болып табылады.
Көркем шығарманы талдаудың ғылыми жүйесін жасаған әдіскер ғалымдар: Ә. Қоңыратбаев, Ә.Көшімбаев, Ә. Дайырова, Т. Ақшолақов, т.б. Көрнекті әдіскер, ғалым Төлеутай Ақшолақов көркем шығарманы талдау мәселесіне таза әдеби - эстетикалық жолмен қарауды ұсынды ». Біз шәкірттерді сөз сырына бойлатуымыз керек. Бүкіл кілт - осында. Өйткені, көркем әдебиетте сөз -мазмұн да, форма да. Шәкірттерді сөздің алуан сырына үңіле білуге үйрету - әдебиет шығармасын танытудың басты жолы. Ақын шығарма құрылымында сөздерді қандай кәдесіне жарата білген, сөз кірпіштерін қаншалықты қиыстыра қалай білген, шығарманың бүкіл бітімін қалай сомдаған, қандай жаңа поэтикалық жаңалықтар әкелген, қандай сом образдар жасаған, мұғалім осыған үнемі, сабақ үстінде, сабақтан тыс уақытта шығармашылық тапсырмалар беру арқылы үйретіп, баулып отырса, шәкірттер өнер туындысының қадыр қасиетін танумен, астарлы сырына үңіле білумен қатар, жазушы стилін, шығарма стилін аңғарар еді.
Тегінде, баланы өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен білім алуға үйрету -ең ұтымды жол». Ахмет Байтұрсынұлы шығарма тілін ақын тілі және әншейін тіл деп жіктей келіп: «Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтылығын, тазалығын дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді болу жағын талғайды» деп жазады. Көркем туындының құрылысы әр тарапты көптеген компоненттердің бірлігінен тұрады. Олар көркем шығарма тілінің заңдылығына бағынады және тілдік жүйе түзеді. Осы жүйені жасайтын жазушының өзі. Осыдан «автор бейнесі» мәселесі туындайды». «Автор бейнесі»-көркем әдебиет тілінің ішкі сапалық қасиеттері мен заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік беретін категориялардың бірі әрі негізгісі болып табылады. Автор өзі жазып отырған шығарманың өн бойында ойы мен идеясын, көзқарасын, психологиясын танытып отырады, яғни әрбір көркем шығарманы оқығанда автор бейнесін де байқауға болады. Көркем мәтінде жазушы өз идеясын, көзқарасын жеткізуде оқырман қажетіне жарайтындай, түсініп оқитындай тілдік бірліктерді қолданады.
Көркем мәтінді талдауда композиция, сюжет, жазушы стилі, көркем туынды негізінде жатқан идея, оның көтерген мәселесі ерекше назарға алынады. Әдеби талдау арқылы оқушылардың әр түрлі реңдегі эмоциясына, сезіміне әсер етеді, ойларына ой, пікірлеріне пікір қосып, бүкіл жан дүниесін оятады.
Көркем мәтінді терең түсіну, талдауда әңгімелеудің де маңызы ерекше деп санаймын. Әңгімелеу әдісінің тәжірбиемде қолданып жүрген мынадай түрлері бар: мәтінге жуық, көркем мәтін ізімен әңгімелеу, оқушының өзіне ұнаған эпизодын, әсерін әңгімелеу, шығармашылық жолмен әңгімелеу болып табылады. Мәтінге сәйкес әңгімелесу баланың еске ұстау қабілетіне әсер етеді, зерделілікке, ұғымдылыққа, алғырлыққа баулиды. Сондай -ақ ең бастысы, оның сөздік қорын, тіл байлығын, өз сөйлеу тілінде пайдалануға үйретеді. Көркем мәтінді дұрыс, нақты түсінуге жетелейді. Тұжырымды әңгімелеудің өзіндік басты ерекшелігі - оқушылар ең басты, негізгі мәселелерді бөліп алып, тиянақты, қысқа ғана айтулары керек. Әңгімелеудің бұл түрі оқушыларды нақты сөйлеуге , ойын шашыратпай, қысқа ғана, негізгісін айтуға баулиды. Шығармашылықпен еркін әңгімелеу оқушылардың қиялын, арманын ойын дамытады, қабілетіне әсер етеді. Оқушылар мәтіннен негізгі ұғымды толық меңгеріп, талдау жұмысы жүргізілгеннен кейін, осы әңгімелеуді орындауға болады. Оны барлық баладан талап ету де міндетті емес. Оқушылардың өз тілегі, ынтасын ескерген жөн. Шығармашылықпен әңгімелеу көркем мәтін негізінде жатқан авторлық ойдан ауытқымау керек, қайта сол ойды дамыту қажет. Көркем мәтінді бірінші не екінші жақта әңгімелеуде, автор баяндауын өзгертіп, мәтін мазмұны, негізгі айтар ойы өзгертілмейді. Тек бірінші жақта жазылса, оны үшінші жақта әңгімелеу талап етіледі. Әңгімелеудің бұл түрінің маңыздылығы оқушының тілін дамытады, кейіпкерлер іс -әрекетін түсінуге, талдауға баулиды. Әсіресе, бас кейіпкер атынан сөйлеу қызықты да, күрделі де болып келеді. Бұл жұмыста оқушылар кейіпкер іс-әрекетін тереңірек түсінеді, өз сезімін, толғанысын да арқау етеді.
Көркем шығармадағы кейіпкерлердің орнын, ой-мақсатын оның сөйлесу тілі арқылы айқындауға болады. Көркем шығармадағы сюжет пен композициядан бастап, әрбір деталь, көркемдік тәсіл белгілі бір ойға, мақсатқа құрылады. Көркем мәтінді талдауға байланысты оқушы дағдысы, икем машықтарына қойылатын талаптар, осыған байланысты істелетін жұмыстар:
а) Өз бетімен, жеке талдау. Мұндай талдауда мұғалім талдау сұрақтарын, тапсырмалар береді. Сондай-ақ, көмек-карточкалар ұсынылады.
ә) Ұжымдық талдау. Ұжымдық талдау мұғалімнің басшылығымен жүргізіледі. Ол оқушыны көркем туындыны қабылдау, бағалау жұмыстарына баулиды, бірігіп бір пікірге келуге, қорытынды жасауға жетелейді. Ұжымдық талдау сұрақ-жауап, мәтінмен практикалық жұмыс, пікірлесу, әдеби айтыс негізінде жүзеге асады.
Көркем мәтінді талдаудың жолдары мен бағыттары Рәбиға Сыздықова мен Бердібай Шалабай еңбектерінде жан-жақты сараланады. Ғалымдар көркем мәтінді талдаудың жолы мен жүйесін айқындайды.
Көркем шығармаларды оқытудың тиімді де өнімді жолдарын іздеудегі әйгілі ұстаз, әдіскер Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның еңбегі зор. Әдіскер ұстаздың қаламынан М.Әуезов шығармашылығын оқыту мәселесіне байланысты үш кітап жазылған. «Оқулықта талдаудың бір түрі-образдық талдау жүйесі негізге алынған». Көркем шығарманы талдау жүйесі, ең алдымен алдымен көркем туындыда жазылған, баяндалған оқиғалардың тарихи негізіне назар аудартады. Мұғалімнің түсіндірме әңгімелерінен кейін, мәтінді мәнерлеп оқып, мазмұнымен танысу, мәтінді бөлшектерге бөліп, ат қою, әр бөліміне жоспар құру, құрылған жоспар бойынша тірек сөздерді қолданып мазмұндату, шығарманың басталуы, шығарма ішіндегі уақиғалардың байланысы, уақиғаның шарықтау шегі, шешімі айқындалады. Әр шығармадағы адам тағдыры жеке кейіпкерлер арқылы пайымдалып, іс-қимылы, мінезі, қылығы, әрекеті айқындала түседі. Кейіпкерді танытатын, айқындап, даралап беретін негізгі элементтер: портрет, іс-қимыл әрекеті, тілдік көрінісі, көркемдік детальдар, суреттеме, кейіпкерлер диалогы, жанама сипаттамалар, кейіпкердің өзара қарым-қатынасы, қақтығысы, күресі т.б. Кейіпкерді талдап, тану барысында оқушы көркем шығармадағы кейіпкердің жүйесін нақтылайды, өзара байланысын, жазушының әр кейіпкерге қандай сипаттама бергенін, портретін, кейіпкерлердің диалогтары арқылы олардың мінезін ерекшелеп айқындап, негізгі орталық тұлғаны анықтайды.
Оқушы көркем мәтінді талдай білу арқылы нақты, дәлелді сөйлеуге дағдыланады, сөз құдіреті мен қасиетін ұғынады. Сол себептен, ең алдымен көркем тілмен сөйлеуге талаптандыру керек. Әр сөйлемнің негізінде нақты ой, сол ойды анық, айқын кестелейтін сөз оралымдары болу керек. Күнделікті пайдаланатын тілді жақсы меңгерген баланы оны кестелеп, әдемілеп қолдануға дағдыландыру керек. Мағынасыз сөздер, шұбалаңқы сөйлемдер, айтатын ойын нақтылап беруге шорқақтық көркемдеп сөйлеуге зиянын тигізеді. Сондықтан көркемдеп сөйлеуді әр сабақта жүйелі түрде жүргізген тиімді болмақ. Көркем сөйлеу оқып отырған көркем шығармаға да тікелей байланысты. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап ету-осы көркемдеп сөйлеуге баулудың басты жолы. Көркем сөйлеудің негізгі белгілері топтар, фигуралар түрін меңгерту, теңеулер мен баламаларды сөйлемде жиі қолдану болмақ. Көркем мәтінді оқу барысында керекті дәйектемелерді ала білуге, бейнелі оралымдарды теріп алуға баулу. Көркем шығарма тілін талдауда жазушының суреткерлік шеберлігін, эстетикалық мүмкіндігі, тілдік құралдарды поэтикалық деңгейге сай қолданылуы, сөздің, фразаның құдіретін дұрыс танытады.
Пайдаланылған әдебиет:
1. Т. Ақшолақов, Шығарманың көркем айшықтарын таныту, А., 1998.
2. А. Байтұрсынұлы, Тіл тағылымы, А, «Жазушы», 1992.
3.Р. Сыздықова, Б. Шалабаев, Көркем тексті лингвистикалық талдау, А., «Мектеп», 1989.
4.Қ. Бітібаева. Әдебиетті оқытудың тиімді жолдары, А., «Жазушы», 1990.
5.Қ. Бітібаева. М. Әуезов шығармашылығын мектепте оқыту А., «Жазушы», 1994.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет