Лекция №7. Тақырып: Саяси шиеленістер мен дағдарыстар. 1. Саяси шиеленістер, олардың мәні, қызметтері.
2. Саяси шиеленістер мен дағдарыстардың типологиясы.
3. Саяси шиеленістерді шешу жолдары.
4. Этносаяси шиеленістер.
(Видеолекцияға сілтеме https://youtu.be/YwVAauP3BVk)
1. Саяси шиеленістер, олардың мәні, қызметтері. Шиеленіс деп әрбір қарсы жақты қолайсыздыққа ұшыратып, істі насырға шаптыратын қарама-қарсы мүдделердің, пікірлердің, көзқарастардың қайшы келуін, елеулі келіспеушілікті, өткір таласты айтады.
Шиеленіске адамзат өте ертеден-ақ көңіл аударған. Мысалы, б. з. б. VII-VI ғасырларда қытай фәлсафашылары дүниедегі нәрселердің бәрінің қозғалыс көзі оң (ян) және теріс (инь) бастаулардан тұрады деп есептеді. Ежелгі грек фәлсафашысы Гераклит заттар мен құбылыстардың дамуы қарама-қарсылықтардың күресінен туады деді. Макиавелли қоғамдық процестердің дамуыңда қайшылықтардың пайдалылығын атап көрсетті. Гегель қарама-қарсылықтардың қайшылықтары мен күресін жоғары бағалады.
Саяси шиеленістер теориясына әсіресе көп көңіл бөлген — марксизм. Маркс пен Энгельс тап күресі таптық қоғамдардың дамуының зандылығы және қозғаушы күші деп есептеді. Осы ғасырдың 50 жылдарында американдық Льюис Козер әлеуметтік шиеленістерге құндылықтар, мәртебе, билік, қаржы-қаражат үшін күресті жатқызды. Мұндай көзқарас Батыс саясаттарында кең тараған.
60 жылдары немістің әлеуметтанушысы Ральф Дарендорф "қоғамның дау-дамайлық үлгісін" алға тартты. Ол "Индустриалдық қоғамдағы таптар мен таптық шиеленістер" деген еңбегінде билікті бөлуге байланысты адамдар арасында теңсіздік пайда болады, олар кикілжіңге әкеледі. Соның нәтижесінде қоғамда құрылымдық өзгерістер жасалады. Капитализм біртіндеп терең өзгерістерге ұшырайды. Оларды өздері жүзеге асырады, сондықтан К. Маркс айтқан революциялық төңкеріске жол берілмейді делінген.
Американың әлеуметтанушысы Кеннет Баулдинг "шиеленістің жалпы теориясын" жасады. Оның ойынша, әлеуметтік шиеленістің мәні адамның қалыптық реакциясына байланысты. Қандай кикілжің болмасын, тітіркендіргіштер, қоздырғыштардың әрекеттері арқылы реакцияларды, құндылықтарды, жеке адамдардың құштарлықтарын өзгертуге болады. Соның арқасында қоғамдық құрылыс түбірімен өзгеріске ұшырайды.
Қазіргі кезде қоғамдағы шиеленістер көптеген ғалымдардың назарын аударуда. Сондықтан осы мәселемен арнайы айналысатын конфликтология деген ғылым пайда болды. Ол мейірімсіздікке, төзімсіздікке, озбырлыққа әкелетін, қоғамды бүліндіріп, тығырық қатірейтін саяси шиеленістердің шығу зандылықтарын біліп, реттеу жолдарын іздестіріп, оның алдын алуға бағытталады. Соған орай, ол саяси және қоғамдық қатынастарды жетілдіруді де қарастырады.
Әлеуметтік шиеленістердің бірнеше себептері бар. Ең бірінші, жалпы себебіне адамдардың теңсіздігі жатады. Себебі әркімнің қоғамдағы мәртебесі, қызметі, билікке қатынасы әр-түрлі. Біреулер билік етеді, екіншілері оларға бағынады, дегендерін істейді. Дарендорф: "Бұл қайшылық әрқашан болған және бола бермек, сондықтан Маркстің коммунистік қоғамда таптар, дау-дамайлар болмайды деуі бекер сөз" дейді.
Шиеленістің екінші себебіне кажеттілік, мұктаждыктың, талап-тілектің өтелмеуі немесе канағаттандырғысыз өтелуі жатады.
Үшіншіден, адамдар өздерін белгілі бір әлеуметтік, этникалық, діни, т. б. бірлестіктердің мүшесіміз деп санайды. Бұл олардың өмірдегі орнын айқындайды және өздерінің жағдайын басқалардан төмен сезініп, мүдделеріне қысым жасалды деп ұғады. Мысалы, Ресейдің кейбір халықтары, Солтүстік Ирландиядағы католиктер, Канададағы Квебек провинциясы, Испаниядағы баскілер және т. с. с.
Батыстың көптеген саясатшылары шиеленістер (төртінші) себебін адамның санасынан іздейді. Мысалы, жеке адам мен қоғамдық құндылықтар туралы түсініктері сәйкес келмеуі, өмірден адам бір нәтижені күтуі, шындығында басқаша шығуы, адамдардың өзара түсініспеушілігі, олардың ішкі сезімдерінің жетілмегендігі, т. т. с
Шиеленістер қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Әлеуметтік бақылауға алынған шиеленіс адамдар, топтар арасында пайда болған дау-дамайларды уақытында ушықтырмай, асқындырмай шешуге септігін тигізеді.