Ұлт-азаттық көтеріліс қолбасшысының кесенесін көтеру көкейтесті мәселеге айналып отыр



Дата06.01.2022
өлшемі28,53 Kb.
#11968
Байланысты:
Арыстан туған Исатай


«Арыстан туған Исатай…»

Ұлт-азаттық көтеріліс қолбасшысының кесенесін көтеру көкейтесті мәселеге айналып отыр

Қанатынан дауыл есетін қос қырандай жауға тиген Исатай мен Махамбеттің есімдерін ел ардақтайды, құрмет тұтады. Сонау ХІХ ғасырдың өзінде-ақ азаттық пен бостандықты аңсаған халық батырлары үстем таптың жүргізіп отырған саясатына өзіндік қарсылықтарын білдіріп, атқа қонып, жорыққа шықты. Исатай батыр туралы деректі әңгімелер, кітаптар баспадан жарық көрді, фильмдер түсірілді. Облысымызда кезінде Қобдадан бөлініп, батыр атында аудан да ашылды.Кейіннен жоғары жақтың дүмпуімен белгісіз себептермен жабылып қалды. Қобда өңіріне бара қалсаңыз, Қиылда ма, Ақырабта ма, Жиренқопада ма – мейлі, бәрібір, жергілікті көнекөз қариялар өңір тарихынан сыр шертіп, алдыңда тайпалған жорғадай жоса түседі. Демек, жұртшылықтың хас батыр жа­йында толық мағлұматы барлығына ешкімнің шүбәсі болмасы хақ.


Ал біздің бүгінгі әңгімеміз – кедей-кепшіктің қамын жеген, солардың қолын теңдікке жеткіземін деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген, ақыры қапыда шейіт болғаннан кейінгі Исатай Тайманұлының аруағы риза боларлықтай қандай шаруалар тындырылды, ауыз толтырып айтарлықтай не істелді, міне, осы жөнінде болмақ.
Біздің мұндай тоқтамға келіп, зиялы қауым өкілдеріне түрткі болсын деп бастама көтеруіміздің бірден-бір себебі – биыл, яғни 2011 жылы, Қазақстанның егемендік алғанына 20, әйгілі Желтоқсан оқиғасына 25 жыл толады. Оған Исатай Тайманұлының 220 жылдығын қосыңыз. Бұл даталар бір-бірімен сабақтас, мазмұндас десе де болады. Батыр бабамыздың аңсаған арманы орындалды. 1986 жылы қазақ жастары бас көтеріп, ұлттық рухты ұлықтаса, арада бес жыл өткен соң төбемізде тәуелсіздік туы желбіреді. Бұл, иншалла, өте қуанышты жағдай. Бұған дейін, жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік дәуірде ескі бейіттерді іздестіруді, құлпытас қоюды, басына барып, дұға бағыштауды ескіліктің сарқыншағы деп, көп жағдайда рұқсат етілмеді. Шүкір, бүгінде дінге жол ашылды. Қазақстанның әр түкпірінде өткізілген батыр, шешен, ақын-жырау аталарымызға арнап ас беру, рухын ардақтау рәсімдері бұқаралық-ақпарат құралдары беттерінде еркін жазылып та жүр.
Дегенмен олқылықтарымыз да жоқ емес. Тәуелсіздікке қол жеткізген қазіргідей бейбіт заманда жан-жағымызды түгендеп, «біз сіздерге мынандай аманат қалдырдық» деп еңсемізді тік ұстап, ертеңгі күнгі ұрпақтарға бет-жүзіміз қызармай қарай алатындай жағдайдамыз ба? Әрине, атқарылған істер, алынған асулар аз емес. Бірақ көзтасада қалып, қолға алынатын мәселе де жоқ дей алмайсыз. Бұған бір ғана мысалды алыстан іздемей-ақ, осы сөз еткелі отырған Исатай батырдың Қобда ауданындағы Қиыл өзенінің бір сағасында жатқан зиратының күтімге алынбауын айтуға болады. 1991 жылы басы қайта қарайтылып, екі тас қойылып, айналасы қоршалған күйінде мызғымастан әлі тұр. Міне, арада содан бері де зулап жиырма жыл уақыт өтті. Не деген бейқамдық?

Әрине, орын алған кемшіліктерді жіпке тізгендей айтып қана қойсақ, әділдік болмас еді. Қарын тойдырғаннан ой оздырғанды артық көретін азаматтар бар екен.Солардың үндері батылдау шығып, тың ұсыныстар өмірге келді. Мінберден айтылған жалынды сөздер нақты іс-қимылға ұласты. Демек, осы арада теңізге тамған тамшыдай атқарылып жатқан азын-аулақ шаруаларды да тілге тиек етсек дейміз. Өткен жылдың шілде айында Исатай батырдың қаза тапқан күніне орайластырылып, үлкен басқосу өтті. Оның басына кесене тұрғызу жөнінде қоғамдық қор құрылды, яғни сең бұзылды. Осы мәселелерге байланысты бұрын Қобда өңірінде қызмет жасаған немесе Исатай батырға жанашырлық жасап, көмек қолдарын созған азаматтармен жолығып, ой-пікірлерін ашық-жарқын ортаға салуларын өтінген едік. Беркін Құрманбеков, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік универси­тетінің саяси-әлеуметтік пәндер ка­федрасының меңгерушісі, тарих ғы­лымдарының кандидаты, доцент: айтатын сөзін ешкімнен тайсалмай, түбіне жеткізген қайран Махамбеттер-ай дегің келеді осындайда. Алмағайып заманда ертеңгі күннің бұлыңғыр тартып бара жатқанын сезінген, өлім мен бейнеттен сескенбейтін жалынды жүрек «Исатайдың барында екі тарлан бөрі едік» деп қасындағы жан жолдасының да мерейін асыра түседі.

Арманымды айтып кетейін,
Найза ұстаған ерлерге,
Арыстан туған Исатай,
Дегеніне жете алмай,
Арманда өтіп кетті деп,
Олардың кегін алуға,
Кезек бізге жетті деп,
Қиналар ма екен біздерге?
Қиналсаңыз біздерге,
Мың рахмет сіздерге! –
деп бір сәт мұңайған екен.

Жолыңыз түсіп, Ақтөбеден Оралға қарай шыға қалсаңыз, қаладан недәуір ұзап шыққаннан кейін сонадайдан қатарласа жатқан аппақ таулар көрінеді. Біріншіден, «е, Ақтөбе деп сондықтан атаған екен ғой десеңіз, екіншіден, Исатай батырдың жатқан жеріне де осындай ақ бор төгілген. Мұның себебін сұрағанымызда сол кезеңдерден там-тұмдап болса да сыр шертетін көнекөз қариялар біздерге бор су тисе кетпейді, қайта қата түседі, демек, батырдың мәңгілік мекені сонадайдан ағарып көрініп жатсын, ешкімді басқа бағытқа бұрып әкетіп, адастырып, әуреге салмасын деген болулары керек деп түсіндіретін. Тағдырдың талайымен Исатай батырға топырақ Қиыл өзенінің бо­йынан бұйырды. Дәлірек айтсақ, Қобда ауданының бұрынғы «Қиыл» совхозының Шекемер (Шикемер деп те айтылады. – Б.Қ.) ауылының тұсындағы Шейітсай деген жер.


Исатай қабірінің табылуы туралы Ойыл ауданының тұрғыны, ұзақ жылдар партия-кеңес жұмыстарында болған Жауғашты Жұмағалиев мынандай құнды деректерді еске түсіреді:
«Ойылға Исатай Таймановтың мүрдесін тауып, оның бас сүйегі бойынша Герасимов әдісімен келбетін жасау жөнінде Алматыдан Н.Шаяхметов деген ғалым келді. Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Байсалбай Жолмырзаев аудан мекемелерінен ерікті оншақты жігіттерді жинап, қолдарымызда күректеріміз бар, бәрімізді Н.Шаяхметовтің қасына ертіп, осы топты басқаруды аудандық «Ойыл» газетінің редакторы Нұрымжан Жұмағалиевке жүктеп, бәрімізді шығарып салды. Содан екі жетідей жүріп, қабір қазып, әбден шаршадық. Кейбір жігіттер шыдамай, қиналып қалды. Әйтеуір ең соңында Қиыл өзенінің бойындағы Шейітсай деген жерден Исатай мен оның баласы Оспанның мүрдесін тауып, қабірдің айналасын қоршатып, басына «И.Тайманов пен оның баласы Оспан» деп тақтайға сырмен жазып, белгі қойып кеттік. Содан сол маңда қой бағып жүрген Мұстафа деген шопаннан бір қой сатып алып, сол жерде дүкенші болып істейтін Қазмұхан Құлниязов деген ақсақалдың үйін сұрап алып, сол маңдағы ақсақалдарды жинап, садақа беріп, жасаған тіршілігімізді баяндадық. Қасымыздағы ғалым Н.Шаяхметовке жұртшылық алғыстарын жаудырып жатыр. Сөйтіп, Ғабсәләм Келбетов деген ақсақалға Құран оқытып, Ойылға оралдық», – дейді. Мен өзім бұл бейітті сонау 70-жыл­дардың басында барып көрдім. Онда Қобдада аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінде қызмет жасайтынмын. Батыр бабамыздың қабірінің айналасы темір шарбақпен қоршалған екен. Әлі есімде, бірде сол кездегі «Қазақстан әйелдері» газетінің бас редакторы Алтыншаш Жағанова келді. «Ау, азаматтар, батыр бабамыздың басына тәу етуге келіп тұрмыз ғой, тіземізді бүгіп, Құран бағыштап, бет сипайық» деді. Біз бірімізге-біріміз қараймыз, селт етер ешкім жоқ, ұнжырғалары түсіп кеткен. Әйел заты мұндайды тез аңғарады ғой, «Кәне, мен оқып жіберейін» деп Құранды заулата жөнелді. Мұнан кейін де Исатайдың басына тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбу Тәкенов ағамыз, Ақұштап Бақтыгереева, Базарбай Исаев сияқты ақындар, басқа да зиялы қауым өкілдері келіп тұрды.
Содан 1991 жылы туғанына 200 жыл толуына байланысты ақын рухы қайта оянып, ойымызға түсті. Кеңестік дәуірде көл-көсір той етіп, ойды — қырды шақырмағанымызбен, сол заманға сай атаусыз қалдырмадық. Қобда ау­данының тізгіні ол кезде күні кешеге дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жетекшілік еткен Ерсайын Әжібаевтың қолында еді. Бұл кісіге «Қиыл» совхозы және Әлия Молдағұлова атындағы арнаулы ша­руашылық бірлестігінің директорлары Қалиолла Сағындықов пен Сабыр Қаналиев сияқты абзал азаматтар көмек қолдарын созды. Қазақстанның батыс облыстарынан, аудандардан, Алматыдан әдейі ат арытып келген қонақтар алдында аудан басшысы Ерсайын Әжібаев шағын да болса мазмұнды баян­дама жасады.
Исатай батырға арналып аз да болса мәдени шаралар жүзеге асты. Батырдың ескерткішін Бақи Шановтың баласы жасап, орталық паркке қойды. Қиюластырып жасал­ған ескерткіште ағаштың ортасынан, феодализмнің бұғауын бырт-шырт үзіп келе жатқандай, шығып келе жатқан Исатайдың өр тұлғасы бейнеленген. Осы жылы (1991 ж.) бұрынғы қоршауды алып тастап, кеңестік үлгіде басын қайта қарайту рәсімін жасадық. Біреуі тікесінен, біреуі жатқан екі тасқа Исатай және оның ұлы Оспан туралы деректер жазылды. Бір айта кететін жайт – осындай батырды еске түсіру, 200 жылдығын атап өту кезінде сол кезде облыстық мәдениет басқармасын басқарған Қази Жасекенов өз әртістерімен, әнші-күйшілерімен келіп, әдемі концерт қойды. Мұндай мәдени шараның басы-қасында тарихшы Әбу Тәкенов ағамыздың, Ақ Жайықтың ақиық ақыны Ақұштап Бақтыгерееваның, біраз жыл Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану мұражайын басқарған Рысжан Ілиясова сынды апаларымыздың жүргенін айта кеткеніміз ләзім.
Міне, содан бері де табаны күректей жиырма жыл уақыт өтті. Махамбет ақынның мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді. Сол думанды күндері Атырауда Исатайға да Махамбетпен бірге ескерткіш қойылды. Бірақ «Исатай – басшы, мен – қосшы» деп Махамбеттің өзі мойындаған есіл ер – Исатай батырдың басына сол күндері ешкім келіп Құран оқуға жарамады.
Қазір Қарағанды өзенінің оң жағындағы Шейітсайда қайран Исатай батырдың бейіті күтімсіз, елден жырақ­та жатыр. Бұл жер облыс орта­лығы Ақтөбеден 230-250 шақырымдай. Қиылға жақындап барып, бейітке бұрылатын жол май топырақ, бұрын барған адамдар ғана таба алатын еді. Ал көктем мен күздің лайсаңында аяқ басу мүмкін болмайтын. Басқа ел-жұртты былай қойғанда, Ақтөбенің Қобда және Ойыл, Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау және Қа­ратөбе аудандары тұрғындарының да Исатай батырдың басына баруға ешқандай мүмкіншіліктері жоқ еді. Ал қазір жол салынып, сілтеме қойылып, азын-аулақ жұмыстар жүргізілді. Бұл жөнінде толығырақ қор төрағасы сөз реті келгенде айтар.
Менің айтпағым – бұлардан да күрделі, маңызды мәселе. Рес­пуб­ликалық дәрежеге ие Шымкент-Самара тас жолының Ақтөбе-Қиыл аралығы тез арада өте жоғары сапада жөнделуі керек. Исатай қабірі еліміз бойынша туристік маршрутқа қосылып, нәтижелі жұмыстар қолға алынса. Ел барып, көру үшін Исатай батырдың басына оған деген халықтың сүйіспеншілігіне сай, заман талабына толық жауап беретін кесене салу – кезек күттірмейтін шаруа. Әрине, мұның бәрі айтуға оңай бол­ғанмен, көп қаражат қажет ететіні айтпасақ та түсінікті. Бірақ елім-жерім дейтін, көкірегінде патриоттық сезімі бар кәсіпкерлер мен бизнесмендер ортақ мәмілеге келіп, жеңді түріп кіріссе, орындалатын-ақ мақсат.Сонда батырдың аруағы риза болады ғой.
Исатай батырдың қабіріне байланысты көпшілік қауым арасында ұшқындаған тағы бір ой бар. «Қаншама жол салып, кесене тұрғызып, туристік маршрутқа енгізгенмен, елден тым жырақта, жапан далада жалғыз өзі жатқандықтан, оның басына ағылып барушылар саны бәрібір көбеймейді» деген жұртшылықтың бір тобы батыр­дың сүйегін серігі Махамбеттің қасына қайта жерлеу қажеттігін дұрыс көреді. Бұл да – ойлануға тұрарлық пікір. Қайта жерлеу рәсімі қазақта бұрыннан бар. Тек бұл ерекше іс-қимылдың халықпен кеңесіп, мұсылманшылық және қазақы әдет-ғұрыптардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын шара екендігі қатты ескерілуі қажет.
Ізғали Ғұмаров, «Дан+» жауап­кер­ші­лігі шектеулі серіктестігінің директоры:
1991 жылы Атырау қаласында Исатай батырдың туғанына 200 жыл толуына арналған үлкен басқосу салтанаты өтті. Оған батыстағы төрт облысты қоспағанда, Алматыдан арнаулы шақырумен зиялы қауым өкілдері, қонақтар, ғалымдар келді. Жыр сайысы қызды. Арқалы ақындар батыр бабамызға арнаған шығармаларын төгілтті. Сондай ақындардың ішінен маған Н.Әжіғалиев деген ақынның өлеңі ұнады. Марқұм Нұралының (үш-төрт жыл бұрын қайтыс болды) жырында «батыр үйде туып, түзде өледі» дегендей, «сүйегің сенің Ақтөбе өңірінде қалды» деген жолдар ерекше әсер етті.
Мен ол кезде Атырау об­лы­сының Исатай ауданында ау­дандық тұрмыстық қам­ту комбинатын басқаратынмын. Жұмы­сым шаруашылық жағы болғанымен, өнер адамдарын о бастан қатты құрметтеймін. Кейде тіпті авторына қарамай-ақ жақсы өлеңдер болса жаттап аламын. Жуырда М.Мақатаев ағамыздың жинағын сатып алдым. Содан не керек, Исатайға қайта оралсақ, «қанына тартпағанның қары сынсын» дегендей, бабамыз аттас ауданда тұрып, ол кісі туралы мағлұмат біл­меуді ұят санадым. Өзім біле­тін бірсыпыра қарттармен, зиялы аға­ларыммен хабарластым. Атап айтсам, Нариман Үлкенбаев (белгілі күйші Айгүл Үлкенбаеваның әкесі), Парух Марданов сияқты азаматтарға ойымды бүкпесіз ашық білдірдім. Олар қатты қолдады. Тіпті кейбіреулері Исатайға қатысты бағалы мәліметтер де берді. Соның бірі – дербес зейнеткер Парух Марданов ағамыз берген төмендегі құжат. Менің түсінігімше, атыраулық Исатай батырдың туыстары сол кезде біздің Ақтөбе қаласында тұратын, кезінде Қобда ауданында партиялық қызметте болған Алтынбек Әкімжанов ағамызға батыр жөнінде нендей мәліметтер бере аласыз дегендей өтініш-хат жолдаған. Дәлірек айтсақ, хаттың иесі Ислам Мадимов болуы керек.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін мен сол үшбу-хаттың мазмұнын мей­лінше толығырақ берсем деймін. Ол төмендегідей:

Құрметті Сәке!



Аман-сау барсыз ба? Біз де аманшылықтамыз. Сіздің өтінішіңізді орындауға байланысты осы хатты жазып отырмын. Біріншіден, мына қоса жалғанған құжатты (схема-карта) тү­сіндірейін: қағаздың ортасымен өтетін түзу сызық – Ақтөбе-Орал тас жолы. Схеманың сол жақ бұрышында Ойыл селосы мен осы аттас өзеннің бір иіні келтірілген.
Ойыл өзеніне оң жақтан Қиыл өзені өзінің Батпақты, Ақбұлақ деген салаларымен келіп құяды. Ақбұлақ шағын ғана өзенше, биік төбенің бауырындағы көзі мол бұлақтан басталған соң осылай аталса керек. Қиыл өзеніне оң жақтан Шитісай (кейбір материалдарда Шейітсай деп те аталып жүр) деген құрғақ сала келіп қосылады. Сол Шитісайдың оң жақ жағасындағы үшбұрыш белгі – Исатайдың өзінің және оның қаза тапқан сарбаздарының жерленген жері.
Бұл белгі тұрған жер Ақтөбеден 200 шақырымнан аса қашықтықта Ақтөбе-Орал тас жолының Қиыл өзенінен өтетін жердегі «Қиыл» қой совхозынан 15-20 шақырымдай жерде.
Молалардың қазіргі жағдайы: бәрі де жер болып кетуге айналған, шөп басқан, шамамен осы алаңға жүз қаралы адам жерленгенге ұқсайды, бәрі қатар-қатар орналасқан. Кейбіреулерінің құлпытасы (ракушечниктен жасалған сияқты) болған, ескі жазулар да кездеседі, көбісі сынған, құлаған.
Ал Исатайдың моласы дейтін қабір көп қабірден 100-150 метрдей жерде бөлек.
Сонау жетпісінші жылдардың орта шамасында осы Қиылдың бойында Исатайдың денесі жерленген жерді білетін қария бар деген әңгіме тарады. Революциядан бұрын Ойыл, Қиыл өзендерінің алабында ел тығыз орна­ласқан. Содан коллективтендіру кезінде ол ел бірнеше ұсақ колхоздарға біріккен екен. Соғыстан кейінгі 1950 жылдары Шымкент облысында мақта егісін ұлғайту үшін тың жер игеруге Ақтөбе облысынан осы Қиыл бойындағы колхоздардың елін еріксіз көшіреді. Бірен-саран жасы ұлғайған кәрі-құртаң, сырқат адамдар ғана денсаулығына байланысты жылы орындарын суытпай, көшпей қалып, бұ­рынғы қоныстарында ежелгі кәсіптерін атқарып қала береді. Солардың ішінен бір қария осы Исатайдың және оның сарбаздары жерленген екен деген жерді көрсетеді. Бірақ ол кісі көп ұзамай дүние салған. Қазір сол кісінің айтқаны оны естіген адамның еміс-еміс есінде ғана. Қария айтыпты: Бұл молаларды әкем жасы өте ұлғайып, қартайған шағында, мен ол кезде, ұмытпасам, бес-алты жасар баламын, ертіп әкеліп, көрсетіп еді. Осы жерде көп адам және Исатай деген батыр да жерленді депті. Бала да болса артында қалып бара жатқан тұяғына үлкен сенім артқан әкесі көп қабірден бөлек, Исатайдың денесі жерленген жерді әдейі көрсетіп, «осыны ұмытпа, балам, бұл жерде Исатай батыр атаң жатыр» деп қайта-қайта шегелеп айтып кетіпті. Баласының ойлы жүзін байқаған қария үйге қайтып келе жатып, әңгімесін әрі қарай сабақтапты: бөлек жерлеген себебіміз – ол уақыт жаугершілік заманы болды. Әдейі белгі қоя алмайтын болдық. Көппен бірге жерленсе, болашақ ұрпақ таба алмай қалар. Белгілі болып деп бөлек жерленді депті. Міне, осындай да дерек бар. Шынында, көп мола бір бөлек, ал біреуі анадай жерде оқшау жатыр. Шал марқұмның әкесінің айтуынша, жаумен шайқас жаздың ыстығында болады. Патша әскерлері өлген сарбаздардың сүйегін күндіз алдырмайды. Елдің бас көтерер азаматтары түнде атпен, түйемен барып, жасырын алып, әкеліп, жерлегендерін, бәрі де асығыс, қорқынышты болғанын айтыпты.
Біздің өзіміз жоғарыда айтылған де­ректерден мынандай болжам жасадық: Исатай сарбаздары 1837 жылы хан ордасын екі жұма қамауға алғаны, бұл көтерілісті осы жылдың күзінде полковник Гекке басқарған жазалаушы әскери топ басқаны белгілі. Мұздай қаруланған күшке төтеп бере алмай жеңіліске ұшырағаннан кейін Исатай Сағыз, Жем, Темір, Елек, Ойыл өзендері алқабын мекендеп отырған елден қол жинап, Баймұхамбет сұлтанның ордасына шабуыл жасамақшы болып, ең соңғы бекініс Ойылдан шығып, ыңғайлы деген жерге сарбаздарын дем алдырып, ат шалдырған.

Орынбордан шыққан жазалаушы патша әскерінің басшылары Исатай отрядының қозғалыс маршрутынан хабары болған. Сатқын, іштен шыққан жаудың біреуі Исатай отрядының тоқтаған жерін полковник Геккеге жасырын хабарлап қойса керек. Соның нәтижесінде сарбаздар жау қоршауында қалып, опық жеген. Схемада «х»-пен белгіленген жер жаумен бетпе-бет кездескен аймаққа ұқсайды. Өйткені өзенге, бұлаққа да жақын, өзі жазық, шөбі шүйгін.


Геккенің Орынбордың генерал-гу­бернаторына берген рапортында от­рядтың жүрген жолы, шайқастың болған жері Ақбұлақ деп көрсеткен екен дейтін архив материалы бар көрінеді.
Қиыл өзені бойындағы Шитісай жағасындағы Исатай моласын мен 1976 жылы барып, көрдім. Ол кезде мен Қобда ауданында қызметте едім. Бір жылдан кейін аудан ұсақталып, екіге бөлінді. Жаңадан ашылатын ауданға қандай ат лайық дегенде біз Исатай ауданы болсын деп ұсыныс жасадық. Ол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.А.Ливенцов та, екінші хатшысы Т.Бекенов те сырттан келген адамдар еді. Исатай туралы еміс-еміс жұртшылықтан естігендері ғана болмаса, нақты мағлұматтары аз еді. Оның есесіне облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы С.Құбашев, облыстық партия комитетінің қызметкері К.Нокин бізді қолдады. Сөйтіп, Исатай ауданы жаңадан шаңырақ көтеріп, ашылды. Менің сізге берер хабарым осы. Барына риза боларсыз.

Сәлеммен А.Әкімжанов


6.01.1991 ж.
Ақтөбе қаласы.

Міне, менің қолымдағы хаттың ұзын-ырғасы, қыс­қаша мазмұны осындай. Айтпақшы, хаттың басындағы «Құрмет­ті Сәкедегі» жұлдызшаға түсініктеме бере кетейін. Бұл хаттың мазмұнынан толық хабардар, Исатай батырмен рулас, жақындық жағы бар атыраулық П.Марданов деген ағамыз «Сәке» деп жаңсақ жазылған. Бұл хат сол кездегі Гурьев облыстық партия архивінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Ислам Мадимовтың атына жазылған. Дұрысы – Исеке деп жазылуы керек еді» деп өз ойын білдіреді. 2010 жылдың шілде айында өткен Ақтөбедегі басқосуда көпшілік «Исатай» қоғамдық қорының құрылғанды­ғын қызу құптады. Демек, іс аз да болса алға жылжиды деген сөз. Дегенмен біздер бұл қорға қарап отырмай, өзіміз де қаржылық жағынан көмек беруді ұйғардық. «Қысқа жіп күрмеуге келмейтіні» секілді қазіргідей заманда қалталы кәсіпкерлер мен бизнесмендер ғана болмаса, қалың жұртшылықты оята қою қиын. Сондықтан көршілес облыс­тардан да Исатай рухын құрметтей­тін белсенді азаматтар табылды. Қазір Атырауда облыстық «Ақ Жайық» газеті редакторының орынбасары Өтепберген Әлімгереев, мұражай директоры Қойшығұл Жылқышиев, Оралда облыстық филармония директоры Құзырғали Төлеуішев сияқты тұрақты өкілдеріміз бар. Еркін Құрманбеков, «Исатай» қоғам­дық қорының төрағасы: Әуелі, Ізғали інім айтқандай, өткен жылдың маусымында қор құрылды. Содан кейін шілде айында Исатай батырға арналған «Исатайдың бір күні» атты ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырдық. Оған батырдың ұрпақтары, көршілес Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан зиялы қауым өкілдері келді. Әсіресе, жиналғандар алдында сөз алған батырдың бесінші ұрпағы болып саналатын Аманғали Құрманұлының тебіреністі лебізін жи­налғандар ұйып тыңдады. Бұл арада басты назарда ұсталатын нәрсе – Исатай сияқты батыр бабамыз арқылы қазақстандық патриотизмді насихаттауымыз керек. Әйтпесе мұндай басқосуларды жылдың қай мезгілінде де өткізуге болады. Өйткені Исатай – осы Қазақстанның батыс өңіріндегі Сырым Датовтан кейінгі күрескер. Тартынатын да дәнеңе жоқ. Осы кезге дейін мектеп оқулығынан бастап ол кісі туралы тарихи материалдар жеткілікті. Үгіт-насихат жұмысы жандана түсу керек. Халқымыздың рухын ояту, жас­тарымызды өткеннен тағзым алуға баулу, ерікті елдігімізді дәлелдеу – айта берсек, мұндай ұсыныс-пікірлер жеткілікті. Биыл аталып өтетін Иса­тайдың 220 жылдығын тек біздер, батысқазақстандықтар ғана емес, рес­пуб­лика деңгейіне дейін көтеру шарт. Ол үшін ғылыми-зерттеу конференциялары өткізіліп, батыр жөнінде кітаптар шығарылып, оның өмірі мен күресі туралы деректі фильмдер ұйымдастырылса, оның жатқан жері Қобда ауданының Қиыл бойына экспедиция жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Кенжалиевтің «Исатай Тайманұлы» деген кітабы, белгілі жазушы Берқайыр Аманшиннің «Исатайдың семсері» атты пьесасы бар. Міне, осы шығармалар батырдың мерейтойы кезінде оқылып, театрландырылып жатса, жұртшылық та бір көтеріліп, рухани азық алып қалар еді. Күннен күнге құлпырып, жайнап келе жатқан Астанада құстың қос қанатындай Исатай мен Махамбетке ескерткіш қойылса, қала көркін аша түспей ме?! Жоғарыдағы өз сөзінде бауырым Беркін келтіргендей, осы уақытқа дейін Ақтөбе-Орал тас жолының бойындағы Исатай жатқан бейітті бағыттайтын көрсеткіш жоқ еді. Оның сәті өткен жылдың қараша айында ғана түсті. Қазақ автокөлік жолдары облыстық бас­қармасының Бағлан Баймағамбетов, Әкімжан Өтемұратов, Темірхан Асанов сияқты басшыларының көмегімен жол көрсеткіші қойылды. Оның биіктігі – 4 метр, көлемі – 2,5х1,25 метр. Бұл тақтада: «Исатай Таймановтың бейіті. Шейітсай. 15 ш.» деп жазылған. Тақтаны бекіткен үш қада көкке шаншылған шашақты найзаны бейнелесе, жол көр­сеткіш Исатайдың жауға қадалған жебесі іспеттес. Аталмыш тас жолдың 538-ші шақырымындағы бұл белгі тек күндіз ғана емес, кешкілік немесе түнде жүрген жолаушыларға да автокөлік жарығы түскенде жарқырап көрінеді. Құрылғанына әлі жыл да толмаған қордың алға қойған жоспарлары мынандай деп серпіле сөйлеп, қағаз жүзінде қатырып қойғаннан гөрі тегеурінді шаруалар тындырып алып, бірер адамның қолынан келмейтіндеріне ғана көмек сұраған дұрыс.

Міне, құрметті оқырман! Біз кездесіп, пікірлескен азаматтар осылайша өз ойларын ортаға салды. Қуаныштысы сол – батыр бабамыз жөнінде қанша білеміз десек те, күннен-күнге оның алып тұлғасы мен кескін-келбеті жан-жақты ашыла түсуде. Олай дейтін себебіміз – ең алдымен, атыраулықтардың хатына жауап берген Ақтөбе облысында кезінде партия-кеңес жұмыстарын атқарған Алтынбек Әкімжанов ағамыздың жауабының өзінен біраз бұрын бізге беймәлім болып келген жайттар аңғарылады. Тіпті халқымыздың көрегендігі сонда – Исатай Таймановтың мүрдесін келешек ұрпақ адаспай тапса деген ниетпен өзгелерден бөлектеу жасыруының өзі неге тұрады?!


Енді алда тұрған міндеттер қандай дегенге сайсақ, жалпы көпшіліктің немесе жоғарыда сөз алған азаматтардың ой-пікірлері батырға кесене тұрғызып, оны мәңгілік есте қалдыру қажет дегендей бір арнаға тоғысады. Шынында, Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалысының тарихы, ондағы қос батырдың ерліктері туралы, қайталап айтудың артықтығы да болмас, бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы…» деп ұлы Абай айтқандай, елім-жерім деп қасық қаны қалғанша шайқасып, жанын пида еткен батыр бабамыздың рухына тағзым ету мақсатында алда атқарылар шаруалардың маңызды екені де «тайға таңба басқандай» белгілі. Кесене тұрғызу бір күннің немесе бір аптаның жұмысы емес. Оған салынған құрылыстың жұртшылық көңілінен шығуын қосыңыз. Алға озыңқырап айтатын болсақ, аталмыш қор төрағасы Еркін Құрманбеков бізге «осылай болу керек» деп жобаланып отырған кесененің шағын нұсқаларын көрсетті. Тіпті оның еңселірек біреуінің нұсқасы облыстық «Ақтөбе» газетінде (26 тамыз, 2010 ж.) жарияланып, мамандар назарына ұсынылды да. Бұл жөнінде Еркін Жолмырзаұлы: «батырға деген халықтың ықыласы ерекше. Оның кесенесін салуға, әсіресе, Атырау облысынан тілек білдірушілер көп. Бәрі де қазіргі заманда қаржыға тіреледі ғой» дейді.

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен тұспа-тұс келетін Исатай Тайманұлы­ның биыл болатын 220 жылдығын ел болып атап өтуге тиіспіз. Жау қолынан қапыда қаза тапқан батырдың Ақтөбе өңірі мәңгілік мекеніне айналса, кіндік қаны тамған жері Атырау облысында өз есімі берілген аудан бар. Демек, батыр тойының өз дәрежесінде аталып өтуі­не алдымен ақтөбеліктер, атыраулық­тар мен батыс­қазақстандықтар тиісті дәрежеде өз үлестерін қосуы тиіс.


Бұл арада көп нәрсе билік тізгінін ұстаған, сондай-ақ қолында қаржысы бар азаматтардың араласуымен ғана шешіледі. Ойымызды бүкпей, ашық айтсақ, ең бірінші мәселе – қаржыға тіреледі. Сондықтан осы «ауы­лы аралас, қойы қоралас» жатқан үш облыстың атқамінерлері «бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығарып», қоян-қолтық, тізе қосып іске кірісулері қажет. Қазір, шүкір, кәсіпкерліктің, өндірістің, ауыл шаруашылығының, басқа да салалардың қыр-сырын меңгеріп, ұр­шықша иірген қандастарымыз қалада болсын, ауылда болсын жеткілікті. Тек солардың сезіміне қозғау салатындай, үгіт-насихат жүргізетіндей топ қажет. Және мұндай шаруадан өзін қазақпын дейтін жандардың қай-қайсысы да тартынбайды. Ендеше, іске сәт дегіміз келеді.

Сағындық НИЯНҚҰЛОВ

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет