БЕЙСЕН Топырақ салу үшін жердің басына барып, мәйітті күтіп тұрған туысыма телефон толғадым да:
- Қасыңда Бейсеннің інісі бар ма?-дедім.
- Иә, жанымда тұр,-деді ол.
- Онда телефонды соған бер, - дедім. Ол берді.
- Алло!
- Сәлем Әсет! Шындығын айт, мен саған көңіл айтуым керек пе, әлде сен маған көңіл айтуың керек пе? – дедім. 4-5 секунд үнсіздік орнады. Жүрегі езіліп, жылап тұрса да, ол өзін бір сәтке жинап алды да:
- Иә, дұрыс айтасыз. Негізі мен сізге көңіл айтуым керек. Досыңыздың иманы саламат болсын. Құдайдың қазасына шара жоқ. Бекем болыңыз, - деді.
БІР БОЛМЫС. DASMAN 2005 жылдың қаңтары болатын. Жұмыста отырғам. Бастық кабинетіне шақырды. Бардым. Бастық жағымды бұйрық берді. Ақпан айында АҚШ-та Қазақстанның ән-күй өнерінің күндері өтеді. Құрманғазы оркестрі түгел барады. Соны ТВ-дан насихаттау керек. Біздің каналдан АҚШ-қа сен барасың. Концертті түгел түсіріп, келген соң оқиға жайлы репортаж жасайсың. Бүгін елшілікке барасың да виза аштырасың деді. Кабинеттен қуанып шықтым. Бір аптада визаны тас қылып, айтылған күні әуежайға таң атпай барып, командаға қосылдым. Орындыққа барып жайғастым. Маған қарсы сымбатты, ұзын денелі, жылы жүзді бір жігіт қарап отыр. Мойнына ХАБАРдың бейжигін асып апты. Маған қарап:
- Ақшаңды алдың ба? – деді.
- Жоқ. Қандай ақша?
- Ана жерде Мәдениет министрлігінің өкілі отыр. АҚШ-қа баратын команда мүшелеріне жолпұлын таратып жатыр. Бір аптаға 600 доллар береді. Бар да тиесілі ақшаңды алып ал. Айтпақшы танысып қояйық. Менің атым Бейсен. Бейсен Құранбек. Хабардың тілшісімін деп қолын созды. Осылайша таныстық. Бұған дейін - шетелге командировкаға шыға беріп әбден ысылып алғаны көрініп тұр. Жол бастап, бәрін түсіндіріп, маған үйретіп жүр. Осылайша ертесіне Вашингтоннан бір-ақ шықтық. Бір апта жұбымыз жазылмай АҚШ-та бірге жүрдік. Аңқылдаған ақжүрек екен. Бірақ ерекше қабілеті көрінбеді. Қатардағы журналист боп жүрді. Бір аптаның ішінде жап-жақсы дос боп қалдық. Елге келгесін де ара-сыра хабарласып хәл сұрасып тұрдық. Бір күні соқсам Алматыда емеспін. Қызметім өсіп Талдықорғанға басшы боп көшіп кеттім деді. Осыдан соң мен оны тіпті ұмытып кеттім десем де болады.