Ұлттың ұлы ұстазы
Адамдық диқаншысы қырға шықтым;
Көл жоқ, көгалы жоқ- қорға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.
А. Байтұрсынов
Ол - ақын, жазушы, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері, ағартушы, этнограф, фольклорист, түркітанушы, әдебиетші, тілші, ғалым…
Оның бүкіл еңбегінің мәнін бір ауыз сөзге сыйғызып айтар болсақ, ол бас әріппен жазылған ҰСТАЗ, ХАЛЫҚ ҰСТАЗЫ.
Ахмет Байтұрсынұлы- қыры мен сыры мейлінше мол адам. Біріншіден, ол қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы, соныдан із салған жаңашыл ағартушы. Ол жазған мектеп оқулықтары 1914- 1915 жылдан 1927- 1928 жылға дейін пайдаланылып келді. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының "Әліп- биімен” ашып, ана тілін Байтұрсынұлының "Тіл құралы” арқылы оқып үйренді.
Ахмет Байтұрсынұлының жас қазақ ғылымына еткен қызметі тек тіл білімі саласында емес, әдебиет тану саласында да айтарлықтай болды деп санаймыз. Өткен ғасырдың II- жартысында- ақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, 1923 ж. "Ер Сайын” жырын Москвада шығарады. 1926 ж. "23 жоқтау” атты жинағы жарық көреді. Бұл да қазақ ауыз әдебиеті үлгілері.
А. Байтұрсыновтың "Әдебиет танытқыш” атты көлемді еңбегі- әдебиеттану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихына арналған тұңғыш зерттеу жұмысы…
Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, әдістемелік арналары, басты- басты терминдері мен категориялары түп- түгел осы кітапта қалыптастырылған.
Ахмет Байтұрсынұлы- ақын және мықты ақын. Оның өлеңдері "Қырық мысал” , "Маса”, "Үзік” деген аттармен 1912 жылдан 1922 жылға дейін бірнеше рет жарияланған. "Масаға” енген өлеңдер қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, қазақты шағуға дайын тұрған жылан. Оның иесі аяқтары ұзын, сары маса болып ызыңдап, ұйықтап жатқан халқын оятпақшы.
Көркемсөз оқушы:
Ызыңдап ұшқан мынау біздің сары маса,
Сап- сары аяқтары ұзын маса,
Өзіне біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?
Қазақ қоғамына рухани тәрбие беруде рөлі өлшеусіз және бүгінгі күні де осы қуатынан айрылмаған осы кітапшаға бағаны қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөзімен бергеніміз жөн болар.
Сұлтанмахмұт бір үйге келіп отырып: "Оқитын кітаптарың бар ма деп сұрағанда, оған үй иесі: "Маса” дейтін бірді айтып бірге кететін бір қиссамыз бар”,- деп, қолына Ахаңның кітабын беріпті. Соған назаланған Сұлтанмахмұт "Тұтқындағы Байтұрсынның "Масасына” деген өлеңін жазған екен /1914 ж/. Онда мынадай жолдар бар:
…Бағың жоқ көр соқырдың көзі алдында,
Мұңыңды жылап шақшы өз алдыма:
Гауһар тұрсын, айырып алтыныңды,
Аузына керек тас деп бір алды ма?
Өткірсің наркескеннің алмасындай,
Жүйріксің "полный ходтың” арбасындай.
Сен сұңқар, көңілі соқыр сенімен қас,
Өзінің болмады деп қарғасындай…
Сұлтанмахмұттың осындай бағасынан кейін "Маса” жинағына қандай да болмасын пікір айтудың өзі артық болардай!
Қалай да халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын ұлы Абай тапқан соқпақ орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнады. И. А. Крылов туындыларын аударып, "Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарды. Мысалдарда әр түрлі аңдар, әр түрлі адамдар кейпінен хабар беріп, ишара тұжырым жасалады. Кісілердің мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды, әсіресе, патша отаршыларының зорлық- зомбылығы, жуандардың, байлардың тепкісі, елдің азып- тозуына байланысты сарындарды А. Байтұрсынұлы жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді. Кейде ашық, дәл айтылатын ойлар да бар.
Көркемсөз оқушы А. Байтұрсынұлы аудармаларынан бір мысал өлең оқиды.
А. Байтұрсынұлына М. Әуезов былай баға берген: "Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей- теңіз энциклопедиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың "рухани көсемі” .
Қазақ халқының осындай біртуар азаматы қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы, Сартүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1973 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды туған баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп, толқытады. Әділетсіз өмірдің улы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды. Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас аулына келіп кедей шаруаның басына қамшы үйіре берген орыс оязының озбырлығына шыдамай, 1885 жылы 12 қазанда ояз бастығы полковник Яковлевтің басын жарып жібереді. Мұның арты – дүние- мүлікті тартып алу, түрме, абақты, Сібірге 15 жылға жер аударылу.
Өмірбаяншы /1/ : Ахаңның әкесі Байтұрсын өз руынан үкіметке арыз жазуға білімі бар ешкімді таба алмаған. Сол уақыттта оның Ахметке берген ақылы, өтініші: "Балам, мен, міне, үкіметке арыз бере алмай, Сібірге айдалып кетіп бара жатырмын. Егер арыз берген болсам, үкіметтің бастығы берген уақытын азайтар ма еді немесе мүлдем қысқартып тастар ма еді. Сол себепті қандай қиыншылыққа ұшырасаң да, аш қалсаң да, жалаңаш, жалаң аяқ жүрсең де, жататын орның болмаса да, қанша қорлық көрсең де, оқы, тағы да айтатын тілегім- оқы. Біздің үйде шешеңнің жанында маған хат жазатын балам болсын” деген екен.
Өмірбаяншы /2/: Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882- 84 ж. әуелі көзі қарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886- 1891 ж. Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. 1895 ж. 1 маусымнан бастап мұғалім болады. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, әділет үшін күреседі, жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылық саясатын айыптайды. 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан, кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жасайды, өлең – жыр тудырады, фольлор нұсқаларын жинайды. Ел ішінде жас, оқыған, еркін мінезді батыл ойшыл бедел- атағы өсе бастайды.
Өмірбаяншы /3/: 1909 ж. 1 шілдеде полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкий жарлығы бойынша Қарқаралы екі класты училищесінің меңгерушісі Ахмет Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан- нақақ 8 ай бойы азап- қорлық көреді
Көркемсөз оқушы: Абақтыда жатып құдай мен аруаққа сыйынған Ахмет Байтұрсынов:
… Я, құдайым! Аққа жақ!
Өзіңе аян- мен нақақ.
Мені ұстатып, айдатып,
Зығырданды қайнатып,
Масайрасып, мәз болып,
Қуанғанды өзің тап!…-
деп күйінсе де, осындай қиын ахуалда жеке бастың дұшпанын жазалауды арман тұтпай, жаратушыдан өзінің туған халқының болашағын нұрлы етуді жалынып сұрап былай деген еді:
…Аз күндікке алданып,
Аз нәрсеге жалданып,
Адасқанын алаштың
Түзу жолға түсір, хақ!
1909 жылы Семей түрмесінде жатып, қазақ халқының болашақ рухани көсемі, міне, осындай "тілек батасын” айтқан болатын.
Өмірбаяншы /1/: Ақыры, Қазақстанда тұру хұқынан айрылғандықтан, 1910 ж. 21 ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына кетті. А. Байтұрсынұлы өміріндегі бір белесті кезең – 1913- 18 жылдары Орынбор шаһарында таза қазақ тілінде шығып тұрған газет- "Қазақты” редакциялап, жарыққа шығарып тұруы. Оның бастап көтерген мәселелерінің бірі- қазақ халқын қорлап, тарихи шын атын бұрмалауға наразылық болды. "Түрік баласы” деп қол қойған автордың мақаласында "Қазақ- қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз, бұлардың арасында ешбір ілік жоқ. Түрікмен мен башқұрт қандай басқа болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа – басқа ел”- деп тайға таңба басқандай, қазақтың өз алдына дербес жұрт екені айқын да ашық айтылады. Осылай қозғалған қоғамдық пікір үдей түсіп, ақыры 1925 жылдың 15-19 сәуір күндері қазақ АКСР- нің жаңа астанасы Қызылорда қаласында Кеңестердің V съезі болып өтті. Сол съезде А. Байтұрсынұлы тағы бір ерлік көрсетіп, халқымызға өзінің ҚАЗАҚ деген атын қайтарып, елімізді қазақтың Автономиялық Социалистік Республикасы деп атау жөнінде ұсыныс енгізді. Кеңестер бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, АКСР- і деп атауға шешім қабылдады.
Өмірбаяншы 1917 жылы А. Байтұрсынұлы газеттен кетіп, 1919 жылдың наурыз айына дейін "Алаш” партиясының жұмысына араласады, біршама адасушылық күй кешеді. Бірақ сол замандағы қым- қуат саяси күрестің арасынан нақ жолын тапқан ол кейіннен Совет қызметіне белсене араласты. Мемлекеттік қызметкер ретінде үлкен қызметтер атқарып, жас қазақ совет үкіметінің басшыларының бірі болған А. Байтұрсынұлының басына бұлт үйіріліп, бағы таюы да өз халқының басына түскен ауыр күн, зұлматтармен астас болып келеді. Қазақстандағы бар билікті қолына алып, "Кіші октябрь” саясатын жүргізе бастаған Ф. И. Голощекиннің білек сыбана бір көрінген тұсы- ұйып келе жатқан қазақ интеллигенциясын сүтше іріту еді. 1929 жылдың 2 маусымында алғаш қамауға алынған 30- ға тарта оқығандардың алды болып нысанаға, әлбетте, "рухани көсем” – Ахмет Байтұрсынұлы ілінді.
Көркемсөз оқушы: Сол соңғы ұсталған сағаттан кейінгі халдерін Ахаңның қолында тәрбиеленген Самырат Кәкішев естелік кітабында еске алыпты: "Пәтерімізге кіріп келсем, үй ішінде шашылған заттар, сынған ыдыстар жайрап жатыр… Падрес апа жылап отыр екен… Содан соң: "Ой, Самырат, ағаңды НКВД алып кетті қара машинаға салып. "Қайда апара жатырсыңдар?” – деп сұрасам, бір аласа бойлы, қараторы жас жігіт: "О дүниеге,- дейді.- Сұмдық- ай!”- деп сөйлеп жатыр… Сыртқа қарасам, үйімізді студенттер қоршап алыпты, біздің үйіміздің жанында Заң институты бар еді…”
Өмірбаяншы / /: Ақырында алғаш Архангельскіде, соңынан Томскіде 1929- 1934 жылдары айдауда болған қуғын- сүргіннің жаңа толқынына ілігіп біржолата кете барды. Халықаралық Қызыл Крест арқылы М. Горькийдің әйелі Е. П. Пешкованың жәрдемімен кесімді мерзімі бітпей, 1934 жылы босанып, әуелі Батыс- Сібір өлкесіне, кейінірек Алматыға оралады. Бірақ ол бостандық баянды болмай, 1937 жылы екінші рет ұсталып, сталиндік репрессияның пышағына ілініп, атылады. Қазақ халқы өзінің рухани көсемінен осылайша мәңгіге айрылды.
Асықпаңдар! Артымызда қазы бар,
Тергеп талай, көрлеріміз қазылар…-
деп өзі айтқандай 1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ ССР-нің Жоғарғы Соты Ахмет Байтұрсыновты ешбір қылмысы жоқ деп тауып, оны толық ақтау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, ғалымның адал азаматтық есімі қалпына келтірілді
Өмірбаяншы / /: Алайда мынаны ұмытуға болмас: ел боламыз десек А. Байтұрсынов қалдырған рухани мұраны толық игеріп, ол шыққан ұлттық идея биігінен көрінуіміз керек, "Байтұрсыновшыл” болу- бүгінгі қазақ зиялысы алдында тұрған басты міндет екенін естен шығармағанымыз жөн.
… Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын
Ел бүгіншіл, менікі- ертеңгі үшін,-
деген Ахаң бүгінде бізді болашаққа шақырып тұр.
Ахмет атаның мысалдары
Байқау
А. Байтұрсыновтың портреті, балалардың мысал өлеңдерге салған суреттері, тапсырмалар салынған конверттер, сөзжұмбақ, мысал өлеңдердегі кейіпкерлердің аттары жазылған қағаздар, мысалдан үзінді, шығармаларының аттары жазылған үлестірмелі қағаздар, сандықша
Жүргізуші: Ахмет Байтұрсыновтың атын қазақ баласының естімегені жоқ шығар. Оның әліпбиі мен оқу құралдарын оқып, сол ғылыми еңбектерінің арқасында қаншама адам сауатын ашты.
Ол Қазақстанның әр түрлі облыстарынан мектептер ашып, ұстаздық жұмыспен айналысты, жарғақ құлағы жастыққа тимей, масаша ызылдап, туған халқын оқуға, өнер- білімге шақырды, өркениетті елдерден кейін қалып, көрінгенге жем болып жүргеніміз біліміміздің, өнеріміздің жеткіліксіздігінен, оқыса, ілгері кеткен елдер қатарына қосылуға талпынса, қазақ халқы да ешкімге есесін жібермейді, әңгіме талаптануда, намыстануда дейді.
Балалар, оқуға бар жатпа қарап,
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ.
Шақырды тауық мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн сығалап,-
деген өлең шумақтарымен балаларды мектепке оқуға шақырды. Осы мақсатта ол Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, "Қырық мысал” деген атпен бастырып шығады. Бұл жинақ "Замандастарыма” деген кіріспемен басталады. Онда Ахмет Байтұрсынов аударманың мән- мақсаты, дәуір дүбіріне ілесу ниеті, қиындық жағдайларда орындағаны туралы айтады.
Орыстың тәржіма еттім мысалдарын,
Әзірге қолдан келген осы барым.
Қанағат азға деген, жоққа сабыр,
Қомсынып, қоңырайма, құрбыларым.
Бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық,
Күн қайда үздік шығар топты жарып.
Ат тұрмас аяғында желі болса,
Дүсірлеп шапса біреу қиқу салып.
Бар болса сондай жүйрік қызар деймін,
Естілсе құлағына дүбір барып,
Әйтпесе арық шауып оңдыра ма,
Жүргенде қамыт басып, қажып- талып.
Аудармалардағы әр түрлі аңдар түрлі адамдарды бейнелейді. Адамдардың мінезі, патша отаршыларының, байлардың зорлық- зомбылығын Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді.
Бүгін біз Ахмет атамыздың мысалдары бойынша байқау өткіземіз. Байқау барысында сендерге түрлі тапсырмалар беріледі. Сол тапсырмаларды алдымен орындаған балалар жетон алады. Байқау соңында кімнің жетоны көп болса, сол "Ахмет атамыздың мысалдарын ең көп білетін бала” болып танылады.
Байқау бағдарламасы:
Жүргізуші: Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.
Бұл үзінді қай шығармадан алынған?
Балалар: "Аққу, Шортан һәм Шаян”
Жүргізуші: Мына сөздерді кім айтты?
Нұрыңды күн секілді көріп тұрмын,
Шыдамай, бойым балқып, еріп тұрмын.
Даусыңды тым болмаса бір шығаршы,
Естуге құмар болып өліп тұрмын.
Балалар: Түлкі. ("Қарға мен түлкі”)
Жүргізуші: "Әлін білмеген әлек” деген нақыл сөз қай мысалдағы кейіпкерге арналып айтылған?
Балалар: Бақаға арналып айтылған ("Өгіз бен бақа”)
Жүргізуші: "… Қораздан біразырақ күй үйренсең,
Сайрар мұнан гөрі де артығырақ”.-
деп бұлбұлға ақыл айтқан кім?
Балалар: Есек ("Есек пен Бұлбұл”)
Жүргізуші: Біздің байқауымыздың келесі тапсырмалары мына үстелдің үстіндегі конверттерге салынған.
Балалар оларды кезекпен алады, ал ішіндегі тапсырмаларды жүргізуші оқиды.
1- конверт
"Ақындар шықты сайысқа…"
Ахмет атаның өзіңе ұнайтын мысал өлеңін оқып бер.
2- конверт
"Қарға мен Түлкі” мысалына қойылым көрсету.
Бұл тапсырмаға балалар алдын- ала дайындалып
келгендіктен баға қойылмайды.
3- конверт
"Жас суретші” байқауы
Жүргізуші А. Байтұрсынов мысалдарына салынған суреттерді көрсетеді, ал балалар сол мысалдардың атын атайды.
4 конверт
"Кім жылдам?”
1 минут ішінде балалар мысалдардағы өздері білетін кейіпкерлердің атын жазу керек.
5 конверт
"Сандықша”
Жүргізуші: Мына сандықшаның ішінде Ахмет атаның мысалында кездесетін зат жатыр. Оның көмегімен өзіңнің бейнеңді көруге болады. Ол не?
Балалар: Айна
Жүргізуші: Ал мына затты кейіпкер ем үшін киемін деп алады.
Балалар: Көзілдірік
Жүргізуші: Мына затты пайдаланған мысал кейіпкері байлыққа құнығып кетеді.
Балалар: Әмиян
Ойын бағдарламасы:
Жүргізуші: Енді байқауымыздың ойын бағдарламасына көшейік. Тапсырмаларды дұрыс орындағандарың үшін жетон алатындарыңды ұмытып кетпеңдер. Бірінші ойын "Адасу” деп аталады.
Мына өлең жолдарындағы ауысып кеткен сөздерді тап.
Жүк алды Бақа, Шортан, Аққу бір күн,
Жегіліп қалды үшеуі дүркін- дүркін.
Өтірік жақтағанға қарға еріп,
"Жарқ” етті пәрменінше жағын керіп.
Шошқаға сол уақытта көз айтады
Ағаштың басындағы қарға көріп.
Көшеде екі Бөшке келе жатты
Бірі тос, екеуінің бірі қатты.
Шыбынға Аю сатты ашуланды,
Көтеріп жерден әйдік бір жас алды.
Ұйқысын Малшы оңды баспай тұрып,
Өлтірді шағып тұрған бақаны ұрып.
Бақырды Қарашекпен Қойды сотқа,
Күймей ме біреу үшін біреу босқа.
Жүргізуші: Келесі ойын «Жұмбақ жануарлар» деп аталады.
Тақтада:
л м ы й а м
н я ш а
і л к ү т
т р н а с ы а
ш қ о ш а
ы қ м с ы
а с м а
- Мына сөздердегі әріптердің орындары ауысып кеткен. Оларды орындарына дұрыс қойсаң, мысалдардағы жануарлардың аттары шығады.
Балалар тапсырмаларды орындайды.
Жүргізуші: - Қандай сөздер шықты?
Балалар: Маймыл, шаян, түлкі, арыстан, шошқа, мысық, маса.
Жүргізуші: - Бұл жануарлар қай мысалдарда кездеседі?
Балалар:
«Аққу, Шортан һәм Шаян»
«Қарға мен түлкі»
«Қартайған арыстан»
«Еменнің түбіндегі шошқа»
«Қасқыр мен мысық»
«Қаптесер мен көртышқан»
Жүргізуші: Келесі ойын «Лото» деп аталады.
Тақтада екі ойын алаңы бар.
1 ойын алаңына: мысалдардан үзінділер жазылған қағаздар ілінеді.
Асылы, жүк орнынан қозғалмады.
Мынау көз, мынау мойын, мұрын қандай.
Бөрі жоқ десең- шығар бөрік астынан…
Тіс түсіп, тырнақ мұқап, әл кеткен соң…
Тауықтан біразырақ ән үйренсең…
«Теңізді өртеймін!» деп лақап шашты.
Залалдан басқа нәрсе істедің бе?
Таспенен пәрменінше қойып қалды.
«Қураса, қурайды деп қиналман көп…»
2 ойын алаңында: төменде берілген мысалдардың аттары бойынша дайындалған суреттер бірнеше бөліктерге бөлініп /орны ауыстырылып / берілген.
«Аққу, Шортан һәм Шаян»
«Қарға мен түлкі»
«Қасқыр мен қозы»
«Қартайған арыстан»
«Бұлбұл мен есек»
«Сары шымшық»
«Қасқыр мен мысық»
«Кісі мен аю»
«Емен мен шошқа»
Жүргізуші: Мына үзінділер қай шығармалардан алынған?
1 ойын алаңындағы үзінділерді 2 ойын алаңындағы суреттермен жабу керек. Егер оларды дұрыс орналастырсаң, А. Байтұрсынов мысалдарындағы кейіпкерлердің суреті шығады.
Балалар тақтаға шығып, тапсырмаларды орындайды.
Жүргізуші: Сонымен, балалар, сендер барлық тапсырмаларды орындау барысында Ахмет аталарыңның мысалдарын жақсы білетіндеріңді көрсеттіңдер.
Қазақ санасының шамшырағы
Әдеби –тарихи конференция.
Қатысушылар: Жүргізуші, А. Байтұрсынов мұрасын зерттеу ісімен айналысып жүрген үш баяндамашы, көркемсөз оқушы.
Жүргізуші: А. Байтұрсыновтың туған заманында өскен, әліпбиі мен оқу құралдарын оқып, сол ғылыми еңбектерінің арқасында көздерін ашқан кісілердің бәрі Ахаңның атын, халқы үшін сіңірген еңбегін ұмытқан жоқ. Торғай өлкесінің төтенше комиссары Әліби Тоғжанұлы Жангелдинмен, Торғай уезінің әскери комиссары Амангелді Имановпен бірге қызмет атқарып, Ленинге бірінші рет барып, көзбе-көз отырып сөйлескен, қазақтың автономиялы республика болуы туралы көп еңбек сіңіргені бүгінгі күндері енді-енді ауызға алына бастады. Ахаңды неге кеш таныдық? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін Ахаң туралы ақиқаттарды, оның өскен ортасын, елін- Торғай уезін, Тосын болысын, Сарытүбек ауылын еске түсіріп, хх ғасырдың бас кезіне оралайық...
Баяндамашы (1): 1873 жылы 18 қаңтар айында Торғай уезіне қарасты Тосын болысының 5 ауылында, Сарытүбек деген жерде Байтұрсын Шошақұлының шаңырағында Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келді. Арғы атасы Үмбетай батырдың ұрпағы Ахмет бір мүшелге толмастан тірі жетім боп ерте есейді. Әкесі Байтұрсын турашыл, әрі осы мінезімен жергілікті әкімдерге ғана емес, сұлтан, ояздарға да «жақпайды». Анасы Күңше - өжет, ел сыртынан «Сары уезд» деп атайтын. Әкесінің інісі Ерғазының көмегімен Ахмет 1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс - қазақ училищесіне түседі. Бертін келе Ерғазы қайтыс болған соң да Ахмет қинала жүріп оқуын тәмамдайды. Өз бетімен білімін жетілдіру жолында көптеген қиындықтарды көре жүріп Орынбордағы 1891-1895 жылдары қырғыз- қазақ мұғалімдер мектебін бітіріп шығады. Шығыс пен Батыстың рухани мәдениетін жетік игеріп, соның арқасында «Мәдениет тарихы» атты кітап жазды.
Ағартушылық жолында Ахмет Ақтөбе уезінің Батпақты болысында, Қарқаралы уезімен Қостанай қалаларында, ауылдық, облыстық мектептерде, екі сыныптық орыс-қазақ училищелерінде қызмет етеді.
Көркемсөз оқушы: Әкесінен ерте айырылып, көп қиындық көрген Ахмет:
Оқ тиіп он үшімде ой түсірген,
Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма оны ұмытсам,
Болғандай жегеніме бәрі харам,-
десе де, талаптанып, еңбек жолын жалғастырады. Халық мұңын мұңдаған бір топ күрескерлер шоғырын топтастыра отырып:
Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа,
Жөн сілтедім жақын емес алысқа.
Өзге жұрттар өрге қадам басқанда,
Дедім «Сен де қатарыңнан қалыспа»- дейді.
Баяндамашы /1/:
Ахмет Байтұрсынұлының ел ішіндегі өмірінің айтулы бір кезеңі 1896 жылы Омбыға барып, Ақмола, Семейдегі қазақ-орыс мектептерінің үстінен қарайтын А. Алекторовпен жақсы танысып білісуі болды. Өз басы қиыншылықтың сан түрін өткерген Ахмет Алекторов, Ильминский секілді миссионерлермен жақындаса түседі. Жақындасқан сайын өзінің азаматтық күрескерлік бет-бейнесі айқындала түседі. Осы жол оны саясатпен айналысуға, ғылым жолына түсуге, жиған - терген, білгенін халқына қайтару жолына алып келеді.
Жүргізуші: Ахмет Крыловтың «Қырық мысалын» аударып, кітап етіп шығарды. 1913 жылдың наурызынан бастап «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1913 жылдың қыркүйек-қазанына дейін оның редакторы болды. Ондағы жарияланған қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне қатысты материалдар ресми орындардың наразылығын туындатып, үнемі бақылау, тінту жүргізіп, Ақаңды түрмеге отырғызып тыныштық бермеген.
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны,-
деп күйінеді. Ахаңды газет оқушылары қаражат жинап, ұйымдасып абақтыдан босатып алып, газетті жаптырмай аса ізгі іс жасайды. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы таза саяси үн, заман тынысы халық мұңын ғана айтып қоймай, өз өмірбаянына қатысты деректер, дүниеге көзқарас, арман мақсаты да айқын көрінеді.
Мен өлсем де өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа не алар өлім менен
Өлген күні апарып тығары көр,
Мен жоқ болсам көміліп тәнімменен.
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін
Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын
Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін,-
деп толғайды. Осы іспеттес ақынның ішкі толқыныстарын лықсытып сыртқа шығаратын, түйіп-түйіп айтып тастайтын тұстары аз емес.
Баяндамашы /2/:
Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ алфавитінің тұңғыш реформаторы, осы жетілген жазу үлгісімен еліне тұңғыш «Әліппесін», «Тіл құралын», «Әдебиет танытқышын» сыйлаған, қазақ филологиясы мен өнертануының негізін салушы, ғылыми, таза қазақ емлесімен шыққан тұңғыш газет «Қазақтың»(1913-1918) тұрақты редакторы, Абайдан кейінгі саяси-әлеуметтік тақырыпты жалау еткен көрнекті ақын, аудармашы, публицист журналист, ірі қоғам қайраткері, ағартушы ұстаз. КазПИ-дің профессоры, этнограф, фольклорист, композитор әрі орындаушы...
Ол ең алдымен қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, әрі қарай қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп күш жұмсаған ағартушы қайраткер. Осы мақсатты орындау үстінде ол қазақ тілін, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, талдап танытқан зерттеуші әрі сол зерттеулерінің негізінде «Әліппе» мен тұңғыш ана тілі оқулықтарын жазған автор. Сонымен қатар А. Байтұрсынов - өз халқының саяси, мәдени, рухани және әлеуметтік өмірінің сан саласына көз тіккен.
Достарыңызбен бөлісу: |