М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесіндегі ішкі монологтың көркемдік қызметін айқындаңыз Мағжан Жұмабаев өзінің жазушылық, суреткерлік шеберлігін осы бір әңгімесінен-ақ айқын көрсете білді



Дата06.01.2022
өлшемі18,33 Kb.
#15211

М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесіндегі ішкі монологтың көркемдік қызметін айқындаңыз

Мағжан Жұмабаев өзінің жазушылық, суреткерлік шеберлігін осы бір әңгімесінен-ақ айқын көрсете білді. Әйел тағдыры - қазақ әдебиетіндегі ең бір тамырлы, бұрыннан мол жырланып келе жатқан тақырып. Ескі ауылдың моральдік-әлеуметтік бейнесін, салт-сана ерекшелігін айқындаушы күрделі құбылыстың бәрі де осы әйелге көзқарас, әйел тағдыры арқылы өрбиді. М.Жұмабаев әйел басындағы қым-қуыт тіршілік құбылыстарын жүрегімен сезініп, түйсінеді. Әңгімені дамытушы - сезім күші мен ой ағымы. "Шолпанның күнәсі" әңгімесіне өзінше нәр, сыр бере түсуі ақын сезімінің, түсінігінің тереңдігінен. Шолпан образын ерекше бір сарын, тебіреніспен әкеліп енгізудің өзі жаңалық.

Әңгіменің бас кейіпкері Шолпан - әртүрлі сыртқы жағдайлардың және ішкі толқыныстардың нәтижесінде үнемі өзгеріп, дамып отыратын бейне. Шолпан - қасірет жамылған қайғылы әйел. Өзінің бақыты үшін күнделікті өмірін тәрк етіп, тәуекелге бел байлаған қайсар әйел. Шолпан, Сәрсенбай, Әзімбай араларындағы байланыста реалистік шындық, психологиялық сенім жақсы бейнеленген. Шолпанның күнәсі - Сәрсенбайды шынайы сүйгендігі. Шолпанды күнәлі әрекетке итермелеген оның Сәрсенбайға деген махаббаты еді. Егер де Сәрсенбай Шолпанмен ашылып сөйлесіп, сырласып, жанына жақын тартқанда, мүмкін Шолпан ондай әрекетке бармас еді. Шолпан бала зарын бір өзі тартып, жоқты бір өзі іздеуге мәжбүр болады. Шолпан өзіне-өзі сауал қойып, сол қойылған сауалдарға өзі жауап іздейді. Сәрсенбай Шолпанға: "Мен сенен бала сұрадым ба?", - дейді. Шолпан не үшін Әзімбайды таңдады? Шолпан не себепті Сәрсенбайға іштегі сырын айтпады? Осы сынды сауалдарға жауап іздеу барысында біз Шолпанды күнәлі әрекетке итермелеген Сәрсенбай екендігіне көз жеткіземіз.

«Шолпанның күнәсі» әңгімесі 1923 жылы «Шолпан» журналының № 4, 5, 6, 7, 8 сандарында жарияланған. Шағын әңгімеде ой көп, үлкен проблема бар. Шолпан – жасандылықтан ада, риясыз шындықпен бейнеленген образ.

Әңгіме сол кездің жалаң үгіті мен насихатына еш мойын бұрмаған, шағын жанрдың нағыз көркем үлгісін көрсететін шығарма. Әсіресе Мағжанның адам жанының психологиялық қатпарларын шынайы ашып берген, нәрі мол, қуаты күшті, айшықты жазылған «Шолпанның күнәсі» әңгімесі қазақ прозасына жаңа бағыт сілтегендей болып еді. Бірақ жазушылырдың көбі ол жолды таңдап алған жоқ. Мұхтар мен Жүсіпбек қана өз шығармаларында «Шолпанның күнәсіндегі» терең психологизмді жалғастыра білді.

Бұл түйін пікір де Мағжан Жұмабайұлы әңгімесінің биік талғаммен жазылғандығын дәлелдей түседі. Бала үшін бақытын құрбан еткен келіншектің ішкі рухани дүниесі оқырманның көз алдына ап-айқын елестейді.

«Автор «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде шығармашылық еркіндікке жекеленген әйел образы арқылы, оның мінез-құлқын, табиғатын зерттеу, танып-білу арқылы әйелдің адами-пенделік сезім арпалыстарын кеңінен қамти жазу арқылы барды. Әңгімеде бір Шолпанның болмыс-бітімін ашу арқылы жалпы әйел затының жан сезіміне терең шолу бар, сонымен бірге адамның тіршілік иесі ретіндегі жан сырын аршып, сол арқылы барша әйелдің басында кездесетін мінезді, табиғатты зерттеуге ұмтылу бар».

«Шолпанның күнәсі» әңгімесі жанры жағынан бұл – психологиялық әңгіме. Жан әлемінің құпия сырларын саралайды. Әңгіменің бас кейіпкері Шолпан – әр түрлі сыртқы жағдайлардың және ішкі толқыныстардың нәтижесінде үнемі өзгеріп, үрдіс дамып отыратын характер. Жазушы сол өзгерістерді жан диалектикасын жіті қадағалау жолымен көрсетеді. Осының арқасында бала көру сияқты қарапайым тақырып биік адамгершілік өреге көтеріліп, адамның құлықтылығы, бас бостандығы проблемаларына ойысады»

«Көркем әдебиеттегі психологизм табиғаты – ғылыми, әдеби мәні мол күрделі мәселе. Әлеуметтік талдаудың үш түрлі мәнін ашып айтатын А.Иезуитов: «Біріншіден, психологизм сөз өнерінің тектік белгісі, ажырамас қасиеті, көркемдік кепілі есебінде көрінеді», — деп, мәселенің ең түйінді тұсын жіті пайымдайды. Көркем шығармадағы өмір шындығының ең жоғарғы деңгейі психология заңдылықтарымен сабақтас. Қаһарманның рухани әлемін, жан сырын жеткізу амал-тәсілдерінің жиынтығы немесе идеялық-эстетикалық, шығармашылық феномен – психологизм».

Сонымен қатар психологизм көркем шығарманың ұлылығын таныту үшін маңызды қызмет атқарады. Бұл жайлы зерттеуші Б. Майтанов: «Психологизмнің негізгі қызметі – өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың жанды тамырластығын сақтау. Бұл ретте осы құбылыстың ішкі салалары есебінде даралау мен жинақтау, ұлттық, жалпыхалықтық, дерек пен қиялдап қосу, автор бейнесі, шығарманың заттық құрылымы іспетті түрлі мәселелердің өзара ықпал, әсері мен табиғи синтезін атау керек.

«Автор ішкі монолог арқылы Шолпанның жан дүниесін шебер бейнелейді. «Балалы болсам, әдемі өмірім бұзылады-ау», деп ойлайтын еді Шолпан…Бала туса күйеуімен екеуінің ортасында бір тікенек өсетіндей болушы еді…Қиюласып қосылған екі жанның арасына жат бір үшінші жан түскен соң, екеуінің де жалынды, екпінді махаббаты бүлінер, бәсеңдер, суынар деп қорқушы еді Шолпан.

Ішкі монолог кейіпкер жан дүниесінде әбден толысқан ойды бейнелейді. Шынында да, бұл – ішкі ой. Сыртқа ол танығысыз өзгеріп шығады. Өзіндей жас келіншектермен аулақта кеңескенде: «Баласыз өмірдің қызығы жоқ қой», — деп аузымен ғана айтады. Аузы айтқанды қолы істемейді. Істеткізбейтіні іші. Ішінен құдайға «Бала бере көрме!» деп жалбарынады.

Әңгіменің «Шолпанның күнәсі» деп аталуының өзінде терең мағына жатыр. Бұл жерде кінә мен күнә деген ұғымдарды ажыратуымыз керек. «Кінә мен күнә синонимдер емес, екеуі екі жағдайда белгілі болатын дүниетанымдық ұғымдар, олардың басты айырмашылығы сонда, кінә – адам мен адамға қатысты болса, күнә –адам мен жаратушыға қатысты, нақты айтқанда, алла мен адам арасындағы мәселе»

Ал, Шолпан күнә жасады ма, кінә жасады ма деген сұрақ пайда болады. Шолпанның күнәсі құдайдан бала берме деп дұға етуі . Бұл алла бұйрығына, табиғат заңына қарсы әрекет еді. Шолпанның күнәлі болуына біріншіден, отбасылық өмірдің бал күндерін қимау ниетінен болса, екіншіден, Сәрсенбайдың бала сүюге ықылассыздығы әсер етті. «Дұрысы, баласыз өмір бос өмір деген сөзді басқа талай адамдардан естіді, бір-ақ жаны сүйген жарынан естіген жоқ. Ғашық адамға құранның аяты қасиетті емес, жарының сөзі қасиетті, жарынан басқа адамның сөзін не қылсын Шолпан!» [6,95б]. Демек Шолпан күнәлі болды. Үш жылдан соң Шолпан өз күнәсін түсінеді, тәубесіне келеді. Күнәсін мойындаған Шолпан Алланың рақметінен де құр қалмады.

Екіншіден, Шолпан қазақтың ұлттық танымына сай әрбір әйелдің өмірінің мәні ана атану екенін түсінген парасатты келіншек ретінде сипатталады. Себебі Шолпан сәби сүю бақытын, ана атану деген сияқты сезімнің өмірде барын білді, өмірлік ұстанымы етті. «Мағжан шеберлігін айтыңызшы: осы тілек бір түннің ішінде өзгеріп сала береді. Оған иланасың, еш күмән келтірмейсің. Мағжан өзін жан диалектикасының сұңғыла білгірі мен шебер суреткері есебінде көрсете біледі. Шешім кейіпкердің ішінде піседі және бір қызығы еркінен тыс жүзеге асады. Характер іштің ашылуына қарай көрініс табады. Кейіпкердің өз менін таныған санасы бұ жерде сырт көзден күштірек рөл атқарып тұр.

«…Болашақ балаға ата болуға лайық кім бар?… Әзімбай… Әзімбай …Әзімбай қалай болар? Текті атаның баласы, өзі жас, дені сау, сымбатты жігіт».

Қорыта келгенде, «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде ұлттық психологизмді пайдалана отырып, М. Жұмабайұлы Шолпанның бейнесі арқылы дәстүрлі қазақ отбасындағы үлгілі әйелдің үздік бейнесін көрсетті . Оны оқырманға анық сездіру үшін автор Шолпанды сан қырлы қасиеттермен мүсіндеген. Дәлірек айтсақ, отбасы бірлігін сақтаған, құдай қосқан қосағының бақытын ойлаған, ұрпақ жалғастыру қамына терең мән берген қазақи болмысты әйелдің бейнесін толық сипаттай білген.

Ішкі монолог тәсілінің әдеби процесте қалай дамып, дәстүр жалғастыруда қандай дәнекерлік жасағанын, ішкі монолог тәсілінің берілу формаларының ерекшеліктері т.б. секілді келелі мәселелер М.Әуезовтің алғашқы әңгімелері («Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу») мен «Абай жолы» роман-эпопеясындағы ішкі монолог, оның ерекшеліктері мен дамуындағы творчестволық ізденістері. Бұдан көңілге түйгеніміз — М.Әуезовтің таза психологиялық көркем прозаның классикалық үлгісін жасап, шынайы шеберлікке жеткендігі.

М. Жұмабайқлы драматизм элеметтерін, трагедияның қалың бояуларын әңгіме соңында қоюландыра түседі. Өмірін өз қажетіне, өз қалауына сай өзгерту талпынған қазақ әйелі. Ойлағаны, қалағаны болғанымен, бәрібір алдынан қарғыс атқыр «өлім» шығады.

«Шолпанның күнәсі» әңгімесінің ерекшелігі жөнінде Б. Мамраев былай деп жазады: «…М.Жұмабайұлы өзіне дейін қазақ прозасында әлі жасалмаған жаңа қадамға – адам психикасының құпияларына бойлауға батыл көше білді. Мағжан кейіпкерлері өздерінің қымбат та құпия ішкі сезімдерін жария етуден , өздерін сол үшін ешкім түсінбеуі мүмкін-ау деген ойдан еш қорықпайды»

Пайдаланған әдебиеттер:



  1. Жұмабаев М. Өлеңдері, прозасыжәнеәдебизерттеулер / ҚұрастырғанЖ.Сүлейменов. – Петропавл, 2006. – 428 б.

  2. https://abai.kz/post/43645


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет