МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ Мектепке дейінгі ұйымдарда бала тәрбиесіне қажетті алуан түрлі жұмыстар атқарылады, соның ішіндегі маңызды бір саласы дене тәрбиесі болып табылады. Дене тәрбиесі бойынша жұмыс түрлерінің балалардың денсаулығына, дене бітіміне, ойлай білу қабілетін дамытуда маңызы ерекше.
Мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі жұмысының сапасын және тиімділігін арттыру қазіргі педагогика ғылымының және қоғамның алдына қойған маңызды ісі болып табылады. Ал дене тәрбиесі арқылы баланың денсаулығын нығайту, өмірге қажетті қозғалыс дағдыларының дұрыс қалыптасуын іске асыру мемлекеттік маңызды жұмыс. Мықты денсаулықтың, дененің дұрыс жетілуінің, жоғары жұмыс қабілетінің негізі нақ осы мектеп жасына дейінгі балалық шақта қаланады, қозғалыс қызметінің қалыптасуы, сондай-ақ дене қасиеттерінің бастапқы тәрбиесі де осы жылдарда өтеді.
Өмірді қорғау мен денсаулықты нығайту, бала организмінің қызметін жетілдіру, оның денені дұрыс жетілдірудегі ықпалы, жұмыс қабілетін арттыру дене жағынан тәрбиелеудегі ең басты міндеттер болып табылады.
Бұл міндеттердің маңыздылығы мынада: ағзаның тез өсуіне және дамуына қарамастан, олардың қызметі жетілмеген, организмнің қорғаныс қабілеті нашар қалыптасқан кішкентай балалар сыртқы ортаның қолайсыз әсерлеріне тез ұшырайды. Сондықтан сүйек жүйелері мен байланыс буын аппаратының дұрыс әрі мерзімімен жетілуіне, бел омыртқаның физиологиялық иіндерінің қалыптасуына, табан дөңестерінің дұрыс жетілуіне ықпал жасау қажет. Барлық бұлшық ет топтарын, әсіресе, жиырмалы бұлшық еттерді қатайту, жүрек пен тамыр жүйесінің жетілуіне, оның әртүрлі және тез өзгеріп тұратын ауыртпалықтарға бейімделу мүмкіндіктерін арттыру, тыныс алу мускулатурасын қатайту, тыныс алудың тереңдігі мен ырғақтылығына, тыныс алуды қозғалыспен үйлестіру шеберлігін дамытуға мүмкіндік жасау, нерв жүйелері мен сезім органдарының дамуына көмектесу қажет [1].
Басты міндет, балалардың қозғалыстарын жетілдіру, қимылдық дағдыларын және дененің икемділік, шапшаңдық, күштілік, төзімділік сияқты қасиеттерін қалыптастыру болып табылады.
Баланың қозғалыс дағдысы 7 жасқа дейін қалыптасып, әрі қарай даму, шыңдалу қызметі атқарыла бастайды. Бала ағзасының даму мен өсу үдерісінде бұлшық еттің күші қозғалыс факторлары арқылы артады. Сондықтан да мектепке дейінгі кезеңде балардың дене тәрбиесіне ерекше мән берілу керек [1].
Дене тәрбиесі ағзаны шынықтырып, бала психикасының дамуына үлкен әсер ететін, адам ағзасының барлық жағынан жетілуіне, қимыл әрекеті мен дағдысының, білімінің қалыптасуын қамтамасыз етуге бағытталған, көп қырлы педагогикалық іс.
Мектеп жасына дейінгі балаларға дене тәрбиесін берудің мақсаты – балалардың денсаулығын нығайту, денесінің дұрыс дамуын қамтамасыз ету, өйткені бұл кезде баланың дамуына қолайлы жағдай жасалса, бала денесі тез жетіліп өседі. Мектепке дейінгі шақта бала ағзасы әлсіз, әр түрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұра алмайды, сондықтан оны аурудан сақтап, денсаулығын нығайтуда, қимыл әрекетін дамытуда, мәдени-гигеналық дағдысын, әдетін қалыптастыруда дене тәрбиесінің мәні ерекше.
Міне, осындай мақсат көздейтін дене тәрбиесінің негізгі міндеттері: 1) баланың денсаулығын сақтау және нығайту; 2) мәдени-гигеналық дағдылар мен әдеттерді қалыптастыру; 3) бала денесін шынықтыру; 4) балалардың жүру, жүгіру, секіру, өрмелеу, лақтыру сияқты негізгі қимыл әрекеттерін дамыту.
Мектеп жасына дейінгі баланың денесін шынықтыруды зерттеген белгілі ғалымдардың бірі Т.И. Осокина «...дене шынықтыруды педагогикалық ықпалмен мақсатты жүргізгенде нақты нәтижеге жетіп, бала денсаулығы нығайып, жалпы шыдамдылығы, жұмыс жасау қабілеті артып, жеке тұлға болып қалыптасып, жан-жақты дамуына әсерін тигізеді деп көрсетеді [2].
Мектеп жасына дейінгі балаларға дене тәрбиесін беру негізіне мыналар жатады: балалар күтімі және өсуіне қолайлы мәдени-гигеналық жағдай жасау, дұрыс жасалған күн тәртібі, тамақтандыру, дененің тазалығы,баланың жасына, ауа-райына ыңғайлы киінуі, гимнастика және қимылды ойындар ойнату, ұйқысын ұйымдастыру, серуенге шығару, күнді, ауаны, суды тиімді пайдалану.
Мектепке дейінгі «Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны төмендегідей ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің түрлері:
- дене шынықтыру;
- валеология;
- дербес қимыл белсенділігі, шынықтыру және сауықтыру шаралары, мәдени-гигиеналық дағдылар арқылы балалардың тіршілік әрекеті мен тәрбиесін ұйымдастыру арқылы жүзеге асады.
Дене тәрбиесін ұйымдастырудың бұл формалары дене тәрбиесінің жалпы міндеттеріне және баланың жан-жақты дамуына жауап бере отырып, өзара байланысты болады: олардың әрбірінің өзіндік арнаулы міндеттері бар, олар мектепке дейінгі мекеменің күн режиміндегі міндеттің орнын анықтайды.
Балабақшаның түрлі топтарындағы дене тәрбиесін ұйымдастыру формаларының арақатынасы балалардың жасын және жеке басы типологиялық ерекшелігін олардың дене дайындығы дәрежесін, сондай-ақ белгілі бір топтың және бүкіл мекеменің нақты жағдайын ескере отырып, тәрбие-білім беру міндетімен анықталады.
«Денсаулық» білім беру мазмұны білім беру қызметінің нәтижесі ретінде денсаулық сақтау құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған:
–өзінің дене күш-қуатының саулығын ойлауға және тіршілік іс-әрекетінің қаціпсіздік ережесін сақтауға;
қимыл-қозғалыс дағдыларын меңгеруге;
түрлі оқиғаларға қатысты өзінің эмоциялық күйін білдіруге;
денсаулық сақтау негіздері мен жеке бас гигенасының дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді [3].
Дене шынықтыру ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті– балаларға дене тәрбиесі жаттығуларын жүйелі түрде үйретудің негізгі формасы. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің арнаулы міндеті барлық жастағы топтардың балаларын дұрыс қимыл-қозғалысқа үйрету мен дене қасиетін тәрбиелеу болып табылады.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің маңыздылығы өзара байланысты сауықтыру, білім беру, тәрбиелеу міндеттерін жүйелі түрде жүзеге асыруда болып табылады, олардың орындалуы баланың дене күшінің дамуын, денсаулығының нығаюын, олардың дұрыс қимыл-қозғалыс дағдыларын игеруін, физкультура мен спортқа эмоционалды жағымды қатынасын қалыптастыруды, оның жеке басын жан-жақты қамтамасыз етеді.
Мектеп жасына дейінгі балаға дене тәрбиесін беруде қимылды ойындардың орны ерекше. Қимылды ойындар бұлшық еттерді ғана іске қосып қоймайды, баланың бүкіл ағзасының, ішкі құрылысының қызметін, зат алмасуын күшейтіп, психикасының дамуына да ықпал етеді, жалпы денсаулығын нығайтады. Қимыл әрбір іс-әрекеттің негізін құрайды, тиімді ұйымдастырылған қимыл икемділікке, күштілікке, үйлесімділікке, әдемілікке баулиды, жұмыстың табысты болуын қамтамасыз етеді.
Дене шынықтыруды қимыл-қозғалыс ойындары арқылы жүзеге асыру балалардың дене мүшелері мен көңіл-күйлеріне қатты әсерін тигізеді. Қимыл-әрекетке толық жағдай жасаудың, барлық бала ойыннан қуаныш табуға мүмкіндік жасаудың маңызы зор.
Ойын барысындағы іс-қимылды дұрыс сапалы түрде балаға жеткізіп бірнеше рет қайталап әдетке айналдырғанда, бала ағзасындағы зат алмасу артып, жүйке жүйесі белсенділігін танытып, қан айналымы жақсарады. Қозғалыс барысындағы жиі демалудан бала ағзасындағы оттегіге деген қажеттілік артады. Дене шынықтырудың арқасында баланың көңіл-күйі жоғарылап, жүйке жүйесі бекиді. Дене шынықтыру нәтижесінде бала өзінің іс - әрекетіне және топтық тәртіпке үйреніп, оның ережесіне бағынады. Бұл оның жан-жағындағы оқиғаға мән беріп қарауына, төзімді болуына, тәртіпті сақтауына септігін тигізеді.
Дене жаттығулары - дене тәрбиесінің негізі болып табылады. Дене жаттығулары баланың жас ерекшелігіне сай өзгеріп күрделене түседі. Жас шамасына қарай күрделене түскен жаттығулар өз құрамына күнделікті тұрмыстан, адам еңбектерінен, әскери қимыл қозғалыстардан сонымен қатар спорт түрлерінде кездесетін қозғалыс түрлерінен алынатын жаттығуларды енгізеді. Жаттығу кезінде баланың барлық тірек-қимыл мүшелері жұмыс жасап, барлық мүшелерінің іс-қимылдары дамып, жүрек, тыныс алу және жүйке жүйелерінің қызметі арта түседі.
Балабақша үшін жалпы дамыту жаттығуларын барлық топпен бір мезгілде орындатқан тиімді. Осы кезде қимыл-қозғалысты үйренуге барлық бала бірдей қатынасып, бірінен-бірі қалғысы келмей ат салысады. Келесі бірнеше баламен жұмыс арнайы жаттығу элементтерін меңгеру барысында әр баланы қозғалыс-қимылға үйретіп қадағалау негізінде белгілі бір жетістікке жету мүмкіндігі туады деп көрсетеді.
Балаларды қимылға үйретудің негізгі әдісі көрсету, түсіндіру және жаттығуларды балалармен бірге орындау болып табылады. Бұл әдістің қолдану барысы әртүрлі. Дене шынықтыру барысындағы қимыл-қозғалыс элементтерін орындаудың негізгі шарты оларды бірнеше рет қайталау және бірте-бірте жетілдіру болып табылады.
Мектепке дейінгі ұйымдардың негізгі міндеттерінің бірі – балаға қимыл негіздерін үйрету. Негізгі қимылдарға жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, өрмелеу сияқты қимылдар жатады. Балаларды мақсатқа бағытталған қимыл жасауға, қажет кезінде қимылды тежеу әрекеттеріне үйрету керек. Қимылдың тәрбиелік әсері де зор: ойын, гимнастикалық жаттығулар мен еңбек үстінде балалардың кеңістікті бағдарлау, шапшаңдық, дәлдік, ептілік қасиеттері, ұжымдық қарым-қатынастары тәрбиеленеді.
Қимылды дамытуды жоспарлағанда мынадай жалпы қағидаларды ескеру керек:
1) жаттығуларды, ойындарды, еңбек тапсырмаларын таңдағанда баланың қолынан келетін, оларды қызықтыратын, бүкіл ағзасының дамуына түгел ықпал жасайтын, бұлшық еттердің қимыл әрекетіне әсері барын сұрыптап алу;
2) ойындар мен жаттығулар еңбек тапсырмаларын орындауға, жүру, жүгіру, лақтыру, секіру, өрмелеу сияқты қимылдардың дамуына ықпал ететін, дұрыс дағдыны қалыптастыратын болуы керек;
3) физиологиялық жағынан әлсіз бұлшық еттерді нығайту, баланың тұлғасын дұрыс қалыптастыруға себепкер болуы керек;
4) ұжымда жұмыс істей білуге жетілуін қамтамасыз етуге тиіс.
Қорыта келе айтарымыз, бала ағзасын қалыпты өсіру үшін мектепке дейінгі ұйымда баланың дене тәрбиесін ұйымдастыруға тәрбиешілер ерекше мән беруі керек.
Әдебиеттер:
1. Степаненкова Э.Я. Теория и воспитания физического воспитания и развития ребенка. –Москва, 2006. -171с.
2. Осокина Т.И. Физическая культура в детском саду. – М., 1986. –285 с.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Негізгі ережелер. –Астана, 2009.-31 б.