Мерген кейкі батыр



Дата19.04.2023
өлшемі17,81 Kb.
#84389
түріҚұрамы

МЕРГЕН КЕЙКІ БАТЫР
С.Сейфулин атындағы Қазақ-Агротехникалық
Хакимов Даниял 21-04 ТМО

Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Азан шақырылған шын аты - Нұрмағамбет. Кейкі Жыланшық болысының алпауыты Р.Шашамбайұлының малын қорып, дұшпандарына аттандыратын жігіті болған. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел ауызында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған. Кейкі Көкембайұлы Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған (ел аузында «июнь жарлығы» деп аталады) Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды. Көтерілісшілердің негізгі қарулы күші - мергендер жасағын басқарған. Көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрған. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс - Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті. Кейкіні көрген, кешегі қиын кезде соңына ерген адамдар оның өлімнен қорықпайтын өжеттігін, көздегенін құр жібермейтін мергендігін жыр қылып айтады екен. 1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батыр қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. Ақыры, 1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А.Токаревтің сөзіне сеніп Торғайға оралған Кейкі жолда оның шын ниетін сезіп қалып, Александр Токаревті сол жерде атып тастайды. Бірақ Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан қызыл әскердің солдаттары, оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршап алып, айуандықпен өлтіреді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алады. Кейкі батырдың басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қояды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға жөнелтеді, ал 1926 жылы республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петерборға алып кеткен. Ол қазір Санкт-Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы. Кейкі батырдың әдебиеттегі бейнесі Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында Кете батыр болып бейнеленеді. Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақталып айтылады. Кейкінің қарасөзде жасалған көркем бейнесі Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы еді. Алайда кеңес заманында шыққан онда да аты анық айтылмаған. Кейкі бейнесі өз атымен анық айтылып, қанық бояу дерегімен түгелденіп шыққан шығарма Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастаны (Алматы, «Білім», 2001). Кейкі батыр Көкембайұлының ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы Кейкі батырдың 125 жыл толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды. Қазақ даласын тұтастай шарпыған Ресей патшасының 1916 жылғы 25 мау­сымдағы жарлығы түрткі болған азат­тық жолындағы күресте Кейкінің батыр­лығымен қатар құралайды көзге атқан мергендігі кең танылды. Сол көтеріліс кезінде ол Торғай даласында құрылған Қыпшақ хандығының мергендер мыңдығын басқарды. Әу баста «патшаға қара жұмысқа адам бермейміз» деп өз қарсылығын танытып, ұйысқан халық бара-бара жеке хандық құрып, ауыз бір­лігін танытты. Көтерілісшілердің 50 мың­дық әскеріне А.Иманов бас сар­дар болып тағайындалса, хан қылып хал­қы Ә.Жанбосыновты көтерді. Кейкі ба­тыр­дың ерліктері 1916 жылдың күзі мен 1917 жылдың қысындағы Торғай, Құм­кешу, Доғал, Үрпектегі және басқа да пат­шаның жазалаушы әскерлерімен бол­ған шайқастарда анық көрінді, ас­қан мергендігімен, ержүректігімен көз­ге түсті, яғни көтерілістің даңқты қаһар­ма­ны­на айналды, ерлігі аңыз болып тарады.Оның көтерілісшілерге келіп қосылуы­нан хабар беретін алғашқы құ­жат 1916 жылғы 30 желтоқсандағы Тор­ғай уезі, Қайдауыл болысы С.Бек­тасов­тың уезд басшылығына жазған жеделхатындағы «…№11 ауылдан 10 адам­мен Кейкі Көкембаев қосылды» деген мәліметі (А.Иманов. Мақалалар, материалдар, документтер. А., 1975 ж., 65 б.). Біздіңше бұл мәлімет Кейкі батырдың Торғай өңірінде көтерілген елге соңын ала қосылды деген ойды туғызбаса керек. Өйткені, 1916 жылғы 9 шілдеде көтерілістің орталығына ай­нал­ған Батпаққарада Ә.Жанбосынов бас­таған сарбаздардың арасында Аман­келдімен бірге Кейкі де жүрді. 24 шілдеде Торғай уезі бастығының хабарлауынша Торғай және Ырғыз қазақтарының қырға көшуі, онда қарулы сарбаз құру туралы хабарланған болатын (Мырзағалиұлы М. 1916-1917 ж. Торғай қазақтарының көтерілісі.-А., 2005, 162 б.).Сол жылдың қазан айында 7 мыңдай қарулы сарбаздар Ақтүбек деген жерге жиналып, Торғай қаласына шабуыл жасау, әскери гарнизонды басып алу мә­се­лесін талқыға салды. Кейкі батыр 1916 ж. 21 қазанда Татыр көлі маңын­дағы шайқаста алғашқы сынға түсті. Ол басқарған мергендер мыңдығы жазалау­шылардың шабуылына тойтарыс беруде асқан ерлік танытты. 6 қарашада Ә.Жан­босынов пен О.Шолақовтың бірік­кен қолы Торғай қаласына шаб­уыл жаса­ды. Осы қаланы басып алу жо­лын­д­а­ғы ай­қаста Кейкі бастаған мер­ген­дер нысанаға алғанын баудай түсіріп отырды.Қыстың түсуіне қарамастан көтері­ліс­шілер күресін жалғастыра берді. 1917 жылдың 13 қаңтарында көтерілген халықты сабасына түсіруді мақсат етіп ел ішіне шыққан Кислов басқарған Қостанай жазалаушы әскеріне Аманкелді мен Кейкі басқарған 1500 сарбаз Шошқалы қопасында тұтқиылдан шабуыл жасады. Күштің тең болмау салдарынан шегіне жү­ріп ұрыс салған қазақ сарбаздары жау­ға қарсы Күйік қопасында қайта ұрыс салды. Нәтижесінде жазалаушы әскердің мақсаты орындалмай кері шегінді.1917 жылдың 16 ақпанында Торғай көтері­ліс­шілерінің тобын жою үшін пол­ков­ник Тургеневтің Орынборлық 13 ат­т­ы казак полкі Батпаққараға бет түзе­ді. Жазалаушылардың қалың қолына көтеріс­­шілер 20 ақпанда Құмкешуде, 23 ақ­­панда Доғал-Үрпек бойында шаб­уыл жасап, патша әскерін едәуір шы­ғын­ға ұшыратты. Осы шайқаста Кей­кі ба­тыр­дың тапқырлығы, соғысу тәсіл­де­рін меңгерген шеберлігі, нысанаға ал­ға­нын мүлт жібермей, жауына жасын­дай тиген ерлігі ел аузына ілігіп, даңқы асты. Сол шайқастардың куәгері, ақын Ф.Сатыбалдыұлының: «100 жігіт жетіп келді Қапар ханға, Менмұндалап аттары аталғанда. Кейкі менен Өменді басшы қылып, елуден аттандырды Тышқантамға. Қолынан бір Кейкінің 40-ы өлген, Тұрған соң шама барма аруа­ғы асып» – деп батыр ерлігін жыр­ға қосты. Тапсырманы орындай алмаған пол­ковник Тургеневтің Торғайға қарай ше­гі­не қашқан жазалаушы әскерінің со­ңы­нан екі күндей қуып Кейкі бастаған мер­гендер тобы 50 дұшпанның көзін жойды.Орталық Ресейде 1917 ж. ақпанда патша тақтан құлап, уақытша үкімет орнаған тұста Торғай жеріндегі көте­рі­­ліс­­ші­лер әскерлерін таратпай, іс­тің ақырын күтті. Өйткені, қазақ даласындағы билік үшін жүріп жатқан ақ пен қызылдың тартысы, шыны керек қарапайым қазаққа түсініксіз қалыпта өрбіді.



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет