Мәшһүр Жүсіп Көпеев жырларындағы Абылай хан образы эпикалық билеуші бейнесі



Дата06.03.2023
өлшемі23,98 Kb.
#72140

Мәшһүр Жүсіп Көпеев жырларындағы Абылай хан образы - эпикалық билеуші бейнесі

Жекелеген қаһарман тұлғаларды сипаттау барысында ел тарихын шежіре сипатында баяндаған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінің маңызы зор. Мәшһүр Жүсіп тарихты жазуда жер тарихын, ел тарихын, жеке адам тарихын біртұтас сипатта қарастырып, өзара тығыз қарым-қатынастар жүйесінде баяндайды. М.Ж.Көпеев қолжазбасы – халқымыздың тарихына өз үлестерін қосқан қаһарман тұлғалар хақында фольклорлық нұсқалардың, жазба зерттеулердің, зерттеуші автордың өз ой-пікірлерінің өзара байланыстырылған мағлұматтарының аса мол казынасы.


Мәшһүр Жүсіп шежіресінде Тахир хан, Тоғым хан, Бойдас хан т.б. белгісіз билеушілердін тек есімдері ғана аталынып өтіледі. Ал атақты, даңқты хандар тарихын баяндауларында Мәшһүр Жүсіп Қасым ханды “Жошы ханның өзінен соң Дешті Қыпшақты толық меңгеріп билеген” хан, “қазақ хандарының пируай дөкейі”; Хақназар ханды “қайратты кісі”, “батыр хан”; әз Тәуке ханды “ақылды кісі, табанды кісі”,“терең ойлы долық милы, дөкей ірі хан” ретінде бағалайды. Мәшһүр Жүсіп жазбаларында Алаша ханға қатысты берілген мәліметтер тарих ғылымы тұрғысынан арнайы қарастыруды қажет етеді. Мәшһүр Жүсіп Көпеев хандар тізіміне Алаша ханды, Ормамбет ханды т.б. қосады [1,87-89бб.]. Бірақ, “Атасының аты білінбей, өз аты шыққан ерлер” еңбегінде оның тарихта кім болғаны халық жадында ұмытыла бастағанын атап көрсетіп, енді бір хандар тізімінде Алашаны қазақ билеушілерінен бөліп алып жеке қарастырады: “Қазақтың өз сыбағасына арналып хан болғандар: “Қасқа жолды” Қасым хан, “Ескі жолды” Есім хан, “Күлтебеде күнде кеңес” атанған әз Тәуке хан, олардан соң 48 жыл хан болып билеген Абылай хан. Қазақта хан болып, заң шығарып, халық қатарына қосқандар - осы айтылған хандар. Алды-арты жоқ Алаша хан деген бір хан билеген. Қазақ 3 жүзге бөлініп; Ұлы жүз Үйсін, Орта жүз Арғын, Кіші жүз Алшын атанғаны; “Алаш” деп ұран шақырысып: “Алаш- алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш болғанда, ұранымыз Алаш болғанда”,-деп айтатын заман болған”[1,94б.].
Сонымен қатар, Мәшһүр қолжазбасындағы ел билеушілері (XV ғ.-ХVПІ ғ.ғ. аралығы) казақ хандары тарихыда сөз болады. Шежірелік-жылнамалық сипатта жазылған бұл шығармаларда атақты билеушілердің іс-әрекеті қысқаша, тартымды баяндалынып, шежірешінің өз пікірлері де қатар беріледі. Керісінше, тарихи дерегі жұтаң, белгісіз хандардың есімдері ғана аталынып өтеді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы “Қазақ түбі” еңбегінде әз Жәнібек ханнан бастап әз Тәуке ханға дейінгі хандар тізбегін таратады.Бұған қарағанда, “Қазақ түбі” Адам Атадан бастап Абылай ханға дейін таратылып жазылған М.Ж.Көпеев шежіре сөздерінің ортақ тарихи тақырыбы ғана болады. Мұнда әрбір нұсқада шежіре, аңыз, әңгіме, тарихи сөз, зерттеу үзіндісі текстері бір уақыт жүйесі ретімен орналасады, ара-арасында зерттеуші автордың өзінің қазақ хандары туралы еңбектері, анықтама-түсініктемелері беріліп отырылады. Яғни, қазақтын түпкі тарихы туралы әр түрлі текстер мен түрлі ой - пікірлердің пайдаланылуы, бір тақырып бойынша жазылған еңбектерінің түрлі нұсқалары болуы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің тарихи таным арнасына әртүрлі көзқарас, мәлімет тарта білгенін айқындайды.
Алаш жұртының тілегін ту ғып кө­тер­ген, намыс қып қайраған, қысылғанда қай қазақ болмасын есімін медет көрген, XVIII ғасырда жоңғар езгісінде жұтылуға шақ қалғанда азаттық туын көтерген хан Абы­лайдың есімі елдің жүрегіне ала бөтен жақын. Оның батылдығы, қарағайға қарсы біт­кен бұтақтай қайсарлығы, даналығы, сергек те сезімтал көрегендігі туралы ел арасына кең тараған ғажайып аңыз-әңгі­мелер, шытырман хикаялар, тамаша жыр-дастандар аз емес. Қазақ халқының ақындарының шығармашылығының бір саласын тарихи жырлар құрайды. Ондағы сөз болатын өзекті мəселе — өмірде нақты болған əлеуметтік, саяси оқиғалар еді. Кеңес дəуірінде халық үшін қызмет қылған тарихи тұлғалар керісінше түсіндіріліп, лайықты бағасын ала алмағаны мəлім. Қазақ халқының тарихи тағдыры, қазақ хандығының дербестігі мен бүтіндігі, қазақ халқының азаттығы, ұлы мұрат жолындағы алаштың арманы дейтін мəселелер тарихта бір-бірінен бөлшектене түсіндіріліп келді.Еліміз егемендік алған бетте тəуелсіздік жолындағы халықтың арман-тілегі, аңсары мен мүддесі тарихи жырлар қаһармандарына байланысты түсіндіріледі. Мəселен, XVIII ғасырда үш жүздің басын қосып, қазақ халқын ел етіп біріктіруге ерен еңбегі сіңген Абылай хан жайында көлемді эпикалық жырлар шоғыры қалыптасқан еді. Олардың көбі күні кешеге дейін «саясаттың» салқынымен «жабулы қазан, жабулы» қалпында келді. Бүгінгі ұрпаққа Абылай жайында тарихи жырлардың он нұсқасы бар десең таң қалып, сенбестік танытуы да мүмкін. Дегенмен, көз жеткізіп көрсетейік. Əйгілі хан, алаштың айбыны болған Абылайға қатысты тарихи жырлардың бір үлкен шоғырын Мəшһүр Жүсіп Көпеев жазып қалдырған. Оның біріншісі - он бір буынды қара өлеңмен жазылған, арасында қара сөздер кездесетін «Абылай ханның ең алғашқы ауызға ілініп түскені» [1] дейтін жыр. Екінішісі-«Абылай аспаған Сарыбел аталғанның мəнісі» [2], үшінші - «Абылай ханның бір жорығы» [3], одан соңғысы «Абылай хан» [3] деп аталатын көлемді жыр нұсқасын атауға болады. Белгілі бір дəуірге тұтастанған тарихи жырлардың көркем де келісті үлгілерін XVIII ғасырдағы «ақтабан шұбырынды» оқиғасына байланысты туған эпикалық шығармалар дəйектейді. Тұтастай бір ғасырдың оқиғаларын табиғатына сіңірген тарихи жырлар кезінде жіктеліп, бөлшектеу арқылы түсіндірілгені мəлім. Тарихи жырлардың кезінде баспа жүзін көрмеуі, ұзақ уақыт мұрағат мүлкіне айналуы негізінен жырдағы Абылай хан бейнесіне байланысты екендігі даусыз. Халықтың өзі жасаған, өткеннен бүгінге жеткен дүниесінен таңдаулы тұлғаны сылып тастау қиын. Кеңестік идеология оның төте жолын тұмшалау жөн деп түсінген деу керек. Абылайдың бір басында сан-қырлы қабілет те, ел ісін дұрыс жолға қоюда қайшылық та бар. Эпикалық жыр оны жасырмайды, бірақ соның бəрінде де Абылай ақыл-парасатпен түсіністікке келіп, елдің арасын ашудан гөрі, біріктіруші ретінде көрінеді. Тарихи жырларда сұрапыл майданның қақ ортасында Абылай жүреді. Өзінің кемеңгерлігінен бұрын кемшілігін танып, соны дер кезеңінде қалпына келтіреді. Мұндай істер ел басқарған хандар тарапынан сирек кездесетін құбылыс. Ол қазақ халқының жоңғарларға, Қытайға жəне Орта Азия жеріндегі халықтарға қарсы күресінің көптеген оқиғаларына қатысушы ретінде көрсетіледі. Сөйтіп, ол қоғамдық өмірдің бел ортасында бейнеленеді», — деп ақиқаттың көлеңкелі жақтарына назар аударады. Жыршы солардың бəрінен Абылай ісін ерекшелеп, батырларға қатысты тарихи жырлардың бəрінде оның ел ісіне жетіктігін, соғыс жоспарын жеңіске жеткізіп отыратын, дипломатиялық қарым- қатынастағы қарымдылығын көзден таса қылмайды. Мұны тарихи құжаттарда растап отыр [20]. Сонымен қоса, Абылайдың басынан қауіп-қатердің сандап өтуі, жоңғарлардың қалай да Абылайды қолға түсіруді көздеуі тегін емес. Əйгілі ханның тұтқында болуы, оралуы жөніндегі көптеген аңыз- əңгімелердің түп төркіні Қалдан-Серен мен Абылайдың ақыл-парасатын таластыруға құрылған. Мұны сақталған мұрағат деректері де теріске шығармайды. XVIII ғасырдағы қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы күресін бейнелейтін тарихи эпоста эпикалық билеуші типі тұр.
Қазақ хандары ішіндегі ең ірі де бірегей тұлға саналатын Абылай ханның тарихына тоқталып, оның тарихта алар орны мен қалыптасқан тұлға ретіндегі сипатына арналады. Сондай-ақ өз халқының қайталанбас дара тұлғасы, қиын-қыстау замандарда халқын бір орталыққа жинап, бағындыра білген Абылайдың ішкі және сыртқы саясатта ұстанған бағыттарына ерекше көңіл бөлінеді. Қазақтың қорғаушысы саналған аса ірі қайраткер, қолбасшы, ел еркіндігі мен бостандығын қорғай білген, қазақтың үш жүзінің де ханы болып, елді біріктіруде ерен еңбек еткен Абылай ханның өмірі мен атқарған қызметтері ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі саналатын тарихи жырларда көптеп көрініс тауып отыратындығы белгілі. Тарихи жыр, дастандардың ауыз әдебиетінің өзге салаларынан ерекшелігі әрі артықшылығы ондағы ақпарат нақты өмірден аса алшақ еместігінде.
Абылай хан Қазақ хандығында 48 жыл бойы билік етіп, қазақтың үш жүзіне бірдей хан болып, қазақ халқын бір орталықтандырған мемлекет құра білген ірі тарихи тұлға болды. Оның ерлік істері мен мағыналы өмірі жөнінде бүгінге дейін сақталған тарихи жырлар, аңыздар, өлеңдер мен дастандар т.б. көптеп кездеседі. Абылай дегенде біз әуелі оның батыр, мықты қолбасшы, айлакер саясаткер екенін еске алып, еліміздің тарихындағы аса бір қиын кезеңде үш жүздің, қазақ халқының басын қоса білген хан ретінде жақсы танимыз.
Абылай тарихы қазақ халқы үшін өте қиын, аса ауыр кезеңмен тұспа-тұс келеді. ХVІІІ ғасырда жоңғар қонтайшылары қазақтың шұрайлы жері Жетісу мен оңтүстіктегі қалаларына көзін тігіп, басып алу сәтін күтіп отырған болатын. Бұл жәйт тарихи жырларда да көрініс табады. Абылай өміріне қатысты «Абылай хан», «Сабалақ», «Абылай хан әңгімесі», «Абылай туралы жыр», «Қалдан Серен Абылайды тұтқынға алғаны», «Сабалақ – Абылай хан», «Сабалақ» (қисса), «Абылай мен Олжабай», «Сабалақ, Әбілмансұр, Абылай хан», «Абылай хан… Ақ атан» атты жырлар бар. Олардың біршамасы күні кеше ғана жарыққа шығып, халқымен қайта қауышты. Мәшһүр Жүсіп Көпеев те: «Абылай туралы», «Абылай заманында қазақтан шыққан батырлар», «Абылай хан мен Қалдан», «Абылай ханның бір жорығы» тағы сол сияқты аңыз-әңгімелерді бізге жеткізді.Алайда ауызша тарих айтудың Абылай заманына келгенде елді адастырар бірнеше тұстары кездеседі. Мысалы, оның шыққан тегі, кімнен туғандығы жөніндегі мәселеге келгенде бәріміздің пікіріміз бір жерде тоғыспай, бірнеше жаққа айырылатыны да бар. Шежіре бойынша, Абылай хан Көркем Уәли сұлтанның баласы болып есептеледі. Көркем Уәлидің Түркістанды билеген сұлтан екені белгілі.
Абылай жайындағы жыр нұсқаларының барлығында Абылай басты тұлға болса да, оның қасындағы ділмәр би-шешендер мен батырлары да айтылып отырады. Олардың іс-әрекеттерінен, бір мақсатқа жұмылуынана тарихта болған оқиғалар мен адамдардың өмірін өзек еткені аңғарылып тұрады. Сонымен бірге жоңғарлар мен қазақ арасындағы шайқастар тым арыда емес, бертінгі (XVII-XVIII ғ.) заманда болғаны да белгілі.
Абылай басқарған қазақ жасақтары арасында әскери қатал тәртіп болған. Абылайдың айналасындағы батырлар да өліспей беріспейтін соңғы демі біткенше аянбай соғысатын, намысы жоғары, рухы мықты қазақтың хас батырлары еді. Қиян кескі ұрыс, шайқастарда Абылай әскерлерінің ортасында болып, оларға жігер беріп, рухын көтеріп отырған. Ақындар Абылайды эпикалық батыр дәрежесіне көтере жырлауының себебі – бойындағы күш-қуат, ақыл-парасат, амал-айласын қазақ халқының азаттығы жұмсауы және өзінің перзенттік борышын өмір бойы іс-әрекеті арқылы дәлелдей білуі. Сол үшін көптің ықыласы оған ауған. Малын бағып, бытыраңғы жүрген елдің амандығын сақтап сыртқы жаудан қорғап қалуы халықтың ойынан шыққан. Сондықтан оның ақылды, батыл қолбасы болғанын дәріптеп мадақтау бір адамның ғана емес, бүкіл халықтың берген бағасы деп білген жөн. Елдік пен ерліктің үлгісіне айналған Абылайдың есімін асқақтата жырлайтын, шындыққа сүйеніп шығарылған жырлар қазақ халқының руханиятынан алатын өзіндік орны және тәрбиелік – тағылымдық мәні зор бағалы мұра болып есептеледі. Өйткені бұл жырларда белгілі кезеңнің анық ақиқаты көрініс тапқан. Бұл ізгі дәстүр Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларынанда өз көрінісін тапқан.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармалары – тарихи шындық. Абылай маңына шоғырланған қайтпас қайсар батырлар мен би-шешендердің – бәрі де өмірде болған адамдар. Абылай дәуірі – белдеуден ат кетпейтін қиқулы қиын заман. Осындай кезде Абылай елдің береке-бірлігін сақтау жеңіске жетудің бір шарты екенін есінде ұстаған.Ел – жұрттың қамы үшін ынтымақ басты қажеттілік деп ұққан. Атап айтсақ, М Көпеевтің жырында Абылай ханның қырғыздармен соғысқан жері - Қарабалта, Соқылыққа қарсы «сарыбел» деп аталатын асумен байланыстырылады. Хан Абылай қырғыздарға жорық барысында Сарыбелді аса алмауының себептерін ауызша деректерде салқын күз түсіп, асудың мұзды болуымен түсіндірген екен. Ал, Мәшһүр Жүсіп Абылай ханның Сарыбелді ала алмауының себебін қазақ-қырғыз өзара бітім жасасып, қазақ ханы қырғыздан аманат алып, Қарабалта, Соқылықтан аспаймын деп уәде беруімен байланыстырады. Хан Абылай қырғыздан аманат алыпТілеуберді Жамансартұлы бастаған екінші қырғыз елшілігімен қырғыз - қазақ шекарасы бойынша келісімге келуі «Абылай аспас сарыбел» М.Көпеев тарихын аша түседі. Осылайша, Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі ақын мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттелген.Абылай бейнесінің көркем әдебиетімізде осыншама жарқын бейнелеуінің өзіндік сыр, себептері бар. Оның тарихи негіздерін қозғай берсек өз алдына үлкен бір әңгіменің тақырыбы болар еді. Жалпы алғанда, Абылай хан – XVIII ғасырдағы қазақ тарихында алыс-жақындағы дұшпандарды айбынынан ығып, есептесуге мәжбүр болған қаһарман тұлға. XV ғ. ортасынан XVIII ғ. орта тұсына дейінгі үш ғасырдың ұзына бойында туған жері үшін жан аямай алысқан, бірде жеңіп, бірде жеңіліп отырған азаттық күресі бір тынбаған қазақтар үшін жоңғар ойраттары рақымсыз, аяуды білмес қатал жау болды. Қазақтың бұрынғы өткен замандардағы алысқан көп жауларының аты ұмытылып, батырлық жырлардағы негізгі «этникалық жаудың» қалмақ болып келуі де осындай тарихи фактілерден туындайтыны даусыз. Міне, осындай бірнеше ғасыр бойы құлағының қиқу кетпеген халықтың еңсесін жазып, азаттыққа жаңа өмірге бастаған хан Абылайдың жарқын бейнесі халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, көптеген жыр - дастандардың, ауызша әңгімелердің сүйікті де тұлғалы кейіпкеріне айналды. Абылай бейнесі әулиедей қастерленіп кейінгі дәуірлерде аңызға айналып кеткен. М.Көпеев шығармаларында Абылайдың жарқын тұлғасы, өшпес бейнесі сомдалған. Абылай араласқан оқиғалардың тарихи іздері, шындық болмысы оның жырларында жақсы сақталған. Абылай хан бейнесін өз туындыларына өзек еткен көптеген ақын, жыршы, жыраулардың бастауында тұрған М.Көпеев жырларының орны ерекше екендігін айтқымыз келеді. Абылай ханға арналған М.Көпеев жырларының тамаша да әсерлі көркемдік құндылықтарын әңгіме етпеген күннің өзінде өз дәуірінің, заманының тарихи шындығының тамырына бойлаған реалистік қуатты терең бояулар М.Көпеев жырларының құжаттық мәнін айрықша көтеріп тұр. Бізге де өз төл тарихымызды, сол тарихтың куәгері боларлық, қайнар бастаулардан, сол дәуірдің тірі айғақтары ақын-жыраулар мұраларына ғылыми зердемен көз жүгіртетін, саралап-өлшейтін мезгіл жеткен сияқты. Осы тұрғыдан келгенде, Абылайханның жарқын тұлғасын бар қайшылықты болмысын, ол өмір сүрген заманның алмағайып тынысын жан-жақты көркем бедерлей алған М.Көпеев мұраларының тарихилық сипаты ғылыми тұрғыдан келгенде бүгінгі күндері өлшеусіз өсе түсетіні даусыз.
Әсіресе,бір орталыққа бағынатын күшті қазақ хандығын құру идеясы жолында табанды мемлекет қайраткері бола білген Абылай ханның шынайы тарихи болмысын, оның адами ішкі жан дүниесін, пендешілік осал жақтары мен туған халқының болашағы үшін қайтпайтын қайсар рухын диалектикалық тұрғыда таразылауда М.Көпеев сөздерінің мәні ерекше.
Қорыта айтқанда, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шежіресі тарихымыз үшін құнды негізгі деректер көзі болып табылады. М.Ж.Көпеевтің еңбектері тарихи тұлғаларымызды ғана емес, жалпы қазақ тарихына қатысты мәселелерді де жан-жақты қарастыруымызға мол мүмкіндік береді. Оның еңбектері келешек ұрпақты өткен дәуірлерге қатысты тарихи мәліметтермен байыта түседі және бір қарағанда кездейсоқ болып көрінетін қазақтардың қоршаған ортамен байланысын, олардың тарихи үрдістегі әлемдік тарихтың дамуындағы рөлін анықтауға мүмкіндік береді.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. 2-ші бас.толық.- Астана: «Алтын кітап», 2007,-233б.-(Қазақ этнографиясының кітапханасы, 32-ші том).
2.Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі.- Алматы: «Қазақстан» және «Санат», 1991. -80 б.
3. Жүсіпова Л. Қазақ тарихы туралы жазылған жемісті еңбегі – «Қазақ түбі» / Аңыз адам №19 (79) Қазан, 2013. 26-27бб

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет