Модуль 1 Блок №1. Тәңірлік дәуір әдебиеті Тақырып №1. Көне түркі әдебиеті.



Дата06.03.2023
өлшемі51,5 Kb.
#72286

Модуль 1
Блок №1.Тәңірлік дәуір әдебиеті
Тақырып №1. Көне түркі әдебиеті. (ҮІ-ІХ ғасырлар)
Жоспар:

  1. Орхон жазуындағы жәдігерліктер

  2. "Күлтегін " жыры және оның көркемдік ерекшеліктері

Әдебиет тарихын кезеңдерге бөліп зерттеу ісі, біріншіден, қоғ-ң жалпы даму заңдылықтарына, екіншіден, әдебиет дамуының тек өзіне ғана тән белгі-сипаттарына негізделуі тиіс.
Сонымен, ежелгі қаз. әдебиетінің тарихын дұрыс жүйелеу үшін ең алдымен, мынадай екі мәселені мықтап ескеру шарт. 1) Адамзат қоғ-ң жалпы даму заңд-н, соның ішінде қаз. халқ-ң қалыптасып, дамуының тарихи кезеңдеріне ықпал еткен қоғ-қ-әлеум-к факторларды жете білу керек. 2) Көркем әдебиеттің қоғ-қ-эстетикалық мәні мен қызметінің кемелдену сатыларын, сан қилы әдеби ағымдардың пайда болу себептерін, әдеби жанрлар мен әдеби тілдердің даму кезеңдерін т.б. танып-білу қажет.
Сол себептен тюрколог-ғалымдар бүкіл түркі тілдес халықтардың сан ғасырлық әдебиет тарихын енгізінен екі кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезең – тәңірлік дәуір әдебиеті, ал екіншісі ислам дәуірі әдебиеті болып табылады.
Тәңірлік дәуір әдебиетінің өзін үш дәуірге бөліп қарастырған жөн:

  1. Ежелгі түркілердің арғы тегі саналатын сақтардыңқаһармандық дастандары. (б.з.б. 9-3ғ.) «Алып ЕР тоңға» дастаны, «Шу» дастаны.

  2. Бізге ғұндар дәуірінен жеткен батырлық жырлар. (б.ғ.б. 2ғ. б.з. 5ғ.) «Оғыз қаған», «Атилла», «Көк бөрі», «Ергенекон» дастандары.

  3. Түрік қағанаты (8ғ.) «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған».

Қыпшақ даласына ислам діні тарағаннан кейінгі дәуірі әдебиетінен бізге жеткен мұраларды да үш топқа бөліп қарастырамыз.

  1. Қайта өрлеу дәуірі (12-15ғ.) әдебиеті. н/се ислам дәуірі әдебиеті. Бұлар негізінен этикалық-дидактикалық сарындағы поэзиялық туындылар болып келеді. Оған Ж.Баласағұнның «ҚҰтты білік», А.Иүгінікидің «Ақикат сыйы», Қ.А.Йассауидің «Ақыл кітабы» т.б. енеді.

  2. Алтын Орда дәуірі (12-15ғ. әдебиеті). Бұған көне түркі тілінің оғыз-қыпшақ вариантында өмір сүрген туындылар енеді. Олар: Хорезмидің «Мұхаббат-наме», Құтбтың «Хұсрау-Шырын», Сайф Сараидің «Түркі тіліндегі Гүлістан», Дүрбектің «Жүсіп пен Зылиха» т.б. дастандар.

  3. Тарихи тақ-қа жазылған көркем шежірелер. Бұған Әбілғазы Бахадүрханның «Түрік шежіресін», Қадырғали Жалаиридің «Шежірелер жинағын», Бабырдың «Бабыр-намесін», Х.Дулатидің «Тарх-и-рашиди» атты еңбектерін жатқызуға болады.

Ежелгі әдеби жәдігерліктердің зерттелуі. Еліміз егемендік алғанға дейінгі кезеңде ежелгі әдеби жәдігерліктер жүйелі түрде зерттелген емес. Тек жекелеген түркітанушы және шығыстанушы ғалымдар ғана ежелгі әдеби жәдігерліктерді іздестіру, көне қолжазбалардың мәтінін сараптау, басқа тілдерге тәржіма жасау, баспасөзде жариялау істерімен айналысты. 19-20 ғасырдың бас кезінде бірқатар әдеби жәдігерліктер, атап айтқанда, көне түркі әдеби тілінің оғыз-қыпшақ, көне өзбек, қыпшақ-оғыз, көне түрікмен т.б. варианттарында жазылған туындылар табылып, олар әдеби, тарихи, тілдік тұрғыдан жан-жақты зерттеле бастады. Кейбірі еуропа және орыс тілдеріне тәржіма жасалды.
Бұл іске әсіресе Генрих Клапрот, Герман Вамбери, Жауберт Амадес, Вильгельм Томсен сияқты еуропа ғалымдары мол үлес қосты. Сондай-ақ орыстың В.В.Бартольд, В.В.Радлов, С.Е.Малов, Е.Э.Бертельс, А.Н.Кононов, Н.А.Баскаков,И.В.Стеблева сияқты зерттеушілері де құнды еңбектер жазды. Ежелгі түркі әдеби жәдігерліктерін өз халықтарының фольклоры мен жазба әдебиеті тұрғысынан зерттеу ісіне өзбек, әзірбайжан, түрікмен, татар, түрік халықтарының ғалымдары атсалысқаны белгілі.
Қазақ әдебиеті мен тіл тарихын зерттеушілер де көне әдеби мұраларды зерттеу барысында бірқатар игілікті істер тындырды. Бұл іске, әсіресе, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншалиев, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібай, М.Жолдасбеков зор үлес қосты, Ал олардың игі істерін кейінгі буын ғалымдары –С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев, ӘДербісәлі, А.Егеубай, А.Қыраубаева т.б. жалғастыра түсті. Ежелгі мұраларды тілдік тұрғыдан С.Аманжолов, Ғ.Айдар, Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев, М.Томанов, А.Аманжолов т.б. сияқты тілші-мамандар зерттегені белгілі.
Ежелгі мәдениет. Б.З.б. 2-1 ғасырларда Жетісу мен Сырдария аралығын алып жатқан өңірге ғұндар қоныс аударғаны белгілі. Олар жергілікті сақ масагеттремен араласып, біртұтас халыққа айналды. Міне, сол кезден бастап Қазақстан мен О.Азия жерінде т.хал-ң арғы негізі саналатын халықтар тілі, яғни көне түркі тілі кең өріс алды.
Түркі тілдерінің жалпы даму кезеңдерін Н.А.Баскаков төмендегідей дәуірлерге бөлген:

  1. Алтай дәуірі.

  2. Ғұндар дәуірі (б.з.5 ғ-на дейін).

  3. Түркі тілдерінің көне дәуірі (5-10ғ).

  4. Түркі тілдерінің орта дәуірі (10-15 ғ.)

  5. Т.тілдерінің жаңа дәуірі (15-20ғ.)

  6. Т.тілдерінің қазіргі дәуірі.

Түркі тілдерінің алтай, ғұн дәуірлері туралы мәліметтер көп емес. 5-10 ғас-да түркі тілі бүкіл Түркі қағанаты иеленген өлкеде қолданылды.Ал енді 10-15 ғас-да көне түркі тілі бүкіл қыпшақ даласы мен О.Азиядағы мұсылман түркілерінің бәріне бірдей түсінікті әдеби тілге айналды. Сақтар, ғұндар және ежелгі түркілер арамей, соғы, турфан, көне түркі жазуларын кеңінен қолданған.
«Арамей жазуы» – б.з.б. мыңыншы жылдардың басында финикия жазуы негізінде п.болып, арамейлер арасында кең қолданылған. Біріыңғай дауыссыз дыбыстардан тұрады. Әр дауыссыздан кейін дауысты қосылып айтылатын болған. Оңнан солға қарай жазылады.
«Соғды жазуы» – арамей жазуының бір түрі деуге болады. Соғды жазуының негізгі екі жазуы бар. Бұл жазу согдиана деп аталып мемлекетте қолданылған. Согдиананың негізгі халқы көшпелі және отырықшы сақ тайпалары болған.
«Турфан жазуы» (ұйғыр жазуы) – б.з.б. 1-ғ. бастап, б.з.9-ғ. дейін қолданылып келген. Бұл жоғарыдан төмен қарай жазатын , тік әріпті жазу болып келеді. Турфан жазуының әріптері сөз басында, ортасында, аяғында түрлі болып таңбаланады.
«Көне түркі жазуы» – түркі тілдес тайпалардың тұңғыш әріптік жазуы. Бұл әліпби 35 әріптен тұрады. Оңнан солға қарай жазылады. 8 дауысты фонема, олар 4 полифонды әріппен белгіленеді. 16 дауыссыз фонема 31 әріппен белгіленеді. Көне түркі жазуын, оқудың кілтін 1893 ж. Дания ғалымы В.Томсен тапты.
Сақтар мен ғұндардан кейін тарих сахнасына шығып, бүкіл дүниені дүр сілкіндірген халық ежелгі түркілер болды. Олар Византия, Қытай, Персия, Үндістанмен шектесіп жататын үлкен мемлекет құрды. Түрік қағанаты 545 жылы дүниеге келген. Олар тек Күнге ғана, Көк аспанға ғана табынатын түріктер сол күннен бастап ақ аспан түстес көк байрағын желбіретіп, алғаш рет өздерін ресми түрде дүниеге әйгілі етті.
Ұлы түрік қағанатының таңғажайып тарихы бұдан 13 ғасыр бұрын қағазға емес, құлыптастарға қашап жазылған. Оны жазған түрік халқының бектерінің бірі, ойшыл ақын Иоллығтегін еді.
Енисей өзені аңғарынан құпия жазуы бар құлыптастар табылғаны туралы алғашқы хабарды Н.К.Видзен, С.У.Ремезов т.б 18 ғ. бас кезінде жазған мақалалары мен хаттарынан білеміз. Скандинавия халықтарының тілінде «рунь», «руна» деген сөз бар. Бұл қазақшалағанда «құпия», «сыры ашылмаған» деген мағына береді.
1889 ж Орыс география қоғ-ң Шығыс Сібір бөлімі Монғолияға арнайы экспедиция ұйымдастырды. Оны белг. Орыс ғалымы Н.М.Ядринцев басқарып, Орхон өзені бойынан үлкен-үлкен екі ескерткіш тапты.
Сөйтіп 1892 жылы Петербург пен Гельсингфордта орыс және фин ғалымдары жасаған экспедиция жұмысының қорытындысы баспасөзде жарияланды. Алайда руна жазуын көпке дейін ешкім оқи алмады. Ол туралы түрлі болжам айтылды, түп тамыры ежелгі грек, монғол, фин, скиф-славян т.б. деп айтушылар болды.
1893 жылы қарашаның 25 күні Дания корольдік Ғылым академиясының мәжілісінде В.Томсен ғылыми әлемді дүр сілкіндірген мәлімдеме жасады. Ол жазудың кілтін ашқандығын және ол түркі жазуы екендігін жариялады.
Дәл осы кезде ак. Радлов та өзінше ізденіп, жазудың 15 әрпін анықтағанын айтты. Кейін ол үлкен тастардың мәтінін толық оқып, оны аударып шықты.
Солт.Монғолиядағы Ядринцев тапқан ескерткіштер Шығыс түрік қағанатының 17-қағаны Білге қаған(Могилянь) мен інісі, даңқты әскербасы Күлтегін қабірлеріне қойылған құлыптастарға қашалған жыр жолдары еді.
Ядринцев көне түркі ескерткіштерін іздестіруді осымен шектеп қойған жоқ. Сонымен қатар ол Монғолияның Онгин өзені алқабынан тағы бір құлыптасқа жазылған ескерткіш тапты. Ғалымдар бұны да оқып шықты. Бұл түрік елінің атақты қағаны Білге қаған мен оның інісі Күлтегіннің әкесі мен шешесіне қойылған ескерткіштер екен. Кейінірек сол маңайдан Түрік елін билеген бірнеше қағанның кеңесшісі болған Тоныкөк ескерткішін тапты.
Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін оқу аударма жасау, ғылыми мәтінін дайындау ісіне В.В.Радлов, В.В.Томсен, Ю.Немет, Х.Н.Оркун, т.б. үлес қосты. Әсіресе С.Е.Маловтың бұл саладағы еңбегі ерекше болды. Ол мәтіндердің орыс тіліне дұрыс аударылу жағына көңіл бөледі, бірқатар аудармаларға түзетулер енгізеді, мәтіндерге тарихи, филологиялық тұрғыдан сипаттама береді.
Көне түркі тілі мен әдебиетін зерттеушілер әсіресе, Күлтегін, Білге қаған мен Тоныкөк ескерткіштеріне көп назар аударады. Осы аталған үш ескерткішті бүгінгі әдебиеттану ғылымы тұрғысынан зерттеуде орыс ғалымы И.В.Стеблева еңбегі жемісті болды. Ол көне түркі тіліндегі жырлардың поэтикасын, өлең құрылысын, ұйқасы мен шумағын, ырғағын, тармағы мен бунағын т.б. теорилық тұрғыдан зерттеді.
Орхон жазба жәдігерліктерін ұзақ жылдар зерттеген ғалымдар М.Жолдасбеков пен Қаржаубай Сартқожаұлының бірлесіп жазған «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» деп аталатын іргелі зерттеуі жарық көрді.
Түрік қағанатының негізін қалаушылардың бірі – Бумын қаған. 542-558 жылдары Түрік елінің қағаны болды. Осы тұста қағанат күшейіп, жерін үлкейтіп, халқын көбейтеді. 553ж Бумын қаған қайтыс болған соң орнына інісі Мұқан қаған, кейін ол қайтыс болған соң інісі Істемі қаған отырады.
Істемі қаған аварларды сонау Алтайдан Еділге дейін ығыстырып жібереді. Сөйтіп, қазіргі Орталық Қаазақстан, Жетісу, Бат.Қазақстан, түгелдей түрік қағанатына енеді.
Қытай елінің ханзадалары мен саудагерлері сыйға әкелген тарту таралғыларға,алтын мен жібекке, ару қыздарына таласқан түрік бектері арасында астыртын күрес 20 жылға созылады. Ақыры 603 жылы ұлы мемлекеттің екіге бөлініп кетуімен тынды. Бірі Батыс түрік қағанат да бірі– Шығыс түрік қағанаты.
Бумын қаған мен Істемі қаған қайтыс болғаннан кейін түрік елеінің тағына дарынсыз қағандар отырды. Бүкіл түркі елінің берекесі қашып, құты кеткен күндерде Қара қаған құрылтай шақырды. Бұл мәжілісте не айтылғаны туралы Түркия жазушысы Ниһал Атсыз өзінің «Көк бөрілердің өлімі» атты тарихи романында жақсы суреттеген.
Пайдаланған әдебиеттер:



  1. Жолдасбеков М. Асыл арналар. -А.,1986

  1. Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі. Оқулық. -А.1986.

  1. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. Оқулық. -А.2005

  2. Қазақтың көне тарихы. Зерттеу. -А.,1993

  3. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы: Санат, 2006.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет