М.Өтемісов атындағы БҚму ғалымдарының ғылыми еңбектерінің сериясы / Тарих



жүктеу 1.64 Mb.
Pdf просмотр
бет2/15
Дата22.12.2016
өлшемі1.64 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Қазақ батырлары тарихының 
зерттелуі және К.л.есмағамбетов*
Қазақ  батырлары  тарихын  зерттеу  тәуелсіздікке  жеткенімізден 
кейін ғана батыл түрде қолға алынды. Әрине, бұл арада сол кезеңге 
дейін  зерттеулер  жүргізілмеді,  батырлар  тарихы  жазылмады  деуден 
аулақпыз. Халқымыз қай кезеңде де өзінің қамқоры, қорғаушысы бола 
білген батырларына ерекше үміт артқан. Қай заманда да қазақ ұрпағын 
Алпамыс, Ер Тарғын, Қобыланды батырлар жырларымен сусындатып, 
ерліктің елі үшін жасалатындығын, ер осындай қабілетімен көпшілік 
жадында  мәңгілік  қалып  ерекше  құрметте  болатындығын  сезіндіре 
білді.  Міне,  сондықтан  да  ата-бабамыз  «Елдің  атын  ер  шығарады», 
«Батырға оқ дарымайды, Батылға жау жоламайды», «Ер жігіт елі үшін 
туады,  Елі  үшін  өледі»,  «Ер  жігіт  үйде  туып,  түзде  өлер»,  «Батыл 
болсаң, батыр да боларсың» деп бүгінге дейін ұлын тәрбиелеп келеді.
Сонымен, батыр дегеніміз кім?
Көне  заманнан  бері  халық  жадында  ондай  адамдар  «жау 
жүректі»,  «батыл»,  «қиын-қыстауда  жол  таба  білетін»,  «көпшілікті 
соңына ертетін», «ерекше қайратты», «әдіс-айласы мол» тұлға ретінде 
суреттеліп  келеді.  Қазақ  фольклоры  оларды  айрықша  мақтанышпен 
жырлап, жастарды сусындатса, керісінше, оны зерттеген патшалы Ре-
сей заманында - «басбұзарлар», «заңға қайшылар», «жабайылар» деп 
шегеленді. орыс зерттеушілері ішінен Н.Савичев Исатай Таймановқа 
«жарқырап сөнген жұлдыз» деген пікір білдіргенімен, батырдың жан-
дүниесін, алдына алған мақсат-міндеттерін түсіне алмады. Қазақ ба-
тырларына зор құрметті Халел досмұхамедов еңбектерінен табамыз. 
Алайда Кеңестік тарихшылар бұл бағыттағы ізденістерді жалғастырып, 
батырлардың  тарихын  ұлт  мүддесімен  жаза  алмады.  Бұл  кезеңдегі 
тарихи  зерттеулерде  Исатай-Махамбеттің  күресі  қанаушы  таптың 
озбырлығын  дәлелдеу  үшін  қажет  болса,  Жанқожа  күресі  қазақтың 
орта  Азия  хандықтарына  қарсылығын  дәлелдеп,  орыспен  бірге 
қазақты азат ету ролін қорыту үшін қажет еді. Сол сияқты Амангелді 
батырды зерттеу  орыс-қазақ достығын айғақтап, Қазан төңкерісінің 
заңдылығын дәлелдеу үшін  Кеңестік идеологияға аса қажеттілік еді.
Халық өз батырларын жырдан-жырға қосып, оны әңгіме үстінде 
кең насихаттағанымен, арнайы зерттеулерге айналдырып, мұрағаттарда 
қатталып жатқан деректерді қосып, сүбелі еңбектерді оқып, сусындай 
алмады.
Жоғарыда  жазғанымыздай  тың  бастама  азаттықпен  ғана  келді. 
Алдымен  Х.досмұхамедовтың  «Аламан»,  Е.Бекмахановтың  «XIX 
ғасырдың  20-40  жылдарындағы  Қазақстан»  еңбектері  қайта  басыл-
ды. Сөйтіп аталған еңбектердегі 100-деген қазақ батырлары есімдері 
халқымен  қайта  қауышты.  Міне  осыдан  кейін  батырлар  тарихын 
жаңаша  жазу  басталды.  Тарихшы-ғалымдар  алдындаға  маңызды 
мәселеге  алғаш  қалам  алғандар  қатарында  К.Л.Есмағамбетов  орны 
ерекше. Ғалымның осы жылдары дүниеге келген кез-келген еңбектері 
ақтаңдақ  тарихтың  сан  қырынан  ашылуына  әсерін  тигізді.  Мәселен 
«Батырлар тарихы рухани байлығымыз» атты мақаласында «отандық 
тарих ғылымында қазақ батырларының елі мен жері үшін қан майданда 
жаулармен шайқасқан жанкештілік күресін, оның халық тағдырындағы 
орнын көрсетуге әлі күнге дейін толық мән берілмей келеді. Бұл ең ал-
дымен Кеңес заманында батырларды «үстем тап өкілдеріне» жатқызған 
кеңестік  идеология  мен  тарихнаманың  салқыны  болса,  екіншіден, 
ұлттық  идеологияны  қалыптастырудағы  салдыр-салақтығымыздың, 
«жайбасарлығымыздың» салдары екендігі анық. Кейбір пайым таразы-
сы тарлау қандастарымыздың өздері де «жылқы жылы туған қай батыр-
ды санап жатамыз» деген сияқты керенаулық танытады. Айналып кел-
генде мұндай адамдар сол баяғы отарлық ниеттегілердің «диірменіне су 
құяды» (Есмағамбетов К. Батырлар тарихы рухани байлығымыз // Қазақ 
тарихы. 2007, №4 ) деп батырлар тарихының ел тарихымен сабақтасып 
жатқандығын дәлелдейді. Автордың қазақ батырларына деген ерекше 
құрметін сонау 1991 жылы жарық көрген «Что о нас писали на Западе» 
деген еңбегінен де анық байқаймыз. Зерттеуші осы еңбегінде-ақ қазақ 
даласында  болған  алыс  шетелдік  ғалымдардың  пікірлерін  саралап, 
қазақстандық оқырманға жеткізді. Батырлар бастаған, халқы қолдаған 
ұлт-азаттық қозғалыстардың барлығы бірін-бірі толықтырып, ешқашан 
үзілмей жалғасқандығын шетелдік ғалымдар атап өткен. Мәселен, Сы-
рым датұлының қозғалысын зерттеген Э.Саркисянц «біріңғай ағым» 
теориясының қазақтар қозғалысында әрдайым жүзеге асқандығын жа-
зады. (Есмағамбетов К.М. Что о нас писали на Западе. Алматы, 1992. 
*Мақала Исатай Таймановтың туғанына 210 жыл толуына орай ұйым-
дастырылған  Республикалық  конференция  материалдарында  жарияланған.  
орал, 2011.

18
19
– С 127). Ең бастысы бұл арада шетелдіктердің қазақ батырларының 
қайсарлығын атап өтіп, олардың қазақ үшін жанын қиғандығын мой-
ындауы дер едік.
Қазақ батырлары ішінде Исатай-Махамбет тарихы К.Л.Есмағам-
бетовтың  «Азат  рухтың  күрескері»  (Алматы,  Өркениет,  2003ж.) 
зерттелуімен жаңа белеске көтерілді. Зерттеуші «патша өкіметі қазақ 
қоғамындағы  билік  институттарын  жоюда  ең  алдымен  батырлардың 
көзін құртуды ойластырды, себебі олар елдіктің рухы, қазақ жерінің 
тәуелсіздігі мен бүтіндігінің символы есептелінді. Қысқаша айтқанда, 
батырлардың  қоғамдағы  ролін  жою  –  қазақ  халқын  рухсыздан-
дыру  жөніндегі  отарлық  саясаттың  құрамдас  бөлігі  болды.  Ресей 
шенеуніктерінің  тілінде  ол  «политика  умиритворения»  деп  аталды. 
Батырлыққа  жол  бермеу  –  бұл  саясаттың  тіпті  басты  бағыттарының 
біріне айналды. 1806 жылы 31 мамырда император I Александр бекіткен 
«Хан кеңесі үшін ережелер» деген құжатта «батырлар пайда болмасын 
және күшеймесін» деген қатаң нұсқау жазылды» деп мәселенің қазақ 
қоғамынан неге аластатылғандығын орынды анықтады (Есмағамбетов 
К.Л. Азат рухтың күрескері. - 166-167 б.б.).
Әрине  жауға  қарсы  аттанған  мыңдаған  қазақтың  ішінде  батыр-
лардың  орны  әрдайым  биік  болды.  осыны  сезінген  халық  қашан  да 
батырлардың туы астында табыла білді.  XIX ғасырдың 70 жылдарын-
да  қазақ  даласы  арқылы  Хиуаға  сапар  шеккен  американ  дипломаты 
Ю.Скайлердің «Ерен ерлікті, елдік пен тәуелсіздікті жоғары ұстаған 
қазақтар қай кезеңде де Сырым, Арынғазы немесе Кенесары сияқты 
дала  төсінде  атқа  қонған  батырлар  туы  астында  жиналуға  дайын 
тұратын»  деп  жазғанын  қазақ  тарихына  алғаш  аударып,  енгізген  де 
Көшім Лекерұлы еді (Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде А., 
1994. 77 б.).
Сөз жоқ, ғалымның мұндай жаңа ой-пікірлері батырлар тарихын 
зерттеуде жаңа бастамаға негіз болды. Қазақ батырлары Сырымның, 
Исатай-Махамбеттің, Көтібардың, Есеттің, Жоламанның, Жанқожаның 
басты мақсаты орыстық, кеңестік тарихнамада жазылғандай, хандық 
билікке  қарсылық  емес,  керісінше,  мемлекеттік  негіз  –  хандық 
басқаруды  күшейте  отырып,  мемлекеттілікті  сақтау,  тәуелсіздікті 
қорғау екендігі дәлелденді. 
Қазақ  батырларының  ішінде  патша  өкіметіне  өмірінің  аяғына 
дейін  қарсы  күресіп  өткен  Жоламан  Тіленішұлы  тағдыры  бүгінге 
дейін тиісті бағасын ала алмай келеді. Тарихымызда 25 жылға жуық 
Ресей отарлауына қарсы күрескен батырлар көп пе? Неліктен Жоламан 
қайраткерлігі бүгінге дейін арнайы зерттелмей келеді? Жалпы Жола-
ман деген кім?
Алдымен,  Жоламан  –  белгілі  қазақтың  ханы  Әбілқайырдың  бас 
сардары болған Бөкенбайдың Тіленшісінен туған немересі. Бөкенбай 
батырлығы Тіленшіге, одан Жоламанға дарыды. Бөкенбай да, Тіленші 
де, Жоламан да қазақ жауларына қарсы қол бастады. Бөкенбай 1742 
жылы  түрікмендермен  болған  шайқаста  қаза  тапса,  Тіленші  Сырым 
батырды қолдап, артына 1500 сарбазды ертіп, Ресейге қарсы аттанды. 
Сырым мен 1800 жылы қайтыс болған әкесі Тіленшінің жолын Жола-
ман іліп әкетті. оның есімі мұрағат қорларында 1817 жылдан бастап 
кездеседі. 
Жоламан  патша  өкіметінен  ХІХ  ғасырдың  20-жылдары  Табын 
руы мекендеген жайылымға, өзендерге, тұзды жерлерге бай Жаңа Елек 
ауданын  қайтаруды  талап  ете  бастады.  Бұл  жерлер  Елек  тұзын  тасу 
үшін жаңа жол саламыз деген сылтаумен алынып, 29 бекініс салын-
ды. Ақыры қазақтар орал, Елек, Берден, Құрат өзендері бойындағы 
жерлердің ең жақсы 7 мың десятинасынан айырылды. Міне осы жай 
Жоламан  бастаған  азаттық  күресінің  негізгі  себебіне  айналды.  1822 
жылы 27 тамызда Табын, Тама рулары Жоламан, Қойтары, Сүйінқара 
бастауларымен қол жинап, форпостарға шабуыл жасады. Ал қыркүйекте 
оларға Асау, Көтібар, Жаналы, дербісәлі батырлар қосылып, шайқасқа 
шыққан қазақтар саны 1000-ға жетті (ҚР оММ 4-қ., 1-т., 4698-іс). осы 
сәтте  Елек  қорғанына  келген  Лихутин  орынборға  Елек  қорғанынан 
Елек  қалашығына  дейінгі  аралықта  1  тамыздан  4  қыркүйекке  дейін 
бірнеше рет қазақтар шабуылы болғандығын хабарлайды. 
Жоламан өз ойын ашық түрде 1822 жылы 24 желтоқсанында гу-
бернатор П.К.Эссенге хат арқылы білдірді. Хатта: «біріншіден, орыстар 
Елек бойына қарауыл толтырып, оның ішкі бетін ғана емес, сонымен 
бірге өзен бойларын иеленіп, қазақтарды жерсіз қалдырды. Екіншіден, 
орыстар және башқұрттар бізден Нарын құмдарын да тартып алды. Біз 
жайылымсыз қалдық. Содан қазақ халқы 1822 жылы үдере көтерілді»,-
делінген (Материалы по истории Казахской ССР.-С.434).  
1823 жылы Жоламан Ресейге қарсы өз пікірін ашық білдіре баста-
ды. Мәселен, 15 қазанда өзіне арнайы келген хорунжий Беккенеұлына 
батыр «Мен қарақшы емеспін, Ресейге қарсы соғысты Елек өзені бой-
ына бекініс шебін салғаны үшін жүргізіп отырмын»,-деп хабарлаған 
(Материалы по истории Казахской ССР –С.449). 
Ал, 1827 жылы Бөкей ордасында Қайыпқали сұлтан көтерілгенде, 
Жоламан батыр онымен бірлесуге ұмтылды. Кейін 1831 жылы көктем 
айларында 17 ауылымен Қайыпқалиға көшкен. ол турасында Жүсіп 
Нұралиев 8 маусымда полковник Г.Ф.Генске хабарлап, Қайыпқали мен 
Жоламанның қазіргі тұрақты мекені ретінде ойыл бойындағы Батабай 
өзені тармағын көрсетті (ҚРоММ. 4-қ., 1455-іс, 100п).

20
21
дегенмен,  Қайыпқали,  Жоламан  т.б.  орыс  үкіметімен  ашық 
шайқасқа шыға қоймады. Жоламанның қолға түспей, Қайыпқалимен 
келісімге келуі Г.Ф.Генсті ойландырмай қоймады. ол қарулы әскермен 
батырды ұстау мүмкін еместігін түсініп, оның соңына 1830 жылы 1 
қыркүйекте    Батыс  бөлік  билеушісі  болып  бекітілген  Баймұхамед 
Айшуақовты  салды.  Жоламанның  ел  ішіндегі  беделінен  сескенген 
Баймұхамед сұлтан орыс үкіметі талабын орындауға тәуекелі жетпеді. 
1833 жылы сұлтан жанына 4000 жақтасын және 200 казак-орыс әскерін 
ертіп,  Жоламан  мен  Асау  Барақовқа  аттанды.  Қазақ  батырларының 
300  адамдық  сарбазымен  ойыл  өзенінде  кездескен  сұлтан-билеуші 
шешуші ұрысқа бұйрық бермеді. ол кейін оның себебін «кездесу ба-
тырлар ауылына жақын жерде болды, оларды үркітпеуді көздедім», - 
деп түсіндіреді. Кейін қайтар жолда Баймұхамед ту көтеріп қаруланған 
Өміржота басқарған Кете руының 300 адамымен қарсы жолыққан. Бұл 
жолы да Баймұхамет әскерім қуып жете алмады деген. Мұны естіген 
Г.Ф. Генс 1833 жылы 24 қазанда Б.Айшуақовқа хат жолдап, «300 адам-
нан  қорқып,  әскери  күшті  пайдаланбауын»  қатты  сынға  алды.  «Жо-
ламан,  Тастемір,  Қазыбай,  Күлекті  ұстап,  орынборға  әкелуің  қажет 
еді» деп өкініш білдірді (ҚРоММ. 4-қ., 1-т., 4830-іс, 3-5пп.). Тарих-
шы Ж.Қасымбаев «Генерал, сұлтан-правитель Баймұхамед Айшуақов 
(1790-1847)»  атты  монографиясында  (Алматы,  2000)  осы  оқиғаны 
«масқара болып шегіну» және «осыдан кейін сұлтан әскери қол баста-
мады» деген баға береді.
Жоламан 1835 жылы орск және Троицк араларында Жаңа Шептің 
салынуына байланысты қайтадан атқа қонды. Жоламан қозғалысының 
жандануына  Жағалбайлы,  Жаппас,  Арғын,  Қыпшақ  руларының  өз 
беттерінше орыс шептеріне қарсы көтерілуі де әсерін тигізді. Өйткені 
олар  10  000  шаршы  км.астам  жерінен  айырылған-ды.  Е.Бекмаханов 
пікірінше,  малдарын  қырылудан  аман  сақтау  үшін  олар  шекараға 
жақын  жерлерге  көшіп-қонуға  және  сол  үшін  өте  үлкен  сомада  ақы 
төлеуге тиіс болды. Аталған рулар ең наразы руларға айналды, олар 
Шеп маңы бекіністеріне, сауда керуендеріне және билеуші сұлтан ау-
ылдарына жиі-жиі шабуыл жасауға көшті. Билеуші сұлтандардың ауы-
лына шабуыл жасау себептерін қазақтар сол сұлтандардың «үкіметтен 
қазақтарға  мал  бағуға  рұқсат  алып  беруге  жарамай  отырғандығы 
үшін»  деп  түсіндірді.  Сонымен,  бұл  патша  өкіметі  билігіндегілер 
сендіргендей,  әдеттегі  барымта  болған  жоқ,  бұл  патша  өкіметіне 
сатылған өз қанаушыларына қарсы күрес еді. 
Кенесары  Қасымов  бастаған  орта  жүз  қазақтарының  көтерілісі 
басталғанда,  Жоламан  оларға  көмекке  баруға  асыққан.  ол  Кіші 
жүздегі  қазақ  руларының  басым  көпшілігінің  күресін  біріктіруші 
болды.  ол  өзінің  тыңшылары  арқылы  шекаралық  шепке  жақын 
көшіп-қонған  барлық  қазақтарды  елдің  ішкі  жағына  өтіп,  Кенесары 
көтерілісіне қосылуға шақырды (Бекмаханов Е.Б. ХІХ ғасырдың 20-40 
жылдарындағы Қазақстан. 203-204бб.).    
Жоламан  қозғалысының  жаңа  кезеңі  Исатай-Махамбеттің 
Бөкей  ордасынан  Азия  бетке  өтуімен  басталды.  1838  жылдың  орта 
тұсына қарай Елек қалашығынан орск, Троицк қамалдарына дейінгі 
шекаралық  шепке  жақын  жерде  көшіп-қонған  қазақтар    көтеріліске 
қамтылды және олар топталып, Торғай мен Ырғыз ауылдарына көше 
бастады. 
Міне осы сәтте Исатай Жоламанмен бірлесе қимылдады деуімізге 
әбден  болады.  Исатай  1838  жылдың  көктемінде  Шеркеш  руының 
билері Бардан, Асау, Тоқай, Бәйембет, Айбас, дабыс, Таз руынан Ботаға 
жолдаған  хатында  оларды  шептен  көшуге  шақырып,  «Жоғарыдан 
Табын  руының  батыры  Жоламан,  Тілеуқабақ  бөлімінен  Есет  5  мың 
адамымен  келді.  Бұлар  да,  құдай  оңдаса,  біздерге  қосылатын  бола-
ды. Кете руынан Аламан қазірдің өзінде бізге келіп қосылды, сөйтіп, 
әзірше 3 000 адам болдық» деп көрсетеді (Савичев Н. Исатай Тайма-
нов / Савичев Н. Кенжалиев И. Тарихи зерттеу еңбектер. 12-кітап. Ал-
маты:  «Өлке»,  2003.-51б.).  Расында  да,  көп  ұзамай  Исатай  жанында 
Жоламанның барлығы анықталды. 1838 жылы 10 маусымда Табын руы 
қазақтары  Үлкен  Ырғызға  көшіп,  800  адамды  шепті  шабуға  жіберді 
деген хабар тарады. Мұны естіген патша үкіметі 14 маусымда Жола-
манды қолға түсіру туралы қайтадан бұйрық шығарды (ҚРоММ. 4-қ., 
1-т., 4890-іс, 2п.).
Жоламан, Исатай, Қайыпқалидың патша үкіметіне қарсы келісімге 
келуі орынборды дүрліктірді. 1896 жылы «Русская старина» журналы-
на (1896, №5.-С.410-421) в.А. Перовский туралы жазған мақаласында 
П.Л. Юдин: «1838 жылы қазақ даласында 3 басты бүлікші: Қайыпқали 
сұлтан, Жоламан, Исатай батырлар болды. олардың әрқайсысы Кіші, 
орта жүздің қазақтарынан қол жинап, орыс керуендерін тонап, шеп-
ке  шабуыл  жасай  бастады»  деп  мойындайды.  Болашақ  қауіпті  сез-
ген  орынбор  губернаторы  в.А.Перовский  қазақтарға  қарсы  әскери 
отряд  дайындады.  Біріншісін  полковник  К.К.Геке  басқарды.  оның 
қарамағында  200  орынбор  казак-орыс  әскері,  150  орал  казак-орыс 
әскері, 50 атты атқыштар және 8 зеңбірек болды. орынбор губерна-
торы  1838  жылы  8  шілдеде  К.К.  Гекеге  Қайыпқали  мен  Исатайдың 
жоспарын  талқандауды  жүктеді  (ҚРоММ.  4-қ.,  1-т.,  1966-іс,  41п.). 
отрядқа  қосымша  Горский  қорғанынан  100  атты  әскер  келе  жатты. 
Баймағамбет сұлтан да 150 адамымен орыс әскеріне қосылды. Соны-

22
23
мен мұздай қаруланған К.К. Геке 12 шілдеде Ақбұлақ  өзені жағасында 
Исатай басқарған қазақтарды жеңді. Қайыпқали Хиуамен шектес Сам 
ауылдарына қарай жылжыды. 
1838 жылдың 29 шілдесінде орынборға орск қорғаны комендан-
ты подполковник в.Исаевтан Жоламан, Жаналы батырлар 2000 Табын, 
Тама, Қыпшақ рулары қазақтарымен ор өзенінен төменгі шепті шабуға 
шықты, тағы бір деректен Елек өзенінің Қаратоғай мекенінде Жоламан 
2000 адаммен тұр деген мәліметтер жетті. Жүсіп Нұралиев 3 тамызда 
Жоламанда 3000 адам бар дей отырып, өзін қорғауын өтінді. Сонымен 
бірге  Жоламан  жігіттері  орта  бөлік  билеушісі  Арыстан  Жантөринді 
жаралап, 470 жылқысын қуып әкетті.
Жоламан  шеп  бойындағы  Жағалбайлы  руларын  өзіне  қосуға 
жұмыстанды. Кей жағдайда «егер шептен көшпейтін болсаңдар, бүкіл 
шепке  жақын  жайылымдар  өртеледі»  деген  хабарлар  таратылған. 
Жайылымның  өртелгендігін  6  тамызда  старшина  Каменский  рас-
тады  (ҚРоММ.  4-қ.,  1-т.,  4890-іс,  2,  23,  56пп.;  4200-іс,  25п.).  Содан 
в.А. Перовский жаппай көшуді тоқтату үшін және тез арада Жоламан 
көтерілісін басу үшін қырға 3 отряд бір мезгілде жіберілді. оларды пол-
ковник Мансуров, полковник Падуров, полковник К.К.Геке басқарды.
Мансуров отряды орскіден шығып, 16 тамызда Төртқара руының 
ауылдарын  шауып,  көптеген  малды  тартып  алды.  одан  әрі  Ырғызға 
жеткенімен, Жоламан қонысын таба алмай, кейін қайтты.
Падуров отрядына Жоламанды қалай да қолға түсіру, көтерілісті 
басу жүктелді. Е.Бекмаханов «полковник Падуров тұтқында болғалы 
бері  Жоламанды  өте  жек  көретін»  деп  анықтай  түседі.  Өш  алу-
ды  армандаған  Падуров  қарамағына  500  башқұрт,  50  атқыштар,  2 
зеңбірек берілді. оған қосымша Угольный форпостысынан 450 орын-
бор казак-орысы, 50 атқыштар, 2 зеңбірек К.К. Геке басшылығымен 
жіберілді. К.К.Гекеге «Жоламан бастаған көтерілісшілерді талқандау 
және  жазалау»  тапсырылды.  Бірақ  отрядтың  негізгі  мақсатын  құпия 
ұстау үшін «Хиуадан келе жатқан керуенді күтуге барасыздар» деген 
арнайы әңгімелер таратылған. оған жол бастаушы болып 10 дистан-
ция  басшысы  Тәжік  Бишебаев  тағайындалған  (ҚРоММ.  4-қ.,  1-т., 
4890-іс,  44-45  пп.).  орыс  әскерлері  тамыз  айында  қарай  Белағаш, 
Қараторғайға  жеткенімен,  осы  жерден  Жоламан  батыр  Табын,  Тама, 
Жағалбайлы, Алшын, Жаппас, Шекті, Төртқара руларының 500 ауы-
лымен  Торғай,  Қарақұмға  көшіп  кетті  деген  хабар  алған.  Содан  Па-
дуров  та  түпкі  мақсатына  жетпей  кейін  қайтты.  Міне,  осыдан  кейін 
Е.Бекмаханов: «орынбор Шекара Комиссиясының төрағасы Генс бы-
лай деп көрсетеді: «Жоламан өзін Ресейде қарақшы деп атағанына ашу-
лануда,  ол:  «қарақшылық  жасап  жүрген  жоқпын,  Ресеймен  соғысып 
жүрмін» деп есептейді. оның соғысқа дайын кем деген де 3000 адам 
әскері бар». Тартып алынған жерлерді қайтаруды талап ете отырып, 
Жоламан орал казак-орыс әскерлерінің атаманы генерал-майор Боро-
динге былай деп жазады: «Бұл жерде біздің өтінішіміз бар. Әбілқайыр 
хан тұсында біздің халқымыз пайдаланғандай Нарын құмдарын толық 
және  Өзеннің  үш  өзенін  беріңдер,  ал  егер  ол  мүмкін  болмаса:  ең 
болмағанда, Елек өзені бойындағы Жаңа Шепті әкетіңдер. онда бізді 
дос санайсыздар. Мен сұраған жерлерді берсеңіз, онда біз дос бола-
мыз, егер бермесеңіздер, онда жау боламыз»,-деген жолдарды келтіріп, 
«Жер үшін, жоғалтқан жайылымдар үшін күрес Жоламан Тіленшиев 
қозғалысының басты мазмұны болды»,-деп қорытындылайды. Бұдан 
Жоламанның  1820  жылдары  орыс  үкіметіне  қойған  талабынан  бас 
тартпағандығын байқауымызға болады.
1838 жылдың аяғына қарай Жоламан бастаған қазақ рулары Торғай 
аймағында Кенесарыға қосылды. орынбор мұрағатындағы С.Н. Сева-
стьянов  қорында  Кіші  жүздегі  әскери  қимылдардан  соң,  Қайыпқали 
Хиуаға, Қасым мен Кенесары Ташкентке, Жоламан Жемге бағыт алды. 
Исатай өлтірілді делінген (ороММ. 169-қ., 1-т., 45-іс, 26 п.).
Патша  үкіметі  1839  жыл  басында  Кіші  жүзді  толық  бағындыру 
мақсатын  бүркемелеп,  Хиуаға  әскери  жорық  жасау  қажет  деп  жан-
жақты дайындала бастады. в.А.Перовский Жоламанды, Қайыпқалиды 
ұстап, жазалау ойынан бас тартады. Ал Жоламан басқарған Табын руы 
жігіттері Кенесары әскерінің құрамында белсенділік танытты. Кейбір 
деректер  бойынша  олар  Кенесарының  ерекше  отрядтарын  құраған. 
Жоламан, Кенесары апасы Бопай, інісі Наурызбай, Саржан Саржанов, 
Жеке батырлар өз отрядтарымен дұшпанның тылына рейдтер жасап, 
көтеріліске қатысудан бас тартқан сұлтан, билердің мал-мүлкін тартып 
алып отырған.
Жоламан в.А. Перовскийдің жорығы кезінде Қайыпқали, Жүсіп 
Сырымұлы,  Есет  Көтібарұлы,  дәуіт  Асауұлдарымен  бірлесе  қарсы 
шықты.  Бірақ  4000  жаяу  әскер,  12  зеңбірек  ерткен  в.А.  Перовский-
мен  ашық  майданда  кездесу  мүмкін  емес-ті.  Сондықтан  батырлар 
бекініс  қоймаларына  шабуыл  жасап,  Каспий  теңізіндегі  азық-түлік 
тиелген орыс кемелерін өртеп, тылынан соққы беріп отырды. Мұндай 
қарсылықтар жорыққа түйе жинау кезінде де байқалды. Мәселен, дәуіт 
Асауов  1838  жылы  Қайыпқалиды  қолдамай,  орынбор  әкімшілігінен 
алтын медаль алғанымен, Хиуа жорығына ашық қарсы шықты. 1839-
1840 жылдары қазақ даласында орыс әскерлері әбден есіріп алды. Тек 
қана  1839  жылы  тамыз  айында  Торғайға  1900  әскер  жіберілсе,  300 
адамды И.в.Падуров басқарып, Байұлы руларына аттанды (ороММ. 
196-қ., 1-т., 45-іс, 26-27пп.).

24
25
1840  жылдың  қараша  айының  ортасында  в.А.  Перовскийдің 
Хиуаға жорығы толық сәтсіздікке ұшырады. 
1841  жылы  2  ақпанда  орынборға  түскен  рапорттан  Шөмекей, 
Төртқара,  Шекті  руларында  арнайы  кеңес  өткендігі  белгілі  болды. 
Мақсат  ел  ішіндегі  тыныштықты  сақтап,  Кенесарымен  бірге  көшу 
болған. Кеңеске Жоламан Бұхара маңында тұрақтағандықтан қатыса 
алмаған (ҚРоММ. 4-қ., 1-т., 1993-іс, 25-27пп). 
Жоламан Бұхара, Хиуа хандықтарына бірдей беделді болды. Екі 
хандық та оның беделі арқылы қазақ руларын өз саясатына пайдала-
нуды көздеді. Хиуа Ресейдің болашақ соққысының алдын-алуды ойла-
стыра, Бұхара Қоқан хандығының жеңілуіне тілекші еді. 1841 жылы 
қыркүйек  басында  Бұхарамен  келіскен  Кенесарының  Ташкентке  бет 
алған әскері құрамында Табын руы қазақтары да болатын. 
1841 жылы патша үкіметі Сыр бойы қазақтарының орыс билігінде 
екендігін Хиуаға дәлелдеуге күш салды. в.А. Перовский 1841 жылы 
23 мамырда Бас штаб капитаны П.Никифоров пен поручик М.Аитовты 
Хиуаға аттандырды. 11 тамызда Аллақұл ханның қабылдауында болған 
елшілер Ресейдің ұстанымын жеткізді. 
Сыр  бойы  қазақтарының  орыс  боданы  еместігін  айғақтау  үшін 
Аллақұл  хан  арнайы  кеңес  шақырды.  оған  Жанғазы  Қайыпұлы, 
Қайыпқали сұлтандар, Шекті Рахманқұл, Байбақты Жүсіп Сырымұлы, 
Табын Жоламан, Нияз, Шекті-Тілеуқабақ, отаралы қатысты. Кеңесте 
Ресей талабы тыңдалып, Сырдария кімге бағынады мәселесі қаралды. 
Жанғазы  сұлтан  «Ресей  Сырдарияны  ала  алмайды,  өйткені  ол  әлсіз, 
әйел сияқты жай қимылдайды, оның үстіне Сырдария Жайықтан тым 
шалғай», Рахманқұл «Ресей жыл сайын қазақтарды тонау үшін далаға 
әскер жіберіп, олардың жерін тартып алады, егер де қазақтар олардың бо-
даны болса, мұны істемес еді», Жүсіп Сырымұлы «қазақтар мұсылман, 
сондықтан ешқашан христиан империясының бодандығына кірмейді» 
деген  ерекше  пікірлерін  білдірген.  Ал  П.Никифоров  «империяға 
қарсы  қылмыскерлер  мен  заңды  жазалаудан  қашқандар»  ортасында 
бодандықты дәлелдеудің еш қажеті жоқ деген кезеңде, Жоламан батыр 
өзін Ресей боданы деп айтуға да рұқсат бермеген. Сөз алған М.Аитов 
Жанғазы  сұлтанның  Ресейде  дүниеге  келгенін,  әкесінің  патшаға  да 
адал қызмет етіп майор шенін алғанын, Рахманқұлдың жақын туысы 
Жанұзақтың ІІ Екатерина тұсында Ресей астанасына барғанын, Жола-
ман Тіленшіұлының өз руына бара алмайтынын, әкесі Тіленшінің пат-
ша атынан тархан атағын алғанын, Жүсіп Сырымұлының Арынғазы 
сұлтанмен  Санкт-Петербургке  барып,  Хиуаны  талқандау  үшін  әскер 
сұрағанын еске салған (ороММ. 6-қ., 10-т., 5241 –іс, 369-374 пп.).
Кездесу қорытындысынан анық байқалғаны қазақ сұлтандары мен 
батырлары бірауыздан бодандықты мойындамаған. Мұндай жағдайда 
Жоламанның өз ата мекеніне оралуы мүмкін де емес еді. оның үстіне 
патша  әскерлері  ашық  соғыспен  Кенесары  әскерінің  соңына  түсті. 
1845  жылы  23  шілдеде  Кенесары  Ырғыздан  Торғайға  келді.  Егер 
жағдай оңалмаса да, ол Жоламан ізімен Бұхараға кетпек, сәл кейін 12 
мамырда «орыстар қазақтардан 1000 адамды Кавказға жібермек» деген 
әңгімелерден соң, қазақтар Бұхарадағы Жоламан ауылына көшуде деген 
хабарлар орынборға жетті. Батыс бөлік сұлтан билеушісі шекаралық 
комиссияға Жоламан батырдың Бұхара иелігінде тұрақтағанын раста-
ды (ҚРоММ. 4-қ., 1-т., 2327-іс, 60 п.; 3408-іс, 6-7п.).
Ал  1848  жылы  23  қазанда  шекаралық  комиссия  Жоламан 
батырдың 1838 жылы 17 қыркүйектегі шептегі Анинский станицасына 
шабуыл жасағандығын тексеру барысында  әскери старшын Арыстан 
Жантөрин  Жоламан  Тіленшиннің  әлдеқашан  қайтыс  болғандығын 
жеткізді (ҚРоММ. 4-қ., 1-т., 4427-іс, 9п.).
1854 жылы 12 сәуірде орынбор шекаралық комиссиясы генерал-
губернаторға Есет Көтібаровтың күресін тоқтату үшін Табын руынан 
Жоламан, Кутебаш, Жаналы, сұлтан Қайыпқали, Науша, батыр Исатай, 
Махамбет,  Үбі  батырлар,  Кенесары,  Наурызбай  сұлтандар  қаншама 
күрессе де, армандарына жете алмады»,- деген хат жолдағанын хабар-
лады (КРо ІІ.-С.404).   
Сөйтіп, елінің қамын жеп, Ресей империясының алдында басын 
имей, олардың үйіп-төккен бірде-бір ұсыныстарын қабылдамай, батыр 
бабамыз Бұхара хандығында мәңгілікке көзін жұмды.   
Қорыта  келгенде,  бүгінгі  байлығымыз  -  ұлан-байтақ  атамекенді 
сақтауға келгенде Жоламан сынды ерлер 1822-1846 жылдар аралығында 
ерекше көзге түсті. ХІХ ғасырдағы отарлауға қарсы күрескен Арынғазы, 
Қаратай, Қайыпқали, Кенесары, Көтібар, Исатай, Махамбет, Есет т.б. 
батырлармен үнемі қоян-қолтық араласып, елі мен жұртының ертеңі 
үшін алаңдауы оның халқының нағыз патриоты екендігін дәлелдейді. 
осындай ерлердің арқасында қазақ мекендеген территория мәңгілікке 
өз ұрпағына бұйырды.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет