Музыкалық білім беру арқылы баланың рухани байлығын арттырудың жолдары



Дата12.11.2022
өлшемі17,52 Kb.
#49608

Музыкалық білім беру арқылы баланың рухани байлығын арттырудың жолдары

Баланы ерте жастан – ақ дана халқымыз бесік жырымен, өсиет термелерімен, желдірме термелерімен тәрбиелейтін болған. Бұл тәрбие үрдісінің басым бөлігін құрайтын құрал болатын. Өйткені баланың рухани байлығынан оның білімі де танымы мен түсінігі, мәдіниеті мен ұлттық ерекшелігі сипатталатын болған.
Ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбиенің тұтастылығы мен жүйелілігі халқымыздың біте қайнасқан салт – дәстүрімен, әдет – ғұрпымен сипатталып отырған. Музыка өнері әрбір баланың жанына әсемдік сыйлап, өзінің ұлттық рухани мәдениетін құрмет тұтуға, оны қорғауға және деңгейін көтеруге жағдай жасайтын болған. Сол себепті бүгінгі бүлдіршін ертеңгі қоғам мүшесін өнерпаздыққа тарту ұлттық дәстүрдің ұмытылмауына әрекет ету бүгінгі қажеттілігі және заңдылығы болуы керек.
Білім беру саласында баланың эстетикалық, этикалық және адамгершілік нормаларын меңгерту міндетін жүзеге асыруда музыка пәнінің орны ерекше. Музыка тәрбиесі балаларды өнер құндылықтарын жете білуді меңгерттіре отырып, олардың бойында белгілі адамгершілік – эстетикалық мәдениетті, көркемдік талғамды, шығармашылық қабілетті дамытады.
Тәрбиедегі басты мақсат: қоғам мүшелерін мәдениетті түрде әлеуметтендіру, яғни адамның тек қана рухани өмірінің қалыптасуын ғана емес, оны ұрпақтан – ұрпаққа мирас ету де жатады.
Кез – келген халық өз қазынасын, оның таңдаулы үлгілерін жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу құралына айналдырып отыратыны белгілі. Нақтырақ айтқанда, олардың көркемдік, музыкалық, эстетикалық талғамы мен мәдени деңгейін жоғарылатуды – басты міндет етеді. Ұлттық өнерге баланы жастайынан баулу олардың адамгершілік, эстетикалық қасиеттерін дұрыс қалыптасуына, мәдени дәстүрге деген сыйластық сезімін дамытуға әсерін тигізіп, оқу – тәрбие үрдісінің сапасын арттырады.
Баланың әсемдікті түсіне білуі жайлы Ұлы Абай өмір шындығын дәл бейнелеу жөнінде поэзия мен музыканың рөлі жайлы: әсемдік сыры, биік мұратталғандары, көркем шарттары, шығармадағы дарындылық пен шеберлік ән мен күйді орындаудағы дәстурлер, т.б. мәселелерді көтере келіп, эстетикалық сезімдердің дамытудың нақты жолдарын қарастырды.
Абайдың түсінігінше, баланы жастайынан көркемдікке баулуды үлкендер неғұрлым ертерек ойластыруы қажет, өйткені бесіктегі нәрестенің өзі ананың әлдиі, құлағына жеткен ән – күйдің әуезді үні арқылы сұлулық пен көркемдіктен хабардар болып жатады.
Баланың шығармашылық қиял – қабілеттерінің эстетикалық сезімін, талғамы мен көзқарасының мәдениетін, ой – өрісін кеңейтіп, айнала – қоғам және өзін қоршаған орта өміріндегі әсемдік пен сұлулықты сезініп, бойына сіңіре білуге тәрбиелеуде музыка жанрлары орасан зор роль атқарады.

Қазіргі заман талаптарына сай жеке тұлғаның эстетикалық мәдениетін қалыптастыруда балалар фольклоры жанрды пайдалану басты мәселелердің бірі. Осы тұрғыда балалардың эстетикалық мәдениетін дамытуда қазақ фольклор жанрын пайдаланудың маңызы зор, солардың бірі – балаларға арналған әндер, бесік жырлары. Ұлы Абай:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы, бос қақпай елең – селең.

– деп, адам өміріндегі өлеңнің алар орнын терең топшылаған. Академик М.Әуезов мәдениетінің алтын қорына дүние жүзі халықтарының қосқан үлесін айта келе: «Гректер атақты храмдардың, египеттіктер пирамидалардың, қытайлықтар фарфор бұйымдары мен мәрмәрдан жасалған адам мүсіндерінің, итальяндықтар әсем әуенді музыка шығармаларының, француздар сурет өнерін үлгі етсе, біздің көшпелі қазақ елі аса бай өлең – жыр мұрасын қалдырды…» деп жазған. «Қазақ халық әдебиеті» атты еңбегінде Х.Досмұхамбетов балаларға арналған ән – жырдың бала өміріндегі тәрбиелік ықпалының зор екендігі туралы атап көрсетеді. Қазақ балалар әндерінің қай – қайсысын алмасақ та өнегелі өсиет пен ізгілікті мейірбандыққа, татулық пен бірлікке, адамгершілікке, байсалды мінез – құлыққа, салихалы ақылдыққа насихаттап отырады.
Адам баласы тарихында ауыз әдебиетінің алтын ұрығы – жыр – өлеңнің бірінші бастамасы – «Бесік жыры» десек, бұнда қазақ қауымының балаға деген ең ізгі сүйіспеншілігі, тілегі, халықтың шешендігі мен арманы бейнеленген. Өз елінің рухани мәдениетін білген адам, біртіндеп әлемдік мәдениетті де тез үйренеді. Ендеше, бұл қасиет бала тербеткен ананың әлдиімен, әженің ертегісімен, отбасында айтылып отырылатын мақал – мәтел, жұмбақ, аңыз – әңгімелерімен бала бойына дарытылып, сол арқылы ата – бабаларымыздан қалған асыл мұраға деген қызығушылық танытып, сүйіспеншілікке тәрбиелейді. Сондықтан жастарға эстетикалық тәрбие беру ісінің мазмұнды, деректі, ұғынықты келуі әрбір ән мен күйдің көкейге қонымды, әсерлі болуы қажет етіледі. Күнделікті өмірдің өзі де музыкамен алмасып отырады емес пе? Атап айтсақ, ол көңіл күймен де сипатталады. Қуанышта ән салып, би билегің келеді, реніште жыламсырап жұбату әуен естігің келеді. Сондықтанда бүгінгі бала ертеңгі ел болашағын тәрбиелеуде музыканың берері зор десек қателеспеген болармыз.
Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл – Фараби «Музыкалық идея оны жүзеге асыратындай әрекет ету қабілетінсіз іске аспайды, музыканы көп тыңдау, жаттығу түрлерін бір – бірімен салыстыру, әуенді талдау, әрбір тонның дыбыстық әсерін мұқият есептей білу арқылы музыкалық қабілетті дамытуға болатындығын айта келіп, тәрбиелеу барысында тәжірибе жинақтаудың рөлі зор» екенін атап көрсеткен. Ол эстетикалық сезім мен эмоциялық көңіл күй арқылы қоршаған ортаны әсерлене сезінуге мүмкіндік береді. Мұндай әсерді музыканың күшімен баланың рухани көзқарасы мен талғамы қалыптасады, көркем сөйлеу, көркем бейнелерді танып мейірімділігі кеңейтіп, сөздік қорының молаюына мүмкіндік беріледі. Музыкалық тәрбиенің негізін ақын – жыршы, сал – сері, күйшілер жүргізген. Олардың өнері мен өмірі өнерлі жастар үшін өзіндік мектепке айналған.
Қорыта келгенде баланың болашағын қамдансақ, оның рухани қалыптасуына көңіл бөлуіміз қажет дегіміз келеді. Себебі, балаға тәрбиесіз берілген білім оның хас жауы демекші, баланың тәрбиесі оның мәдіниеті мен жанының байлығынан бастау алады. Өз халықтың мәдени дәстүрлерін, тілін, дінін, тарихын құрметтеп үйренбеген бала өз халқына немқұрайлы болары анық емес пе? Сондықтан да халқымыздың жарқын болашаққа нық қадам басуы оның ұрпағының рухани байлығына мәдениеттілігіне жетік білі мен бәсекеге қабілеттілігінде.


«Айдай» вокал студиясының
қосымша білім беру педагогі Алмағамбетов Ардақ Хамитұлы

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет