Байланысты: . ХХ ғасырдың екінші жартысындағы кеңестік реформалардың Қазақстандағы қайшылықты салдарлары.
Н.Хрущевтың «жылымығы» жылдарындағы Қазақстан және тың және тыңайған жерлерді игеру. 50-жылдар мен 60-жылдардың ортасы Қеңес елінің өміріндегі маңызды кезең болды. КСРО ОК-нің Бас секретары, КСРО министрлер Кеңесінің төрағасы И.В.Сталин 1953 жылы 5 наурызда қайтыс болды. Сталиннің өлімімен тұтас бір дәуір аяқталды. Сталин қайтыс болысымен-ақ елде болуы мүмкін өзгерістердің мәні туралы үш бағыт айқын көрінді: бірінші бағыт өкімет басына Берияның келуімен байланысты болса, екінші бағыт Молотов немесе Булганин, үшінші бағыт Хрущевтің өкімет басына келумен байланысты еді. Жағдай Хрущевтің пайдасына шешілді. 1953 жылы қыркүйекте Н.С.Хрущев КОКП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына (1953-1964 жж.) сайланды. «Жылымық жылдары» аталған 50-жылдардың екінші жартысынан бастап елде игі істер атқарылды. 1953 жылғы шілдеде КОКП ОК-нің пленумында бұрынғы КСРО-ның Ішкі істер халық комиссариатының халық комиссары, КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, қуғын-сұргінді ұйымдастырушы, саяси авантюрист Л.Берия (1899-1953 жж.) ісі қаралып, барлық лауазымды қызметтерінен босатылып, атылды. Осылай Кеңестер Одағында ширек ғасырға созылған тоталитарлық дәуір аяқталды. Бюрократ көсемдер биліктен кеткенімен, олардан мұраға қалған әміршіл-әкімшіл жүйе жойылмады. 1956 жылғы ақпанда болған КОКП XX съезінде КОКП ОК-нің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев «Жеке адамға табыну және оның зардаптары туралы» баяндама жасады. Баяндамада жеке адамның басына табынудың жай – жапсарды туралы айтылды. Баяндамашы И.В.Сталин, Л.Берия, Н.Ежовты қатты сынай отырып, саяси қуғын – сүргінді жүргізудегі өз жауапкершілігі туралы ештеңе айтпады. Молотов, Каганович, Ворошиловты қорғады. Съезде «Жеке адамға табыну және осының салдары туралы» қаулы қабылдап, ол 1956 жылы маусымда жарияланды, ал Съездін басқа құжаттары, талқыланған мәселелері көп уақытқа (33 жыл) дейін құпия түрде сақталды. 1953- 1955 жылдарда Н.С.Хрущевтің бастамасымен ГУЛАГ жойылды. Бүл кенес қоғамын сталинизмнен қутқарудағы адамгершілік акт, маңызды қадам еді. Лагерьлерге жазықсыз отырғызылған мыңдаған адамдарды босатып, белгілі партия қайраткерлері Я.Рудзудақты, А.Рыковты, В.Губарьды актағаннан кейін мемлекеттік аппарат реформаны жалғастыруды тағыда аяқсыз қалдырды. Әлі де болса, өз қызметтерінің әділетті бағасын алмады. Кәрістердың, немістердің, қырым татарларының, месхіт түріктерінің қүқықтары қалпына келтірілмеді. Мемлекеттік дәрежедегі көптеген маселелер тек қана бірінші адамның колында болды. Одақтас республикалардың құқығын кеңейтуге бағытталған реформа толық жүзеге асырылмады.Саяси көзқарасы үшін қудалау орын алып, халық жауы немесе үлтшіл айыптарының орнына өзгеше ойлайтындар айыбы тағылды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы бір мектебінің мұғалімі М.Елікбаев Н.С.Хрущевке ашық хат жазады. Хатта Қазақстанның тәуелсіздігі жоқ екенін, қазақ мектептері, қазақ тіліндегі оқу кұралдары мен баспасөздің тым аз екені туралы айтылған. Осыдаң кейін М.Елікбаев МҚК тарапынан құғынға ұшырап, азап тартады. 1957 жылы М.Елікбаев партия қатырынан шығарылып, жындыханаға тығылды. Н.С.Хрущев басқарған кезде де бюрократиялық жүйе өзгермеді. 1959 жылы болған КОКП–ның XXI съезінде Н.Хрущев социализмның толық жеңгені, енді коммунизмге аяқ басқаны туралы өз баяндамасында айтты. Елде осындай қияли болжамға сүйенген утопиялық социализм сақталды, ал 1961 жылы өткен КОКП XXII съезде коммунизм 20 жылдық мерзімде орнайтындығы туралы тұжырым жасалды
1954 жылы КОКП Орталық Комитеті ақпан-наурыз Пленумында елімізде азық-түлік мәселесін шешу үшін шығыс аудандарда тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесі қойылды. Оны игеруге Қазақстан кеңінен қатыстырылды. Мұнда қысқа мерізімде тың жерлерді игеру есебінен егіс көлемі 35 млн. гектарға дейін жеткізіліп, солтүстік аудандарда жүздеген жаңа поселкелер, совхоз орталықтары салынды. Тың өңіріне жүздеген мың қоныстанушылар келіп, оларды қарсы алу, орналастыруға байланысты республика партия және кеңес органдарының күрделі де ауыр міндеттерді шешуіне тура келді.
Қазақстанға Ресей мен Украина, Белоруссиядан және басқа да одақтас республикалардан тыңды жаппай игерудің бірінші кезеңінде (1954-1956 жж.) 640 мың адам келді, бұлардың ішінде 391,5 мың ауыл шаруашылық механизаторлары, 50 мың құрылысшы, 3 мың денсаулық сақтау қызметкерлері, 1,5 мыңдай мұғалім, 1 мыңнан астам сауда қызметкерлері және басқалар бар еді. Бұлардан басқа республикалардан механизация училищелерін бітіріп келген 66,7 мың адам және Қазақстанның училищелерінен келген 19,8 мың адамға республика совхоздарында жұмыс істеуге жолдама берілді. Республиканың жаңа совхоздарына жоғары және орта білімі бар 2088 адам директор, бас агроном, бухгалтер, инженер-техник, құрылысшы сияқты жұмыстарға жіберілді.
50-ші жылдардың аяғына қарай Қазақстанның ауыл шаруашылығының материалдықтехникалық базасы едәуір нығайды. Совхоздар мен колхоздар 169 мың трактор, 98 мың комбайн, 73 мың жүк машинасын және басқа да көптеген ауыл шаруашылық техникасын алды.
1954-1960 жылдары республикада тың игеру есебінен астық өндірудің жалпы көлемі 106 млн. тоннаға жетті, осы жылдар ішінде астықтың жылдық орташа өнімі — 1949-1953 жылдардың көрсеткішімен салыстырғанда шамамен 3,8 еседей артты. Қазақстан бұл жылдардың ішінде мемлекетке 63,4 млн. тонна астық тапсырды.
Тың игеру Қазақстанды тауарлы астық өндіруде Одақ бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Соның нәтижесінде республика әрбір тұрғынға шаққанда екі мың кило астық өндіретін дәрежеге жетті (Азық-түлік мәселесін түбегейлі шешу үшін әр адамға шаққанда бір мың кило астық өндіру жеткілікті деп есептеледі). Тың игеру барысында Қазақстанда көптеген жаңа қалалар бой көтерді. Өнеркәсіп орындары көптеп салынды. Жаңа темір жол, тас жол желілері тартылды. Тың игеру республиканың экономикалық күш-қуатын бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеге ілгерілетті.
Тың игерудің экономикалық және әлеуметтік салалардың дамуына тигізген салдары да болды. Сонымен бірге оның экологиялық, демографиялық зардаптары да аз болған жоқ.
Тың игеру шұғыл, асығыс жүргізілді. Егістікке жарамсыз жерлер жыртылды, мал жайылымы азайып, мал шаруашылығына зиян әкелді. Осының салдарынан игерілген жерлердің біразы қуаңшылыққа айналды, көптеген өзен, көлдер жойылып кетті. 50-жылдардың ақырында Қазақстанда 9 млн. гектар жер эрозияға ұшарады.
Тың игеру Қазақстанның ұлттық-этникалық бейнесінің өзгеруіне әсер етті. Тың игеру кезінде Қазақстаннан тыс жерде өмір сүріп отырған қазақтарды келтіру мүмкіндігі туды, қазақ зиялылары сондай пікір де көтерді, бірақ бұл пікір ескерілмеді. Қазақстанға тың игеруге көптеген басқа ұлттың адамдары келді. Олардың ішінде басшы қызметкерлер, мамандар келді. Олар жергілікті кадрларды ығыстырды. Жергілікті жерлердегі қазақ мектептер жабылды, мектептер жаппай орыс тілінде оқытты. Қазақ тіліндегі газеттер жабылды. Мұндай көріністер интернационализм мен ұлттар достығының белгісі деп бағаланды.
Тың және тыңайған жерлерді игерудің сонымен бірге үлкен азаптары мен көлеңкелі жақтары да болды. Атап айтқанда, басқа республикалардан келгендердің саны шамадан тыс көбейіп кетті. Жергілікті жерлерде ұлттық мектептер жабылып, қазақ балалары ірілендірген мектепинтернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Мұның өзі, бір жағынан, қазақ жастарының өз ұлтының тілінен, салт-дәстүрі мен мәдениетінен қол үзіп мәңгірттенуіне жол ашса, екінші жағынан жергілікті халықты орыстандыру саясаты қолпашталып, ашық жүргізіле бастады. Жер-су аттары орыс тіліне көшірілді. Мұндай орыстану процесінен халықты республиканың тәуелсіздігі ғана құтқарды. Бірақ бұл үдеріс соның өзінде де қазақ халқының, оның зиялыларының елеулі бөлігін өз ұлтының тілін білмейтін шала қазақ күйінде қалдырды. Осындай саясаттың салдарынан қазақ халқы өз республикасында азшылыққа айналды. 1959 жылғы сынақта республика халқындағы қазақтардың үлес салмағы (табиғи өсуі жоғары болса да) 8% кеміп, жалпы халықтың 29 пайызына түсіп қалды. Солтүстік облыстардағы қазақтардың үлес салмағы республикалық орташадан көп төмен болды. Жер, су, қала, қыстақ аттары орысшаланды.
Тың эпопеясы экологиялық мәселеде өзінің теріс жағын кӛрсетті. Бұрын болып көрмеген көлемде жерді жыртып тастау салдарынан 1957-1958 жж. Павлодар облысының жеңіл топырақты жерлерінде шаң бораны тұра бастады, ал 60-жылдардың басында жер қыртысын ұшырып кету тек жеңіл топырақты аймақты ғана емес, ауыр топырақты жерлерді де қамтыды.1960 жылға дейін Солтүстік Қазақстанда 9 млн. гектардан астам жер жел эрозиясына ұшырады, бұл сол кездегі Франция сияқты елдің бүкіл ауыл шаруашылық жер көлеміне тең еді. Рас, мұнан кейін егіншіліктің топырақ қорғау жүйесі жерді қайырмасыз түренмен жырту тәсілі жасалды. Алайда, эколог мамандар атап көрсеткендей, қазіргі заманғы шаралардың барлық түрі де, қоршаған ортаны қажетті экологиялық қорғауды қамтамасыз ете алмады. Ол тек экологиялық зардаптарды жеңілдетеді. Бұл қазіргі экологиялық мәселеде, әрине жеткіліксіз.
Тың игеру мал шаруашылығына үлкен зиян келтірді. Мал жайылымы, шабындық жерлер азайып малдың саны кеміді, әсіресе, түйе, жылқы орны толмайтын шығынға ұшырады. Тың игеру барысында ауыл-село тұрғындарының қосалқы шаруашылығына, үй іргесінде көкөніс егуге тыйым салынып, елде азық-түлік мәселесін шиеленістірді.
Тың игеру қарабайыр /экстенсивті/ әдіспен жүргізілді. Мұның өзі әр гектарға шаққанда өнімді аз алуға соқтырды. Бұл жерлерде өндірілген астықтың бағасы өте қымбатқа түсті. Оны жинауға бүкіл елдің комбайншылары, әскери бөлімдер, қала тұрғындары, оқу орындарының студенттері қатыстырылды.