Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев (5 мамыр 1910, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Шарбақты- 17 қараша 1958, Алматы) - Қазақ тілі білімінің негізін салушылардың бірі, түркітанушы, филология ғылымының докторы (1943), профессор (1944), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1946), Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері (1945). Негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері :қазақ тілінің тарихы мен синтаксисіне, әдеби тіл тарихы, түркітану, диалектология, орфография, жазу, емле, сөздік түзу мәселелеріне арналған. Морфология саласында ол қазақ тіліндегі етістік категориясының жасалу тәсілдері мен тарихи даму жолдары, көсемше тұлғалары, олардың мағыналары, синтаксистік қызметі жайында және қазақ тілі грамматикасының, оның ішінде морфологиясы, орфографиясы мен алфавиті жайында ғылыми еңбектер жариялады.. Ол «Орысша-қазақша» сөздіктің жалпы редакциясын басқарған. Ғалымның «Қазақ тілі: лексика, фонетика, морфология, синтаксис» оқулығы білім беру саласында үлкен сұраныска ие болды. 1954 жылы Шығысты зерттеушілердің бүкіл дүниежүзілік ХХIII конгресіне Кеңес делегациясының құрамында қатысып баяндама жасаған. Сондай-ақ Иран, Ирак, Англия, Үндістан елдерінде өткен халықаралық конференциялар мен кездесулерге қатысқан. Н.Т.Сауранбаев қазіргі қазақ тілінде кездесетін фонетикалық, лексикалық және грамматикалық бағзы бір құбылыстарды әдеттегі нормадан тыс айтылатын ерекшеліктер деп санайды. Халық тілінің жергілікті ерекшеліктерін тани білудің теориялық пайдасы қазақ тілінің тарихын зерттеуге көмегін тигізеді, - деп жазады. Ғалым зерттеулерінде дауыссыздарды жасалу орнына қарай төрт топқа бөледі: 1) тіл арты дыбыстары: қ, ғ, х, һ; 2) тіл ортасы дыбыстары: к, г; 3) тіл алды дыбыстары: н, р, л, ч, ш, ж, й, т, с, д, з; 4) еріндік дыбыстар, оның ішінде: а) қос еріндіктер: п, б, м; б) тіс еріндіктер: ф, в. Н, р, л, ч, ш, ж, й, т, с, д, з дыбыстарын тіл алды дыбыстары деп, олардың қатарында й дыбысын да қосқан. Н.Сауранбаев тіл ортасы дыбыстарына к, г дыбыстарын жатқызып, й дыбысын тіл алды дыбыстарына қосқан және де Ң дыбысының орнына һ дыбысын қойып, тіл арты дыбыстары қ, ғ, х, һ дыбыстары деген пікірде болған. Н.Сауранбаев: «с– тіл жайылып көтеріледі де, астыңғы тістің ернеуіне жақындайды. Ауа екпіні тілдің ұшынан астыңғы тіске тиіп, ысқырықтанып шығады. Сондықтан, бұл ысқырықты қатаң дыбыс болады. З – бұл да солай жасалады, бірақ, ауа екпіні тіске соқпай, тіл науасынан ызылдап шығады» дейді. Н.Сауранбаев: «Һ – бұл дыбыс тіл арты дыбысы болғанмен, тілдің қимылымен жасалмайды. Өкпеден шыққан ауа екпіні күшпен, бірақ, айтылады да, ешбір мүшеге қақтықпай, сол тіл артында жасалып бітеді» – дейді. Бұл дыбысты айтқанда тіл арты қимылсыз қалады дегені, жасалуына тіл арты қатыспайды дегенді білдіреді. Демек һ дыбысы өзге ғалымдар айтқандай тіл артында емес одан арыда, яғни көмейде жасалады. Ауызекі сөйлеу тілінің ендігі бір басты ерекшелігі Н.Т.Сауранбаев зерттеулеріне қарағанда, д мен л дыбыстарының өзара алмасып келуі. Солтүстік Арал аймағынан бастап Зайсан өңіріне дейінгі аралықты мекендейтін, бүкіл Қазақстан территориясының оңтүстік алабын алып жатқан қазақтар әдеби тілде айтылатын әдеттей д дыбысының орнына әрдайым л дыбысын айтады. Мұндай фонетикалық құбылыс барлық уақытта емес, сөз құрылысының кейбір позициялық шектерінде ғана сақталады. Атап айтқанда, л дыбысы (д дыбысының орнына) н, ң дыбыстарынан кейін келгенде ғана және де кейбір интервокальдық позицияда (екі дауысты дыбыстың арасына қыстырыла келгенде) айтылады. Мысалы, мацлай (маңдай), тацлай (таңдай), тыңла (тыңда), аңлы (аңды), аңла (аңда), тірілей (тірідей), оңлы (оңды), қаралай (қарадай), қоңлану (қоңдану), түңлік (түндік), теңлік (теңдік). Көне түркі тілдерінің тұрғысынан алып қарасақ, л дыбысының дәл осы позицияда айтылуы—жаппай қолданылатын заңды құбылыс. Мысалы, автор келтіріп отырған мысалдар бойынша, VIII—XIV ғасырлар арасында жазылып қалған ескерткіштер тілінде осы іспеттес сөздер ылғи л дыбысы арқылы берілген: тыңла («Күлтегін ескерткіші», VIII ғ.), аңла («Кодекс куманикус» ескерткіші XIII ғ.). т.б. Қазіргі түрік тілдерінің басым көпшілігі мен негізгі топтарында қазақ тілінде айтылатын д дыбысының орнына л дыбысы жұмсалады. Ч мен ш дыбыстарының қолданылу ерекшеліктерімен салыстырғанда л—д дыбыстарының айтылуындағы ең басты ерекшелік, біздің ойымызша, мынада болса керек: ч дыбысы жергілікті тұрғындардың ауызекі сөйлеу тілінде біртегіс жаппай айтылады: чекеме чық ете қалды; чыр етіп чіркей ұшпайды; чарқ ұрып, чіркін-ай, чырқыңды чығарады-ау! л дыбысының айтылуы мұндай бір тұрақты заңдылыққа бағынбайды. Біріншіден, ол жоғарыда көрсетіліп өткендей азды-көпті (санаулы) сөздердің құрамында ғана кездеседі, екіншіден, өзінің әдеби тілдегі д вариантымен қосақтала жүріп, қатар айтылады. Жергілікті адамдардың бірі маңлай десе, екіншісі маңдай деп сөйлейді. Бір кісінің өзі-ақ кейде тірілей, кейде тірідей деп айта береді. Бұл формалардың фонетикалық айырым-белгілеріне сөйлеуші кісі ешқандай мән беріп жатпайды. Бұл айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады: д дыбысының айтылуы — қазіргі қазақ тілінің халық тілі болып қалыптасу дәуірінде пайда болған өзіндік (басқа түркі тілдерінен өзгеше) жемісі. Ол—қазақ тілінің өзіндік сипаттамаларын көрсететін басты ерекшеліктердің бірі. л дыбысының айтылуы—ескіден, көне түрік, тілдерінен мұра болып келе жатқан тарихи құбылыс. Ол кейбір сөздердің құрамында ғана кездесетін рудименттік ерекшеліктердің қатарына жатады. С мен ш, т мен д, п мен б, м мен б және д мен йдыбыстарының бірін-бірі қудалап, бірінің орнына бірі жұмсалуы туралы автор жоғарыда көрсетілген ойларын айтып, оларды бұл жерде нақтылай, толықтыра түседі. ч мен л дыбыстары сияқты бұл іспеттес ерекшеліктердің (с—ш, т—д, п—б, м—б)қолданылатын арнаулы территориялық шегі жоқ. Оларды Қазақстанның қай бұрышы мен қай өлкесінен болса да кездестіре беруге болады. Мысалы, с—ш дыбыстарының алмасуы, автор келтіріп отырған материалдарға сүйенетін болсақ, Қостанай мен Талдықорған,Жамбыл мен Қарағанды, Қызылорда мен т.б. облыстар территориясының тұрғындары тілінде ұшырасады. Бірінші топта аталған дыбыстар (ч, л) тұрақты шегі бар кең аймақты қамтитын болса, екінші топтағы дыбыстардың (ш, д, п, м) қолданылу орны әрқилы, ал енді үшінші бір топтағы дыбыстар, мысалы, о, у, п, т дыбыстары, белгілі бір аудандар аясында ғана жұмсалады да, тар шеңберде кездеседі: сора (сұра), оқсат (ұқсат), оқсас (ұқсас)—Солтүстік Арал маңында; құртынды (қортынды), құлдану (қолдану), мақсұт (мақсат), құлдау (қолдау)— Орал өңірінде; пейнет (бейнет), полат (болат), әтейі (әдейі), таяр (даяр) — Түркстан төңірегінде, т.б. Қазақ тілінің ауызекі сөйлеу практикасында кездесетін ерекшеліктерді талдай отырып, оларды қолдану аясына қарай Н.Т.Сауранбаев басты-басты екі топқа бөледі.
1) ш мен д дыбыстарын қолданатын диалект (шай, тірідей). Бұл диалектіде сөйлейтіндер – солтүстік-батыс өлкелерін мекендейтін қазақтар.
2) ч мен л дыбыстарын қолданатын диалект (чай, тірілей). Бұл – оңтүстік пен оңтүстік-шығыс өңірін жайлайтын қазақтардың тіліне тән.
Әр түрлі аудандар мен белгілі бір жерлерге ғана тән фонетикалық құбылыстар осы аталып отырған екі түрлі диалектілердің құрамына кіреді де, солардың әр алуан говорлық ерекшеліктерін түзеді. Сонымен, Н.Т.Сауранбаев қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді топтаудың негізгі фонетикалық принципі етіп ч мен л дыбыстарының қолданылу позициясын есепке алады. Қазақстан территориясын автор осы тұрғыдан алып екіге бөледі. екі түрлі диалект бар деген тоқтамға келеді. Шын мәнінде, Қазақстан көлемін ч мен л айтылатын бөлегін ғана бір диалект деп қараған жөн, өйткені ч мен л дыбыстарының қолданылмайтын жері, яғни олардың орнына ш мен д дыбыстарының айтылуы - әдеби тілдің әдетте қалпы, оны «бір диалект» деп өз алдына бөліп қарау лингвистикалық заңдылыққа сия бермейді. Сонымен 7 жыл ішінде Н.Т.Сауранбаев қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктердің басты-басты сипаттамаларын қысқаша түрде болса да түгел суреттеп шығады. Ғалымның өз мақаласының қорытындысында, ал енді оның практикалық пайдасы кейбір формаларды дұрыс жазып, дәл айтуға үйретеді. Оқушы көпшіліктің сауатын көтереді.