Қожаберген жырау қазақ тарихының тарланы



Дата02.03.2022
өлшемі21,79 Kb.
#26831

Қожаберген жырау – қазақ тарихының тарланы

Абишева А.А.

СҚО Жамбыл ауданы

Қожаберген жырау атындағы ЖОББМ

Қожаберген Толыбай Сыншыұлы 1663 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы,Гүлтөбе-Маманай өңірінде дүниеге келген,жырау,батыр. Қожаберген жырау тек ақын, ел қорғаған әскербасы , батыр ғана болып қоймай , ол – үлкен әнші , ірі күйші абзал жан.

13 жасынан өлең шығарып, 17 жасында аңыз - әңгімелерді өлеңмен жырлаған. Қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып «Ата тек» дастанын жазған. Тәуке тұсында Қоқан , Хиуа , Бұқара хандықтары мен парсы, түрікмен елі арасында елшілік қызмет атқарған.

Қожаберген асқан батырлығымен қатар , кісі танитын өзіне ізбасар тауып, оларды дұрыс тәрбиелей білген ұстаз. Ол батыр ретінде Бақсары, Бөгенбай, Жәнібектерді тәрбиелесе, атақты жырау ретінде Бұқар, Ақтанберді, Үмбетай, Тәттіқараны тәрбиелеп, кемеліне келтірді.

Бұғанасы қатпай жатып ел қорғау істеріне араласқан. Қожаберген атасы Дәулен батыр , бабасы Таузар сардар, өз әкесі Таулыбай сыншыдан үлгі- өнеге алып, жастайынан соғыс өнерін үйренді. Ата жауымен арпалысып алыса жүріп, ел көзіне түсті. Көсіле сөйлейтін көсемдігімен де шешіле сөйлейтін шешендігімен де елді ұйыта , соңына ерте білді. Күн өткен сайын ел ішінде беделі артып, тұлғасы даралана берді. Жиырма бес жасында қазақтың әділ ханы Әз Тәуке ақ киім кигізіп, ақ киізге отырғызып үлкен құрмет жасап Ұлы жүздің әскер басы Ордабасылыққа тағайындады. Уақыт өте келе жасы ұлғайған Қожаберген Ордабасылық орнын жас жолбарыс Ханжығалы Арғын Бөгенбай Аршаұлына берді. Бұл туралы атақты Бұқар жырау (шәкірті) «Ғаділ ер » деген өлеңінде :

Қожаберген ғаділ ер

Қадырын білген қалын ел

Бөгенбайдай батырға

Билігін берген ардагер

Қожаекеме Бөгенбай

Шәкірт болған жан еді

Сайлатқан оны ұстазым

Қарадан шыққан хан еді, - деп жырлаған.

Ордабассылықтан өз еркімен кеткенмен өз халқының тағдырынан шеттеп кетпейді. Әлеуетті өлең-жырларымен халықты ортақ жауға қарсы бірлікке, ел үшін қайсар - қайтпас ерлікке шақырады.Оның «Елім-ай» жыры, 3 ғасырдан артық қазақ халқының Әнұранындай болған, теңдесі жоқ ұлы туынды екені белгілі. «Елім-ай»

7 бөлімнен, 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұратын қазақтың өмірнама дастаны, оның елі үшін маңыздылығы қырғыз халқының әлемге әйгілі «Нанасынан » бірде –бір кем емес.

...Ендеше Қожаберген батырдың батыры, қолбасшы, Әз Тәукедей дананың оң қолы, қиын замандағы ел қорғаны. Қожаберген тек баһадүр қолбасшы , сайыпқыран емес, ол өз заманының ұлы мемлекет қайраткері, - деді академик Манаш Қозыбаев .

Қожаберген жырау туралы ауқымды ойлар ұлы тұлға сөздерінде де кездеседі.

- Батыр – қаламгер Бауыржан Момышұлы «Елім-ай» дастаны жайлы: «Керей Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры – әскери дастан! Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен?» – деп жазған екен.

- Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұқан Бекмаханов Қожаберген жырау жайлы өз ойын: «Қожаберген Толыбай сыншыұлының «Елім-ай» дастаны – тарихи эпопеялық жыр. Әрі сол «Елім-ай» ерлік хиссасының бірінші бөлімі – 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат!» – деп тұжырымдапты.

-Ұзақ жылдар бойы Қожаберген есімі аталмай келгендігі туралы академик Манаш Қозыбаев екі себебін атайды: «Бірінші – Қожаберген баба орыс империясына ашық қарсы, оның «Елім-айы» империяға қарсы туынды. Онда ол орыс империясы қалмақтарға қару сатты, қолдады деп айыптайды… Екіншісі – «Елім-айы» қазақ хандарының төре тұқымынан сайлануына қарсы. Ал, төрелер әулеті қазақ қоғамына ендеп, бойлап араласып, құраласып кеткен-ді».

-Салық Зиманов 2011 жылы Қызылжар қаласында өткен Халықаралық конференцияда былай деген болатын: «Қожаберген – біздің тарихымыздағы тұтас құбылыс, бүкіл ғұмырын қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ұлы тұлға»

-Белгілі заңгер Бекет Тұрғараев басқаратын «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қоғамдық қайырымдылық қорының қолдауымен жыраудың туған жеріндегі қорымында жерлестері оған арнап күмбез орнатып, ас берді.

- Жамбыл ауданының орталығы Пресновка селосындағы Преснов жалпы орта білім беру мектебінің алдында бюст орнатылды, орталық көшесіне есімі берілді.2009 жылы «Қожаберген жырау» мұражайы ашылды. Шағын көлемді талдау жұмысымды өз шығармашылығыммен түйіндегім келеді.

Дауылпаз ақынға арнау

Ауданым Жамбыл ата атын алған

Нар тұлға дарындарым қанат қаққан

Соның бірі Ғабит пенен Сәбит болса

Енді бірі Қожаберген батыр бабам

Толыбайсыншыұлы Қожаберген

Керей атты руынан шыққан ерен

«Елім-ай» мен «Баба тілін» дастан етіп

Қазақтың шежіресін жыр ғып шерткен

Өнерге жас шағынан құштар болып

Самарқанд, Бұқарадан ілім алып

Имам болған, медресені тәмамдаған

Қатарында шәкірттердің үздік болып

Он сегізде балуан болып топты жарған

Батыр болып он тоғызда атқа қонған

Көк сиямен өрнектеп сөз сарасын

Ақын болып жиырмада жыр арнаған

Парсы ,араб тілдерін жетік біліп

Жүрген екен мұсылманға қызмет етіп

Бұқардайын жырауға ұстаз болып

Сардарлықпен қолбасшылық еткен екен

Өнерге бала жастан ынтық болған

Үш жүздің тарихын дастан қылған

Толыбайсыншы баласы Қожаберген

Ерлік жасап еліне қамқор болған

«Қаратаудың басынан көш келеді

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...»

Деп жырлаған дауылпаз Қожаберген

Бар қазақтың басындағы бағы еді.

«Елім-ай» - қазағымның жыр-дастаны

«Баба тілі» шарпығандай көк аспанды

Суреттеген заманының ащы үнін

Қос туынды өшпейтұғын асыл, құнды

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған

Абай айтқан ұлы сөз інжу- маржан

Ұрандайық ұлылығын ұлықтап

Баба жолы- орындалған асыл арман.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1. Ермұқан Бекмаханов туралы естеліктер. Құраст. Х.Адамбекқызы, А., 2005.

2. Қожаберген жырау /шығармалар жинағы/«Жетi жарғы» жҽне Қожаберген жырау»

қоғамдық қайырымдылық қоры жанындағы Қожаберген жыраудың ҿмірі

мен шығармашылығы жҽне оның заманын зерттеу орталығы,Петропавл-2010

3. Интернет желісі



4. Автор шығармашылығынан

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет