Қолымда қалам. Алдымда қағаз Ел ұйқыда. Мен ояу. Отырмын. Екіні, үшті соқты әлі отырмын. «Переброскеге» ұшыраған Н. жолдасшылап ойым байыз таппайды, бірден бірге көшеді
Қолымда қалам. Алдымда қағаз... Ел ұйқыда. Мен ояу. Отырмын. Екіні, үшті соқты...әлі отырмын. «Переброскеге» ұшыраған Н. жолдасшылап ойым байыз таппайды, бірден бірге көшеді. Ол маған счет емес, жарылып кетсем де бір күн мақала жазуым керек. Аймақтық жастар комитеті екі күннің ішінде жазып тапсыруға мойынма бір мақаланы артқан...
Басым сынып барады. Сынбай қайтсін, «Масленкенің» шелпегін жеймін деп бір жолдастың үйінде отырып қалып, «бозжорғаны» айдаңқырап жібергенмін... Қаламымды шықырлатып, қайта қайта маламын... келмейді. Жер ошаққа аяғын тығып алатын боташа қаламымды сілке түсемін... әлі түк жоқ. Ерсілі қарсылы уқалап жын соққан торғай бастандырып, шашымды да дудыраттым. О да түкке сеп болмады.
Бар бітіргенім алабота жаққан ауылша, тұмсығымнан түтінді гу гуімен шығарып, бықсыта беремін. Үйдің іші алай дүлей сасық тұман. Басым да тұман. Қазынаны жеп, жазаға тартылған завхоздан жаман ұнжырғам түсті, сұрым қашты, ыза болдым. Сол кезде ойыс көзіме көрінетін зат болса, дереу: «Саботажник», «Контр» деп жағасынан алғандай едім. Әттең қолыма түспеді.
Қолымда қалам. Алдымда қағаз... Ел ұйқыда. Мен ояу. Отырмын. Екіні, үшті соқты...әлі отырмын. «Переброскеге» ұшыраған Н. жолдасшылап ойым байыз таппайды, бірден бірге көшеді. Ол маған счет емес, жарылып кетсем де бір күн мақала жазуым керек. Аймақтық жастар комитеті екі күннің ішінде жазып тапсыруға мойынма бір мақаланы артқан...
Басым сынып барады. Сынбай қайтсін, «Масленкенің» шелпегін жеймін деп бір жолдастың үйінде отырып қалып, «бозжорғаны» айдаңқырап жібергенмін... Қаламымды шықырлатып, қайта қайта маламын... келмейді. Жер ошаққа аяғын тығып алатын боташа қаламымды сілке түсемін... әлі түк жоқ. Ерсілі қарсылы уқалап жын соққан торғай бастандырып, шашымды да дудыраттым. О да түкке сеп болмады.
Бар бітіргенім алабота жаққан ауылша, тұмсығымнан түтінді гу гуімен шығарып, бықсыта беремін. Үйдің іші алай дүлей сасық тұман. Басым да тұман. Қазынаны жеп, жазаға тартылған завхоздан жаман ұнжырғам түсті, сұрым қашты, ыза болдым. Сол кезде ойыс көзіме көрінетін зат болса, дереу: «Саботажник», «Контр» деп жағасынан алғандай едім. Әттең қолыма түспеді.
Үстелге шынтақтап, басымды тіреніп отырмын. Талдым білем: көзім бұлдырап қалған тәрізді болдым. Бірдеңе қараң етті. Сөйткенше болмады, кеудесі портфель қолтықтап, автомобиль мінген комиссардың кеудесіндей кердеңдей басып, бір жігіт сап ете түсті. Таң тамашамын. Есік ашылғандай болған жоқ еді. «Бұ қайдан келіп қалды?» деймін. Алды артыма қаратқан жоқ, ежелден таныс жолдасымдай:
- Е, жолдас не жазып отырсың? - деді.
Сасып қалдым. Әйтсе де сыр білдіргім келмеді. Жөпшенді кісіге өзім де бой бермейтін жігітпін. Газет журналға бір екі сөзі басылса, «жазушы», «ақын» екенмін деп өзіне өзі ден қойып алатын омырау жігіттер аз ба? Сондай будан мен де сау кісі емеспін, неғып бола қояйын. Сондықтан, ақша мекемесінің билеушісі сияқтанып ызбарланып:
- Сізге не керек?- дедім.
- Іріленбе, іріленбе. Түн бойы түк жаза алмай отырып, қатқаныңның басына көкимісің, - деді.
- Жазам ба? Жазбаймын ба? Онда сіздің жұмысыңыз жоқ. Менің жазуымды тергейтін сіз емес, жорналшылар, - деп сырт бердім. Одан жаман әкіреңдеді.
- Танымасаң, танытармын. Одан да шыныңды айт!
- Өзің қалай өкім сөйлейсің? Өзің кімсің? Партийный билетің бар ма?- деп қоқан лоққыға салдым. Айылын да жиған жоқ, сықақ қылған кісіше, мырс етті.
- Ей, байғұс, билетіңді ұстап қоқиланғың келді ме? Сонша қоқиланғандай қанша білімің бар? Қандай тұтынған жолың бар?
- Жолым бар. Жолсыз жүрген сендерден сақтасын!
- Олай болса, жолыңды айтшы, тыңдайын.
- Менің жолым - төңкеріс жолы.
- Ә, төңкеріс жазушысы екенсің ғой?
- Иә.
- Менің де көп қарастырып жүрген мәселем осы еді. Төңкеріс ақынын жолықтыра алмай жүр едім: жақсы келдің ғой. Олай болса, әңгімелесейік, пікір алысайық, әлде бір бірімізден пайдаланып қалармыз, - деді.
Құлағыма жағып кетті. Сөзі де әрі жатық, әрі жат көрінді. Магнит қуаты бардай ақ, сөйлеген сайын ұйытып, бойымды балқытып әкетті. Манағыдай емес, түсімді жылытып, орындық ұсындым, отырдық.
- Дұрым, мен де кісі таба алмай жүр едім. Жақсы! Сөйлесейік, - дедім. Ол бастады:
- Ендеше, төңкерістен бері не жазып жүрсіңдер? Әуелі маған соны айтсаң екен.
- Біз бе? Біз төңкерістің берген бостандығын, теңдігін жазамыз. Төңкеріс жолында құрбан болған ерлерді өлең қыламыз. Ортақшылдар жолын, Кеңес үкіметін жақтаймыз...
- Тағы да.
- Тағы да еңбікшілерді тап күресіне шақырамыз; әйелдер теңдігіне арнап жазамыз. Жастарды оятамыз, жұртты оқуға үндейміз. Байды, жуан жұдырықты түйрейміз...
- Тағы да...
- Тағы несі болады? Ескі молдаларға, дінге, ескі әдет ғұрыптарға қарсы сөздер де жазылады. Міне, осы тәрізді.
- Төңкерістен бері неше жыл өтті?
- Алты жыл өтіп, жетіншіге аяқ басып отырмыз.
- Содан бері қақсап келе жатқан жарапазандарың осы ғой?
- Енді нені жазу керек?
- Міне, сендердің төңкерісті ұқпағандықтарың. Күнде айғай, күнде даурық, желдеткен қара боран сөз мезі қылғандай болған жоқ па? Құрғақ сөзден жалықсаңдаршы! Енді бір өмірге, тұрмысқа келетін сөз жазсаңдаршы! «Біздер - жастар - көппіз, жұлдызбыз, арыстанбыз, батырмыз, қорықпаймыз, жаншып таптап кетеміз, жанып тұрған отбыз, жалынбыз, біз қоймаймыз, біз кенелтеміз, біз қарық қыламыз...» дей бергеннен не тамады? Мұның бәрі ет пен терінің арасындағы жел емес пе? Төңкерісті жазғанда осылай жаза ма екен? Осыдан бөтен жазатындарың бар ма?
- Неге болмасын? Әркім әр түрлі жазады, - деуім мұң ақ екен, бастырмалатып соға жөнелді:
- Басқа әдебиетшілердің сөзін көрмей жүрмін бе? Кімді айтасың? Олар не жазып жүр? Біреу «Асан Қайғы», «Шортанбай» болып қазақтың ертегідей өткен күнін жырлап, «зар замандатып» жүр. Өткенді қайтару, өлгенді тірілту кімнің қолынан келмекші? Тарих өзенін кейін ағызатын қандай «әулие»? Қай құдай? Бұ күннен түңіліп, өткенді көксеп, мәдениеттен қашырған қайдан шыққан пайғамбар? Қазақтың қай досы?
Біреуің жаңашыл болғанның жөні осы деп ескі әдебиетті отқа өртеп, енеден данышпан, енеден еңбекшіл болып туған кім бар еді? Киімшең туған қандай ұл?
Ескі әдебиет, ескі мәдениет байдікі, патшанікі екен. оларды жоялық. Берші, кәне жаңа әдебиетіңді, жаңа өнегеңді. Осыны айтатын ақындар кімнің әдебиетімен суғарылып, жаңашыл бола қалды екен? алдында әлеумет ғылымын, тұрмыс жүйесін, табиғат заңдарын, жан жануарлар жарылысын зерттеген бай мәдениетінің ғалымдары болмаса, Маркс шығар ма еді? Маркссіз Ленин туар ма еді? Жаңағы ескі сабақ, ескі баспалдақ емес пе?
Біреуің қызбен жүргеніңді, гуляйт салғаныңды, мықыныңнан ұстағаныңды жазып жүрсің, енді бірің не анда, не мында жоқ, қояннан көз жазып қалған тазыдай, арсалаңдап жүрсің. Тағы біреуің көрінгенге «Жалпақшеше» көрінгелі түлкіше құйрығыңды бұлаңдатып жүрсің. Енді біріңнің орысты қазаққа, қазақты орысқа шағыстырып сенім алмақ, ақын аталмақ ойың бар. Тағы біреуің ойын жасырып, бойын жасырып, жат елдің жазушыларын аударып талшық етудесің. Сендерде мұрат бар ма? Бақыт бар ма? Жүрек бар ма? Бүгін - идеалист, ертең - материалист, бүгін - реалист, ертең - символист, бүрсігүні - футурист, тағы бірдеме «ист», әйтпесе әрқайсысынан бір шөкім. Ақындықты, жазушылықты сауысқанға айырбастап, неден мұнша адастыңдар? Күндік күніңе, өшті қасты кегіңе, әлде күншілдігіңе бола елдің айнасы - әдебиетті ұрыс керіске, боқауызға айналдырдыңдар. Келешектен ұялсаңдаршы! Күйіп кеттім ғой, шыдай алмадым ғой! Айтпайын десем де қоймадыңдар ғой, түге азып туған мұндарлар! - деп тұра жөнелді.
- Тоқтаңыз, жолдас! Қайырылыңыз! Не қыл дейсіз? Айтқаныңызды істейік. Жазбайық деп жүргеніміз жоқ. Қол тимейді. Күнде қызмет, мәжіліс, дәріс, театр, суретке түсу, қызбен жүру, тағы, анау мынаудан мұршамыз келмейді.
Артына қасқырша қарап тұрды да, қайта оралды. Тағы сөйледі. Мен аузымды ашып, көзімді жұмып тыңдадым да отырдым. Ол айта берді:
- Жазушы кім? Ақын кім? Білесің бе? Олар - заманның айнасы. Елдің тұрмысын, өмірін, тілегін, арманын әдебиет айнасына түсіретін солар. Оны көрсе оны сақ, мұны көрсе мұны сақ болып қазаққа ұғымсыз не болса соған еліктемей, шын өмірді, деректі өмірді неге жазбайсыңдар? Төңкерістен бері қазақ елінің басынан қандай күндер өтпеді? Қазақ даласын көмірдей басып ақтар өтті. Қазақ даласындағы соғыс майданы ашылды. Мұның бәрі қандай із қалдырды? Осыларды қайсың жазасың?
Кеңес үкіметі орнады. Разберске, продналок, көлік,адам салығы түсті. Елді мелитсе, агент, инструктор, отряд қаптады. Ел не күйге түсті? Әуелгі кезде партияға тонын айналдырып талайлар кірді. Олар түрлі қызметпен, сайлау жұмысымен ел аралады. Сауатсыздықты жоятын дүмше мұғалімдер тарады. Олар елге не пайда, не зиян келтірді?
Қазақ жұтқа, ашаршылыққа ұшырады. Оның ауыртпалығы, шығыны, қайғысы, зардабы қандайлық болды?
Төңкерістің жақсы жақтары, еңбекшілер қожалығы, сот, оқу, мектеп, әйел теңдігі,жер алу, қала салу, кедей баласы оқуға ұмтылу, жұмысшылар, ортақшылар, жастар ұйымдары,жетімханалар ашылуы, олардың ісі - міне, осыларды келістіріп, суреттеген жазушылар бар ма?
Қазақтан төңкеріс үшін алысқан, жан қиған ерлер болды ма? Болса олардың өмірі немен өтті? Төңкеріс жағына шыққан азаматтардың кімі не істеді? Ортақшылдар мен боямалардың айырмасы неден көрінді? Ұлтшылдар, ортақшылдардың кесірі қандай болды? Бұларды қозғаған жазушы болды ма?
Бүгінгі шенқұмарлық, кеңесшілдік, ата ру намысы, губерне намысы, орынға таласу, топтасу, жіктесу қандай күйде? Кім не үшін күресіп жүр? Бұларды жазуға тісі батқан жазушы шықты ма?
Осылардың әрбіреуі әңгіме, бір роман болуға жарамай ма? Төңкеріс жазушысы, төңкеріс ақыны болсаңдар осыны неге жазбайсыңдар? Төңкерістің мақсатын түгел жазбаған соң, жазушымын деп не керек? Осынша соны, осынша бай әңгімелер жатқанда, сөз таба алмай сандалып, «Қара боранға», «Зар заманға», «Асық жарға», «Қайға зарға» салынатын не бар? Қандай уақ нәрлерден құралып, төңкеріс жемісі көрінбей ме?
Өткен жаз бір кедей шәкірт елге барып, өзіндей жиырма кедей баласын әкеліп, оқуға түсіріп отыр. Бұл теңдікті кедей баласы қашан алып еді? Әне, сенің өз еліңде параходта жүк көтеріп, жер астында көмір қазып жүрген талай жұмысшылар исполком болып отырғанын көрмейсің бе?
Мелшиіп не дерімді білмедім. Тесірейе қарап, тепсініп:
- Жазасың ба? - деп алтыатарын суырып алды.
- Ша...м...мам.... келмейді ғой, жолдас!
- Ендеше, жазғаныңды қоясың ба? - деп ақырып, мылтығын кезеніп кеудеме тақады.
- Қояйын, қояйын... - дедім. Басып жібере ме бойым шіміргіп, селк етіп көзімді жұмып қалдым.
Бітегенеден соң көзімді ашсам - түк жоқ. Баяғы үстелім басында шынтақтап отыр екенмін.