Өркениет пен мәдениеттегі ғылым
|
30.09.2016, 17:44
|
Өркениет пен мәдениеттегі ғылым.
Мәдениет жүйесіндегі ғылым және оның қоғамдағы орны мен функциялары.
Философиялық концепцепциялардың ғылымның дамуына әсері.
Ғылым тарихының әлеуметтік жақтары.
Ғылымның шығармашылығындағы философияның рөлі.
Ғылымның концепциялары.
Қазіргі заманы ғылым философиясының кейбір бастама идеяларын антик заманы философиясынан кездестіруге болады. Оған ертедегі Грецияның диалектикалық ойлау әдісін, математикалык, білімдерді құрудың аксиомалық әдісін және Аристотельдің формальдық логикасын жатқызуға болады. Ертедегі тәжірибелік білімдерінің дамыған жүйесі болмағандықтан, XVII ғ. Жаңа заман ғылымына тәжірибелік зерттеудің жаңа әдіс-тәсілдерін жасаудан бастауға тура келді. Осы мақсатта ағылшынның XVII ғ. философы Ф.Бэкон зерттеудің индукциялық әдісін жасады. Сонымен қатар италиян ғалымы Г.Галилей бақылау мен математикалық есептеу әдісін біріктіретін әлдеқайда күрделі де нәзік зерттеу әдістерін жасады. Олардың ішіндегі ең бір маңыздысы — эксперименттік әдісті Галилей механикалық қозғалыстың қарапайым формаларын зерттеу үшін қолданды. Бұл әдістің ерекшелігі сол, ол табиғат құбылыстарын натурфилософтар сияқты белгісіз бір күштердің және натурфилософиялық принциптердің көмегімен түсіндіруден бас тартты. Мұның орнына ол арнайы экспериментгер жасап, солардың көмегімен белгілі бір гипотезалар құру арқылы табиғатқа "сұрақтар қоя" бастады. Ол гипотеза-сұрақтарды тексеру үшін эксперименттердің нәтижесін математикалық тұрғыдан өндеу тәсілін қолданды. И.Кеплер планеталар қозғалысының заңдарын ашты және ақыр соңында И.Ньютон жасаған классикалық механика мен гравитация теориясы дүниенің механикалық көрінісін (бейнесін) жасауды аяқтады.
Дүниенің бұл ғылыми бейнесінің негізін құрған шындық дүниені ең жалпы детерминистік зандар басқарады деген түсінік болды, яғни дүниенің механистік көрінісінің мәні механикалық детерминизм принципінде деген ұғым берік орнады. Осы тұрғыдан қарағанда, шындық дүниеде барлық заттар мен құбылыстар механикалық себептер мен салдарлардың үздіксіз байланысынан тұрады, сондықтан олардың бәрі алдын-ала белгіленген деген түсінік үстем болды.
Астрономияда, физика мен химияда үстем идеяға айналған құбылыстардың өзара заңды байланысы туралы түсінік социология ғылымының бастамашысы болған және классикалық позитивизмнің негізін салған Огюст Контқа қатты әсер еткені сонша, ол механистік принципті қоғам өміріне қолдануға кірісті. Ол қоғамдық ғылымдардағы түрліше қияли-утопиялық жобалардан бас тартып, әлеуметтік өмірдің нақты фактілерін зерттеуге кірісу қажет, оларды мұқият талдау, жүйеге келтіру және жалпылау арқылы социологияны әлеуметтік физикаға айналдыруға болады деп есептеді. Ал ғылым философиясына келсек, ол ғылым ешқандай философияны қажет етпейді, нақты ғылымдардың үстінен қарайтын, сөйтіп оларға өз принциптерін жүктейтін метафизикадан ешқандай пайда жоқ деп санады. Сондықтан позитивтік (оң) философияның міндеті ғылыми танымның нақты нәтижелері мен қорытындыларын жай талдау, классификациялап, жүйеге келтіру ғана деп тұжырымдады О.Конт. Оның пікірінше, ғылым қайсы бір құбылыстар не себепті пайда болды деп сұрақ қоймастан, қалай пайда болғанын жай баяндап беруге міндетті. Осылайша құбылыстардың түпкі себебі мен мәнін зерттеуден бас тарту кейіннен позитивизмнің басты бір ережесіне айналды.
Белгілі ағылшын философы, экономисті Джон Стюарт Милль "Логика системасы" деген кітабында ғылымды индукциялық логиканың көмегімен тәжірибелік түрғыдан негіздеу дәстүрін жалғастыра отырып, өзінен бұрьш Ф.Бэкон тұжырымдаған индукцияның ережелерін жүйеге келтіріп, әрі қарай жетілдірді. Тәжірибеге жүгіну индукцияны негіздеу үшін жеткіліксіз екенін түсіне отырып, Милль табиғаттың біркелкі екендігі туралы априорлық принципті енгізді, сөйтіп эмпиризмнен алшақ кетті.
XIXғ. аяғы мен XX ғ. басына қарай ғалымдардың назары жаратылыстануда революция тудырған физика мен химияда болған ұлы жаңалықтарға ауды. Табиғи радиоактивтіктің ашылуы, энергияның сәулеленуі мен жұтылушының дискреттік сипаты, бұған дейін материяның әрі қарай бөлінбейтін ең кіші бөлшегі деп есептеліп келген атом құрылысының күрделі екендігінің ашылуы — мұның бәрі классикалық физика жасаған дүниенің ғылыми көрінісі жайлы ғалымдардың түсінігін түбірінен өзгертті. Оның орнына кванттық механика мен салыстырмалылық теорияға сүйенген дүниенің жаңа ғылыми көрінісі келді. Бірақ материя, энергия, кеңістік пен уақыт туралы бұрынғы түсініктердің түбірлі өзгерісі ғалымдардың кейбір тобының арасында ғылым зандары мен ұғымдарының объективтік мазмұнына күмәнданушылық тудырды. Мұндай релятивизмді жақтаушылар, егер ұғымдарымыз бен принциптеріміз өзгереді екен, онда олардың мазмұнында анық ақиқат ештеңе болмағаны деп пайымдады. Мұндай жағдайда ғылыми білімдердің салыстырмалылық мәселесі, салыстырмалы және абсолюттік ақиқаттардың арақатынас проблемасы бірінші қатарға шығатыны табиғи нәрсе.
XX ғасырдың 30 жылдарында ғылым философиясында XIX ғасырда позитивистер күн тәртібіне қойған проблемалар қайта көтеріле бастады. Ол проблемаларды шешу үшін зерттеудің жаңа әдіс-тәсілдері, атап айтқанда, сол кезге қарай жасалған математикалық (символдық) логика әдістері қолданыла бастады. Вена үйірмесінің және кейіннен неопозитивистер деп аталған эмпириктік философияның Берлиндік тобының өкілдері ғылым тіліне логикалық талдау жасау, сөйтіп теориялық физиканың тілі сияқты бір ізге келтірілген ғылыми тіл жасау — ғылым философиясының басты мақсаты деп жариялады. Осыған байланысты неопозитивистер логикалық позитивистер деген екінші атауға ие болды.
Тек тәжірибелік білімді ғана ақиқат білім деп санаған неопозитивистер теориялық ұғымдар мен пікірлерді қабылдау арқылы алынған сөйлемдерге жатқызуға тырысты. Осы сияқты мақсатты көздей отырып, қабылдауға негізделген таза тіл жасауға әрекеттенді. Бірақ олардың бұл әрекеті іске аспады, өйткені ғылым тілін теориялық терминдерден тазарта алмады. Верификация критерийінің көмегімен олар философиялық ой-пікірлер мазмұнсыз деп жариялауға әрекеттенді, өйткені оларды тәжірибелік жолмен тексеру мүмкін емес. Бірақ бұдан түк шықпады, өйткені оңда таза математикалық теоремаларды да, тіпті жаратылыстанудың негізгі теориялық қағидаларын да жалған деп жариялауға тура келер еді.
Неопозитивистік ғылым философисы жаңа білімді іздеу және дамыту проблемаларын мүлдем қарастырмай, дайын білімдерді тексерумен және негіздеумен ғана айналысуды өз міндеті деп санайтынын жоғарыда айттық. Ғылыми жаңалық ашу проблемаларымен ғылыми творчество психологиясы айналысуы тиіс деп санайды. Осындай міндетгі басшылыққа алған неопозитивистер ғылыми зерттеудің гипотезалық-дедукциялық әдісін қолданды. Бұл әдіс бойынша, ғылым философиясы гипотезалар жасаумен немесе ойлап табумен айналыспай, гипотезаларды, ғылыми жорамалдарды логикалық жағынан талдаумен, яғни олардан туатын қажетті логикалық салдардың бәрін қорытып шығарып, оларды эксперименттермен және бақылаулардың нәтижелерімен салыстыру ғана.
Карл Поппер ақиқатты анықтаудың верификациялық критерийіне қарсы шығып, оның орнына шын ғылымды жалған ғылымнан айырудың басқа критерийін ұсынды — ол ғылыми гипотезалар мен теорияларды фальсификациялауға, яғни бекерлеуге негізделді. Поппер бірақ ғылым философиясы ғылыми білімді негіздеу мәселелерімен ғана айналысуы тиіс деген неопозитивистердің басты тезисін теріске шығармады.
Ғылым философиясының неопозитивистік түсінігі қатаң сынға көп ұшырап, кейін басқа түсініктермен, көзқарастармен ауыстырылуға мәжбүр болды, сөйтіп оның орнына көптеген оған қарама-қарсы бағыттар, көзқарастар мен мектептер пайда болды. Солардың ішіндегі ең беделдісі ғылыми білімді зерттеу процесіне тарихи көзқарас тұрғысынан қарау болды. Қазіргі ғылым философиясын зерттеудің одан басқа да жаңа бағыттары шықты.
|
Ғылым және діннің арақатынасы – қарама-қайшы көзқарастарға толы күрделі тақырыптардың бірі. Бір топ ғалымдар олардың арасында ешқандай қайшылық жоқ деп дәлелдесе, тағы бір топ зерттеушілер бұл екі ұғымның қашан да қақтығысып келген деп сендіруге тырысты. Дін мен ғылымды еш уақытта бітіспейтін мүлдем қарсылықты дүниелер ретінде көрсету XVIII ғасырда кең жайыла бастағаны мәлім. Ал ол үрдіс әлемде коммунистік режим дүрілдеп тұрған XX ғасырдың орта шенінде нағыз шарықтау шыңына жетті. Тіпті, қаншама зерттеушілер расында солай екен деп ғылым мен дінді бір-бірінен бөліп қарауды қағида қып ұстанды.
Ал енді бүгін ақиқат көзімен тарихи мәліметтерге үңілсек, дін мен ғылымның бір-бірімен ұдайы үйлесімділікте болғанын көреміз. М.Борн, М.Планк, В.Гейзенберг, К.Ф. фон-Вейцзекер, П.Иордан және басқа да әйгілі физиктер осы шындықты тілге тиек еткен. Тіпті «ғылыми» атеизмнің ең ірі өкілдерінің бірі Шахнович өзінің шығармасында бұған таңырқағаны да белгілі[1].
Біздіңше, дін менғылымды бір-біріне қайшы етіп көрсету олардың арасындағы қайшылыққа емес, саяси билік пен тарихи-қоғамдық қозғалысқа әсер ету күшіне байланысты. Мәселен, орта ғасырларда христиан діні патшалық мемлекеттің мүддесін қорғаған идеологияға айналды. Сондықтан дін танымның өзге салаларының барлығын өз құрсауында ұстап, басқа көзқарастардың жұртқа тарамауын ерекше қадағалады[2]. Ал тарихта ғылым мен діннің қақтығысын дәлелдеген ғалымдар ретінде көрсетіліп келген Коперник, Галилей, Дж. Брунолардың ешқайсысы дінсіз болған емес. Қайта керісінше олар діндар еді. Бірақ Рим католик шіркеуі Інжілді түсіндіру тізгінін өз қолында ұстағандықтан, басқаша көзқарастардың өмір сүруіне жол бермеді. Мәселен батыста Декарт, Бойль, Гассенди, Ньютон секілді ғалымдар дін кітабы мен дүние кітабын қатар оқығанда ғана ақиқатты тереңірек тануға болатындығын айтқан-ды[3]. Орта ғасырларда ғалымдардың көбінің дін қызметкері болуы қайшылықтың ғылым мен дінде емес, түсініктің жаңсақтығында екенін айқын көрсетеді.
Өз кезегінде Аристотель, Платон секілді көне дәуірдің данышпандары да, астрономияның негізін салушы Николай Коперник те, бактериялар ілімін ашқан Луи Пастер де, физиканың жарқын шамшырақтары Ньютон, Паскаль, Фарадей, Вольта және Амперлер де Жаратушыларын танып мойындаған жандар болатын. Әйгілі Линней мен Кювье, геологияның атасы Ляйель, сонымен қатар Эйнштейн, Бергсон, Планк, Джине, Лодж секілді танымал ғалымдар да құдайға сенген.
Ал енді мәселені дұрыс бағамдау үшін, ғылым мен дін «қақтығысының» тарихи алғышарттарына қысқаша шолу жасап өтелік. Антикалық кезеңде ғылым мен дін арасында қақтығыс жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Өйткені ол кездері дін саяси биліктің панасында болатын. Сондықтан дінге қайшы келу, мемлекетке қарсы келу дегенге саятын.
Антикалық кезеңнен қайта өрлеу дәуіріне дейін ғылым мен дін бір-бірінен ажырағысыз, қоян-қолтық күй кешті. Ал XVIII ғасырда батыста жаңа мәдениет туды. Ғылым мен өндіріс дамыды. Бұл жағдай мәселеге мүлдем жаңа қырынан қарауға жол ашты. Атап айтқанда, әлемнің өмір жасы, биологиядағы механизм мәселесі, эволюция теориясы, элементтердің табылуы, жүйке жүйесі мен мидың функцияларын түсіну бағытында жасалған талпыныстар батыс әлемінде ғылым мен діннің қақтығысына негіз қалады.
Ғылым мен діннің қақтығысы дегенде, негізінен, материалистік батыс әлемі еске түседі. Оның ислам дініне қатысы жоқ екенін ашып айтуымыз керек. Өйткені һижра жыл санауы бойынша екінші ғасырдан бесінші ғасырға дейін жалғасқан және қазіргі батыс әлемінің ойлау жүйесіне де сүбелі үлес қосқан мұслымандардың ғылым-білімдегі жетістіктері бұған дәлел бола алады[4].
Дінді қате түсінуге себеп болған негізгі себептердің бірі – діннің материалистік пәлсапа, әлеуметтану және антропология тұрғысынан зерттеу нысанына айналуы, ал екіншіден, дін дегенде адам санасына бірден бұрмалаушылыққа ұшыраған христиандықтың сап ете қалуы. Осылайша соңғы ғасырларда жалпы дін сонымен қатар ислам діні де материалист батыс ой-санасының құрбанына айналды[5].
Материалистік түсінік бойынша күллі болмысты тек қана көзге көрінетін материалдық заттардан, ал адам баласы тәннен және сол тәннің туындысы саналған ой-сана мен сезім-түйсіктерден ғана тұрады деп пайымдауынан туындап жатты. Өкінішке қарай, «ғылымилық» шапанын жамылған осындай қысыр көзқарас дінмен қоса адам өміріне қатысты басқа да барлық құндылықтарға адамның өз қолынан жасалған өнім деп баға берді.
Сонымен қатар, сол шолақ түсінік бойынша, жасалған «ғылыми» емес ғылымға, яғни нақты лабораторияларда көзге шұқып көрсеткендей дәлелденбеген нәрсеге шындық деп қарауға болмайды. Себебі ол нақты емес. Ал дінді тек сенім мәселесі ретінде қарауға болады. Міне, осы түсінік батыста білу мен сенуді бір-бірінен бөле-жарып, екі бөлек ұғым деп қалыптастыра бастады.
Сондай-ақ лабараторияда сынақтан өтіп дәлелденген жағдайларды ғана «ғылыми» деп тауып, оның тысындағылардың ақиқаттығын мойындамай, таным шеңберін шектеп қойды, әрі осы шектеулі әдіс арқылы қол жеткізген жетістіктерді ақиқаттың шыңы деп қабылдап, дінге қарсыкүресте соны өзінің жойқын құралына айналдырды. Яғни әлемдегі бүкіл жаратылыс атаулы физика, химия мен астрономияның, ал адам биология мен психологияның зерттеу нысанына айналды. Осы ғылым салаларының қолданған әдіснамалары мен құралдары арқылы қол жеткен нәрселер ғылыми, оның тысындағылар қияли болып қала берді.
Міне, дінге ең алғаш жойқын соққы болған осы түсінік еді. Осының арқасында ғылым мен діннің, ғылымилық пен діни түсініктің арасы бір-бірінен жер мен көктей алшақтап кетті. Бұл болса кейбір зиялылардың дінді өмірде ешқандай мәні жоқ догмалар жиынтығы деп қабылдауына әкеліп соқты.
Иә, қайта өрлеу дәуірінен кейін қалыптасқан аристократия мен оған одақтас буржуазия, өздері аңсаған толық билік пен өз қалауынша еркін өмір сүру үшін шіркеуді өзінің тар дуалының ішіне тықсырып, христиандықтың іргесін шайқап, жою жолында аянбай күресті.
ХІХ ғасырдың орта кезеңдерінен бастап Огюст Конт (1798-1857) және позитивизм, білім мен технологияның жетістіктерінің күшіне сенген бірқатар ғалымдар ХХ ғасырда дін кезеңінің аяқталып, адамдардың бұдан кейін «құдайсыз» әлемде, ешқандай рухани күштердің көмегінсіз-ақ, өз болашақтарын өз қолдарымен, ақылдарына сүйене отырып жасайтындығын айтқан-ды.
О. Конттің көзқарасы бойынша, заманауи технологияның құрған зауыт-фабрикалары позитивистік жаңа әлемнің ортақ ғибадатханасына айналса (шіркеуі), К. Маркстің ойынша, өз құтқарылулары жолында көздері ашылған жұмысшы пролетариат «адам санасын улайтын апиынды» қоғам өмірінен аластады. Позитивист Макс Вебер де осы ғасырда дін дәуірі толықтай бітеді деп топшылады. Тіпті неміс пәлсәпашысы Ницше «құдай өлді» деп жар салып үлгерді[6].
Сонымен қатар киелі кітаптың түрлі тілдерге аударылып, әр түрлі мағынада түсінуге қолайлы мәліметтердің де болуы, екінші жақтан позитивист, натуралист зерттеушілердің, әсіресе Дарвин мен Ламарктің көзқарастары нәтижесінде туған экономикалық, әлеуметтік, мәдени сілкіністер және солардың ықпалында туындаған жаңа пәлсапалық бағыттар мен түсініктер батыс әлеміне қайта соққы беріп, барлық нәрсенің астаң-кестеңін шығарды. Бұл үрдіс буржуазияның шіркеуге қарсы күресін жеңілдетті. Міне, осының нәтижесінде танып-білу мен иман келтіруді екі бөлек етіп көрсетіп, дінді догма ретінде ұсыну пайда болды.
Ғылым мен діннің арасында үлкен алшақтық пайда болды. Қайта өрлеу дәуірінде батыс әлемінің алдында христиандық тұрғандықтан, дін мен ғылым қарама-қайшы ретінде көрсетіліп, иманнан гөрі ақыл мен ғылыми таным басты негізге алынды. Карл Марксқа ең көп ықпал жасаған Фейербах осы ақиқатты «Христиандық біздің тіршілік және өрт қауіпсіздігімізге, темір жолдар мен кемелерімізге, әскери және техникалық мектептерімізге, театрларымыз бен ғылыми мұражайларымызға қарама-қайшы қатып қалған пікірден басқа ешнәрсе де емес» деп білдірген (Илим ве дин, 53-б.). Осылайша, ғылым дінді өз негіздерінен қопарып алып, материалистік шеңберде зерттеу обьектісіне айналдырды.
Анторполог Фрейзер діннің бастауы ретінде магияны, Тайлор, анимизмді, Броссес фетишизмді көрсетті. Фрэйдтің көзқарасы бойынша, діннің қайнары «Бала кезде бастырылып қалған хаиуани сезімдердің бертін келе қайта көрініс табуы» болса, В. Джеймс дінді «салиқалы ақыл-ес пен науқас рухтың нәтижесі» деп санады. Карл-Густав Юнг дінді «аңыздарға, рәміздерге, қоғамдық түп-сананың рухани қазыналарына» апарып теліді. Діннің бастауын іздеушілерге кейін әлеуметтанушылар да қосылды. Дюркгейм діннің негіздерін қоғам мен оның аңсар-армандарынан іздесе, Маркс пен оның ұстаздары «ождансыз бір әлемнің жүрегі және халықтың санасын улайтын апиын» деп көрсетті.
Осылайша әр саланың мамандары дінге өз мүдделеріне қарай анықтама жасап шығарып, дінді орынсыз қаралады. Бір әлеуметтанушы жеке тұлғаның қалыптасуын әлеуметтік себептерге негіздесе, саясаттанушы саяси негіздер, ал психолог өз қағида-құралдары шеңберінде негіздер іздеді. Осының нәтижесінде бір-біріне қарама-қайшы көптеген теориялар пайда болды. М. Вебердің атйқанындай, «қайсысына сенеріңді білмейтін көптеген «(білім) пайғамбары» шықты[7].
Міне, осылайша тек қана материалистік түсінікке негізделген дүниетаным әлемдік өркениеттердің негізін құраған діндер мен пайғамбарлық ақиқатын, сол негіздерден сусындаған шам-шырақжұлдыздарды жоққа шығарды. Осы мақсатта Дарвинизм теориясы ең негізгі құралға айналды. Білім мен ғылымның жетістіктерін өз мүдделеріне пайдаланып, жаңа «білім дінін» жасап, оны пұтқа айналдырып жібергенін де байқамай қалды. Осының нәтижесі Аллаһ тағаланы жоққа шығаруға дейін алып барды. Осылайша «ғылымның» өзі дінді догма деп терістеймін деп, өзі төзімсіз догматизмге айналып шыға келді.
Дінге қарсы шығу желігі бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін бәсеңдей бастады. Уақыт өте келе материалистік көзқарасқа негізделген ғылыми әдістердің де шалалығын тілге тиек еткен ғалымдар шықты. Өткен ғасырда позитивистік ғылымды сынға алғандардың бірі П. K. Фейерабенд (1924-1994). Ол ғылымның дамымай бір орында тұралап қалып, догмаға айналып кеткенін алға тартып, мүлдем жаңа әдіснама ұсынды. Ол ғылымды пұтқа айналдырған позитивистерге қарсы шыққан-ды. Қалыптасып қалған классикалық ғылымға қарсы шығуымен Фейерабендке жетекшілік жасаған Карл Поппер (1902-1994) экспериментальды ғылымдар саласында индукция әдісіне қарсы шықты. Оның ойынша ғылыми бір теория тек қана дедукция әдісі арқылы «терістелуі мүмкін» деген қағиданың сынағынан өткенде ғана дәлелдене алады. Ғылымды осы тұрғыдан қолға алған Поппер Марксист тарих, Фрейдтік психоанализ және Дарвинистік эволюция теориясын үйреншікті қабылданған көзқарасқа сай ғылыми емес, қайта «жалған ғылымдар» болып табылады.
Қысқаша қайырсақ, Кеплерден бастап Ньютонға дейінгі ғалымдар жаңа ғылымның тууына себепкерлік жасаған әрі ғылыммен қоса өздері өмір сүрген қоғамның көбіне дінге негізделген мәдениеттің синтезін жасады.
Негізінде, жаратылыстану ғылымдары әр нәрсенің сезім мүшелеріміз арқылы танып-білетін қырлары мен функцияларын зерттесе, дін солардың түпкі мәнін іздейді. Осы тұрғыдан алғанда ғылым мен дін екеуінің де мақсаты – әлемді, жаратылысты түсініп-түсіндіруге деген ұмтылыс. Дін бұл дүниені жақсы, жаман, сүйіспеншілік пен жек көру секілді жоғарғы сезімдерге мән-маңыз бере отырып, қолға алатын ауқымды дүниетеным болып табылады.
Ғылым мен діннің зерттеу нысаны бір арнадатүйіскенімен, қолданатын өлшемдері екі басқа. Адамның салмағы киллограммен, бойы сантиметрмен өлшенетіні секілді. Сондықтан екеуін бір-бірін терістеуге бағытталған бақталас емес, қайта дүниені екі қырынан алып қарастыратын бір ақиқаттың екі жүзі деп қабылдау шындыққа көбірек жанасады.
Дінді бір ғылым немесе пәлсапа деп қабылдап, соған қарай үкім беру үлкен қателік болып табылады. Негізінен діннің ғылымның себеп-салдарымен белгілі бір дәрежеде қатысы болғанымен, оның туындысы емес. Дінді түсінуде ақыл-ой мен қисынның өте маңызды орны бар екені ақиқат. Алайда оның ақыл-ой қамти алмайтын да көптеген қырлары баршылық. Діннің ең маңызды тереңдігі де сан-түрлі түсінікке негіз болған осы қырларында. Ғылым секілді дін де ақыл-ойды негізге алады, бірақ оны ешқашан діннің қайнар бастауы ретінде санамайды.
Ғылымның мақсаты, әлемді, қоршаған ортаны, адамды зерттеу болғандықтан көбіне материалдық нәрселермен шектелгендіктен бұның өзі нағыз ғылым бола алмайды. Шынайы ғылым адамды өзін тануға және жаратылуының түпкі мақсатының не екендігін түсіндіруге қызмет еткенде ғана нағыз ғылым болмақ. Әйтпесе, ол адамның тәндік қажеттіліктерін ғана қанағаттандыруға бағытталған мәліметтер жиынтығынан әрі аспайды. Сондықтан нағыз ғалым әлемді таныған сайын, жаратқанға деген ынтамызды арттыра түсуі қажет. Әйтпесе ол шолақ білім болып қала бермек. Шынында нақты ғылымдар әлемнің қалай жаратылғанына қатысты жорамал жасай алады, алайда әлемдегі керемет жүйе мен үйлесімнің астарында жатқан Ұлы жаратушының құдіретін назарға алмаса, «неге жаратылды?» деген сұраққа ешқашан дұрыс жауап бере алмайды.
Негізінен дін мен ғылым арасындағы қақтығысты тудырған материалистік (натуралистік) сана. Және бұл қақтығыс ұзаққа созылмай советтік-атеистік идеолгоияның күйреуі нітижесінде үлкен өзгеріске ұшырап, дәстүрге, дінге қайта оралу процесі шапшаңдықпен жүзеге асуда. Тіпті «ғылым мен технология дамып, ғылымның шешпеген мәселесі қалмайды, дін адам санасынан өшеді» деп көлгірсіген түсінік өшіп, керісінше ХХ ғасыр діниренессанс ғасыры болды. Қазір материализмді қорғап, оны жалғыз ақиқат деу ғалымдар арасында күн тәртібінен баяғыда-ақ түскен.
Қазіргі таңда физикалық нәрселермен қатар метафизикалық нәрселердің, материя мен қатар антиматерияның бар болу фактілері, қарақұрдымдар мен оның арғы жағындағы құпия да жаңаша ой қозғауға итермелеп отыр. Әлемде ғылымның әлі танып-біле алмаған, өресі жетпеген құбылысы көп, бір адамның өзін толық танып, бола алмай жатқан ғылым қалайша әлемде ашылмаған сыр қалмайды деп астамшылық жасай алады?! Қайта әр ашылған жаңалықтың арқасында тағы бір үлкен жаңалық менмұндалап тұратыны ғалымдарға белгілі.
Діни түсініктен мақұрым қалған ой-сана Құдай тағаланың ардақты етіп жаратқан адам баласын «ойланатын хайуан», ішкі түйсіктерінің, хайуани қалауларының жетегінде кеткен жануар деп анықтама берді. Бұл, әрине, адам баласы үшін үлкен қасірет. Дамыған ғылыми-технология ғылымның жетістігі екені даусыз. Алайда ол бір жақтан адамға жеңілдік әкелсе, екінші жатқтан үлкен экологиялық апаттарға жол ашуда. Материалистердің әлемді материядан тұрады деп оның тысындағы нәрселерді терістеуінің өзі қыңырлық әрі бір жақтылық, догматизм әрі фанатизм болып есептеледі. Материализмнің ықпалынан құтыла алмаған модернистік сананың салдарынан адамзат баласы үлкен тығырыққа келіп тірелді. Міне осының кесірінен адамзат білім-ғылым, технология дамыған заманның өзінде үлкен қасірет тартып, дүние жүзілік соғыстар мен экологиялық апаттарға куә болып отыр.
Позитивистік пәосәпаға ғана негізделген жаратылыстану ғылымдары адамзат үшін моральдық-этикалық құндылықтар сыйлай алмайды. Өйткені олардың мақсаты материяны зерттеп-зерделеп, материалдық игіліктен шамасы келгенше тұтынып қалуды көздейді. Тойымсыз тұтынушылыққа негізделген гедонистік түсініктің нәтижесінде экономика саласындағы инфляция мен кризистер кең етек жайып, жұмыссыздықтың ұдайы ұлғайып, әлемдік деңгейде әлеуметтік теңсіздіктердің артуы нәтижесінде бай елдер мен артта қалған елдердің арасында өте үлкен айырмашылық туындауда.
Бір елдерде адамдар семіздік пен тоғышарлықтан қасірет шексе, енді бір жерде халық аштықтан қырылуда. Күн санапартқан маскүнемдік, нашақорлық, аста-төк ысырапкершілік, зинақорлық, күллі адамзатты жер бетінен жойып жіберерлік қару-жараққа миллиардтаған долларлардың жұмсалуының бәрі әлгі адамзат бәрін өз қолымен жасап, өзі билейді деген гедогистік сананың әкелген қасіреттері. Онсыз да адамзат өткен ғасырдың басында бірінші дүниежүзілік соғысқа, еске түссе әлі де адамның төбе шашын тік тұрғызатын екінші дүниежүзілік соғыс пен Хирошима-Нагасаки апатына куәлік еткен-ді.
Қазіргі таңда адамзаттың дінге деген құштарлығының астарында адам баласының өз-өзін тануы, Жаратқан иеге деген мұқтаждығы мен онсыз өмір сүре алмайтындығын ұғынуы жатыр демесек оны басқаша қалай түсіндіруге болады?! Адамның рухы мен жан дүниесін материалдық игіліктермен тойдыру мүмкін емес. Ғылым-білім қарыштап дамып, техника-технологияның ілгерілеуіне қарамастан адамзат рухани жұтаңдыққа ұшырауда.
Адамзат тарихы атеизм мен негилизмнің тым маргиналды, ал тарихта өшпес із қалдырған нәрсе діни сенім мен қасиетті әдеттер екенін айқын көрсетті. Өйткені адамзат жаралғалы бері пәлсәпа, ғылым мәдениеттің бәрінен бұрын адам баласының санасы мен жан жүрегінде Ұлы құдырет иесіне деген сенімнің болғандығы анық.
Әлемдік деңгейдегі ірі ойшылдар құрғақ білімнің адам баласына көп пайда әкелмейтінін, оның қадір-қасиетінің адамгершілікті тұлғалардың қолында болғанда ғана айқындалатындығын бір ауыздан құптайды. Осы тұрғыда Эйнштейн «Ғылым бізге айналадағы құбылыстардың бір-бірімен қалайша байланыста болғандығын көрсетеді Алайда қалай болуы қажеттігін үйретпейді» дейді. Сонымен қатар «Адамның түпкі мақсатын тек қана дін белгілей алады. Бірақ оған қай жолмен жету қажеттігі мәселесінде ғылымның да айтар сөзі бар. Ғылым ақиқатты кемшіліксіз білгісі келген жандар тарапынан қалыптасып, белгілі бір қағидаларға негізделіп құрылады. Бірақ оның да негізінде көбіне дін шешуші рөл ойнайды. Мен терең иманы жоқ ғалымды елестете алмаймын… Негізінде, дінсіз ғылым – ақсақ, ғылымсыз дін – көр соқыр» деп тамаша айтып кеткен.
Дін мен ғылым бір ақиқаттың екі жүзі. Текқана құрғақ ғылым үйренгенде айла мен күмән туындаса, бір жақты дінді ғана үйренген кезде фанатизм туады. Міне, сондықтан ғылым мен технолгияның жетістіктерін адамның тәндік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана емес, негізгі жаратылу мақсатын танып-біліп, өмірін соған қарай өрбіту жолында қолдану қажет. Ғылым мен дін қол ұстасып, қатар жүргенде ғана адамзат іздеген бақытын табады. Сол себепті ұрпақтарымызға дінді, әсересе ата-бабамыз сонау ерте замманнан бері ұстанып келе жатқан, кәміл түрде жіберілген, ғылым-білім мен қатар адамзат өркениетіне өте үлкен үлес қосқан, күллі адамзаттың мақатынышына айналған кәміл адамдарды тәрбиелегеп шығарған Ислам дінін дұрыс үйретудің жолдарын қарастыруымыз қажет.
Резюме
Достарыңызбен бөлісу: |