ЖАНЫС
ЖАНЫС
Ұраны «Жаныс», «Төле», таңбасы:
Источник ketpe.com
Жаныс Дулат руы төрт атасының бірі (3 в-қосымшаны қараңыз). Қазақ шежіресі бойынша, Жаныс сегіз атадан тұрады. Олар:Жарлықамыс, Шегір, Өтей, Жалмәмбет (Бөгетжайлы), Жантай, Жанту, Оймауыт (кірме) пен Жантақ. Өкінішке қарай, біздің құзырымызда Жаныс руының төрт атасы туралы мәлімет бар да, басқалары жайында деректер жетіспейді. Олардың екеуі Жарлықамыс пен Жанту туралы мағлұмат толығырақ.
Сонымен Жарлықамыс екі бұтаққа: Байыс пен Қасқарауға (Бейімбет) бөлінеді. Байыс өз кезегінде бес ата: Қарымсақ, Назар, Жолсейіт, Қайыпберді, Байсейітке жатады. Қасқарау үш ата: Ораз (оның Сұлтанкелді, Бөкен атты ұлдары болды), Бұқар (Баба, Сырымбет, Құлболды мен Тілеуімбет) және Елтүзер (Төке, Туыс).
Өтей атасы екі бұтақтан өрбиді: Мәуетей мен Мауза. Жалмәмбетке (Бөгетжайлы) Бесқалмақ жатады. Бұл этноним жеке тулғаның есімі емес, ол әлдебір себептермен Жанысқа қосылатын кірме қалмақтардың тобы деп түюге болады. Ал, Жалмәмбет (Бөгетжайлы) атауының қалай, қайтіп шыққаны жайында нақты деректер қолымызға түспеді.
Бүкіл Жаныс кіндігінен өрбіген аталардың ішіндегі ең көбі жетіге бөлінетін Жанту: Жайылмыс, Ақберді, Өтеміс, Жаңабай, Құдайберді, Құжақ пен Қожамберді. Бізде бұл жетеудің үшеуі туралы ғана мағлұмат бар. Сонымен, Жайылмыстан жалғыз Қыбырай батыр (ол Төле биден жасы үлкен, Ташкенттен жоғары Шыршық өзенінің оң жағасында тұрды), ал Ақбердіден жалғыз Шынәлі, одан үш ұл бар: Ақыл, Жандар, Қонысбай би; соңғыдан Ақжейде батыр. Біздің қолымызда Құдайберді ұрпақтары тегінің бір бұтағы туралы ғана мәлімет толық. Сонымен, Құдайбердінің жеті ұлы бар: Әлібек, Тоқпан, Түгел, Данай, Аңтай, Баңыбек, Құдайбек; Әлібектен атақты Төле би мен бесеу: Елі би, Өтебай би, Тыныбек, Ақтобат пен Шора; Төле биден Әуезбек, Сүйіндік, Қожабек, Ниязбек батыр мен Қожаберді батыр. Соңғыдан Дербісәлі, одан Шойбек би және одан Момбек датқа. Ниязбек батыр Ташкенттен жоғарырақ «Ниязбек» қамалын салса, Момбек датқа Кенесары Қасымовтың қолдаушысы болған еді.
Жантақтан екі ұл: Қадыке (Ерубай) мен Еламан. Соңғыдан екі ұл: Қотыр мен Жуанбек; одан Қасқа батыр.
Көрініп отырғанындай, Өтей мен Жалмәмбет аталары туралы біздің мәліметіміз тапшы, ал Шегір, Жантай мен Оймауыт батырдың тегі туралы мүлде бейхабармыз.
Соған қарамастан, тұтастай алғанда Жаныс руының шығу тегі жайында недәуір мағлұмат алуға болады. Тіпті, XIX ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Момбек датқаға дейін туыстық жүйе аңғарылады. Жанысқа ол оныншы атадан барып қосылады.
Жауынгерлік ұраны «Жаныс» болғанымен, кең ауқымда жалпы дулат ұраны «Бақтиярды» да қолданады. Оның үстіне ішкі рулар арасында, әсіресе, бәйгелерде атақты Төле би есімін атап, «Төле» деп шабады.
Жаныстың рулық таңбасы Дулаттың да, басқа туыс аталары Ботбай, Шымыр, Сиқымдардың дөңгелек О белгісіне жақын таңбаларынан да басқашалау – ^ (Гродеков пен Аристов), > (Аманжолов, Востров бойынша), бірақ, бұнда тұрған қым-қиғаш айырмашылық жоқ, бәлкім, әлдебір автор кішігірім өрнектеуде қате жіберіп алуы да кәдік, оның үстіне Н. Аристов бұл таңбаны келтіріп отырып, Гродековқа сілтеме жасайды, В. Востров болса өз жорамалында Гродеков пен Аманжоловқа нұсқайды.
Дулат рулары XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында негізінен Жетісу облысы Қапал, Жаркент, Верный уездерінде, сонымен қатар Сырдария облысының Шымкент, Әулиеата, Ташкент уездерінде тұрып келеді.
Ұлы жүз руларының саны жағынан ең көбі дулаттар. Оның ең ірі аталары (Ботбай, Шымыр, Сиқым мен Жаныс)Верный, Әулиеата мен Шымкент уездерінде қоныстанды.
Әрбір рудың уездерде қалай тұрғанын білу үшін ең алдымен, сол кездегі есеп-қисапқа жүгінген абзал. 1867-1884 жылдардағы көші-қон жағдайын қаз-қалпында беретін А. Макшеев, Гродеков, Смирнов пен М. А. Терентьевтің қомақты кітаптарынан цифр-мағлұматтарды алатын Н. Аристовтың еңбегінде қызғылықты нақты деректер ұшырасады. Әрине, ол мәліметтердің дәл екендігіне ешкім кепілдік бере алмайды, өйткені оларды әр кездегі адамдар (жиырма жыл бедерінде) әр ресми мағлұматтардан алып отырды. Әйтсе де, олар рулардың қоныстану барысын белгілі жағдайда анық көрсетеді.
Сонымен, сол мәліметтер негізінде Дулат руларының Верный, Әулиеата мен Шымкент уездеріндегі санын келтіре кету жөн.
Бұлардан тыс Н. Аристов Смирновқа сүйеніп, дулаттардың Перовский мен Ташкент уездерінде тұрғанын көрсеткенімен, олардың санын келтірмейді, ру-руға бөлмейді, өйткені бұл аймақта аз қоныстануға байланысты болуы керек, оны Макшеевтің Ташкент уезі бойынша жасаған мәліметі де растайды.
Кестеден көрінгеніндей, бүкіл дулаттардың саны 18 682 үй болса, сол беттердің тағы бір тұсында Н. Аристов Іле мен Шыршық өзендерінің арасында шамамен 40 мың үй Дулат тұрып жатқанын атап кетеді. Бұл сан айырмасы 20 мыңнан астам шаңырақ, сол себепті оны біз білетін деректер көзімен түсіндіру оңай емес. Әйткенмен, кестеде келтірілген есеп-қисап дулаттар руының үш уезде қалай қоныстанғанынан біршама хабар береді.
Мәселен, егерде XIX ғасырдың екінші жартысында Ботбай руының көпшілігі (78%-і) Верный мен Әулиеата уездерінде тұрса, қалған жартысы (49 процент) бір ғана Шымкент уезінде қоныстанды. Егер Сиқым руының басым көпшілігі (75 процент) Шымкент уезінде болса, төрттен бірі Верный мен Әулиеата уездерінде (25 процент); ал егер Жаныс руы негізінен (83 процент) Шымкент уезінде, аздаған бөлігі (17 процент) Верный мен Әулиеата уездерін жайлады.
Сөйтіп, Дулат руының төрт атасы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Верный уезінің қазақтары арасында аралас-құралас жүрді. Верный уезі Қапал уезінің оңтүстік- батысындағы Іле өзенінің сол жағасында орналасқан. Оның жері ыңғайына қарай жаратылыс – географиялық жағынан оңтүстікте тау етегі қыраттар мен солтүстігінде жазық далаға ұласады.
Верный уездерінің қазақ тұрғындары толығымен Ұлы жүздің құрамына енетін Сарыүйсін, Дулат, Албан, Ысты, Шапырашты, Жалайыр мен Қаңлы руларының өкілдерінен құралады. Солардың ішіндегі ең көбі Дулат руының төрт атасы (Ботбай, Шымыр, Сиқым мен Жаныс). Сан жағынан басымы шығыста Сарыүйсіндер мен батыста Ыстылардың қыстауларының арасында орналасқан Ботбайлар болатын. Олардың арнайы пайдаланатын ұланбайтақ қыстаулары бар еді. Ботбайлардың бір қауымы Аңырақай тауының атырабында Сұмса өзенінің бойындағы Айдарке, Бесқауға, Ақсеңгір мен Доланқара шатқалдарында қыстады. Басқа бір қауымы Ащысу, Алмалы, Қызылсай мен Ұзынбұлақ шатқалдарын мекендеді. Үшінші бір қауымы Белбұлақ-Қарасу-Көтентай басы, Көлтоған, Қарағайлы, Сарыкемпір шатқалдарында қыстап жүрді. Ботбай қауымдастығының төртінші тобы Ақсай, Қаскелең, Қоралы, Бескөл шатқалдарын иемденді. Ботбайлар жайлауға Қастек, Қарақастек шатқалына шығып кетіп, көбісі қыстаудан жырақ кетпей, көктем, күз маусымында өз қыстауларының қасында қоныс тепті.
Сиқым руының аздаған қауымы Қараой, Қаскелең шатқалдары, Кіші Ақсай, Кіші Алматы өзені мен Қарасу бойында қыстады. Жайлауы сол маңайдағы Алатау жоталарында болды.
Шымыр руының қауымы да аз еді, біреулері Қараой, Қызылеспеде қыстаса, екіншілері Ақжар мен Жалғызағашты мекендеп, жаздыгүні Алатаудың жонын жайлады. Верный уезіндегі Дулат руларының ішінде Ботбайлардан кейін көп тарағандар Жаныс атасы болып келеді. Олардың бірсыпырасы Қарашеңгел шатқалын қыстады, біразы Есік өзенін, Көжентай шатқалын, қалғандары Қарасу, үлкен Алматы өзендерін, бірнеше топ Ақши, Шамалған мен Көктөбені мекен етті. Жаныстардың үлкен бір тобы уездің батыс шекарасын жайлап, Жамақты, Балажал, Сарықайық, Дөңгелексаз, Боқтозақ, Айғыржалға, Шетенді, Күркіреу, Қордай, Қоянды, Ақтерек, Талдыбұлақ өзендері бойына қыстау салды. Жаныс руының жайлауы Алатаудың алып шабындықты аймағында болды.
Дулат руларының көп бөлігі төрт түлік өсіріп, сонымен қатар, суармалы жер мен сүдігерге егін салды. Сарыүйсіндермен салыстырғанда оларда түйе мен қой өте аз болды, ірі қара мен жылқы басым түсті. Верный уезіндегі дулаттар жартылай отырықшы өмір кешіп, негізінен қыстауларынан онша алысқа ұзаған жоқ. Мүмкіндігі бар дәулетті адамдар жазға салым солтүстіктен тіке күнгейге қарай көшіп, түпкілікті тау шабындықтарын жайлап, күзге қарай қайтадан теріскейге қарай көшіп отырды. Суармалы жермен негізінен тау өзендерінің алқаптарында айналысты.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Сырдария облысы, Әулиеата уезі қазақтарының басым көпшілігі негізгі рулардан (Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Жалайыр мен Дулаттар) тұрса, ал Қарқаралы уезімен шектесетін Шу өзенінің оң саласының орта тұсында шамалы арғындар өмір сүрді. Бұл бір тектес рулар тобы Шу мен Талас өзендерінің бойында топтасын қоныстанды. Олардың бәрі белгілі айрықша қыстауларды иемденді. Көктемгі, күзгі қоныстары да, қысқы тұрақтарынан ұзамай, ең бастысы Мойынқұм өңірінің, орталығына таман орналасты. Ал жайлауы, аймақтың оңтүстік жағындағы Тянь-Шань мен Талас Алатауының етегіндегі шұрайлы жерлерде созылып жатты, солтүстігінде Қарқаралы уезіндегі көптен бері өзара бөлісіп қойған телімге тірелді.
Осы орайда бізді Дулат руларының төрт атасы Ботбай, Шымыр, Сиқым мен Жаныстың көшіп-қонып таралуы қызықтырады. Олардың ішінде бұл уезде ботбайлар мен шымырлар көбірек те, өзге екі ата бұнда салыстырмалы түрде өте аз тұрады.
Сонымен, дулат руларының қыстаулары негізінен Шу мен Талас өзендерінің бойында қоныс тепті. Олар Шу өзенінің сол жағасынан, Верныйдан, Шымкент уездеріне дейінгі алқапты алып жатыр. Ботбай руы қауымдастығының мекені Шу өзенінің төменгі сағасында, оларға көлденең Шымыр мен Сиқымдардың қыстаулары жалғасты, одан әрі Шапыраштылар орналасқан. Сиқымдар, ал одан соң жалайырлармен қоңысы қонатын Жаныс рулары жайғасты. Шу өзенінің оң жағасында Дулат руының төрт атасы осылай қоян-қолтық тұрып жатты.
Дулат руының басқа бір шамалы тобы Талас өзенінің жоғарғы тұсында орын тепті. Шынтуайтында, жоғарғы Таластың оң жағалауында, Талас Алатауының баурайында Шымыр қауымдастығының қыстауы, ал сол жағасындағы ыстылардың ата қонысында Ботбай мен Сиқымдардың қыстаулары мидай араласып жатты.
Сөйтіп, төңкеріске дейін қазақтар Әулиеата уезінде Шу мен Талас өзендерінің бойында, олардан тарайтын кішігірім бұлақ пен бастаулардың аңғарында тұрақтап жүрді. Бұндағы елді мекендер, қазақ ауылдары қомақты еді, ондағы шаңырақ саны 15-тен 50-ге дейін жететін. Бұндағы тұрақ-жайлар шағын болатын, ал суармалы жерді жаппай ұжымдасып пайдаланатын. Ол қауымдасқан егінжайды бірлесіп, арық тартып, ескі су жүйелерін жөндеп, әркім өз әлінше, қал-қадарынша еңбеккерлердің санына қарай игерді. Сүдігерге егін салу көп жағдайда әрбір шаруашылықтың мүмкіндігіне қарай жүргізілді. Қыстаулар қасындағы жайлау да ауыл-ауыл болып, немесе қауымдасып пайдаланылды.
Шаруашылықтардың көбісі қауымдастықтың қыстауларында жайласа, малы көп байлар Қырғыз бен Талас Алатауының қойнауына кіріп кетіп, баз біреулері тіпті атақты Сусамырға дейін өрлеп кететін. Күздеулер мен көктеулер, жайлау жолында, қыстаулар қасында, ең бастысы, Мойынқұм мен оның қойнауында болатын.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Шымкент уезінің қазақтары этникалық тұрғыдан үш жүзді түгел қамтыды. Кіші жүзден мұнда тамалар, жағалбайлылар мен шеркештер тұрды; Орта жүзден қоңыраттар; ал Ұлы жүзден Ысты, Ошақты, Сіргелі мен Дулат руы төрт атасының басым бөлігі мекен етті. Сондықтан қазақ халқының мұндағы басым бөлігі Ұлы жүз өкілдері болып есептеледі.
Сонымен, Шымкент уезіндегі, Ұлы жүз руларының ішіндегі ең көп тараған этникалық топ дулаттар. Бұл жерде де біз солардың арақатысын қарастырамыз.
Біз кестеден көргендей, бүкіл дулаттардың үш уездегі саны 18 682 шаңырақ болса, Шымкент уезінде солардың 11 782 түтіні тұрады, бұл аталмыш рудың 65 процентін құрайды. Егер Аристов көрсеткен басқа санға жүгінсек, онда олардың ара салмағы 30 процент болып, соңғы мәлімет Шымкент маңайындағы дулаттардың санын көбейте түседі. Сол себепті қалай дегенде де «65 проценті» шындыққа жақын деп есептейміз. Олай болса, Шымкент өңіріндегі Дулат руы төрт атасынан сиқымдар 4570 шаңырақ, жаныстар 3 374, шымырлар 3 334; ботбайлар 274 шаңырақ болып, түтін түтетіп отырды.
Шымкент уезінде Дулаттар жинақы отырып, оңтүстік-батыс жақты қоныстанды. Айта кету керек, олардың мекен еткен жері ауа райы жағынан өте қолайлы еді. Мәселен, Дулат руларының қыстаулары, ең бастысы, ежелден суармалы егіншілік өрбіген, отырықшылық пен жартылай көшпелі өмір ошақтары өркендеген Сырдария, Арыс, Келес, Бөген, Арыстанды, Боралдай, Шаян, Иқансу, Бадам, Ақсу т. б. өзендердің екі жағалауын алып жатты. Дулаттар ұлылы-кішілі көптеген өзендердің жайылымында қысқа қарай малға жем-шөп әзірлейтін. Ал, Қызылқұмға жақын Сырдария өзенінің сол жағасында дәулеттілер отар-отар қой өргізіп, келе-келе түйе бағып, көшіп-қонып жүрді.
Шымкент уезіндегі қазақтар, әсіресе дулаттар шаруашылығының бір ерекшелігі бұл диқандардың қауымдастығы ірі болып келеді, мұнда орташа ауыл 30 және одан да көп болып, ынтымақтасып, су көзін пайдалануда, суармалы жер мен шабындықтарды игеруде тығыз байланысып, бірлікпен тіршілік етті.
Мәселен, көптеген жаныстар Ташкент уезінің шекарасынан бастап, Арыстың Сырдарияға құяр сағасына дейін екі жағалауда, Келес, Бадам өзенінің жоғарғы жағында тұрақтады. Арыс өзенінің оң жағында, Боралдай, Бөген бойында Шымыр руының өкілдері аумақ-аумақ болып отырса, Сайрамның солтүстігінде ботбайлардың аз бөлігі мекендеді. Арыстың төменгі саласында ең көп Сиқым руының өкілдері тұрып жатты.
Бұл уездегі Дулаттар руының шаруашылық пен тұрмыс тіршілігінде суармалы жер, диқаншылық пен баубақша маңызды орын алды. Жартылай көшпелі мал шаруашылығы, түрлі үй кәсіптері мен қолөнер де олардың арасында кең тарады.
Сөйтіп, Ұлы жүздің саны ең көп Дулат рулары Сырдария облысының Шымкент пен Әулиеата уездерінде, Жетісу облысының Верный уезінде орналасты. Оның үстіне, бұл уездерде шама-шарқынша Дулаттың төрт атасы да бар еді.
Портал KETPE https://ketpe.com/zhanys/
Достарыңызбен бөлісу: |