Леонардо да Винчи (итал. Leonardo da Vinci 15 ақпан 1452, Анкиано — 2 мамыр 1519, Турень,Франция) — италияндық ұлы суретші әрі ғалым, «Әмбебап адам» (лат. homo universale) — италияндықРенессанс мұратының жарқын үлгісі. Флоренцияның бір аймағындағы Пиеро да Винчи деген нотариус пен диқаншы отбасынан шыққан Катерина деген қыздың баласы, Вероккионың сурет өнері саласындағы шәкірті. Тез арада ұстазын басып озған Леонардо да Винчи бастапқыда Флоренцияда саудагершілікпен айналысады. Артынан княздер сарайларында шығармашылық ірі жоспарлар ұсынып, еш түсіністік таппайды. Әбден көңілі қалған ол 1516 жылы қаңтарда король Франсуа I ұсынысымен Францияға көшіп келіп, ғұмырының соңғы 4 жылын, осы жақта, Клу (Түрендегі) қамалында бастаған істерін аяқтаумен өткізеді. Леонардоның қазіргі біз атап жүрген мәнді тегі болмаған; «да Винчи» «Винчи қалашығынан шыққан» дегенді білдіреді. Оның толық есімі — итал. Leonardo di ser Piero da Vinci, яғни «Леонардо, Винчилік Пиеро мырзаның ұлы».
Да Винчидің философиясы беделдіктің әсерінен бас тартып, тәжірибеге, адамның ақыл-ойының күшіне сену негізінде табиғаттың бірлігін адамзат мәдениетінің өміршеңдігін дәріптеумен ерекшеленеді. Ол осы тұрғыдан ортағасырлық схоластиканы сынға алып, оны софистика сияқты пайдасы жоқ ілім деп есептеді. Жалпы алғанда Да Винчи «философиялық тас» іздестірудің өзі пайда бермейтін іс, себебі табиғат құдайдың заңджылығына емес, өзінің қажеттілік заңына бағынады да, үздіксіз өзгерісте, даму үстінде деп тұжырымдайды. Мысалы, белгілі бір жағдайда су буға, бу мұзға, мұз қайтадан суға айналады.
Да Винчи Әл-Фраби мен Ибн Руштың «екі ұдай ақиқат» теорияларына қарсы болды. Оның ойынша, діни ақиқат деген жоқ, себебі құдайдың өзі де жоқ, шын ақиқат — тек ғылыми ақиқат қана. Ғылымда табысқа жетудің бірден-бір жолы — математика тәсілі мен тәжірибе. Жаллпы ғылыми жетістіктердің құндылығы олардың практикада қолданылуға мүмкіндігінің болуымен айқындалады. Осы тұрғыдан ол механикаға аса зор көңіл бөліп, өзі осы айтылған қағидалар негізінде көптеген инженерлік идеяларды жүзеге асыруға тырысты (парашют, ұшатын қанат, тоқыма станогі т.б.)
Да Винчи алғашқылардың бірі болып сурет өнері саласында сынның мазмұны туралы пікір айтып, эстетикалық талғамның қалыптасуына үлкен әсер етті.