Рухани - адамгершілік тәрбиесі өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды. Рухани - адамгершілік құндылықтармен білім жүйесін дамытып қалыптастыру жаңа қоғамның дамуындағы мәні зор, маңызды бағыт. Оқушыларды рухани - адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе. Рухани - адамгершілікке тәрбиелеу білім берумен ғана шектелмейді. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани - адамгершілік қасиеттері қалыптасады.
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа - адамгершілік - рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз - өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани - адамгершілік тәрбие - екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата - аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан - тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым - қатынастарынан көрінеді.
Адамгершілік тақырыбы - мәңгілік. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру - ата - ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы - халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет - ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс — тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.
Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Демек, шәкіртке жан - жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз. өз еліне адал, халқын қастерлейтін, білімді, саналы, рухани құндылықтарды бойына толық қалыптастырған қоғамда өз орнын таба білетіндей бағыт берудің қажеттілігіне басты назар аударылуда. Жеке адамның индивид қалпынан тұлға тұғырына көтерілу процесіне қоғамдағы қалыптасқан ахуал, отбасындағы этностық тәлім тәрбие, білім берген оқу ордасы, ата бабасынан мирас болып бойына сіңетін генетикалық ерекшеліктері, жоғарғы психикалық процестердің жүзеге асу ерекшеліктері әсер етеді. Ұлттық тәрбиенің өлмес негізі, рухани күші оның өмір сүру болмысынан туындаған өзіндік ұлағаты, тәжірибесінің молдығы, рухани мұрасының тереңдігі мен өнегелігінде жатыр. Қазақ қашанда ұрпағының толыққанды тұлға болып қалыптасуына атсалысып жырлары, әпсаналары, ертегілері арқылы бала кезінен ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп отырған. Бауырмашылдық, адалдық, адамгершілік, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық сияқты қаситтерді Қаз дауысты Қазыбек былай суреттейді: Біз қазақ елі мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізді жау басынбасын деп Ордамыздан құт қашпасын деп, Найзаға үкі таққан елміз, Дұшпанның аяғына жаншылмаған елміз, Басымыздан намысты асырмаған елміз, Адалдықты әрқашан жасырмаған елміз. Атаның өсиетін балаға, Баланың өнерін атаға Айтып, тарата білген елміз. Құлақтың құрышын қандырып Әділ сөзді халыққа айта білген елміз. Ұлттық тәрбиенің адамгершілік ұстанымдары қоғам дамуының кең көлемдік, әлемдік мәселесі ретнде қарастырылуда қазақ халқы тәрбиесінің өне бойынан табылады. Жеке адам туралы сөз болғанда, жеке адам — көптің бірі, ол әлі тұлға емес. Осы мағынада алғанда «жеке адам» және «тұлға» ұғымдары көлем жағынан да, мазмұны жағынан да бір-бірінен қарама-қарсы болып табылады. Жеке адам ұғымында адамның жекеше ерекше түрі, сапасы бейнеленбейді, сондықтан оның мазмұны аз болады, бірақ өте көлемді, өйткені әрбір адам-индивид. Әр адам өзінше жеке тұлға. Жеке адамның айтарлықтай ерекшеліктерінің бірі — оның өзіне тән мінез-құлқында, іс-әрекетінде, көзқарасындағы ерекшеліктерімен даралануы. Жеке адам болу дегеніміз — азаматтың адам ретінде сезіну, сан ғасырлар бойы халық тәжірибесі туғызған рухани мәдениеттің мәңгілік игіліктерін бойына дарытып, осы игіліктерді еңбекке, әлеуметтік мәнді қызметке, қоғамдық өмірге, адамдар қатынасы, күнделікті тұрмысқа енгізу. Адам немесе жеке тұлға өзінің сана-сезімін, көзқарасын, рухани-саяси дүниетанымын үнемі білім мен еңбектің арқасында жетілдіріп отыруы керек. Тұлғаны құндылықтар арқылы дамытуға, мәдени дағдыларды игеруге, өз жауапкершілігін арттыруға және әділдік жолымен жүруге, әділдік жоқ жерде адамшылық жоқ деген пікірді айтады ұлы ойшыл М. Х. Дулати . Жеке тұлғаның ең маңызды белгілері — оның саналылығы, жауапкершілігі, бостандығы, қадір-қасиеті, даралығы. Жеке тұлғаның маңыздылығы оның қасиеттері мен іс-әрекеттерінде қоғамдық тенденцияларының, әлеуметтік белгілер мен қасиеттердің айқын және өзіне тән ерекшелігінің көрініс табуы, оның іс-әрекетіндегі шығармашылық қасиетінің деңгейі арқылы анықталады. Осы орайда «адам», «жеке тұлға» деген ұғымдардың қатары «даралық" деген ұғымымен толықтырылуы қажет. Жеке тұлғаның, яғни құндылықтар дүниесінің қалыптасуына оның дүниетанымының ықпалы зор. «Жеке тұлғаның дара ерекшеліктері оның жас ерекшеліктерімен тығыз байланыста болады. Жеке тұлғаның жас ерекшеліктері деп белгілі бір адамға тән оның мінез құлқындағы, ақыл ойындағы, қабілетіндегі, тағы басқа басты қасиеттерін басқа адамдардан елеулі айырмашылығын айтуға болады. Оқыту мен тәрбие жұмыстарының мақсатын, мазмұнын жүзеге асыруды қолданылатын формалармен әдістерді таңдау, көптеген жағдайда жас және дара ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан да мұғалімнің педагогикалық әрекетін нәтижелі ұйымдастыру шарттарының бірі — балалардың жас және дара ерекшеліктерінің даму заңдылықтарын жете меңгеру» . Даралық бір адамның басқа бір адамнан, бір тұлғаның басқа бір тұлғадан айырмашылығын, оның ешкімге ұқсамайтынын, өзіне тән ерекшелігі бар екенін сипаттайды. Даралық, әдетте, адамның мінезі және шығармашылық қызмет — әрекеті мен қабілеттілігінің өзгешелігінің өзгешелігі арқылы ерекшеленеді. Даралық ұғымы бір адамды басқа бір адамнан, бір тұлғаны басқа бір тұлғадан ажыратып, оған өзіне тән сұлулық мен қайталанбас қасиеттерден тұрады. Бүкіл адамзат тегіне тән, жалпы белгілермен қатар, оның өзгелерден ерекшеленетін өздеріне тән қасиеттері бар. Әлем әрқашан түрлі дауыстар, түрлі үндерден тұрады. Бір-біріне даралығы жағынан ұқсамайды әр адамның бойы, түрі, салмағы, дене бітімі, әлеуметтік дамуының интеллектуалдық деңгейі, психологиялық қатпары, рухани мәдениеттің әр түрлі-деңгейі сияқты ерекшеліктер болып табылады.