Рухани жаңғыру – ұлт болашағы
Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы. Ұлттық болмысты танытанын ұғыммен пара-пар. Рухани жаңғыру туған жері мен ұлтының, ата қоныс атамекен мен ұрпақтың қарым-қатынасының болуын, тұтас бірлікте болу идеясын көздейді. Бұл дегеніміз - ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» деп атап айтқандай, рухани жаңғыруды ұлттық сана, тарих, ұлттық тәрбие, тектілік, ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық қасиеттерімізбен байланыстыра алуымыз шарт. Бұл ұғымдардан қол үзген, болашақты байланыстыра алмаған адам рухани жаңғырудың биік белесіне жете алмайды.
Мақсатқа жетуіміз үшін бүгінгі күнді өткен тарихымызбен байланыстырып, кейінгі ұрпақ бойына ұлттық танымымызды сіңдіруіміз қажет. Сонау Құтты білік, А.Иассауи шығармаларындағы тағылым-тәрбиеден бастап, Дулат, Бұқар сияқты батыр әрі халқына жанашыр болып ақылын, насихатын өлеңге арқау қылған жырауларымыздың, Абай, Шәкәрім, Мағжан сияқты ақындарымыздың ұлт үшін сіңірген еңбектері мен артына жоғалмастай мұра етіп қалдырып кеткен туындаларынан ұлттық сана, ұлт болмысы, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақтың санасына дарыта білсек, бұл біздің басты жетістігіміз болмақ.
Жаңарған заманда жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиемен сусындату– басты мақсатымыз. «Отан отбасынан басталады» демекші, ұлттық қасиеттерді бойына сіңдіріп, рухани бай буын тәрбиелеу отбасынан, одан қала берді құрсақтан басталары айқын. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген халқымыздың ұлы дана ойы бекер айтылмаған. Баланы ұлттық тәрбиеге баулуда басты баспалдақ – ата-анасы, отбасы болса, екінші баспалдағы – білім беру мекемесі, ұстаздары.
Жас ұрпақтың бойында ұлттық тәрбие мен адамгершілік, имандылық, патриоттық тәрбие қалыптастыруда мына қағидаларды жүзеге асырамыз:
Өзінің ана тіліне, Отаны мен туған өлкесіне, туған қаласына, тіпті өз көшесі мен отбасына сүйіспеншілікпен, ерекше махаббатпен қарап, құрмет тұтуға баулу;
Өлкесінің табиғатына, әрбір тау-тасына, өзен-көліне, өсімдігі мен жануар, жәндіктеріне, қамқорлықпен қарау, зиянына тигізбеуге, жұтқан ауасын бағалай білуге шақыру;
Адал еңбек етуге шақыру, еңбексүйгіштікке баулу, үлкендердің де еңбек етуіне құрметпен қарау;
Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, ұлттық болмысы мен таным-түсінігіне қызығушылықпен қарау, әрбір ұлттық аспабы мен тағам, киім, зергерлік бұйымдары мен ұлттық құндылықтарын бағалауға үйрету;
Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге шақыру.
Қарқынды дамыған заманда жас ұрпақты өз тарихын, мәдениеті мен әдебиетін білумен қатар, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелей отырып, жан-жақты жаңа заманға сай білім, білік, дағдыларды меңгертуіміз қажет. Сонымен қатар, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар - ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», - деп ашып көрсетеді.
Қорытындылай келе, рухани жаңғыру – рухани мәдениет пен ұлттық сана мен құндылықтың жаңғыруы, сонымен бірге ғылым мен техниканың дамуына қатысты жаңғыртуды да бірге алып жүру – бүгінгі ұстаздардың міндеті.
Достарыңызбен бөлісу: |