Шпательмен жаймалап егу. Зерттеліп отырған бактерия культурасының клетка үлгісін микробиологиялық тұзақ арқылы алып тиісті орта құйылған Петри табақшаларының біреуіне салады. Содан кейін оны шпательмен жаймалайды, сосын сол шпателді бірден екінші табақшаға екінші, үшінші табақшаларға жайып егеді. Бұл әдістің негізінде клеткаларды сирету жатыр. Себебі микроорганизмді бір табақшадан екінші және үшінші табақшаға шпательмен бірінен кейін біріне еккенде клетка сирейді. Өсіп шыққан колониялардың біркелкілігі клеткалардың тазалығын, көрсетеді.
Тұзақпен сиретіп егу.Бактерия клеткасын тұзақпен алып сызық бойымен сирете егу жүргізеді (23-сурет). Әрбір жаңа сызықты жүргізгенде, тұзақты оттың жалынында залалсыздандырады. Егу жүргізіп болған соң барлық Петри табақшаларын микроорганизмдердің өсу жылдамдығына сәйкес термостатқа 1-7 тәулік мерзімге қояды. Жеке колониялар өсіп шығуына кедергі келтіретін судың конденсаты пайда болмау үшін табақшаның қақпағын төмен қаратып қояды. Микроорганизмдердің тазалығын сызық бойы немесе өсіп шыққан жеке колониялардың біркелкілігінен анықтауға болады.