Сабақ Көркем шығарманың мазмұны мен пішіні. Сюжеттік, композициялық құрылымы



Дата02.05.2023
өлшемі53,4 Kb.
#88778
түріСабақ

3 практикалық сабақ
Көркем шығарманың мазмұны мен пішіні.Сюжеттік, композициялық құрылымы.
Әдеби шығарманы талдағанда оның мазмұны мен түрі деп, ішкі сипат қасиетін және сыртқы көрінісін бөліп қараймыз. Сонда мазмұн дегеніміз шығарманың өмір шындығын, құбылыстарын бейнелі түрде көрсетіп, ой-сезімге әсер беретін мағыналығы деуге болады. Әдетте шығармадағы мазмұн көркем ой көрігінен түрленіп шыққан өмір шындығы делінеді, бұлай деуге толық негіз бар. Шығарманың мазмұны баяндалған, көрсетілген уақиға, жағдай, өмірлік құбылыстардың тікелей өзі емес, соның көркемдік көрінісі, сөзбен мүсіндеп берілген сурет. Өмір шындығы әдебиет шығармасындағы көркем шындыққа айналғанда оған жазушының дүниетанымы, көркем ой-сезімі, адамгаршілік, азаматтық мұрат идеалдары келіп қосылады. Шығарманың көркемдік тұлға пішініне, өрнек-кестесіне, өн-бойына қан жүгіртіп, жан бітіретін, өң-нұр беретін идеялық мазмұн, мағына жазушының биік қоғамдық мақсаттары, идеалдары. Мазмұн мен көркем түр тығыз байланысты, шығармада не айтылғанын, оқушы ой сезімінің қалай жеткізіліп, уақиғаның, жағдайдың қалай айтылғаны, қандай тәсілдер, қандай көркемдік құралдармен бейнеленгеніне сәйкес сезініп, қабылдап түсінеді. Шығарманың көркемдік сапасы алдымен идеялық мазмұнның тереңдігіне байланысты.
Мазмұн мен түр - көркем әдебиеттің міндеті мен мақсатына тікелей қатысы бар маңызды мәселелер. Мазмұн – белгілі бір жазушы бейнелеген өмір шындығын, түр - әдеби тек арқылы мазмұнның түрліше суреттелінуі. Қаламгердің таңдаған тақырыбы және айтпақ болған идеясы мазмұнды құраса, түр - сюжет, композициямен бірге, негізгі көркем құралы - тілді қамтиды. Көркем сөз шеберлері әдеби қаҺармандарды бейнелей отырып, сол арқылы шығармада суреттейтін құбылысты, алға тартатын идеясын байқатады. Бұл, біріншіден түрдің ішкі мазмұндағы өзгерісін танытса, екіншіден түрдің мазмұнға айналу процесін көрсетеді. Жекелеген әдеби бейнелердің түгелдей шығарма мазмұнына әсер ететін жайларын әдебиет тарихынан жиі кездестіруге болады («Ботагөз», «Ақбілек», «Абай жолы» т.б.).
Мазмұн мен форма (пішін) - даму процесін түсінудегі материалистік диалектика категориялары. Мазмұн – белгілі бір заттар мен құбылыстарды құрайтын элементтер мен процестердің жиынтығы. Ал форма-мазмұнның өмір сүру тәсілі, оның құрылымы, ішкі түзілісі. Мазмұн мен форма қандай құбылысқа болмасын іштей тән, сондықтан оларды бір-бірінен бөліп алуға болмайды. Тек қалыптасқан белгілі бір формасы бар мазмұн ғана болмақ. Сол сияқты таза, мазмұнсыз форма деген де болмайды. Форма әрқашан да мазмұнды, ал мазмұн формалы болып келеді. Осы екі категорияның өзара қарым-қатынасында басты рольді мазмұн атқарады. Мазмұн үнемі дамып, өзгеріп отырады. Сондықтан да мазмұнға сәйкес форма да өзгерістерге ұшырайды. Мазмұн форманы белгілейді, бірақ форма да мазмұннан қалыс қалмайды, өз тарапынан мазмұнға белсенді түрде әсер етеді. Жаңа, өзінің мазмұнына сай келетін форма оның дамуына, ілгері басуына жәрдем етеді. Ал өзінің мазмұнына сай келмейтін ескі форма оның дамуына кедергі жасайды. Мазмұн мен форма арасындағы сәйкессіздік ескі форманың орнын жаңа форманың басылуымен шешіледі.
Сылдырап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай... [1.88].
Абайдың осы сөзінде аса терең мағына жатыр. Шын мәнісіндегі өнер туындысының айрықша асыл қасиетін, сыртқы түрі мен ішкі сырының тамаша үндестігін осыдан артық дәл тауып айту қиын. Әдебиеттегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеннің өзі де осы - көркем шығарманың шынайы сұлулығы.
Мазмұн мен пішін ең алдымен бір-бірімен айырылмас байланыста, бірлікте, бірінсіз бірі жоқ, яғни мазмұнсыз пішін жоқ, пішінсіз мазмұн жоқ. Мазмұн пішіннің іщкі қасиеті, пішін мазмұнның сыртқы анықтамасы болғанда әрқайсысы өзін-өзі айқындай алады. Қандай жағдайда болсын әуелі мазмұн туады да өзін айқындау үшін өзіне пішін іздейді. Демек, мазмұн мен пішіннің мызғымас бірлігінің негізінде мазмұнның пішіннен басымдығы болады деп ұққан жөн.
Әдебиеттегі мазмұн мен пішін деген не? Бұл арада біз сөз өнерінің қоғамдық сынға қатысын әдебиеттің обьектісі - өмір, предметі - адам екенін, өмір шындығынан тыс, адам тағдырынан сырт өнер туындысы болмайтынын еске түсіреміз. Сана шындықтың сәулесі болса, адам санасының мазмұны - сол адам таныған шындық екені мәлім. Сонда әдеби шығарманың мазмұны өз эстетикалық идеалының тұрғысынан суреткер таныған ақиқат өмір де, пішін - осы шындық тұтастырыла жинақталған көркем образдар жүйесі, яки әдеби қаҺармандар өмірі.
Мәселен, «Ботагөз» романының мазмұны кәдімгі ақиқат өмірде болған шындық – қазан төңкерісінің арқасында қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысының жеңісі нәтижесінде Қазақстанда Кеңес Өкіметінің орын алуы. Осы шындықты жазушы өзінің эстетикалық идеалының тұрғысынан суреттеп көрсетті. Бұл жердегі мазмұнның пішіні - С.Мұқанов романында көркем жинақталған әдеби қаҺармандардың, дәлірек айтқанда Асқардың, Ботагөздің, Амантайдың, Кенжетайдың, Кузнецовтың, Темірбектің, Бүркітбайдың, Итбайдың, Кулаковтың, Кошкиннің, т.б. қым-қиғаш күреспен тартысқа тән қиян-қилы тағдыр тіршілігі. Осы айтылған кейіпкерлердің шытырман өмірі, өзара қарым-қатынасы, іс-әрекеті, бірін-бірі жақсы көру, не жек көру сезімдері арқылы төңкеріс алдындағы қазақ ауылының хал-күйін, тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын, мақсат-мүддесін көзбен көргендей танып, біліп, сол дала қазақтарының революцияға қалай келгенін, азаттық жолындағы шешуші шайқастарға қалай шыққанын, ақыр аяғында жаңа өмірге қайтіп жеткенін аңғарамыз. Романдағы әр қаҺарман өз дәуірінің өзекті оқиғаларына қалай қатысқанын, көркем бейне, қоғамдық характер ретінде қалай қалыптасқанын байқаймыз.
Мазмұн мен пішін жайын сөз еткендегі ескеретін нәрсе - бір мазмұнның бірнеше пішіні болатыны. Өмірде де, өнерде солай. Өмірдегі көрініс - пролетариаттық тап күресі әр алуан пішіні бар. Мысалы, байкот, саботаж, манифестация, демонстрация т.б.
Сол сияқты өнердегі көрінісі Ұлы Отан соғысының ғылым мен әдебиеттегі пішіндердің әр алуандығын да аңғаруға болады. Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңызы» мен Х.Ерғалиевтің «Әке сырындағы», яки поэзиядағы пішін бір бөлек. Б.Момышұлының «Москва үшін шайқасы» мен Т.Ахтановтың «ҚаҺарлы күндеріндегі» сол сияқты М.Әуезов пен Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясындағы», яғни проза мен драматургиядағы пішін бір бөлек. Мұның бәрі пішіннен мазмұнның басымдығын аңғартады. Алайда пішін әдейі мазмұнға тәуелді, бейтарап нәрсе деуге болмайды. Пішіннің атқарар ролі - белсенді роль. Шығарма мазмұнның ұтымдылығы оның пішіні тығыз байланысты, дәлірек айтқанда пішіннің әсемдігі - суреткер шеберлігі.
Мазмұн мен пішіннің келесі бір екінші ерекшелігі - мазмұнға қарағанда, пішіннің өзгерімпаздығы. Мысалы, қазіргі махаббатты баяғы Ләйлі мен Мәжнүннің, немесе Қыз Жібек пен Төлегеннің арасындағы сезімдерше суреттесе, осы дәуірдегі мазмұнға мұндай пішін сай келмеген болар еді. Демек, бір мазмұнның әр дәуірге лайық өз пішіні болады.
Түйіндей келгенде, әдебиеттегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеніміз сөз өнеріндегі маңызды заңдардың бірі, өнер туындысының көркемдігі үшін қажет болып табылады. Көркем шығармадағы мазмұн мен пішіннің бірлігі -оның етене бүтіндігі, эстетикалық бағалылығы.
Әдебиеттегі мазмұн мен пішін дегенді белгілі бір көркем шығармадағы затты деректерге көшірсек, былай болар еді: шығарманың мазмұны - оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да, пішіні - әдеби қаҺармандардың өзара қарым-қатынасына тағдыр тартысына негізделген сюжеті, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы - суретті сөзі, яки көркем шығарманың тілі.
Композиция (латын сөзі – kompositio – құрастыру, тәртіпке келтіру) – көркем шығарманың құрылысы. Көркем әңгіме не поэма, не роман оқысақ та алуан сюжетке құрылады.
Сюжет дегеніміз – шығармадағы адамдардың бір-бірімен байланысы, қарым-қатысы, күрес-тартыстары – шығармадағы оқиғаның дамуы. Ендеше оқиға қалай болса солай суреттелмейді; белгілі бір тәртіппен дамиды. Бір оқиға себебі болса, екіншісі оның нәтижесі. Адамдардың арасындағы күрес тартыстар тек кездейсоқ нәрсе емес, өмір шындығы, өмірге екі түрлі көзқарас, екі түрлі мінездің түйісуі екендігі аңғарылады. Оқиғаның белгілі бір мекенде, белгілі мезгілдерде болғандығы көрсетіледі. Әңгіме адамдар туралы болғандықтан, олардың сыртқы пішіні, кескіні, мінез-құлқы, іс-әрекеті, күйініш, сүйініші, сөйлеген сөзі, қысқасы, өмірдегі адам қандай болса, көркем шығармада да біз тап сондай адамдарды кездестіреміз. Сөйтіп шығармада кездесетін оқиғаның осылар тәрізді, әр алуан бөлшектердің қалауын тауып жазушы асқан шеберлікпен қиюластырып, бір бүтін нәрсе етіп шығарады. Міне, осыны шығарманың композициясы, құрылысы деп атайды. Композиция (құрылыс) – көркем шығарманың барлық түріне
бірдей қатысы бар ұғым. Ал сюжет тек оқиғалы шығармаларға ғана
қолданылады.
Сюжет (французша – sujet – зат). «Сюжет дегеніміз, – дейді А.М.Горький, – жалпы айтқанда, адамдардың өзара қарым-қатынасы, байланысы, қайшылықтары, жек көру, жақсы көру, әр алуан әдеби мінездің (образ мағынасында) өсу, жасалу тарихы».Эпикалық, лиро-эиикалық немесе драмалық, шығармаларды алсақ (оқиғаның, неден басталуынан бастап, немен аяқталуына шейін), оқиғалары бір-бірімен байланысты және үзілмей дамып отыратындығын көреміз. Оқиғаның даму жолында оған қатысушы адамдар өзара байланыста, қарым-қатынас, күрес, тартыстарда болады. Қимыл, ісәрекет, талас-тартыс үстінде әркімнің мінезі, наным-сенімдері, күйінішсүйініштері айқындала да және сол адамдардың қарым-қатынастарына жазушының қалай қарайтындығы да сезіледі. Осылардың бәрін бір сөзбен айтқанда шығарманың сюжеті. Әрі қысқа әрі дәл ғылыми дұрыс, тұжырымды түрде сюжетке берген Горькийдің жоғарғы анықтамасы, барлық әдебиет теоретиктері қолданып жүрген классикалық үлгі деуге болады.
Композицияның негізгі элементтері: экспозиция, байланыс, дәлелдеу,
ситуация, оқиғаның шиеленісуі, шарықтау шегі, шешу.
Экспозиция (латынша – expositio – түсіндірме). Көркем әңгіме, роман, поэмаларда негізгі оқиға басталмас бұрын сол әңгіменің тууына себеп болған жағдайларды түсіндіру, алдыңғы оқиға себебі болса, соңғы әңгімеленіп отырған оқиға оның нәтижесі екендігін көрсетушіліктер болады. Мысалы, «Шұғаның белгісінде» жазушы әңгімесін екінші адамның атынан баяндайды.
Ескерте кететін бір нәрсе, әңгіменің ортасында келетін экспозиция мейлінше қысқа, тек мәлімет беру дәрежесінен аспауы керек. Егер оған эпизод, көріністер қосылып, кеңейтіліп баяндалса, онда ол шегініске айналып кетеді.
Байланыс. Шығармадағы оқиғаның неден басталуы және келешектегі оқиғалардың үзіліп қалмай, бірі мен екіншісінің жалғасып отыруларын байланыс (завязка) деп атайды.«Шұғаның белгісіндегі» оқиғаның бірінші байланысы – Әбдірахманның Есімбек аулына келуі, Шұғаның оны сыртынан көріп ұнатуы. Екінші байланыс – алтыбақан ойынында кездесіп, екеуінің жақын танысуы, т.б.
Сюжетте кездесетін негізгі композициялық элементтердің бірі – дәлелдеу (мотивировка). Оқиғаның неге олай болуы, кейіпкерлердің іс-әрекет, амал, айла, күрес, тартыстары, күйініш-сүйініштері, қайғылы халдерге ұшырауы – бәрі де көркем шығармада дәлелделініп отырады. Шын мәніндегі көркем шығармада дәлелделінбейтін бір амал, әрекет болмайды. Ең ақыры қатысушылардың сөйлеген сөздерінің өзі де дәлелденеді. Көркем шығармаларда біреудің жұпыны, қарапайым сөйлеушілігі, екінші бір қаһарманның әдемі, мәдениетті сөйлеушілігі кездейсоқ емес, белгілі себебі барлығын, автордың олай сөйлетуге дәлелі молдығын көреміз.
Ситуация (французша – situs – жағдай) – қатысушылардың қарымқатыстары, күрес-тартыстарының нәтижесінде әртүрлі эпизодтарда кездесетін жағдайлар. Сюжетке құрылған қандай шығармаларды алсақ та оқиға бөгетсіз дами бермейді. Өмірдің өзінде адам баласына әр алуан жағдайдьң кездесетіні тәрізді, шығармалардағы қатысушылар да әртүрлі жағдайларға ұшырап отырады.
«Шұғаның белгісінде» Әбдірахманның әкесі үйіне пішен сұрай келгенде, әйелі қос қазыны бұзбай салып, ақысыз бір шана шөпті шанасына тиетіп жіберген Айнабай, жағдай өзгеріп, Әбдірахман оның қызына үйленбейтіндігіне көзі жеткеннен кейінгі жерде, ол Әбдірахманның қас жауының бірі болып шыға келеді. Әбдірахманға бұрынғы көзқарас, қарым-қатынастары мүлде өзгереді. Көркем шығармадағы ситуация осылар тәрізді болып келеді
Шиеленісу (латынша – intrigare – шиеленіс) – көркем әңгіме роман,
поэма, драма сюжеттеріндегі оқиғаның шытырманданып, қиыннан қиысуын, қатысушылардың араларындағы тартыстардың бірден асқынуы. Көркем шығармалардың сюжеттері қызықты, тартымды болуыны шын сыры оқиғаның шиеленісуінде. Егер тартыс басталғанда-ақ оқиғаның қалай өрістейтіні, шешуі немен тынатындығы белгілі болса, ондай шығарма оқушысын қызықтырмайды. Сондықтан жазушылар оқиғаның шешуіне жеткенше немен тынатындығын аңғартпай, өзінің ойлаған бағытына оқушыларын еріксіз жетелеп, қаһармандарының соңынан ертіп отырады. Кейде әңгіменің бас жағында, ұнамсыз бейнеде суреттелген қаһармандарды көріп, «Мынау түзелмейтін бір қу шығар?» – деп отырсаң, белгілі бір жағдай, себептердің арқасында түзеліп, ұнамды қаһарманға айналады, алғашқы соғыста қорқақтық көрсеткен солдаттың кейін асқан батырлық істеуі де мүмкін. Қысқасы, жазушылар алуан әдістерді қолданып, шығармаларының сюжетін тартымды, қызғылықты етіп шығаруға күш салады.
Шарықтау шегі (латынша – culmen – шыңы, биігі) – шығарма аяқталуға жақындағанда сала-сала болып, таралып кеткен оқиғалардың қоюланып, күшейе түсуі. Шарықтау шегі шығарманьң көлеміне, құрылысына, идеялық
мазмұнына қарай біреу де, бірнешеу де болады. Автор шарықтау шегіне айрықша мән беріп, өзінің айтайын деген ойына сәйкес, оқушыларының көңілін аударайын деген оқиғаны шарықтау шегі етіп алады.
Шешу (орысша – развязка). Шығармаларда суреттелетін адамдардың
амал, іс-әрекет, қарым-қатыстары дамиды, өзгереді, сан-алуан оқиғалар болады,ақыры келіп бір нәрсемен тынады. Қатысушылар күрестартыстардың, қарым-қатыстардың нәтижесінде келіп, кейбіреулері көздеген мақсаттарына жетеді, қайсы біреулері апатқа ұшырайды, кейбіреулері өзара жаңаша байланыста болады. Шығарманы оқып отырғанда білсем деген сұрауларына оқиға аяқталғанда ғана адам толық жауап алады. Шығармадағы суреттелген оқиғаның, қатысушылардың тартыстарының немен тынғандығын баяндау шешім (развязка) делінеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. - Алматы, Ана тілі, 1995.-272 б.
2. Қ.Жұмалиев «Әдебиет теориясы» А., 1969
3.А.Байтұрсынов«Әдебиет танытқыш»Кітапта: А.Байтұрсынов шығармалары А.,1989.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет