Садирбекова Ақлима Марат қызы Ұлы жүздің төбе биі



Дата23.11.2022
өлшемі22,94 Kb.
#52138

Садирбекова Ақлима Марат қызы
Ұлы жүздің төбе биі
Аннотация. Бұл мақалада қазақтың шешендік өнері жайлы ой көтере келе, ұлы жүздің биі, шешен Дулат тайпасынан шыққан атақты Төле бидің жастық кезіндегі төрелік айтқан ел аузындағы аңыздарды баяндап, белгілі би туралы ой қозғадық.
Кілт сөздер.Шешендік,"Құтты білік","Диуани хикмет",данышпан,Хаким ата. Шешендік өнері халқымыздың ұзақ тарихының тереңінде жатқан асыл қазынасы, інжу-маржаны. Шешендік сөздер кейде "билік сөз", "төрелік", "шешен" дейтін ұғымдарды да қамтиды. Шешендік сөздерді әділ билік жасағандар, ақылы мол, ойы терең, қара қылды қақ жаратын, айтқанын орындата алатын даналар, ел басшылары, халықтың кемеңгерлері ғана айта алған.

Халқымыз өзі ұнатқан, ақылына, басшылығына, даналығына, елге сіңірген ұлан-ғайыр еңбегіне, үлгі-өнегесіне, табандылығына, ділі мен діні тазалығына, ойының тереңдігіне, қиыннан құрастырып, қисынын келтіріп, отты да жалынды, нысанына дәл тиетін сөз маржанын тере білетіндік шеберлігіне, ата салтынан айнымайтындығына, Отанын, елін-жарын жанындай сүйетіндігіне, халқы үшін жанын пида етуге әзір екендігіне тағы осы секілді қасиеттеріне қарап ерекше құрмет тұтқан.

Халық ақындарынан да бұрын аты аталатын қазақ фольклорын да жан-жақты бейнелейтін Асан қайғы, Қорқыт, Алдаркөсе, Қожанасыр, Жиренше шешен, Аяз би секілді тарихи тұлғалардан үлгі-өнеге алған, халқының бай дәстүрін жалғастырушылар, онан әрі дамытушылар да тарихымызда аз емес.

Қаншама заманды заман қуғанда, аласыпыран соғыстар халқымыздың ғасырлар бойы жасаған қаншама шешендік, ойлы, данышпан, қанатты сөздерін жоқ етті. Әйтсе де бізге дейін "Құтты білік" деп аталатын бір мың алпыс тоғызыншы жылы жазылған философ Юсуф Хас Хажибтің еңбегі жеткеніне де қуанамыз. Онан басқа атақты Түркістан қаласының бел баласы, софы ақын Қожа Ахмет Яссауидің "Диуани хикмет" деген өлеңдері далада өмір кешкен қыпшақ диалектісінде жазылған. Сондықтан да халқымызға аса түсінікті де, оқуына, жаттап алуына қолайлы шығарма болған дей аламыз.

Ал Хаким ата, Дүрбек, Ғали Сейф Сарайи деген атақты тұлғаларды атамағанның өзінде Махмуд Қашқари жазған түркі тілдерінің сөздігі "Диуани лұғат ат-түрк" және қыпшақ тілінің сөздігі "Кодекс куманикус" секілді еңбектер де көне қазақ фольклоры, поэзиясы, шешендік сөздері жөнінде көптеген мәліметтер береді.

Халық тарихында орны бөлек кемел жыраулар мен ертедегі ақындардың айтқан нақыл ғалихаттарын жете білген жанның бірі-Төле би. Төле би елге ұйытқы, ер-азаматқа ақылгөй болған ғұлама секілді асыл текті ақ иықтардың елдікке шақырған ұлағатты сөздерінің төркінін түсінген. Тек ынтымақ арқылы тәуелсіздікке жетуге болатынын ой сарабынан өткізе алған. Керей мен Жәнібек хандардың ақыл айтатын биі атанған Асан қайғының шешендігі мен білгірлігіне қайыл болған.

Төле би жасынан-ақ Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз секілді жыраулар айтыпты дейтін сөздердің астарына терең үңілген. Олардың ақыл-парасатының кемелдігімен биік өрісін, көркем сөз кестелерін ақыл таразысына салған. Ерлердің өр тұласын,асқақ мақсатын, өмір мұраттарын аңдаған. Асыл тілдің серпінді қуатын зерделей алған.

Біз Төленің шыққан тегі Дулат екенін білеміз. Дулаттан Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр тарайды. Егер біз Төленің Жаныс екенін еске алсақ, мына төмендегідей мәліметтерді білгеніміз жөн.

Жаныстың жеті ұлы болған. Олар-Жарылқамыс, Жанту, Жантан, Бөгежілі, Оймауыт, Қапал, Шегір. Біз Төлеге жету үшін тиемелді аталарды ғана ауызға алмақпыз. Мәселен, аталған жеті ұлдың Жарылқамысынан Өтеміс, Жайылмыс, Байыс туады. Жайылмыстан Қожамберді, Қыбрай, Жанбай тарайды. Бізге қажеті Қожамберді. Онан Ақберді, Құдайберді, Сұлтанқұл, Құдайқұл, Олжақұл тарайды. Енді біз Құдайбердіні тілге тиек етеміз. Ол кісіден Әлібек, Құдайменді Тоқпан бәйбішесінен туған екен. Бұлардан өзге де алты баласы болған. Мәселен, бір әйелінен Ақтай мен Бақыбек, тағы бір әйелінен-Түгелбай, Данай, тағы бір әйелінен-Қарашәуке, ең соңғысынан Тасыбек туса керек.

Сонымен Төленің әкесі Әлібек әкеден тоғыз, шешеден үш ағайынды болған.

Төленің бала кезінде әкесі Әлібек билік жасап, біртіндеп "Төбе би" дәрежесіне жеткен екен. Әке билігіне көп қатысқан Төле жас кезінде-ақ әділ билік жасауға талпынған. Әке қалауымен талай рет билік те жасаған. Сол үшін де "Бала би" атанған. Енді "Бала би"-Төленің елтірі дауына қатысып және әділ төрелігін айтқан әңгімесін баяндайық.

... "Төрт арыс" Дулатты таңдандырған оқиға-бір елтірінің маңында өрістейді. Бұрын барыс-келісі бар өзара сыйласып,"Сіз-біз" деп жүретін екі бай Әлібек бидің алдына келеді. Даудың жайы былай:

Қыс қыстауы бөлек бұл екі ынтымақты бай жазда, жайлауда бір-бірінен іргесін аулақ салмай, ауылдас отыруды дағдыға айналдырады.Олардың малы да кейде аралысып кетеді екен. Шопандар түсін түстеп, бөліп алып жүре беретін. Бір жолы тоқтылар араласып кетеді де, шопандар ертең-ақ бөліп алармыз деген оймен бірге түнетеді. Дәл сол түні екі тоқты қоздайды. Таңертең шопандар тексеріп қараса қоздаған екі тоқты екі байдікі екен. Бір таңданарлығы, әлгі екі тоқтының бірінің қозысы жоқ, екеу ара бір қозы ғана. Қозының терісінің жөні бөлек. Хан мен би, батыр мен бек ғана бөрік ететін, қолға түсе бермейтін, бай-манаптар мадақтайтын "алтынсұр" деген елтірінің дәл өзі, жалт-жұлт етеді.

Хабар екі байға да жетеді. Ағайын-туыс секілді бірінің байлығын екіншісі қуаныш санаған екі бай қозының терісін көреді де іштей өзара жауласа бастайды. Әр қайсысы "менің тоқтым" тапқан деп, жеңістік бермеуге айналады. Ол үшін дәлел керек. Қозыға әлгі екі тоқтыны кезек-кезек жақындатса, азарда безері шығып, жақындатпайды. Енді екі бай екінші қозыны іздеуге түседі. Білдім, көрдім деген жан жоқ. Аң-құс жеді деуге тағы дәлел жоқ. Солайша әлгі қозыны екі тоқтығы қоспақшы болғанда екеуі де өлердей шошына қашады. Бұл оқиғаға екі бай ғана емес, көрген естігендердің бәрі де таң қалады.

Амал қанша деп, қозының терісін бүлінбей тұрғанда сойып алып, илеу керек. Бір тері десек те пәленбай қойдың құнына тұратын дүниені далаға тастауға болмайды. Тері иленді. Қағып-сілкіп кереге басына іліп қараса, күндіз де түнде де алуан түске еніп, "көз құртын" қоздырғандай екен. Екі бай онан сайын ерегісе түседі. Ал ауыл ақсақалдары "Әлібек биге жүгініңдер" деп кеңес береді.

Бар мән-жайдыжайды білген Әлібек енесі жеріген қозыны "сенікі" дей алмайды. "Өз ара тіл табысыңдар" деуден ары бармайды. Мәселе "жарылмаған жарадай бітеу" қала береді. Мұның соңы ел арасында өсек тудыра бастайды.

Міне, осындай қысылтаяң сәтте бала Төлебилікке алғаш рет экесінің келісімінсіз араласуға тәуекел етеді. Төле екі байға жолығады да, екі даукердің сөзін әбден тыңдап алған соң:
-Мен бір билік айтсам, екі жағың да келісерсіз деген ойдамын,- дегенде әбден масқарасы шығып шаршаған екі бай да алғысын айтып, келісе кетеді.
-Ендеше, сіздерден өтінішім болсын, менің шешімімді әзірше ешкімге дабыра етпеңіздер. Бұл елтірінің иесі- қозының қай тоқтыдан туғаны белгісіз, құпия болып қала бермек. Оны бір құдай ғана біледі. "Менікі, сенікі" деп бас қатырмайық. Жеріген тоқтыларға үкім билік жоқ. Келіспесеңіздер мына есіл алтын тері- елтіріні екеуіңізге теңдей бөлемін. Кел іссеңіздер бүтін күйінде бүлдірмей қалдырамын. Бұл елтірі падша сарайының адамдарына лайық. Хан, әмір, би, болыс қана бас киім, жаға етіп киюге лайық. Қара халық кисе, шыбын жанына қауіп. Сөзімді түсіндіңіздер ғой. Ендеше асыл елтіріні иесіне табыс етуіміз керек. Ақылымды тыңдаңыздар да, екеуіңіз бірге Бұхараға барыңыздар. Әмірге тарту етіңіздер. Ағайынды кісілер едік деңіздер. Әмірдің ықыласы түссе, өмірлеріңізге жетерлік тарту-таралғы беоеді. Бұхара әмірінің сіздерді жарылқауға байлығы да, құдіреті де жетеді,-дейді.

Бала Төленің ақылына риза болған екі байдың үлкені орнынан тұрып, тағзым етеді.


- Әп бәрекелде, шырағым. Атаңа мың да бір рақмет. Міне ақылдың да, төреліктің де атасы деп, осы баланың шешімін айтса болады,-деп алақанын жайып, батасын береді.

Ол билік көпке ұзамай-ақ ауыздан-ауызға тараған екен. Бала Төленің есімін қалың ел біледі. Себебі, Төле ақымымен Бұхара әміріне "алтын елтіріні" тарту еткен екі байға сыйлаған әмірдің атласы мен батсайысынан, кілемдері мен дүрия маталарынан, толып жатқан басқа да алтын-күміс бұйымдарымен дүние-мүлкі артып, дәулетінің үстіне дәулет қосылған екен.


Осыдан бастап Төленің билігі "қара қылды қақ жарады" деген ұлағатты сөз қанат қағады.

Төле би жастық шағынан-ақ өте зерек, ақылды болған екендігін жоғарыдағы аңызда өз бейнесін тапты деп ойлаймын. Соған ұқсаған тағы бір аңызды баяндайық.

Бота дауы

Төле бидің бала кезі екен. Ауыл сыртында қозы бағып жүргкнде жанынан өтіпбара жатқан қос аттының бірі:


-Әлібек қартайыпты. Әділдігінен айныпты,-деп ренжіп бара жатқанын есітіп қалады. Сол бойда алдарынан шығып, сәлем беріп:
-Оу ағалар, әкем Әлібектің билігіне ризамысыздар, жоқ наразымысыздар?-дейді.
-Наразымыз балам, әкең әділ билігін айтпады,-дейдіолардың бірі.
-Ендеше қайтыңыздар,-деп Төле қолқа салған соң, әлгілер келіседі.
Екі жақ Әлібектің алдына қайта келгенде, бала Төле:
-Ата, билікке екі жақ бірдей риза болуы екрек. Әйтпесе, ол әділ билікке жатпайды. Жеңілген де, жеңген де шындықты моцындау керек,-дейді.
-Олай болса балам, осы даудың билігін айтып көрші.
Төле алғаш таластың мәнін сұрацды. Сонда дауды бастаған жігіт ботасын жоғалтқан түйесін жолда кезіккен керуеннен танығанын айтады.
-Бұл өтірік айтып тұр,-дейді керуенбасы саудагер.
-Ал, енді, жігітім, "тапқан қуанады, таныған алады" деген, сен таныдым дейсің, қалай таныдың?-деп Төле сұрай бастайды.
-Менің танығаным: түйем туар уақтысына жақындаған кезде бошалап кетті. Бір жетіге дейін таптырмаған түйем тау баурайында боздап, ары бір, бері бір кезіп жүр екен. Ботасын қасқыр жесе де, шала туса да ол жерден кетпес еді. Безіп жүрісіне қарап біреу алып кеткенін түсіндім. Содан бері бейсауат жүрушіге, көрінген түйеге көз салып жүруші ем, көрген бойда таныдым,-дейді ботасын жоғалтқан саудагер.
Төле ойланып отырып:
-Сол танып тұрған атаныңыздың енесі бар ма?
-Бар.
Төле қарсы даугерге қарайды.
Иә, саудагерім сөйле.
-Мынау өз түйемнің ботасы. Жалақорға сөзіңізді айтыңыз. Іштегі ботаны танимын дегенге адам сене ме?-дейді.
-Енесі бар ма, түйенің,-деп Төле қайта сұрау қояды.
-Туған енесі бар,-керуен басы сәл сасқалақтап.
-Онда екеуіңіз де енелерін алдырыңыздар,-деп бұйырады Төле. Дауласқан екеу бесті атанның енелерін алдырады. Сонда Төле:
-Атанды тіздеңдер де, тақымына қыл бұрауды салыңдар,-дейді. Жиылған жұрт Төленің айтқанын лезде орындайды. Бесті атанның көзінен жас парлап, мұрындығын жұла-мұла боздап жатқан атанның үстіне түсе қалады. Ал саудагердің түйесі орнынан қозғалмай, жайымен күйсеп тұра береді.

-Оу, халайық, көріп тұрсыздар ма, мына жануар шын анасы екен. Не дейсіздер?-деп бала Төле саңқ ете қалады.


-Рас, бұл әділдігіңе ризамыз,-деседі жұрт.

-Атанның кімдікі екеніне халықтың көзі жетті. Сен енді құтыла алмайтын болдың. Күнәні мойынға алған жеңіл. Мына халықтың алдына шығып, шындығыңды айт,-деп өкім жасайды. Амал не саудагер ағынан жарылуға мәжбүр болады.


-Оу, халайық, осыдан бес жыл бұрын сахарадан қалаға қайтып келе жатып, жапан түзде, бір төбенің баурайында боталаған түйенің үстінен түстім. Ботасы аяқтана алмай, жығылып-тұрып жатыр екен. Түйені алсам, ұрласам, сіңіре алмаймын. Жолда ел көреді. Пәленше саудагер алып бара жатыр дейді. Менің кәсібім ұрлық емес, саудагерлік. Мына ботаны алып кетсем ешкім білмейді. Алашаға ораймын да, қомның арасына таңа саламын. Бірер жылдан кейін түйе болып шыға келеді. Бір түйе маған аз олжа ма деп, сол ботаны алып кетіп ем. Кешсеңдер де, бас кессеңдер де, өздерің білесіңдер,-деп мұңаяды.

Саудагердің бар сырын білген жұрт:


-Төрелігін бидіғ өзі айтсын,-дейді. Сонда бала Төле:
-Өздеріңіз көріп, біліп тұрсыздар, мына жігіт дүниені еңбекпен тауып еді. Бұл көп алдында беті жарық боп, мына саудагер еңбексіз тауып, жұртты алдап, тегін алып еді. Енді мұның беті шарық болып тұр. Бұл уақиға кейінгілерге үлгі. Саудагердің халық алдында масқарасы шықты. Беті күйіп шарық болғаны да жетеді. Бұдан артық жаза жоқ,-дейді.
Ел бала бидің әділеттігіне риза болып тарасыпты.

Қорыта келгенде, Ұлы жүздің төбе биі, "Жеті жарғы" заңдар жинағын шығарушылардың бірі, белгілі шешен Төле би туралы аңыздар өте көп тараған. Солардың ішінен бидің жастық шағынан-ақ білгір, әділ болғанын растайтын бір-екі ел арасындағы аңызды баяндадық. Ал бидің өсе келе талай дауды әділ шешкендігіне еш күмән жоқ.


Пайдаланылған әдебиеттер:
Х. Амандықов. "Төле би". 1991.Шымкент

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет