Сан атаулары өте көне заманнан келе жатқан сөздер, оларды барлық көне жазба ескерткіштерден кездестіруге болады



Дата18.03.2023
өлшемі24,66 Kb.
#75421

Сан атаулары — өте көне заманнан келе жатқан сөздер, оларды барлық көне жазба ескерткіштерден кездестіруге болады. Сан есім сөздердің сөзжасам жүйесі ерте қалыптаскан, өзіндік сөзжасамдық бірліктері бар, ерекшеліктері бар.


Сан есімнің сөзжасамдық бірліктеріне сан атаулары және сөзжасамдық жұрнақтар жатады. Сан атаулары сөзжасамда негіз сөз қызметін атқарады. Сан есімнің жұрнақтары сөзжасамдық қосымшалар қызметін атқарады. Сан есім сөзжасамына басқа сөз таптарының сөздері қатыспайды яғни басқа сөз табынан сан есім сөздер жасалмайды.
Сан есім сөзжасамында тілде қалыптасқан- сөзжасамдық тәсілдердің біразы қолданылады, бірақ бәрі емес. Мысалы сан есімде семантикалык тәсіл қолданылмайды, синтетикалық тәсіл өте өнімсіз, ал сөзжасамның аналитикалық тәсілі сан есім сөзжасамында негізгі қызмет атқарады.
Сан есімнің сөзжасамдық бірліктерінің қызметі белгілі заңдылықтарға негізделген. Сан есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы белгілі косымшалармен ғана байланысты. Сан есім -косымшаға өте кедей сөз табы. Сан есімнің сөзжасам қосымшаларының қолданылуының тілде өзіндік заңдылығы қалыптасқан. Сан есім жұрнақгары басқа сөз табына жалғанбай, тек сан есім сөздерге ғана жалғанады. Басқа сөз таптарының қосьшшалары өз аясында тұйықгалмайтын болса, сан есімде оның сөзжасамдык косымшалары оның өз аясынан шықпайды, яғни баскд сөздерге жалғанбайды. Сан есім қосымшалары жаңа сан атауларын жасай алмайды, тек сандык атауларды түрлендіріп, оган түрлі мағына үстейді. Мысалы, Екінші, үшінші күндері ағаш отырғызушылардың тобы көбее түсті. Иә, айтты — айтпады, өткен жылы төртінші бөлімше колхоз бойынша мемлекетке астық сату жоспарын бірінші болып орындады. (Қ.Боранбаев). Осындағы екінші, ұшінші, төртінші, бірінші деген сан есімдердің кұрамындағы -нші, -інші жұрнағы реттік сан есімдер жасайды, ягаи ол — сан есімнің бір семантикалық тобының жұрнағы. Мұнда осы сөздерге негіз болып тұрған сан атауларынан басқа сандық ұғым, атау жасалмаған. Негіз сөздің сандык ұғымының үстіне ретгік мағына косылған. Сан есімнің сөзжасамдық жұрнақгары мағынаны турлендіруші жүрнақтарға. жатады.
Мұндай сан есім қосымшалары көп емес, оларға реттік, жинақтық сан есімдердің қосымшалары жатады. Сан есімнің сөзжасавдық жүрнақгары сан есімнің мағыналық топтарын жасайды. Сан есімнің түрлі мағыналық топтарын жасауға басқа сөз таптарының көрсеткіштері де қатысады. Бұл қүбылыс та-тіл зандылығынан негізгі орын алмағанымен, тілде бар жағдай. Тілдік бірліктердің өз қызметінен басқа да түрлі қызмет атқаруы-кездесіп отыратын құбылыс. Сан есімнің мағыналық топтарының жасалуында бұл біраз орын алады. Мысалы, Жасы сол кезде кырықтарды алқымдаған, сақалды, мұртты кісі еді (С.Мұқанов). Жасы отыздардағы, қыр мұрынның астына шоқталап мұрт қойған — сіріңке қара жігіг (Ж.Жұмақанов). Мұнда қырықтар, отыздар деген болжалдық сандар сан есімге көптік жалғау жалғану арқылы жасалған, сан есімнің болжалдық семантикалық тобының жасалуына зат есімнің көптік жалғауы қатысып тұр.
Сөзжасамдық бірліктер тек қосымшалар ғана емес екені белгілі. Сан есім сөзжасамының түп негізі қосымшаларда емес, түбір сөзге, сандық атауларға қатысты. Сан атауларына тіліміз өте бай. Қандай болмасын сандық ұғымды дәлме-дәл білдіруге тіл байлығымыз, сандық атауларымыз жеткілікті. Осы бай сан атаулары негізінен бір сандық атау мен екінші сандық атаудың бір-біріне тіркесуі арқылы жасалған. Басқаша айтқанда, сан есімде сөзжасамдық негізгі бірліктер — сан атауларының өзі, өйткені сан есімде сан атаулары бір сандық атау мен екінші сандық атаудың тіркесі арқылы жасалған. Олай болса, сан есімде сандық ұғым негізінен күрделі сан атаулары арқылы беріледі.
Сандық атаулардың негізгі жасалу жолы аналитикалық тәсілмен байланысты болғаңдықтан, бұл тәсіл арқылы сан есімдердің жасалуының өзіндік жолы, тіркесу реті, модельдері бар. Сан атауларын бір-бірімен тіркестіретін морфемалар, жалғастырушы қосымшалар тілде жоқ, сан есімнің жасалуы таза аналитикалық тәсілге жатады. Сондықтан сан есім сөзжасамының аналитикалық түрінде сөзжасамға қатынасатын сыңарлардың орын тәртібінің маңызы өте зор. Мысалы, он бір, он бес, отыз алты, елу сегіз, тоқсан тоғыз т.б. Осы сандық үғымды білдіру үшін сыңарлардың осы орны сақталу керек. Олардың орнын өзгертуге болмайды. Мысалға жоғарыдағы сандардың сыңарларының орнын өзгертіп, бір он, бес он, алты отыз, сегіз елу, тоғыз тоқсан түрінде алсақ, жоғарыдағы мағына сақталған жоқ, мүлдем басқа мағына туды. Бұдан сан есімнің аналитикалық тәсіл арқылы жасалымында сыңарлардың орын тәртібі өте тұрақты, оның ерекше мәні бар.
Сан есім кез келген сандардың бір-бірімен тіркесу арқылы жасалмайды. Мұнда қалыптасқан белгілі заңдылық бар. Ол заңдылык бойынша тілімізде сан атаулының қайсысының калай тіркесуі қалыптасқан. Оны күрделі сандардың тіркесу үлгілерінен көруге болады, ал сан есім сөзжасамдық үлгілерге өте бай. Айталық ондық пен бірлік аралас сандардың жасалу үлгісімен жүздіктердің үлгісін салыстырып қарайық. Ондық пен бірлік аралас сандар он жөне бірлік сыңардан тұратын ондық — бірлік түріндегі үлгі арқылы жасалады да, мағына сыңарлардың мағынасының қосындысынан туады: отыз бес, қырық жеті, елу алты, сексен жеті т.б. Ал жүздік атаулар бірлік-жүздік үлгісімен жасалады да, мағына сыңарлардың мағынасының көбейтіндісінен туады. Мысалы, екі жүз, бес жүз, алты жүз, сегіз жүз т.б. Әр түрлі сандык атаулардың түрлі-түрлі нақтылы үлгілері бар. Ол үлгілердің әрқайсысының белгілі құрамы бар, оған қатысатын сыңарлар тек сан есім сөздер ғана. Әр үлгі бір топ сандардың атауларын жасайды.
Сан есім сөзжасамдық үлгілері күрделі сан атауларының жасалуын көрсетеді, ал сан есім мағыналық топтары да аналитикалық тәсіл арқылы жасалады, бірақ, мұнда сыңарлардың тек қана сан есім болуы міндетті емес, өйткені оған басқа сөз табы, яғни шылаулар да қатыса береді. Мысалы, Оның құны көп болса, 10-15 сом (С.Мұқанов). Айналасы отыз шақты ғана үйлік төрелер бірімен-бірі айнала кұда (С.Мұқанов). Осы мысалда сан есімнің болжалдық тобына жататын екі мысал бар. Оның біріншісі он және он бес сандарының қосарлануы арқылы жасалған, оның сыңарларының екеуі де сан есімнен, ал екіншісі есептік санға шақты шылауының тіркесуі арқылы жасалған.
Нақтылы сандық атаулардың жасалуына қатысатын бірліктер — тек қана сан есімдер. Ал сан есімнің мағыналық топтарының жасалуына сан есімнің өз көрсеткіштерімен қатар, басқа сөз таптарының кейбір көрсеткіштері де белсенді қатысады. Әрине, сан есім мағыналық топтарының жасалуына кез келген қосымша қатыса бермейді. Ондай қызметке араласатын косымшалардың түрлері де, саны да белгілі.
Жоғарыда сан есім сөзжасам жүйесіне берілген сипаттамалардан сан есім сөзжасамының басқа сөз таптарының сөзжасамымен салыстырғанда, өзіндік ерекшелігі молдығы байқалды. Оларды жинақтай келгенде, төмендегі ерекшеліктерді атау кажет. Ол ерекшеліктердің бірі — сан есімнің сөз тудырушы, сандық ұғым жасаушы жұрнақтарының жоқтығы. Сан есім құрамында кездесетін, көне қосымшалардың жағдайы басқашарақ. Олар: -ыз/-із/сегіз, тоғыз/, -ты/-ті/алты, жеті. Бұл морфемалардың этимологиясы белгісіз. Қосымша сөзде кездесетін тілдік бірлік, бірақ ол басқа сандарда қайталанбайды. Ал сан есім сөздердің құрамында кездесетін басқа жымдасқан морфемалардың түп негізі белгілі сөзге барып тіреледі. Бұл заңды, өйткені сан есім сөзжасамының негізі-синтетикалық тәсіл емес, аналитикалық тәсіл. Оған дәлел ретінде құрамы күрделі морфемадан тұратын алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан атауларын келтіруте болады. Н.К. Дмитриев кейбір жеке сөздердің этимологиясына келсек, алтмыш /алпыс/, етмеш сөздері /алты/, ете /жеті/ сөздерінен -мыш, -меш жүрнақтары арқылы жасалған, ол алғаш он дегенді білдірген болуы керек. Мұндай сан есім формалары көптеген түркі тілдеріне қатысты дейді. Ол сексен, тоқсан сөздерін сегіз, тоғыз сөздерімен байланыстырады да, олардың құрамындағы екінші сыңары он сөзінің өзгерген түрі деп санайды.
Сын есімнің сөзжасамдық жұрнақтары болмағандықтан, ол өзінің құрамын басқа сөз таптарының лексикалық бірліктері арқылы толықтыра алмайды. Сан есім сөзжасамының басқа сөз таптарының сөзжасамынан негізгі ерекшеліктерінің бірі де осы белгіге байланысты. Сан есім сөзжасамына тек сан атаулары ғана негіз болады, басқа сөз таптары сан атауларының жасалуына негіз бола алмайды. Басқаша айтқанда, сан есім сөзжасамы сан есім аясынан шықпайды. Сан есімдер өзінің ішкі мүмкіндігі арқылы ғана байып, толығып, басқа сөз табының қатысын керек етпейді. Мұндай ерекшелік басқа сөз таптарында кездеспейді. Сондықтан оны сан есім сөзжасамына байланысты негізгі ерекшеліктердің бірі санауға әбден болады.
Сан есімнің жекелеген қосымшалары тек сан есімдерге ғана жалғанады, басқа сөз таптарына жалғанбайды яғни мұнда негіз сөз тек сан есім ғана болуға тиіс. Бұл жағдай сан есім сөзжасамының өз ішінде тұйықталуын туғызған, басқаша айтқанда, сан есім сөзжасамы өз аясында қалады, бұл да-сан есім сөзжасамының бір ерекшелігі.
Сан есім сөзжасамында тағы бір ерекшелік өзіне назар аударады. Сан есім сөзжасамындағы негізгі үлгілер мен тәсілдер қазір өз қызметін тұйықтаған, өте пассивтенген, олар-тілді сан атаулармен қазір күнделікті толықтырып отырған үлгілер мен тәсілдер емес. Анығырақ айтсақ, сан есім сөзжасамының үлгілері мен тәсілдері бір кездері өте белсенді қызмет атқарып, тілдегі сан атауларын жасаған. Тілімізге орыс тілінен миллион, миллиард, триллион сияқты сан атаулары енген, олардың тіркесімен талай сан атауларын жасауда сан есім сөзжасамының тәсілдері мен үлгілері қызмет атқарған. Бірақ сан есім сөзжасамының тәсілдері мен үлгілері қазір жаңа сан атауларын жасап, тілге жаңа сан қосып, үздіксіз қызмет етіп отырған жоқ. Сондықтан да сан есім құрамы басқа сөз таптарымен салыстырғанда, тұрақты деуге болады. Аталған жағдайлар сан есім сөзжасамының өзіндік ерекшелігін танытады. Сандық ұғымдарды білдіретін сөздер басқа ешбір халықтың тілінен кем емес. Қазақ тілінде миллионға дейін күрделі сан атаулары жасалған, сан есімді сөз табы дәрежесіне көтеретіндер де — осы күрделі сан атаулары. Бірақ олар санаттан тыс қалып, сөздіктерде көрінбей жүр. Сан есім атауларынан сөздікте небәрі 20 шақты дара сандардың атаулары ғана беріледі.
Сан есім сөзжасам тәсілдері
Сан есім сөзжасам жүйесінде екі тәсіл кызмет етеді. Олар: аналитикалық және синтетикалық тәсілдер. Аналитикалық тәсіл-сан есім сөзжасамының ең негізгі тәсілі. Аналитикалык тәсіл сан есім сөзжасамында негізгі тәсіл болып саналатын себебі сан есімнің нағыз сандық атауларының бәрі дерлік аналитикалық тәсіл арқылы жасалған. Сан есімдегі негізгі түбір сан атауларынан басқа есептік сандардың бәрі аналитикалық тәсілмен жасалған. Негізгі түбір сан есімдерге көбіне бірлік, ондық атаулары және жүз, мың деген сандар жатады. Есептік сандарды білдіретін негізгі түбір сан есімдердің саны жиырма үш сөзден ғана тұрады. Олар бірліктер: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз; ондықтар: он, жиырма, отыз, кырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан және жүздік пен мыңдық атаулары: жүз, мың, миллион, миллиард, триллион. Мұндағы, алты, жеті, сегіз, тоғыз, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан деген сан атаулары тарихи тұрғыда туынды сөздер болғанымен, қазір олар негізгі түбір деп саналады.
Тіліміздегі сандық ұғымдар тек бірлік, ондық, жүз, мың, миллион, миллиард деген дара сандармен ғана шектеліп қоймайды, ең көп сандық ұғымдар — осы сандар араласып келген, күрделі сандық ұғымдар. Олардың саны қандай көп болса, түрлері, құрамдары сондай алуан түрлі. Сондықтан тілде күрделі сандық ұғымды білдіру үшін, аналитикалык тәсілдің тіркестіру түрі кең қолданылған. Бұл тәсіл бойынша бір сан атауымен екінші сан атауы тіркесіп, үшінші бір күрделі сандық ұғымды білдірген. Мысалы, он+бес, жүз+алпыс, жүз+қырық+үш. Мұндағы құрамы он және бес деген сандардан тұратын күрделі сандық ұғымды білдіру үшін, он және бес саны тіркесіп, он бес деген күрделі есептік сан жасалған. Бұл ондық пен бірлік аралас сандардың тобына жатады. Ал жүз алпыс деген есептік сан жүздік пен алпыс санының қосындысынан тұратын сандық ұғымды білдіреді. Жүз қырық үш саны бұдан да гөрі күрделірек, мұнда жүздік, ондық, бірлік қатысқан.
Күрделі сан атаулары екі түрлі жолмен жасалады: 1) бір сан мен екіншісі сан қосылып, оның қосындысынан үшінші сан атауы жасалады: он+бір=он бір, сексен+тоғыз=сексен тоғыз, жүз+он бес=жүз он бес, мың+сегіз=мың сегіз т.б. 2) жүздік, мыңдық, миллион атаулары көбейту арқылы жасалады: Мұнда бір сан мен екінші сан көбейтіледі. Мысалы, екі х жүз=екі жүз, бес х мың=бес мың, тоғыз х жүз=тоғыз жүз, он бес х мың=он бес мың т.б. Осы екі жолмен тілдегі он бір санынан бастап, миллион, миллиардқа дейінгі сан атаулары жасалған.
Аналитикалық тәсіл сан есімнің семантикалық топтарын жасауға да қатысады. Мысалы, жүзге тарта, мың шамалы, жеті-сегіз т.б. Бірақ онда аналитикалық онша өнімді емес, кейбір мағыналық топтарда ғана ол қызмет атқарады, бірақ оның мағынаға әсері де дәл есептік сандағыдай емес, өйткені онда нағыз сан атаулары жасалмайды, негізгі сандық ұғымға түрлі қосымша мағына қосылады.
Сан есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы өнімсіз, өйткені сан есімде сөзжасам қосымшалары өте аз.
Сан есім сөзжасамының бұл ерекшелігі өте ерте қалыптасқан. Алайда бірлі жарым сандардың құрамында жекелеген қосымша кездеседі. Бірлік сандардың атауындағы —ты/-ті, -ыз/-із морфемаларының алты, жеті, сегіз, тоғыз сандарында қайталанып тұрғанына қарап, оларды осы сандарды жасаушы қосымша санау бар. Мұнымен бірге осы сандардың жасалуына негіз болып тұрған түбір алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан сандарының жасалуына да негіз болған. Тек бұл түбірлер қазіргі тілдерде жеке сөз ретінде қолданылады.
Ал сан есім сөзжасамындағы синтетикалық тәсіл негізінен сан есім мағыналық топтарын жасайтын қосымшалармен байланысты. Сондықтан сан есімнің сөзжасамдық жұрнақтары мағына жағынан да басқа сөз таптарынан ерекшеленеді, өйткені олар лексикалық мағынаны түрлендіруші қосымшаларға жатады. Мысалы, Олар төртеу-ақ. Жетеудің кемтігін жаба ала ма?(Ғ.Мұстафин). Келтірілген мысалдағы синтетикалық тәсіл арқылы жасалган сан есімдер: төртеу, жетеу. Бұлардың жасалуына негіз болып тұрған сан есімдер: төрт және жеті. Төртеу, жетеу сандарының мағынасында негіз сөздердің (төрт, жеті) мағынасында жоқ жинақтық-заттық мағына бар. Бұл үстеме мағына негіз сөздегі төрт, жеті сандық ұғымының үстіне қосылған. Сонда негізді сөздің мағынасы негіз сөздің мағынасынан кеңігені көрініп тұр. Сөзжасам теориясы бойынша қашан да негізді сөздің (производная основа) мағынасы негіз сөздің (производящая основа) мағынасынан кең болуға тиісті. Төртеу, жетеу сөздерінің мағынасы осы теорияны растап, оған сай келіп тұр. Келесі бір мәселе синтетикалық тәсіл арқылы жасалған сан есімдердің бәрінде сандық ұғым өзгеріп, екінші бір сандық ұғым жасалмайды. Төртеу, жетеу, бірінші дегендердің бәрінде негізгі сандық ұғым өзгерген жоқ, оларға үстеме мағына қосылды, лексикалық мағына түрленді. Міне, бұл — сан есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуының өзіндік ерекшелігі.
Есептік санның жасалуы
Есептік сандар нақтылы сандық ұғымды білдіреді, нақтылы сандық ұғымдарды атайды. Сан есім сөз табының негізін есептік сандар құрастырады. Олар сан есімнің басқа мағыналық топтарының жасалуына да негіз болады. Сондықтан сан есім кұрамында есептік сандар ерекше орын алады, олардың атқаратын қызметі зор. Есептік сандар ішкі құрылысы жағынан сан алуан. Есептік сандарда көзге түсетін ерекшелік олардағы сандық қатарлар. Сандық қатарлар сандардың белгілі дәрежесіне байланысты. Мысалға бірлік,
ондық, жүздік, мыңдық, миллион, миллиард, триллион сияқты сандық қатарлар бар. Әр саңдық қатардағы атаулар көне замандарда- ақ жасалып, қазір олар дайын сан атауы ретінде қолданылады. Тек миллион, миллиард, триллион сияқты сандық қатарлардағы сандық атаулар кейінірек қосылған деуге болады. Бірақ олар-күнделік өмірде сирек кездесетін атаулар.
Есептік сан атауына жататын 23 атаудан (9 бірлік, 9 ондық, жүз, мың, миллион, миллиард, триллион) басқа сандық атаулардың бәрі күрделі сандар. Сондықтан есептік сан атаулары негізінен : күрделі сандардан тұрады. Ал күрделі сан атаулары бір сан атауымен екінші сан атауының тіркесуі арқылы жасалады. Тіркесетін сан атаулары — жоғарыда аталған дара сан атаулары. Ең кіші күрделі есептік сандар — екі сөзден тұратын ондық пен бірліктің қосылуы арқылы жасалатын сан атаулары. Ондай күрделі есептік сандардың жасалуында ондық атаулары тірек сыңар болады да, бірлік ауыспалы сыңар болады. Бірлік пен ондықтың қосындысынан күрделі сан атаулары жасалған. Мысалы, он+бір=он бір, он+екі=он екі т.б. Бұл үлгімен тоғыз күрделі сан жасалады. Әр ондық пен бірліктердің қосылуынан тоғыздан күрделі сан жасалады. 9 ондық пен 9 бірліктің қосылуынан тілде 81 күрделі сан атауы жасалады. 81 күрделі сан атауы — тек сандық бірлік аралас екі сыңардан құралған күрделі есептік сандар. Мұндай күрделі сандар : он+бірлік үлгісі арқылы жасалады. Мысалы, он төрт, жиырма бес, отыз алты, қырық жеті, елу сегіз, алпыс тоғыз, жетпіс үш, сексен екі, тоқсан бір т.б. Келесі топқа жүздік атауларының жасалуы жатады. Жүздік , атаулары бірлік пен жуздіктің көбейтілуі арқылы жасалады. Үлгі: [ бірлік х жүздік. Бұл үлгі бойынша екі сыңардан құралатын 9 күрделі сан яғни 9 жүздіктің аты жасалады: бір жүз, екі жүз, үш жүз, төрт .Жүз, бес жүз, алты жүз, жеті жүз, сегіз жүз, тоғыз жүз. Үшінші топқа мындық атауларының жасалуы жатады. Үлгі үш түрлі: бірлік х мың, ондық х мың, жүздік х мың. Мысалы, екі мың, отыз мың, жүз мың. Бұл — негізгі үлгілер. Ал оңдықтар мен бірліктер араласқан 81 күрделі санның әрқайсысы мындықтың алдынан келіп, мың сөзіне көбейтіліп, мындықтың атын жасайды. Мысалы, он бес мың, отыз төрт мың, елу екі мың, жетпіс алты мың, тоқсан тоғыз мың т.б. Сол сияқты жүздік атаулары да мың сөзімен тіркесіп, мыңдықтар атауларын жасайды. Мысалы, екі жүз мың, бес жүз мың, сегіз жүз мың, тоғыз жүз мың т.б.
Үшінші топка жүздік, ондык, бірлік аралас сан атауларының мың санымен тіркесіп, мындық атауын жасауы жатады. Мысалы, жүз елу екі мың т.б. Күрделі сан атауларының құрамы екі сөзден басталып, тоғыз сөзге дейін жетіп, миллионнан триллионға дейінгі қатарларда одан да жоғары болуы мүмкін. Бірақ күрделі сандардың кұрамы неғұрлым көбейген сайын күнделікті өмірде оның қолданылуы сирей береді. Күрделі сандардың құрамы қанша сөзден құралса да, олар біртұтас сандық ұғымды білдіреді.
Тілдегі күрделі сандардың — әрқайсысының өзіндік мағынасы бар, әрқайсысы да белгілі санды білдіреді. Оларға синонимдік касиет тән емес. Мысалы, тілдегі қырық бес, елу бес, алпыс жеті, алпыс сегіз, жүз елу бес, екі мың алты жүз сексен тоғыз сияқты күрделі сан атаулыны қанша тізе берсек те, олардың ешқайсысының білдіретін сандық ұғымы бірімен-бірі түйіспейді. Бұл арада күрделі сан атауларының мағына дербестігі дәлелденіп отыр, өйткені тілдегі әр күрделі сан атауының өзіндік мағынасы, өзіндік тұрақты құрамы бар, олар бірімен-бірі еш уақытта толық сәйкес келмейді. Күрделі сандардағы бұл құбылыс жалпы сөз атаулыға қойылатын ортақ шартқа сай. Тілдегі әр сөздің өзінше дыбыстық, морфемдік құрамы, мағынасы болу, сол арқылы сөз бір-бірінен ажырауы-жалпы заң.
Әр күрделі сан атауы мағына жағынан да, құрамы жағынан да алғашқы калпын сақтаған. Күрделі сан атауларының осы қасиеті оның сөз статусына қойылатын талапқа нақтылы сәйкес. Күрделі сандардың құрамы қанша сөзден құралғанына қарамастан, олар сөйлемде бір сөздің қызметін атқарады, бір сөйлем мүшесі болады. Мысалы, Сағат төртте Жапон теңізі мен Тихоокеан аралығындағы Жапония үстінде жүз жетпіс миллион самолет қалықтап, күндізгі сағат бесте Жапонияның түні басталады (С.Ерубаев). Күрделі сандар бір сөз болғандықтан, қосымшалар күрделі сандардың соңғы сыңарына жалғанады. Мысалы, Биыл олардың саны екі жүз сексен екі мыңнан асып отыр (газеттен). Келтірілген мысалда шығыс септік жалғауы екі жүз сексен екі мың деген бес сыңардан тұратын күрделі санды аяқтап тұрған мың деген сөзге жалғанған. Бұл занды, өйткені мың сөзі күрделі санның соңғы сөз мың сыңарымен аяқталады, сондықтан қосымша соған жалғанған. Міне, бұл да күрделі сандардың дербес сөздік қасиетін көрсететін белгілердің бірі.
Күрделі сандар біртұтас сөз болғандықтан, олардың арасына еш уақытта ешбір басқа морфема кіре алмайды, оларды бөліп айтуға болмайды. Күрделі сандар өз тұтастығын берік сактайды.»Әрбір күрделі сан үнемі бір құрамда, сыңарларының орын тәртібін қатал сақтап, тұрақты қолданылады. Бұл да — сөз құрамының түрақтылығына байланысты жағдай. Күрделі сандардың дербестігін дәлелдейді. Күрделі сандар сөйлемге тілдегі дайын қалпында алынады. Бүл — тілдегі сөз атаулыға тән негізгі белгі. Сөйлем тілде бұрыннан жасалып колданылып жүрген дайын лексикалық бірліктерден құралады. Күрделі санның әрқайсысы да тілде көне замандардан келе жатқан, өткен замандарда жасалған, сондықтан олар сөйлемдегі басқа сөздер сияқты дайын қалпында сөз тіркесінің бір сыңары ретінде ғана сөйлемге кіреді. Бұл да күрделі сандардың лексикалық дербестігіне дәлел. Күрделі сандардың жасалуында тірек сыңар негізгі кызмет атқарады. Күрделі сандардың тірек сыңары бірнеше күрделі санның жасалуына негіз болып, олардың бәрінің құрамынан бір орын алып, бәрінде бір мағына береді. Ондай күрделі сөздердің басқа сыңары ауысып, тірек сыңарға түрлі мағына қосып отырады. Ондық пен бірлік аралас күрделі санда жаңа мағына ондық пен бірліктің қосындысынан шығады. Мысалы, он бір, он екі, он үш, он төрт, он бес, он алты, он жеті, он сегіз, он тоғыз. Мүнда он саны тоғыз бірлікпен тіркесіп, тоғыз күрделі сан жасаған. Әр ондықта осылайша 9 бірлікпен тіркесіп, тоғыз-тоғыздан күрделі сан жасайды. Ондықтардың тірек сыңар болуы арқылы барлығы тілде 81 күрделі сан жасалған. Бүлардың бәрінде тірек сыңар болатын ондықтар үнемі бірінші орында, ауыспалы сыңарлар екінші орында түрады. Бірлік пен ондық аралас күрделі сандардың бәрінде тірек сыңардың мағынасы сақталып, олардың мағыналастығын туғызып отырады. Мысалға, отыз бір, отыз екі, отыз үш, отыз төрт, отыз бес, отыз алты, отыз жеті, отыз сегіз, отыз тоғыз деген бір тірек сыңар арқылы жасалған күрделі сандарда отыз санының мағынасы олардың бәрінің мағына байланыстылығын туғызып тұр.
Тілде тірек сыңар болатын сандар көп емес, олар: ондықтар, жүздіктер, мындықтар. Мысалға жүздіктердің тірек сыңар болуын келтірейік. Алдымен жүз сөзі жүздіктердің жасалуына тірек сыңар болады. Мысалы, бір жүз, екі жүз, үш жүз, төрт жүз, бес жүз, алты жүз, жеті жүз, сегіз жүз, тоғыз жүз. Жүз саны тоғыз бірлікпен тіркесіп, тоғыз түрлі жүздіктің атын жасаған яғни бұл үлгіде жүздіктердің аты жасалған. Осы күрделі сан атауларының жасалуына жүз саны негіз болып, бұл күрделі сандардың жасалуына ұйытқы, тірек сыңар болып тұр. Жүздіктердің атында тірек компонент екінші орында, ауыспалы компонент бірінші орында тұрады. Жүздіктердің мағынасы бірлік пен жүздіктің көбейтіндісінен шығады. Жасалған осы күрделі сандардың бәрінде жүз санының мағынасы бар, ол осы жүздіктердің мағына байланыстылығын туғызып, жаңа мағынаға өзек болып тұр. Миллионға дейінгі күрделі сандардың жасауында тірек сыңар қызметінде қолданылатын сандардың ең өнімдісі — мындықтар, мындықтардың түрлері мол. Олардың әрқайсысы талай күрделі сандардың жасалуына негіз болады, анығырақ айтсақ, ондық пен жүздіктер арқылы жасалған күрделі сандарды шығарғанда, қалған күрделі сандардың бәрі мыңдық арқылы жасалады. Мысалға мың саны тоғыз бірлікпен тіркесіп, тоғыз мындықтың атын жасайды: бір мың, екі мың, үш мың, төрт мың, бес мың, алты мың, жеті мық, сегіз мың, тоғыз мың. Мындықтар бірлікпен ғана жасалып қоймайды, ол ондықпен де, жүздікпен де, жүздік аралас күрделі сандармен де тіркесіп жасала береді. Мысалы, он мың, жүз мың, жүз елу мың, тоғыз жүз мың тоқсан тоғыз т.б. Бұлардың барлығында тірек сыңары — мың саны. Ол соңғы орында тұрады, ауыспалы сыңарлар тірек сыңардың алдында тұрады. Тірек сыңардың мағынасы бұл күрделі сандардың бәріне ортақ, бәрінің мағына байланыстылығын туғызады, күрделі сандардың жасалуына негіз болады. Мындықтардың атында мың саны тірек сыңар болғанда, күрделі санның соңғы сыңары болады, ал мындықтардың үстіне қосылған миллионға апаратын күрделі сандарға тірек сыңар болған мындықтар бірінші орында тұрып, ауыспалы сыңар соңында тұрады.
Сөйтіп, күрделі сан есімде тірек сыңардың орны екі түрлі, ол күрделі санның алғашқы сыңары да, соңғы сыңары да бола береді. Мысалға ондық пен бірлік аралас күрделі сандарда тірек сыңар бірінші орында, ауыспалы сыңар екінші орында тұрады. Мысалы, он бір, отыз екі, кырық бес т.б. Ал жүздіктер мен мыңдықтарда екі заңдылық бар. Жүздіктің, мындықтардың аттары жасалғанда, жүз, мың сандары тірек сыңар қызметінде күрделі санның соңғы сыңары болады. Мысалы, тоғыз+ жүз, сегіз+ жүз, алты+мың, жүз+мың, екі жүз алпыс екі+мың т.б.
Реттік санның жасалуы
Сан есімнің синтетикалық сөзжасам жүйесіне жататын қосымшаға -ыншы, -інші, -ншы, -нші жұрнағы жатады. Бұл жұрнақ есептік сан есімнен реттік сан есім жасайды, дара, күрделі есептік сан есімдердің қайсысынан да реттік сан есім осы жұрнақ арқылы жасалады. Мысалы, Жанар тоғызыншы класты бітірді. Ақбалым сегізінші класта еді (Ғ.Мүстафин). Бір мың тоғыз жүз отыз екініш жылдың көктемі (Ғ.Мүстафин). Мысалдағы тоғызыншы, сегізінші деген реттік сан дара сан есімдерден жасалған, ал бір мың тоғыз жүз отыз екінші деген реттік сан есім күрделі сан есімнен жасалған. Бұлардың бәрі -ыншы, -нші жұрнағы арқылы жасалған. Ал ретгік сандардың негізгі мағынасы заттың нақтылы рет қатар санымен байланысты. Реттік сан есімнің тілдің сөзжасам жүйесіне жатқызылуының тағы бір себебі мұнда қосылатын үстеме мағынаның өзіндік бір ерекшелігінде. Мысалы, он кітап дегенде шындық өмірде белгілі бір кезең мен кеңістіктегі нақтылы он кітап сөз болған, ол — бар кітаптың нақтылы саны. Ал оныншы үйде тұрады деген де әңгіме бір ғана үй туралы. Бірақ ол үйдің қатар, рет саны оныншы. Міне, бұл жағдай реттік санда сандық ұғымға да белгілі мағыналық өзгеріс енетінін дәлелдейді. Сондықтан реттік сандардың сөзжасам жүйесіне жатуы өте орынды. Реттік сандардың қолданылуына қарай тағы бір ерекшелігі бар. Ол — реттік сандардың заттануы. Заттанған реттік сан есім зат есімдерше түрленіп, зат есімдер атқаратын синтаксистік кызметте қолданылады. Мысалы, Бірің тапсырғанда, екіншің терезе алдында тұрыңдар (С.М.). Екіншісіне кімді ұсынасыз? (М.И.). Бұл — он бесінші (С.М.). Мен соны байқап, біріншіде бес-алты кұлақ шыққан кезде, екіншісінде тары бас жара бастағанда, үшіншісінде сүттене бастағанда, төртіншісінде пісіп келе жатқанда суардым (Ғ.Мұстафин).
Жинақтық санның сөзжасамы
Жинақтық сан есім жасаушы қосымша -ау, -еу. Бұл қосымша бірден жетіге дейінгі бірлік сандардан жинақтық сан есім жасайды. Ол сандық ұғымды мүлдем өзгертпейді, бірақ есептік санға жинақтау мәнін қосып, оның мәнін абстракцияландырып, заттық үғым да қосады. Мысалы, Біреу де болса жетеді. Бес жыл өткен тойға енді өкініп жатыр екеуі. Үшеуі оңаша отыр. Ішінен мықты үшеуін таңдап алып, шұңқырға сал. Әлсіздеу біреуін үш көлікпен ауылға қайыр. Екеуі тракторға қалсын. Олар төртеу-ақ. Жетеудің кемтігін жаба ала ма? (Ғ.Мұстафин).
Топтық санның жасалуы
Топтық сан атаулары жеке заттардың санын емес, белгілі топтағы заттардың санын білдіреді. Сондықтан олар топтық сан атаулары аталады. Топтық сан атауларын жасайтын арнайы қосымша жоқ. Бұл қызметті шығыс септік жалғауы атқарады. Мысалы, оннан, жүзден, мыңнан т.б. Топтық қосарланған есімдерден де жасала береді: он-оннан, бес-бестен, жүз-жүзден. Мысалы, Әлти жалшыны екіден-үштен емес, елуден-алпыстан жалдайды (С.Мұқанов).
Болжалдық санның жасалуы
Болжалдық сан атаулары екі түрлі тәсілмен жасалады: 1) синтетикалық тәсіл, 2) аналитикалықтәсіл.
Болжалдық сан атауларының синтетикалық тәсілмен жасалуы. Болжалдық сан атауын жасайтын тілде түрлі жұрнақ бар:
1) дай, -дей, -тай, -тей жұрнағы есептік сан атауларынан болжалдық сан атауын жасайды: отыздай адам, кырықтай бала, елудей мектеп, жетпістей қала т.б. Мысалы, Мектепте төрт жүз елудей бала оқиды (С.Мұқанов).
2) -ер жұрнағы арқылы бір ғана болжалдық сан атауы жасалған, ол — бірер деген сез. Мысалы, Бірер адам үйде қалсын, бірер адам сыртта болсын (С.Мұқанов).
3) -даған, -деген жұрнағы өнімді есептік сандардан болжалдық сан жасай береді: жүздеген, мыңдаған, ондаған т.б. Мысалы, Жомарттың есебінше, ол жүздеген сомдар кіріс енгізбек (Ғ.Мұстафин).
Сонымен бірге көптік жалғауы есептік санға жалғанып, болжалдық сан атауын жасап, сөзжасамдық кызмет атқарады: бестер, алтылар, жетпістер т.б. Мысалы, Сағат алтыларда жиналамыз (С.Жүнісов).
Болжалдық сан атауларының аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы. Болжаддық сан атауларының аналитикалык тәсіл аркылы 2 түрлі жолмен жасалады: 1) Сан атауларының қосарлануы аркьілы жасалады: он-он бес, кырық-елу, сексен-тоқсан. Мысалы, Оның он бес-он алтыға келген кезі (С.Мұкднов).
2) Есептік сан атауларына жуық, тарта, қаралы, шақты, шамалы, шамасында, артық, астам, аса, таяу, жақын шылаулары тіркесіп, олардан болжалдық сан атауларын жасайды. Мысалы, Құдасының аулына Ұлжан отыз шақты кісімен келген (М.Әуезов).
Бөлшектік санның жасалуы
Тілде бүтін сандық үлгімен бірге, бөлшектік сандық үғым да бар, бірақ оны білдіретін арнайы жұрнақ жоқ. Алайда бөлшектік сандық ұғымды білдірудің өзіндік жолы қалыптаскан. Бөлшектік сандық ұғым есептік сандардың белгілі синтаксистік қатынасқа түсіп, сөз тіркесін жасауы арқылы беріледі: оннан бір, төрттің бірі т.б.
Бөлшектік санды білдіретін сөз тіркесінің сыңарлары белгілі грамматикалық тұлғада тұрады, олар үш түрлі: 1) бөлшектік сан атауын білдіретін сөз тіркесінің бірінші сыңары ілік септікте, екінші сыңары тәуелдік жалғауының үшінші жағында тұрады: онның екісі, үштің бірі, жүздің бесі, мыңның жүзі т.б. Мысалы, Қырықтың бірі қьдыр дейді.
Бөлшектік санның кұрамындағн бірінші сыңар шығыс септікте, екінші сыңары тәуелдік жалғауында тұрады: оннан бірі, жүзден екісі, алтыдан бірі, үштен бірі т.б. Мысалы, Жиналған халықтың екіден бірі ашулы (газеттен). Бөлшектік санның құрамындағы бірінші сыңар шығыс септікте, екінші сыңар атау септікте тұрады: бестен екі, үштен бір, оннан үш, алтыдан бір т.б. Мысалы, Кітаптың екіден бір бөлігін оқыдым.
Бөлшектік сандық ұғым есептік санға жарым, жарты, ширек сөздерінің тіркесуі арқылы беріледі: бір жарым, жарты миллион, ширек ғасыр т.б.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет