КІРІСПЕ Аналитикалық химия пәні педагогикалық жоғары оқу орнында 6В01504 - Химия мұғалімін даярлау, 6В01507 - Химия-Биология мұғалімін даярлау мамандығының білім беру бағдарламасына элективті пән ретінде енгізіліп, үшінші және төртінші семестрлерге алты кредиттен қойылған. Аналитикалық химия сапалық анализ және сандық анализ курстарын қамтиды. Сапалық анализ курсы қоршаган ортада кездесетін химиялық қосылыстардың, заттардың, зат қоспаларының сапасына талдау жасауды окытуды мақсат етеді.
Сапалық анализ курсыныңбағдарламасы. Сапалық талдау пәні мен әдістері. Аналитикалық химия мен оның маңызы. Аналитикалық химияның басқа ғылымдар арасындағы орны және оның жаратылыстану ғылымдары мен өнеркәсіптің дамуына әсері. Сапалық талдаудың әдістері. Реакцияның сезімталдығы және оның көрсеткіштері.
Иондарды ерітіндіден ашудың негізгі шарттары. Катиондар мен аниондарды аналитикалық топтарға бөлу. Әрекеттесуші массалар заңы ─ сапалық талдаудың теориялық негізі. Гомогенді жүйелер. Массалар әрекеттесу заңын қайтымды реакцияларға қолдану. Электролиттік диссоциация теориясының негізгі қағидалары. Әлсіз электролиттер. Иондық тепе-теңдіктің ығысуы. Бірдей ионның әрекеті. Күшті электролиттер теориясының негізгі ережелері. Судың иондық көбейтіндісі және сутектік көрсеткіш. Күшті және әлсіз электролиттердің рН-ын есептеу. Буферлік жүйелер және олардың талдаудағы маңыздылығы. Гетерогенді жүйелер. Гетерогенді жүйелер ұғымы. Ерігіштік көбейтіндісі. Тұз эффектісі. Бөлшектеп тұндыру. Тұнбалардың түзілу және еру шарттары.
Гидролиз үрдістері мен амфотерлік. Гидролиз. Гидролиз константасы мен дәрежесі. Гидролизденетін тұздардың гидролиз константалары, дәрежелері, рН-ы. Сулы ерітінділердегі амфотерлік гидроксидтердің әрекеті.
Тотығу-тотықсыздану үрдістері. Талдауда Тотығу-тотықсыздану реакцияларының маңызы. Стандартты сутектік электрод. Стандартты электродтық және тотығу-тотықсыздану потенциалдары. Комплексті қосылыстар, олардың құрамы мен құрылысы. Комплексті қосылыстардың диссоциациясы. Тұрақсыздық константасы, оның сапалық талдауда катиондарды ашу мен бөлу үшін қолданылуы. Кедергі келтіретін иондарды бүркемелеу және кешенді иондарды бұзу.Құрғақ заттар қоспасын талдау.
Лабораториялық жұмыстар барысында қышқыл-негіздік классификация негізінде катиондарды алты топқа жіктеп, олардың сапалық реакцияларын жасау мен қоспаларды талдап, құрамындағы иондарды анықтап, зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Химиялық қоспалар құрамындағы аниондарды анықтау алдында аниондардың екі классификациясы негізінде сапалық реакциялары жүргізіледі. Аниондар анализі олардың жекелік, тән, сезімтал реакциялары арқылы байқалатын химиялық қасиеттеріне байланысты. Лабораториялық жұмыс әр студентке жеке берілетін құрғақ тұздар қоспасын зерттеумен қорытындыланады.
Сапалық анализ әдістерін қолданып, зертханалық зерттеулер жүргізу дағдысы қалыптасқан білімалушылар мынадай талдау объектілерінің сапасына сараптама жасай алады: - ауылшаруашылық өнімдері, тамақ өнімдері, өндіріс өнімдері (металдар, құймалар, дәрі-дәрмектер және т.б.); - қоршаған орта ( ауа, су, топырақ, өсімдіктер); - табиғи шикізаттар (тау жыныстары, кендер, минералдар). Қоспалар құрамын зерттеу жоба түрінде орындалып, қорғалады.