Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қалқаман-Мамыр» шығармасы



Дата31.03.2022
өлшемі22,45 Kb.
#29383

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қалқаман-Мамыр» шығармасы

Шәкәрім Құдайбердіұлы – Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы. Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбаевтың қолында тәрбиеленді. Бұл жағдай Шәкәрім Құдайбердиевтің дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер етті. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білді. Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстады. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанды. Ақынның творчествосы сан-салалылығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19ғ. — дың аяғы мен 20ғ.-дың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық!» (1877) өлеңінде талапты жастарды ұлы Абайдан үлгі-өнеге алуға, содан үйренуге шақырса, «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» (1879) өлеңдері Абай үлгісінде жазылып, адамның өмір жасын жыр етеді. «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарды, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады.

Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп, («Анық асық әулие», «Шын сырым») адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндейді. «Жастарға» (1880), «Арман», «Насихат» (1881) атты өлеңдерінде әртүрлі тап пен топ өкілдерінің ниет, мақсаттарын шеней келе, қоғамда әлі моральдық өлшемнің дұрыс қойылмағанын сө з етеді. Ш.Қ.- қазақ поэзиясында оның философиялық саласын дамытқан ақын. Бірақ кейбір өлеңдерінде («Бай мен кедей», «Бай мен қонақ») мәселенің әлеуметтік мәнін ашуға бара бермейді. Үстем таптың озбырлығын, қиянатын айтумен шектеліп, «еңбек ет, бөтенді қанама, ісіңе арың басшы болсын» деп уағыздайды. «Жуандар» деген өлеңінде байларды сынайды, бірақ таптық көзқарасты санасына терең сіңіре алмай, ағартушылық көзқараста қалып қояды.

Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына ,мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман — Мамыр» дастанын жазды. (1888). Мұнда кіршіксіз махаббат дәріптеліп, ел билеушілер орнатқан қатыгез тіршілікке қарсылық, оны айыптау бар. «Еңлік — Кебек» дастанында (1891) бірін-бірі сүйген екі жастың қасіретін ескілікті салт-сананың қатып қалған уағыздарымен байланыстырады. «Айсұлу — Нартайдың» поэмасы жамандықты жазаласа, «Әділ — Мария» романында шынжыр балақ, шұбар төс алпауыттардың зорлық-зомбылығына қарсылық білдіріп, революцияның жеңісін хабарлаумен аяқтайды. Шәкәрім Құдайбердиев — «Қодардың өлімі», «Крез патша» дастандарының авторы .

Қазақ халқының бай ауыз әдеби қорындағы ең мол саланың бірі – лиро эпостық жырлар. Лиро-эпостың негізгі мінездемесі жайында да құнды пікірлер айтылған. Бұл топтағы жырлардың негізгі ерекшелігі – ғашықтықты мадақ еті, халықытың тұрмыс салты, өмірдің реалистік суреттері, жеке қаһармандардың психологиясын ашуға бағытталады.

Р.Бердібаев эпос жайында : «Халқымыздың ғасырлар бойы жаратқан эпикалық мұрасының бір саласы – романдық немесе ғашықтық эпостар. Ғашықтық эпостарда отан қорғау есем, адамның жеке басының мүддесі, махаббат мәселесі қарастырылады және осылар алға қойылады. Романдық эпостарда – адам арасындағы түрлі байланыстың достық, өшпенділік, ата-ана, бала арасындағы түрлі мәселелер қарастырылады. Бұл эпос түрінде драмалық, лирикалық ағым көп орын алады. Романдық эпостарда ауыз әдебиетінің түрлі жанрларының үлгілерін кездестіруге болады. Көптеген жырларда жар-жар, көңіл айту, қоштасу, жоқтау, жұбату, айтыс жанрларын байқауға болады». Романдық эпостар - кіршіксіз сүйіспеншілік, адамның ең асыл сезімдерінің тәңірі тұтып жырлауымен, адамзатты пәктік, адалдық үлгісінде тәрбиелеумен ғана емес, көркемдік қасиетімен де құнды рухани мұра. М.Жолдасбеков, С. Қасқабаев ғашықтық эпос жайында: «Ғашық эпостың басты мақсаты – ерлікті емес, махаббатты жырлау, шайқасты емес, сүйіспеншілік үшін күресті дәріптеу, сол себепті мұнда ел ішіндегі бейбіт өмір, халықтың тұрмысы әдет-ғұрпы молырақ көрініс табады».

«Қалқаман-Мамыр» поэмасы – халықтық шығарма»

«Бұл әңгіме 1722 жылы біздің Орта жүз қазағы Сырдария бойында жүргенде болған анық іс. Біздің қазақ қалмақтан жеңіліп, «Ақтабан шұбырынды» болғаннан бір-ақ жыл бұрын. Қалқаман- Мамырдың ісіне ескі қазақтар теріс көзімен қараса да, осы күнгі көңілінің көзі ашықтар жазасыз екенін біліп, дұға қылса керек. Өлгенді тірілтпесем де, өшкенді жандырғандай болсын деп, биыл жүз тоқсан жыл болып, ұмытылған істі алдыңызға қойдым. Бұл әңгіме ақсақал аузынан да қалып бара жатыр. Сол асықтардың өзі кетсе де, ізі жоғалмасын дедім – біздің де ізіміз жоғалатынын ойлап ».

Халықтық шығармаға айналған дастан сюжеті феодальді-патриархалдық дәуірдегі озбырлық пен әдет-ғұрыпты әшкерелейді, еркіндікті аңсаған халық идеясын паш етеді. «Қалқаман-Мамыр» дастаны алғаш рет 1912 жылы Семейде кітап болып басылып шыққан. «Қалқаман-Мамырдың» түрлі нұсқалары бар.

«Қалқаман - Мамыр» поэмасы – жастардың мөлдір махаббатының дәлелі. Қазақ халқы – негізінен, сөз өнеріне, өлең - дастандарға көп мән берген халық. Сонау V - VI ғасырлардан - ақ дамыған сөз өнері шығыс түркі тілдес елдерге қанатын кең жайып, жыр - толғаулар, өлең - дастандар ауыздан - ауызға халық жадында сақталған. Осындай халық ауыз әдебиетінің жыр - дастандары, батырлық жырлар, ғашықтық, не тұрмыс - салт жырлары болсын Шығыс елдерінің сөз өнерінде тереңірек қалыптасқан. Әсіресе, ғашықтық жырлар, лиро - эпостық жырлар халық жырларын ұрпаққа таныстырған жыршылар арқылы қазақ қауымында ғасырлар бойы сақталып келеді. «Ләйлі - Мәжнүн», «Жүсіп - Зылиха», «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу», «Қалқаман - Мамыр» сияқты лиро - эпостық жырлардың ең негізгі тақырыптары сүйіспеншілік, махаббатқа адалдық, мөлдір махаббатқа жету жолындағы ізгі істер, халықтың тұрмыс - салты, тіршілігі, дәстүрі, таза махаббат жолындағы қайғы - қасірет, күйініш - сүйініші болып табылады.

Бұл ескі қазақ өмірін суреттеу арқылы трагедиялық тағдырлар туралы сыр шертетін бұл поэма Ш. Құдайбердіұлының атын бүкіл қазақ даласына жария етті. Бұл поэма қай халық болса да сүйіп тыңдайтын, қайғылы - қасіретті, трагедиялы поэма болғандықтан екі жас өз мақсаттарына жетуге ұмтылды. Менің ойымша, қос ғашық өздерінің ең негізгі мақсаты таза махаббатқа жетті. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңіндегі халықтың хал - ахуалы, тұрмыс - тіршілігі де анық көрсетілген.

«Қалқаман – Мамыр» поэмасының басты кейіпкерінің бірі – Қалқаман. Бойында ер жігітке тән батылдық та, ақыл-ой да, өр мінез, сүйіктісіне деген толассыз махаббат та тоғысқан нағыз қазақ жігітінің бейнесі.

Мамыр бейнесі – ибалы да инабатты, сұлу да ақылды, адал да пәк, қыз балаға тән ұяңдық пен ер балаға тән ерлік пен еркіндіктің тоғысқан нағыз қазақ қызының бейнесі. Мамыр – тағдырдың ағысына қарсы жүрген жан. Ол − Қалқаманның алғашқы сәттегі шолақ ойдан туған арзан ойынының құлы емес, керісінше жігіттің өмірді өзгеше түсініп, сезімнің ұлы күшін мойындатуға бет бұруына жөн сілтеуші. Яғни аңғал жігіттің ақылына жолбасшы, сезіміне көшбасшы. Шәкәрім сомдаған Мамыр бейнесінің тағы бір таңғаларлық тұсы – қайсар мінезі, өлімді қаймықпай қасқайып қарсы алуы. Езбен өткен өмірден, сүйіктісімен бір болуды арман еткен Мамыр бейнесі адалдықтың, бар адамда табыла бермейтін өжеттіліктің нағыз үлгісі деп білемін.

Қорытындылай келе, айтарым «Қалқаман – Мамыр» поэмасының қазіргі жастарға берер өнегесі мол. Бұл поэмада қазақтың әдет-ғұрпы, дәстүрі, екі ғашықтың сиқырлы сезімі, жанашырлық сюжет, тарихи оқиға, заман шындығы, шынайылылық пен жасампаздық, еліктірер кейіпкерлер бейнесі керемет суреттелген. Шығарманың тәрбиелік мәні өте зор. Бір жағынан, тағдырға қарсы келмеу, ата-ана қарғысына қалмауды дәріптесе, екінші жағынан махаббатқа адал болуға, басыңа не іс түссе де сезіміңнен теріс айналмауға үгіттейді. Үшінші жағынан, қазақ халқының атадан келе жатқан салт-дәстүрінен аттап өту үлкен қателік екенін де тайға таңба басқандай санамызға жеткізеді. Әрине, сол кездегі жастар мен қазіргі заманғы жастардың заманын салыстыруға келмейді. Заман өзгерді, адам өзгерді. Қазіргі жастар өз махаббаттарын қайғы - қасіретсіз, сүйініш - күйінішсіз елестете алады. Бірақ ертедегі замандағы махаббаттың ұлылығы сонша, ғашықтар махаббат үшін жанын қиған. Ал бұл – қазіргі жастар үшін үлкен ұлағат.



«Шын сүйген жан тайынбас ұлы сыннан,аруға жүрегі мен жыр ұсынған» - демекші, Қалқаман мен Мамыр бейнесі тағдырдың сынын күліп қарсы алып, қиындыққа мойымай, қайсар мінезбен тағдырдың дайындаған ешбір сынынан тайынбай, мүдірмей, шынайы сезімді қорғап қалған нағыз қос ғашықтың бейнесі.

Адамзаттың өткен ұзақ өміріне көз салсақ, оның өнері мен поэзиясында махаббаттан, ғашықтықтан асқан тақырып болмапты. Махаббатты жыршы да, жазушы да, ақын да көп. Соның ішінде оқырманның жүрегінен орын таба алғандары санаулы-ақ. Десе де, Шәкәрім Құдайбердіұлының қара сиясы жүректі елжірете де, сүйсіндіре де білді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет