Шет тілдері педагогикалық факультеті



Дата22.04.2023
өлшемі32,03 Kb.
#85723

Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті

Шет тілдері педагогикалық факультеті


Қазақстанның қазіргі заман тарихы және дүниетанымдық пәндер кафедрасы

СӨЖ

Тақырыбы: «Қазақтың ұлы ханы- Абылай хан»

Орындаған:
1 курс , 117 топ студенті Амантурди К.Б.
Қабылдаған:
Жузтаева Б.Н.

Алматы
2023

Жоспары
1. Кіріспе
2. Абылай ханның өмірбаяны
3. Абылай саяси қайраткер
4. Абылай ханның Қазақ тарихындағы орны
5. Қорытынды
6. Пайдалаылған әдебиеттер

Кіріспе
Абылай хан (1711-1781 жж.) - қазак халқының әйгілі ханы, Қазақстан тарихындағы аса белгілі мемлекет қайраткерлерінің бірі. Қазақ мемлекетінің пайда болуы мен өркендеуі және сыртқы саясаттағы жеңістер оның есімімен байланысты. Абылайдың шын аты - Әбілмансұр. Бір ұрыста үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға «Абылайлап» шабады. Осыдан бастап ол Абылай атанып кетеді. Абылай 1711 жылы арғы тегі Шыңғыс ханның ұлы Жошыдан тарайтын белгілі тұлғалардың шаңырағында дүниеге келген.


Абылай әкесі Уәлиден айырылып, жетімдіктің зардабын ерте тартады. Балалық шағы мен жасөспірім кезі қуғында өтеді. Ол атақты Төле бидің бақташысы болған деп те айтады. Абылайдың аты жоңғарлармен болған шайқаста әйгілі болады. Ұрыстардың бірінде жекпе-жекте жоңғардың батыры Шарышты өлтіріп, «Абылай» деген ұранмен жауға карсы шығады. Қазақ жауынгерлеріне жігер беріп, рухтандырып, шайқаста жеңіске жетеді. Осы жеңістен соң ол Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады.  
Абылай ханның өмірбаяны
Абылай хан (1711-1781) - Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Ш.Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек. Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі.Қай жылы туса да, 1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.
Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Аңырақай шайқасына қатыспады дегеннің өзінде де, Абылайдың 1730-33ж. Болған бір ірі шайқасқа қатысқаны дау тудырмайды. Тарихи деректерден Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында 1730 жылы да, 1731 жылы да бірнеше үлкен ұрыстар болғаны белгілі. 1732 жылы жоңғарлардың 7 мыңнан астам әскері Орта жүздің шығыс шетіндегі ауылдарына шабуыл жасап, тегеурінді тойтарысқа тап болады. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 30-40 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп…» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Бірте-бірте ұлыстағы билік Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет ханнан өтіп, Абылайдың қолына көшеді.

Абылай — саяси қайраткер


1738-41 ж. Абылай бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншылырына бірнеше мәрте соққы берді. 1742 ж. Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Сол кездегі ойрат басқыншыларына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ қоғамында абыржушылық туғызып, Абылайды босатып алу үлкен саяси мәселеге айналады. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Төле би мен Әбілқайыр хан Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатып алуда ара түсуге өтініш жасайды. Бұл деректің шындық екенін осы кезеңде Орынбор губернаторы И.Ш.Неплюев пен Әбілқайырдың өзара жазысқан хаттары да дәлелдей түседі. Қазақтың үш жүзінен Толе би бастап 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 ж. 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады. Бұл жөнінде Неплюевтің сыртқы істер коллегиясына жазған хатында қазақтар мен қалмақтар бітімге келіп, бірігіп кете ме деген қауіп те білдірген.
Абылай билігінің күшейе түсуінің жаңа кезеңі 1744 жылы Әбілмәмбеттің Түркістанға көшіп кетуі уақытына тура келеді. Абылай көреген саяси қайраткер бола отырып, қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломат жолдарды да тиімді пайдалаңды. 1740 ж. тамызда ол Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамқорына» кіруге келісім білдіреді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Шың империясымен де қарым қатынасын суытпады. Петербург пен Пекинге елшіліктер аттандырды. Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесіне пайдаланып отырды. Абылай 1745 ж. Қалдан Серен дүние салғаннан кейін, Жоңғарияның билеуші топтарының тақ таласынан әлсіреп, бұрынғы әскери қуатынан айырыла бастауын және жоңғар-қытай соғысын Шығыс Түркістанмен іргелес өңірдегі ойраттардың уақытша билігінде қалған казақ жерлерін қайтаруға, елдің дербестігін толық қалпына келтіруге пайдалану үшін барынша күш салды. Абылай қазақ елінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдаяттармен аянбай күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті. 1745ж. Орта жүздегі Әбілмәмбет, Абылай және Барақ сұлтан қатар аталса, 3-4 жылдан кейін мұндағы жағдай мүлдем өзгерді. 1749ж. тамыз айында Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан: «бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Бірақ сұлтан зұлымдық ісі үшін қашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр»,- деп көрсетті.

Жазба деректерде Абылайдың шетел басқыншыларына қарсы табанды соғыс жүргізгендігі айқын көрсетіледі. 1752ж. ол бастаған қазақ әскері шамасы 15-20 мың адамдай ойраттар қолының шабуылына тойтарыс берді. 1753ж. желтоқсанда Абылай 5 мың жауынгерімен жоңғар әскерлерімен шайқасып, бірталай қазақ жерін азат етті. 1754ж. сәуірде Абылай бастаған 1700 қазақ әскері 10 мың қалмақпен соғысуға мәжбүр болса, (Қаратал өзені бойында), сол жылдың шілде-тамыз айында 4 мың әскермен Жоңғарияға жорық жасап, 3000 қалмақты тұтқынға алып келген. 1756ж. Абылайдың бастауымен қазақтар қытайлар мен қалмақтардың біріккен күшімен екі рет шайқасып, оның бірінде жеңіліп, екіншісінде жеңіске жетеді. 1757ж. Абылайдың 6 мың әскері Қытайдың 40 мың әскерімен шайқасынан соң, қытайлар Абылайдан бітім сұрады. 1753-1754 жылдардағы шайқастарға Қабанбай, Бөгенбай, Жанатай, Керей Жәнібек, Өтеген батырлар қысы – жазы үзбестен қатысады. Абылай бірде Қалдан Серенмен бітімге келсе, бірде Дабашыны шауып, бірде оны және Әмірсананы өзіне паналатты. Сөйтіп Ойрат ұлысының бөлшектене беруін көздеді. Тегеурінді әскери қимылмен қатарластырыла жүргізілген дипломатиялық әрекеттері Абылайды өз заманының ұлы қайраткерлері деңгейіне көтерді. Осының нәтижесінде Абылай әскері 1771ж. Мойынты өзенінің бойында болған қалмақтармен ауыр шайқаста жаңа жеңіске жетті.


Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765-67 ж. Абылай қолының қоқан билеушісі Еркенбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті. Ташкент алым төлеп тұратын болды. Екі жүз жылға созылған қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің соңғы жаңғырығы алаш жұртының санасында « шаңды жорық » деген атпен белгілі. Бұл 1771ж. Еділ қалмақтарының жоңғарға қазақ жері арқылы үдере көшуі еді. Кіші жүздің ханы Нұралы асығыс әскер жиып, Жем бойында қалмақтарға алғашқы соққы береді. Балқашқа жақындаған кезде Абылай бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жібереді. Кіріптар ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери кеңесте Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып–жоюдың қажеті жоқ екендігін дәлелдеуге тырысады. Еділден ауған қалмақпен келіссөзге келіп, тым құрыса олардың Жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беру жөніндегі Абылай түйінінің аржағында шығыстағы ұлы көршімен болашақтағы қарым-қатынасты ойлау жатыр. Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды. Билікке таласқан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргенде де Абылай ел билігін ойлап қынжылып, Төле бимен тізе қоса қимылдап, бұзық сұлтанды жазаға тарту жағында болады.Абылай соғыс жағдайынасай қол астындағы елде, әсіресе, әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан да хан бастаған жауынгерлердің ел-жұрты мен ата мекенін қорғау рухы жоғары, ұзақ жорықтарға шыдамды, шайқас даласында тегеуріні қатты болған. Абылай сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан еш тайынбаған және көбіне үстем шығып отырған. Абылай қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдырды.

Абылай ханның Қазақ тарихындағы орны


1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болды. Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 жылы қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты. Пугачев соғысы кезінде 3 мың әскерімен «Қасірет белдеуі» бойындағы орыс бекіністерін шапты.

Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шаңды жорық» т.б. күйлердің авторы.


Абылайдың мемлекет ішіндегі істері де өте сәтті әрі табысты болды. Абылай ханның билігін кеңеспен шектей отырған ата-бабалар мен сұлтандардың мықты ерік-жігерін, билердің беделін толығымен мемлекетті нығайтуға жұмылдыра алды. Ол өз еркімен олармен есептеуге мәжбүр болды. Хан айналасының ең ықпалды саяси қайраткерлері Қазбек би мен Бұқар жырау болды. Абылайдың мемлекет қайраткері, әрі басшысы ретіндегі стратегиялық міндеті Қазақ хандығын нығайту және одан әрі тәуелсіз түрде дамыту болды. Жағдайдың күрделілігін сезіне отырып, ол осы мәселені толықтай шешуге тырысты. Оның халық біріккеннен кейінгі келесі қадамы көрші мемлекеттермен өзара тиімді, қауіпсіз дипломатия құруды күн тәртібіне қоюы болды. Абылай алға қойған мақсатына жету үшін қолбасшы-жауынгерлік дипломатиялық қасиеттері мен батылдығын көрсете алды. Абылай ханның кезінде ұзақ уақыт ішінде алғаш рет қазақтар мен қалмақтар арасында бейбітшілік туралы келісімге қол жеткізілді. Абылай хан бейбітшілікті сақтау және қазақ халқының тәуелсіз дамуы үшін «арыстан мен айдаһар арасында» әйгілі саясат жүргізіп, Ресей мен Қытаймен бейбітшілік туралы дипломатиялық келісімдер жасасты. Шарттар жасай отырып, бұл мықты мемлекеттер қазақ халқының және ханының күшімен тікелей есептесуге мәжбүр болды.
Ұлы стратег ретінде орыс және қытай билеушілерінің айла-амалдарын нақты көрсетті. Олардың қолдауына сүйене отырып, Абылай сепаратистік пиғылдағы сұлтандар мен қарсыластарына да төтеп бере алды. Елді басқару өз өкілдері арқылы жүзеге асырылды және салық жинау, сыртқы қатынастар, әскери қол басшылар, жеке күзет және басқалар сияқты мемлекеттік билік құрылымдарын құрды. Алайда осы өктем құрылымның бәрі де Абылай ханның үлкен беделінде, халықтың жоңғар және Цин басқыншылығының қауіптілігін ұғынуында сақталды. Абылай ханның Қытай Цин имприясына қолданған дипломатиялық саясаты өте табысты болды.
Сыртқы саясатта Абылай Қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтауға ұмтылды, барлық шектес мемлекеттер - Ресей, Қытай, Бұхар және Хиуа хандықтарымен жиі және тұрақты саяси және экономикалық байланыстар орнатты. Бұл қарым-қатынастардың дамуында Абылайдың шебер саясаткер және білікті дипломат ретіндегі айрықша дарыны айқын көрінді.

Қорытынды


Абылай өмір жолын ат үстінде, жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалды. Қазақ халқының жадына Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символында жауынгерлік ұранға айналды. Абылай елдің қорғаныс қабілетін нығайтып, тұрақты әскер ұстады. Бұл аз болды, бірақ та жасақтар есебінен толықтырылуды ойластырды. Абылайдың әскері маневрлік және қатаң тәртіптілігімен ерекшеленді. Оның негізін жауынгерлік атты әскер құрады. Осылайша, Абылай хан Ұлы дала төсіндегі емін еркін жүрген ұлтымыздың алғашқы мемлекеттілігінің іргетасын қалауға табиғи дарынымен күш жігерін аямады.

Пайдаланылған әдебиеттер


iKaz.info
uniface.kz
abai.kz

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет