Шыңғыс Айтматов Шыңғысханның ақ бұлты



Pdf көрінісі
Дата01.05.2022
өлшемі348,54 Kb.
#32998


Шыңғыс Айтматов 
Шыңғысханның ақ бұлты 
  
  
Хикаят 
  
  
Орыс тілінен аударған – Нұрлан Қами  
Өлеңдерін аударған – Әбубәкір Қайран 
  
  
  
Азияның ұлы даласын көктей өтіп, Батыс 
әлемін жаулап алуға аттанған Шыңғысхан 
Сарыөзек даласында жасы да, кәрісі де 
атқа қонған сарбаз болып саналатын 
тұтас халық – мың сан әскерін иіріп 
қойып, дәстүрден аттап күнәға батқан 


жүзбасы мен жеңіс тойын тойлағанда 
ғана көтерілетін алтын тінді жауынгерлік 
туларға аузынан жалын шашқан айдаһар 
бейнесін кестелейтін әйелді жазалады – 
қаһарлы қағанның бұйрығына 
бағынбаған екі бәтшағар дарға асылды… 
Бұл кезде Еренқабырғадан Орал тауына 
дейінгі ұлан-ғайыр даланы алып жатқан 
алып Азия Шыңғысханның алдында 
толығымен тізе бүккен болатын. Өзіне 
дейін бірде-бір әмірші толық билігін 
жүргізе алмаған осы тұтас әлем – жер 
бетіндегі ең үлкен құрлықты ұлдары мен 
немерелері, одан қалды, қолбасылары 
басқаратын ұлыстарға бөліп берді. Енді 
тек Еділ өзенінің арғы беті – Европа жерін 
мекендейтін елдер мен халықтарды 
бағындыру ғана қалған еді. 
Сарыөзек даласына сары күз келген 
уақыт. Жаздың аптабында құрғап кеткен 


өзен-көлдердің арна-айдыны ағыл-тегіл 
жауған ақ жаңбырдан кейін көз 
жасындай мөлдір де таза суға толы, 
демек, қалың әскер жол бойында ат 
суарудан қиындық көрмейді. Дала әскері 
асығыс-тұғын. Жорықтың ең қиын да 
ауыр кезеңі – осы Сарыөзек даласын 
кесіп өту. 
Әрқайсысы он мың жауынгерден тұратын 
үш түмен әскер – үш ауыр қол қанатын 
жая жортып, алда бара жатты. Отыз мың 
аттың тұяғынан көтерілген қалың шаң 
дала өртінен кейінгі түтіндей бұрқырап, 
көкжиекті көлегейлеп тұрып алды, 
түмендердің қуаты осының өзінен-ақ 
білінгендей. Жорыққа керекті сан алуан 
құрал-жабдықтың сақадай сай тұруы 
үшін жауапты екі түмен әскер жолда 
ауыстырып мінетін қосарлы аттар мен 
қалың әскер күн сайын қорек ететін үйір-
үйір қысырақты айдап артта келеді – 


олардың кейіндеп қалмағанына көз 
жеткізу үшін айналып артқа қараса жетіп 
жатыр – ол жақта да көкке шұбатылған 
қалың шаң сейілмеуге тиіс. Оның үстіне, 
көз жетпейтін қашықта қатар келе жатқан 
басқа да жасақтар бар. Қалың әскердің 
қос қанатындағы әрқайсысы үш 
түменнен тұратын екі қолға хабар жеткізу 
үшін салтатты шабарман үш-төрт күнде 
әзер жетеді. Бұл екі қол Еділге қарай 
жеке-жеке бет алған. Осы он бір түменнің 
қолбасшылары суық түскенге дейін Еділ 
өзенінің жағасында ханның жорық 
шатырында кездесуге тиіс, сол жерде 
алдағы қимылдың жоспарын құрып, 
Шыңғысханның өзі де, оның 
қолбасшылары да, әрбір жауынгер де 
армандап жүрген аты жер жарған бай 
елдерді бағындырып, табанына салып 
таптау үшін Еділ мұзын басып өтетін 
уақытты белгілеу керек. 


Айбарынан ай толқыған ауыр қол жорық 
барысында ештеңеге алаңдамай, 
кідірмей, уақытты текке өткізбей алға 
жылжи берді. Әскермен бірге 
шаруашылықпен айналысатын әйелдер 
де келе жатыр, бар пәле осыдан 
басталды.  
Жанында жарты мың жасауылы мен 
кезеуілі бар Шыңғыс қағанның өзі көк 
айдында қалқыған жүзбелі аралдай, 
қалың қолдың қақ ортасында келеді. 
Бірақ мұнда да басқалардан оқ бойы 
озық, жалғыз өзі жеке жортып келе 
жатыр. Дүниенің төрт бұрышын түгел 
бағындырған құдіретті әмірші жанына 
жан жуытпайтын, әсіресе, көп сөйлемей, 
алды-артыңды бірдей бағамдап, бәрін 
мұқият ойластыруды керек етеін жорық 
кезінде бұл тәртіп қатаң сақталады. 


Қағанның мінгені – жарты әлемді бірге 
шарлаған, жотасы теңіздің тасындай жұп-
жұмыр, кеудесі шығыңқы, жалы 
күдірейген, жүрісі жібектей жұмсақ қара 
құйрық, ақжал жорға. Ханның 
жылқышылары алтынмен апталып, 
күміспен күптелген ер-тұрманы 
жарқыраған екі бірдей ерулі атты 
жетектеп келеді. Астындағы атынан тер 
шықса-ақ болды, қаған дереу басқасына 
ауысып мінеді. 
Бірақ, бұл жорықтағы елден ерек нәрсе 
Шыңғысханның алмастың жүзіндей 
жарқылдаған, әрқайсысы жүз жігітке 
татитын, қағаны үшін жанын беруге 
дайын тұрған жаужүрек жасауылдары 
мен кезеуілдері де, олардың сом 
алтындай сирек кездесетін сәйгүліктері 
де емес еді. Жоқ, бұл жорықтағы ғажап 
нәрсе мүлдем басқа болатын. Жол бойы 
Шыңғысханның басын күннен 


көлегейлеп бір шоқ бұлт еріп келе жатты. 
Қаған қайда барса, әлгі бұлт та соңынан 
ере жүреді. Ауқымы алты қанат ақ 
ордадай шоқ бұлт бейне бір жанды 
мақұлықтай-ақ Шыңғысханның артынан 
ерді де отырды. Бірақ, соны аңғарған 
ешкім болған жоқ: аспанда жүрген бұлтта 
кімнің қандай шаруасы бар – ал, ол Көк 
тәңірісінің Жер бетіндегі билеушіге деген 
шарапатының белгісі болатын. Мұны тек 
Шыңғысханның өзі ғана білетін, 
сондықтан мұның шынымен де өзін 
бәле-бәтерден сақтау үшін Тәңірінің 
бұйрығымен жіберілген жебеушісі 
екеніне көзі анық жеткендей іштей 
масаттанып келе жатты. 
Шоқ бұлттың пайда болатынын әлдебір 
кезбе көріпкел болжаған еді, Шыңғыс 
қаған бірде оны шатырына шақырып 
қонақ қылған. Жатжерлік балшы 
басқалардай мұның алдында құлдық 


ұрып құрдай жорғалаған жоқ, жағынып-
жағымпаздануды да ойына ала 
қоймаған, тек өзіне ғана мәлім құпия 
сырды бұған еш бүкпесіз айтып берді. 
Алтын шатырдың ішінде құрылған хан 
тағында шалқая отырған дала 
билеушісінің қаһарлы келбетінен ыға 
қоймаған сыйдиған арық, жұпыны 
киінген, әйелдердің шашындай ұзын да 
жалбыр шашы иығына түскен көріпкел 
басын иіп тәжім етпеп еді. Жатжерлік 
өткір көзді, қауқиған сақалы бар, 
қараторы, ашаң жүзді адам екен. 
– Ұлы қаған, – деді ол тілмаш ұйғыр 
арқылы өз тілінде, – мен саған Көк 
Тәңірінің көңілі түсіп, өзіңе арнап ерекше 
шарапат жібергелі отырғанын айтуға 
келдім. 
Мұндайды күтпеген Шыңғысхан бір сәт 
мүдіріп қалды. Мына келімсек не 


ақылынан алжасқан, немесе бұл сөзінің 
өзіне қандай пәле болып жабысатынын 
түсінбей тұр. 
– Ол не шарапат, сен оны қайдан білесің? 
– деп сұрады әмірші әлгі сөздің қитығына 
тигенін жасырмақ болғандай маңдайын 
тыжырып. 
– Қайдан білетінімді айта алмаймын. Бұл 
құпияның шарты – осы. Ал, оның белгісі 
қандай екенін айтуыма болады – төбеңде 
бір шоқ бұлт үйіріліп жүреді және қайда 
барсаң да артыңнан қалмайды. 
– Шоқ бұлт па?! – деп қасын керді 
Шыңғысхан таңданғанын жасыра алмай. 
Ханның қаһар төгуін күткен 
шатырдағылар түгелдей іштерінен тына 
қалды. Қорыққаннан тілмаштың ерніне 
дейін бозарып кетті. Егер әлгі кезбе 
жазаланар болса, мұның да аман 
қалмасы анық. 


– Ия, шоқ бұлт, – деп жауап қатты балшы. 
– Ол сенің жер бетінде әмір жүргізуіңді 
Көк Тәңірінің өзі қолдайтынының белгісі 
болмақ. Бірақ, сол бұлтты көзіңнің 
қарашығындай сақтауға тиіссің, егер 
одан айырылар болсаң, онда барлық 
айбар-қуатыңды да жоғалтқаның… Алтын 
шатырдың ішінде жым-жырт тыныштық 
орнады. Сол сәтте Шыңғысханнан бәрін 
күтуге болатын еді, бірақ ошақ 
басындағы оттың өлімсіреп барып жалп 
етіп өше қалатынындай, ханның ашуы да 
кенеттен басыла қалды. Адуын ашуын 
әзер тежеген ол қаңғыған әулиенің сөзін 
астамдық деп бағаламау керектігін, 
сондықтан оны жазаға тарту дұрыс 
болмайтынын түсінген еді, әйтпесе өзінің 
хан атына кір келтіруі мүмкін. Сонда 
Шыңғысхан жымысқы жымиысын жез 
мұртымен жасырып былай деді: 


– Жарайды, бұл сөзді аузыңа Көк Тәңірі 
салды делік. Осыған мен де сенген 
болайын. Бірақ, маған мынаны айтшы, 
кемеңгер кезбе, аспанда жүзіп жүрген 
бұлтты қалай сақтамақпын, оған менің 
әмірім жүре ме? Әлде атқа қанат бітіріп, 
үстіне сенімді бақташымды отырғызып 
әлгі бұлтты қарауылда деп аспанға 
ұшырайын ба? Олай болса, оны неге 
біржола ауыздықтап алмасқа?! Сонымен, 
қалай ойлайсың, жел қуған аспандағы 
бұлтты қалай сақтасам екен? 
– Бұл сенің шаруаң, – деді келімсек қысқа 
қайырып. 
Тағы да бәрі тым-тырыс бола қалды, 
шатыр ішінде өлі тыныштық орнады, 
тілмаштың ерні тағы да бозарып сала 
берді, есуастығынан ба, әлде басқа бір 
себебі бар ма – өзін-өзі өлімге кескен 


бейшара көріпкелге қарауға батпай бәрі 
де көзін төмен салды… 
– Тарту-таралғысын беріп шығарып 
салыңдар, – деп әмір етті Шыңғысхан, 
қағанның бұл сөзі қорқыныштан 
қалтырай бастаған қосшыларының 
жанына қаңырығы кепкен шөл далаға 
тамған жаңбыр тамшысындай әсер етті. 
Осы бір ыңғайсыздау оқиға көп ұзамай 
ұмытылып та кеткен. Бұл әлемде неше 
түрлі жарыместер бар емес пе, әлгі 
көріпкел де солардың бірі болар. Өзін 
тылсым дүниеден сыр ұққан жаңа 
пайғамбар санап дүние кезген біреу де. 
Дегенмен, әлгі кезбе тек өзінің 
ақымақтығынан ғана өмірмен қоштаса 
жаздады деу дұрыс болмас еді. Өзін не 
күтіп тұрғанын білсе керек еді ғой! Хан 
жасауылдары табан астында қол-аяғын 
қайырып, астамдығы мен арсыздығы 


үшін ат құйрығына байлап өлтіруі әбден 
ықтимал болатын. Айдалада арыстанмен 
оңаша жолыққандай, айбарлы әміршінің 
алдында жүзі шімірікпей осындай сөзді 
айтуға бірдеңе түртті емес пе оны?! Сол 
түрткі тек ақылынан адасқан бейбақтың 
ессіз қылығы ғана ма, әлде шынымен 
Тәңірінің бұйрығы ма? Құйындай 
ұйтқыған дауылды күндердің тасасында 
ұмыт қалған сол бір кезбенің айтқан сөзін 
Шыңғысхан арада екі жыл өткен соң ғана 
есіне алды. Батыс жорығына 
дайындалуға тура осынша уақыт кеткен 
болатын. Кейіннен Шыңғысхан өз 
ұлысының ауқымын қайтсем кеңейтем 
деген арманын жүзеге асыру мақсатында 
әлемді табанына салып таптау үшін 
қажетті күш-қуат пен қаражат жинау, 
көкейін тескен мұраты – әлі ат тұяғы 
жетпеген жерлер мен өлкелерді басып 
алып, жеңіліс дегенді білмейтін 


сайыпқыран әскері басып өткен барлық 
жерді түгел өзіне бағындырып, Дүниенің 
төрт бұрышын түгел билеу туралы ашкөз 
арманын орындау жолындағы ең бір 
қауырт қимылға толы кезең осы екі жыл 
екенін пайымдаған болатын. Дала 
билеушісінің қатігез болмысы мен 
тарихтан алатын орны оның бүкіл әлемді 
жалғыз билеп, теңдессіз құдіретке қол 
жеткізсем деген есірік қиялын іске 
асыруға ұмтылысынан туындайтын. 
Сондықтан, оның қол астына қараған 
Азияның ұлан-ғайыр даласындағы небір 
ұлыстар мен оларды мекендейтін 
жандардың, асқан қаталдықпен бір 
адамның қол астына топтастырылған сан 
алуан тайпалардың тірлік-тынысы, 
барлық қалалар мен көшпелі 
ауылдардағы бай-бағлан мен жоқ-
жітіктердің, айналып келгенде, кім 
екеніне де, немен айналысатынына да 


қарамастан, қағанның құзырына 
бағынған барша адамның өмірі жаңа 
жерлерді жаулап алып, жаңа халықтарды 
бағындырсам деген осы ессіз 
құмарлыққа қызмет ететін. Сондықтан да 
олардың бәрі бір ғана мақсатқа, бір ғана 
жоспарға – Шыңғысханның әскери 
қуатын арттыруға, жетіспегенін 
толтыруға, барын бұрынғыдан да 
жетілдіре түсуге бағышталған еді. Жер 
қойнауынан қазып алып, қару жасауға 
жарайтын кен атаулының бәрі, бүкіл 
жасампаз еңбек Шыңғысхан 
жауынгерлерінің әрқайсысы мол олжаға 
кенелсін деп күтіп жатқан Европаға 
сұрапыл шабуыл жасап, оның 
ертегідегідей бай қалаларын, атты кісінің 
белуарынан келетін көкорайлы қалың 
ормандарын жаулап алуға арналған еді; 
ол жерлерде қымыз деген өзен боп ағып 
жатады, Шыңғысханның аузынан от 


бүріккен айдаһар бейнеленген туы 
астында жорыққа шыққан әр шерік 
ыстық құшағы ләззатқа толы ғашығын 
жұмарлағандай, әлемді билеудің 
рахатына бөленеді екен. Сондықтан, 
іркілмей алға басып, бәрін жаулап алып, 
дүниені түгел бағындыру керек! Ұлы 
қаған осылай бұйырған, ал, оның 
бұйрығы сөзсіз орындалуға тиіс… 
Ал, Шыңғысхан мейлінше көреген әрі 
есепшіл, өз ісіне жетік адам болатын. Ол 
Европаға басып кіруге дайындық 
барысында ұсақ-түйекке дейін бәрін 
екшеп, електен өткізген еді. Ол өзінің 
жансыздары мен басқа халықтардан 
шыққан сатқындар, көпестер мен 
саяхатшылар, кезбе дәруіштер, шаруақор 
қытайлар мен ұйғырлар, арабтар мен 
парсылар арқылы қалың әскердің 
жорығына қажетті мәліметтерді, 
неғұрлым қолайлы жолдар мен 


өткелдердің қайда орналасқанын біліп 
алды. Әскер өтетін жерлерде тұратын 
халықтардың әдет-ғұрпы мен салт-
дәстүрі, діні, сауда-саттығы, немен 
айналысатыны мұқият зерттелді. Қаған 
жазу-сызудан мақұрым болатын, бірақ 
осы деректердің бәрін жадында сақтап, 
әрқайсысының пайдасы мен зиянын 
ойластырып та қойған. 
Тек сонда ғана бар шаруаның үйлесімді 
болуына, ең бастысы – бұлжымас темір 
тәртіпті сақтауға қол жеткізуге болатын 
еді, осы арқылы ғана табысқа жетуге 
болатын. Шыңғысхан ешқандай 
қамсыздыққа жол бермейтін, өзінің 
басты мақсаты, өмірлік мұраты – Батыс 
жорығына ешкім де, ештеңе де кедергі 
келтіре алмауға тиіс. Нақ сол кезде, өзінің 
алдағы әдіс-амалын ойластыра келіп, 
Шыңғысхан бұрын-соңды болып 
көрмеген қатал бұйрық шығарды: жасы 


мен кәрісі түгел әскер болып табылатын 
халықтың арасында жорық кезінде бала 
тууға тыйым салынды. Мәселе мынада, 
көптеген жауынгердің жүкті әйелдері 
мен жас балалары әскермен бірге көшіп, 
жорық шатырларында тұратын, қалың 
қолмен бірге еріп жүретін. Бұл да өмірлік 
қажеттіліктен туған салт еді, өйткені, 
ешқашан бітіп болмайтын руаралық, 
тайпааралық шайқастар кезінде 
жауыққан ұлыстардың әскерден бөлініп, 
қорғаусыз қалған қатын-баланы қырып 
кетуі жиі кездесетін. Әсіресе, ата 
дұшпанның тұқымын тұздай құрту үшін 
бірінші кезекте екіқабат әйелдердің ішін 
жарып өлтіретін. 
Бірақ, уақыт өте келе өмір де өзгере 
бастады. Бұрын өзара қырқыстан көз 
ашпайтын қырық ру тайпалар 
Шыңғысханның тұсында ұлы хандықтың 
Алтын туының астына топтасып, ежелгі 


жаулықты ұмыта бастады. Шыңғысхан 
жас кезінде, әлі Темучин аталып жүрген 
шағында туыстас тайпалармен талай 
шабысқан, өзі де теперіш көріп, 
талайларды тепкіге де түсірген, тіптен, 
осындай бір шапқыншылықта сүйікті 
әйелі Бөрте көршілес меркіттердің 
қолына түсіп қалып, біраз уақыт 
солардың тұтқыны да болған-тұғын. 
Билікке қолы жеткеннен кейін 
Шыңғысхан ішкі алауыздықты аяусыз 
қаталдықпен басып тастады. Ішкі тартыс 
елді басқаруға кедергі келтіріп, 
мемлекеттің бірлігін әлсірететін еді. 
Жылдар өте жорық кезінде тайлы-
таяғымен шұбырып, үрім-бұтағымен 
бірге жортуыл жасаудың қажеттігі де 
жоғала бастады. Ең бастысы – бала-шаға, 
қатын-қалаш, шал-шауқан, кемпір-
сампыр әскерге масыл болып, кең 
көлемді соғыс қимылдарына, әсіресе 


жолда кездескен өзен-көлдерді басып 
өтіп шабуылға шыққан жағдайда кедергі 
келтіре бастады. Дала әміршісінің қатал 
жарлығы – әскерге қызмет ететін және 
күйеулерімен бірге еріп келе жатқан әйел 
атаулыға Батыс жорығы жеңіспен 
аяқталғанға дейін бала тууға тыйым 
салуы осы себептен туындаған болатын. 
Ол бұған жорыққа шығардан бір жарым 
жыл бұрын әмір етті. Сонда ол былай 
деген еді: 
– Батыстағы елдерді бағындырып, аттан 
түсіп, аяқ суытқан кезде қанша бала 
туамын десе де еріктері, бірақ оған дейін 
менің түмендерімде баланың жылағаны 
естілмейтін болсын!.. 
Шыңғысхан үшін Батыс жорығының сәтті 
болуына жәрдемдесетін жәйттердің бәрі 
алдыңғы орынға қойылды да, осы 
мақсатқа жетуге кеселін тигізетін 


жағдаяттарға жол беруге болмайтын еді; 
тіптен, өмірдің өзі мен Құдайдың заңын 
да мойындағысы келмеген ол соғыстың 
ғана қамын ойлап, табиғи талап-
тілектерді де түбірімен жоққа шығарды. 
Ол Құдайды да өз қызметіне жекпек 
болды – өйткені, өмірге сәби әкелу – 
Құдай тағаланың бұйрығымен ғана 
болатын іс. 
Халықтың да, әскердің де арасынан жан 
баласы бұл зорлыққа қарсы ләм-мим деп 
қарсылық білдірген жоқ, бұл кезде 
Шыңғысханның қолы шексіз билікке 
жетіп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс 
болып тұрған, сондықтан ұрпақ 
жалғастыруға тыйым салынғаны туралы 
жарлыққа жұрттың бәрі жаппай 
мойынсынды, ал, бағынғысы келмеген 
адамды алдынан ажал ғана тосып алатын 
еді… 


Батысқа жорыққа шыққаннан бері 
осымен он жетінші күн, Шыңғысханның 
бойын бұрын-соңды болып көрмеген 
әлдебір сезім буып келеді, бірақ мұны 
өзінен басқа жан баласы білген емес. Ұлы 
қаған ішкі сезімін ешқашан сыртқа 
шығармайтын, бұл жолы да бұрынғыдай, 
өзіне тән асқақтықпен сұңқар құстай суық 
та айбынды қалпынан танған жоқ. Бірақ, 
іштей масаттанып, қиялымен ән салып, 
жыр жолдарын төгіп келеді: 
  
…Қара бұлт түнгі аспанды қаптайды,  
Қарауылдар қалт етпейді күзетте. 
Жер қозғалтар дауылға міз бақпайды,  
Ордам үшін мәңгі дайын күреске! 
  
Ер-шерілер кеудесінде оты бар, 
Бір серпілсін, асырайын даңқтарын.  


Мына мені хан көтерген осылар –  
Қымыз, қанмен қосып ішіп анттарын! 
  
Қарлы дауыл, ақ жауында, боранда,  
Қаһарына зәһар қосар абылан. 
Орда даңқын аспандатар әманда  
Нояндарым – жояндарым, әз ұлан!  
Еңсем биік, ерлер барда осындай  
Батырларым – шын байлығым, қазынам! 
 
Дұшпандарым тап берсе де тосыннан,  
Мерген атқан сұр жебеге кез болар. 
Найзалары суарылған жасынға,  
Сақшыларым, аңшы итіндей ардалар! 
  
Ай астында күдірейіп жондары,  
Көк бөрілер бүлкілдейді, жортады. 


Өңшең көкжал жан-жағымнан қоршаған,  
Алдында өзім, абаданы – арланы! 
  
Батысты да бағындырып қиратам,  
Ойран етіп қаласы мен даласын. 
Олжа қылып осы ерлерге таратам  
Бар байлығын, қатыны мен баласын! 
  
Таққа міндім! Әлі биік мұратым –  
Жер-әлемді дәргейіме қаратсам!  
Ер-серілер, сендер менің қуатым, 
Бізге осындай іс бұйырды Жаратқан!.. 
  
Егер бұл жолдарды дауыстап айтар болса 
қасындағылардың оны түсіне қояры 
неғайбіл – Шыңғыс қаған ешкімге ішін 
ашып, сыр шашу дегенді білген емес. 
Бірақ таңның атысы, күннің батысы ерден 


түспей жортқан кезде ол да кейде өстіп 
өз-өзімен сырласып қоятын. Бірақ, бұл 
жолы көңілін тоғайтып келе жатқа басқа 
нәрсе – осымен он жетінші күн, ертелі-
кеш төбесін күннен қалқалап, бір шоқ 
бұлт аспанда тұрып алды, бұл қайда 
барса, ол да сонда, құдды үйретілген ит 
дерсің, бірақ бір айырмашылығы – шоқ 
бұлт аспанда еді! Баяғы қаңғыбас 
балшының айтқаны рас екен. Кім 
ойлаған! Сол кезде өзегі қуыс пенденің 
ойына да келмес оспадарлығы мен 
тәкаппарлығы үшін басын қағып-ақ 
тастауға болушы еді, бірақ бұл олай еткен 
жоқ. Демек, тағдырдың жазуы солай 
болғаны.  
Көктемеде жайылған қызыл судай 
қаптаған түмендер мен жүк артқан 
арбалар, сапарға бірге ала кететін мал 
атаулы аспан астын түгел алып Батысқа 
қарай қозғалған алғашқы күні-ақ түске 


таман астындағы болдырған атын 
ауыстырып жатып Шыңғысхан көк жүзіне 
кездейсоқ көз тастаған, бірақ тура өзінің 
тас төбесін айналып жүрген, бәлкім, сол 
жерде тұрып қалған бір шөкім бұлтқа 
назарын салмап еді, аспан кезген бұлтта 
кімнің не шаруасы бар! Өзінен сәл кейін 
келе жатқан жеке сақшылары мен 
нөкерлерінен оза жортқан Қаған 
әрқайсысы-ақ іштей осы сияқты құдіретті 
билеуші болуды армандайтын ажалды 
пенде емес, дәл қазір атының тізгінін 
тежей ұстаған қолының саусақтары 
сияқты мұның еркіне құл болып, айтқан 
сөзі мен ым-ишарасына дейін бұлжытпай 
орындайтын, қазір де осының қалауымен 
әлемді бағындыруға аттанған сан мың 
жауынгерден тұратын қалың әскерге ат 
үстінен көз салып қойып, өз ойымен өзі 
болып келе жатқан. 


Аспанға тағы бір көзі түскенде әлгі бұлтты 
тағы да көргенімен, Шыңғысхан бұл 
жолы да оған көңіл бөлген жоқ. Дүн-
дүниені түгелдей тізе бүктіріп, дара 
билеуші болуды көксеген ол көк жүзінде 
қалқыған бұлт жердегі салт аттының әр 
қимылын бағып, соның ыңғайына еріп 
келеді деп қайдан ойласын! Ол екеуінің 
арасында қандай байланыс болуы 
мүмкін?! 
Ұлы жорыққа шыққан мың сан әскердің 
арасынан тапа-тал түсте әлдебір 
кереметтің куәсі болдық-ау деп ойлаған 
ешкім шыға қойған жоқ. Аяқ жолын 
аңдап келе жатқан адам аспанға қарап 
қайтсін! Жазық жерлер мен дөң-
белестерді таспадай тілген жолдың 
бойын шегірткедей қаптап, дамылсыз 
алға жылжуды ғана білген қалың қолдың 
артында тек ат тұяғы мен арбаның 
дөңгелегінен шыққан шаң мен жүріп 


өткен жолы ғана қалып жатты, кім білген, 
бәлкім көпшілігі бұл жаққа қайтып орала 
алмас… Осының бәрі ханның дегенімен 
ғана істелген болатын, ондаған мың адам 
басқалардан атағын асырып, шексіз 
билікке қол созған, ат тұяғы жеткен 
жердің бәрін бауырына басуға ұмтылған 
бір ғана жанның айтқанына көніп, 
айдауымен жүріп келе жатыр. Күн сайын 
қас қарайып, көз байланғанша өстіп жүре 
береді. Тек сонда ғана ат шалдырып, көз 
іліндіріп алады да таң ата қайтадан жолға 
шығады. 
Хан мен оның нөкерлері жататын 
шатырларды құлдары мен қызметшілері 
алдын ала дайындап қояды. Әне, көз 
ұшында бозарып көрінген сол шатырлар. 
Сарай-шатырдың жанында аузынан 
жалын шашқан айдаһардың бейнесі 
жібекпен кестеленіп, моншақпен тізілген 
алқызыл жиекті қара ту – Батыс 


жорығына арнап әдейі өзгертілген Хан 
жалауы желбірейді. Небір аламанның 
арасынан іріктеп алынған алып денелі, 
суық жүзді кезеуілдер – хан сарайының 
жеке күзетшілері жолдан көз айырмай, 
әміршіні тосып қаздия қалған. Қалың 
әскер осы жерге аялдап, ас ішіп, әл 
жинамақ, астан кейін Шыңғысхан 
жорықтың алғашқы күні қалай өткенін 
талқылап, ертеңгі жоспарды пысықтау 
үшін әскербасы нояндармен бірге 
алғашқы әскери кеңес өткізеді. Ұлы 
жорықтың басталуы сәтті болып, 
Шыңғысханның көңілі көтерілген сияқты 
– нояндарға сый-сияпат көрсетіп, 
олардың айтқанын тыңдап, өзі де әңгіме 
айтсам ба деп ойлаған, мұндайда әр 
адам мұны дыбыс шығармай тыңдап, 
жұрттың бәрі ұйыған айрандай тұтасып 
кететін; көп ұзамай дүниенің төрт 
бұрышы түгел сөйтетін болады, қағанның 


айтқанын төрт құбыла түгел тыңдамақ, 
әскерді де осы жорыққа әлгі мақсат үшін 
– айтқан сөзін бүкіл әлем тегіс тыңдауы 
үшін бастап шыққан. Ал, сөз дегенің – 
мәңгі сарқылмайтын сұрапыл күш! 
Бірақ Шыңғысхан ол күні думанды 
отырыс өткізген жоқ. Көңілі алаңдай 
бастаған ол оңаша қалуды қалаған еді. 
Мұның себебі мынау болатын… 
Қонар орынға келе бергенде Шыңғысхан 
тас төбесінде бір елі ауытқымай тұрып 
алған таныс шоқ бұлтты тағы да – осымен 
үшінші рет көрген еді. Сонда ғана жүрегі 
шым ете қалды. Кенет бәрі есіне түскен 
кезде жотасы суып сала берді, көзі 
қарауытып, аттан ауып түсе жаздады, 
абырой болғанда атының жалына 
жабысып қана құламай қалды. Мұндай 
күйді ол өмірі басынан кешпеп еді, 
өйткені, Көк Тәңірінің өзі бұған тірлік 


кешіп, билік құрсын деп берген дүниенің 
кіндігі – Өтікен жерінде мұны 
таңғалдыратындай ештеңе болып 
көрмеген; қағанның қатігездікке 
суарылған санасын селт еткізіп, ес білгелі 
қан кешумен қатып қалған жанын 
тебірентетін ештеңе жоқ-тұғын, хан атына 
лайықсыз қылық көрсетіп, қорыққаннан 
қатын құсап аттың жалына жабысу деген 
бұрын-соңды басына түсіп көрмеген 
әбестік болатын! Бір анадан туып, бір 
емшекті емген жатырлас бауыры 
Бектерді қармаққа түскен балыққа бола 
садақпен атып өлтірген сәттен, ал, 
шындығында дала тағысының сұңғыла 
сезімімен екеуінің басы бір қазанға 
сыймайтынын, тағдырдың өзі ағайынды 
екеуінің тек біріне ғана алақанын 
тосатынын түйсінген сонау бала кезінен 
бері тірліктің мәнін тек бір ғана тұрғыдан 
– қатігез қара күш тұрғысынан ғана 


танып-білген ол тас па, темір ме, от па, су 
ма, ағаш па, аң ба, құс па, күнәһар пенде 
ме – күші асқанға бағынбайтын, дөкір 
күштің алдында бас иіп, 
мойынсынбайтын ештеңе жоқ екеніне 
қапысыз көз жеткізген болатын. Бір күш 
екіншісінен басым түскенде таңғажайып 
нәрсе үйреншіктіге, тамаша жәйт – 
аяныштыға айналып кетеді екен. Осыдан 
келіп мынадай байлам жасады табанға 
тапталғанның бәрі түкке тұрғысыз, ал, 
жеңімпаздың алдында тізе бүккендерді 
қалағаныңша езіп-жаншуыңа болады. 
Өмір заңы – осы!.. 
Бірақ әңгіме Бұланай тауынан түскен 
үлемдер мен ел кезген дәруіштер 
айтатындай, Мәңгі де Шексіз құдірет иесі 
Көк Тәңіріне ойысқанда, мәселе мүлдем 
басқаша болмақ. Ия, тек сол ғана, 
тылсым сырлы Тәңірі ғана бұған 
бағынбайды, жұмбақ та түсініксіз күйінде 


қала береді. Көк Тәңірінің алдында 
мұның өзі де қолынан түк келмейтін 
бейшара біреу, оған қарсы бүлік шығару 
да, қорқытып-үркіту де, жорыққа шығу да 
мүмкін емес. Тағдырдың қожайыны, әрі, 
Гималай ғұламалары айтатындай, күллі 
жанды-жансыз әлемнің бірден-бір иесі 
Көк Тәңіріне құлшылық етіп, 
жалбарынғаннан басқа амалы жоқ. 
Сондықтан, басқа да өзекті пенделер 
сияқты, бұл да Тәңіріден шарапат тілеп, 
жолын оңғаруды, адам баласы 
мекендейтін күллі әлемді жалғыз өзі 
билеп-төстеуіне жәрдем десуді сұрап, 
құрбан шалатын, шын көңілімен мінәжат 
ететін, ел кезген үлемдердің айтқаны рас 
болып, осындай ай астындағы әлемдер 
шексіз көп болса, онда Көк Тәңірінің жер 
бетін Шыңғысханның жеке-дара билеп-
төстеуіне, кейін ұрпақтарына мұра ғып 
қалдыруына беруіне болады емес пе?! 


Өйткені адамзат баласының арасында 
Төрт Құбыланы түгел билеуге лайықты 
бұдан өткен құдіретті кім бар?! Ондай 
адам жоқ қой! Бұл оның жан адамға 
білдірмейтін ішкі сыры болатын: өзі 
осыған іштей сеніп, бірақ тіс жарып 
айтуға батпайтын еді, Көк Тәңірінен 
елдер мен халықтарды жеке билеуге 
беруін сұрауға тек бұл ғана хақылы, 
әйтеуір біреу Жоғарғы Билеуші болуы 
керек қой – демек, басқаларды күшпен 
бағындыра алатын құдіретті әмірші тек 
мұның өзі болмақ! Тәңірінің шарапаты 
шексіз, мұның басқа елдерді жаулап 
алып, табанына салып таптауына, сөйтіп 
өз билігін кеңейте түсуіне Аспан әміршісі 
кедергі келтірген емес, бірден-бірге бұл 
өзіне Көк Тәңірінің ерекше мейіріммен 
қарайтынына сенімі арта түсті, адам 
баласының түсінуі мүмкін емес – Ұлық 
Тәңірі мұның жағында! Ойлағанының 


бәрі орындалып келеді, жүрген жерін 
отқа орап, қанға бөктірсе де, ол 
жерлердің қанша адамы бұған қарғыс 
жаудырып жатса да, мұның күш-қуаты 
мен атақ-даңқы күн санап арта берді, әлгі 
қарғыстар айналып келіп өз иесін тауып 
жатты. Тіптен, қасірет шегіп, қарғыс 
жаудырғаннан басқа шарасы қалмаған 
байғұстардың Тәңірге айтқан шағымын 
тәлкек етіп, бұрынғыдан бетер тапап-
жанши түсті. Дегенмен, кейде Көк Тәңірін 
шамдандырып алып, Аспан әміршісінің 
жазасына душар болмасам игі еді деген 
күдік-күмән да бой көрсетіп қалатын. 
Ондайда Ұлы қаған арынын басып, біраз 
уақыт бойы тым-тырыс тына қалады, қол 
астындағылар да бір сәт тыным тауып, 
ал, өзі Көк Тәңірінің әділ жазасын күтіп, 
тәубасына келуге дайындала бастайтын. 
Бірақ Тәңірі бұған қаһарын төккен емес, 
не кінәлап, не шарапатынан айырған 


жоқ. Сонда бұл кәнігі құмарпаздай-ақ, 
Көк Тәңірінің төзімін тексеруге, оның 
қаншалықты әділ екендігін сынап 
көрмекке тағы да әрекет етіп, 
бұрынғыдан да қатерлі жаңа жорықтарға 
шығушы еді. Бірақ, Аспан Әміршісінің 
шыдамы шексіз екен! Енді бұл өзіне 
бәрін де істеуге болады деген байламға 
келді. Жыл өткен сайын өзінің Тәңірінің 
қалаулысы, тіптен, Көктің Ұлы екеніне 
деген сенімі нығая түсті. 
Бірақ ол бұған тек ертегіде ғана 
болатындай, мейрам атаулыда жыршы-
ұзандардың халық деп аталатын қалың 
тобырдың алдында мұны Аспаннан 
түскен әмірші деп атап, өлеңге қосуына, 
осының растығының дәлелі ретінде сан 
мыңдаған адамның қолдарын көкке 
созып, мәз-мейрам болуына байланысты 
ғана сенген жоқ – ол жай ғана пенде 
шіркіннің жағымпаздығы ғой. Ол бұған өз 


тәжірибесі арқылы көз жеткізді – Аспан 
Әміршісінің мұны үнемі қолдап 
отырғанының себебі, бұл Көк Тәңірінің 
қалауын орындап жүр, басқаша 
айтқанда, бұл – Тәңірінің еркін жер 
бетінде жүзеге асырушы. Ал, Тәңірі де 
бұл сияқты тек күштіні ғана, сол күштің 
нақты көрініс табуын ғана қалайды, соны 
ғана мойындайды, ал, жер бетінде бұдан 
асқан кім бар?!. 
Әйтпесе, кейде бұған ханның өзі де таң 
қалатын – кедей де ұсақ ру болып 
саналатын, шаруа күйттеп жан бағып 
жүрген, ғасырлар бойы аңшылық пен 
малшылықтан басқаны білмеген қияттан 
шыққан жетім баланың аяқ астынан 
сұңқардай самғап бас айналар биікке 
тұяқ тіреуін, дүниені тітіреткен қаһарлы 
әміршіге айналып шыға келгенін қалай 
түсіндіруге болады? Адамзат тарихында 
бұрын-соңды болып көрмеген шексіз 


билікке қол жеткізуі қалай – әрі кеткенде, 
бұл жанынан безген қарақшы-
барымташыдан аспауы керек еді ғой, 
кезінде өзі де содан бастаған болатын. 
Бұған бас қатырып жатудың керегі жоқ, 
Көк Тәңірі қолдамаса, жалғыз атты 
Темуджин алтын тінмен өрілген от 
ауызды айдаһар бейнеленген ту көтеріп 
жүре алмас еді, Шыңғысхан деген атты 
да иемденбес еді және қазір алтын тақта 
шіреніп те отырмас еді!.. 
Міне, соның дәлелі, алып Азияны 
ұршықтай үйіріп, дабысы жеткен жерді 
дір қақтырған Ұлы қағанды Аспан 
Әміршісінің өзі қолдап отырғанының 
нақты көрінісі – қаңғыбас көріпкел айтып, 
сол үшін басынан айырыла жаздаған бір 
шоқ бұлт шынымен төбесінде айналып 
жүр! Көріпкелдің айтқаны рас екен! Бір 
шоқ ақ бұлт – Көктің Ұлын қолдауы мен 
жебеуінің, әрдайым болашақ жеңістерге 


бастай беретінінің куәсі ретінде Тәңірінің 
өзі жіберген куә!.. 
Мұндай керемет болады деген ой жорық 
жолындағы мың сан адамның бірде-
бірінің миына кіріп-шығар емес, жол 
бойы ілесіп келе жатқан шоқ бұлтты 
аңғарған да, бұл неғып төбемізде 
айналып жүріп алды деп ойлаған да 
ешкім болған жоқ. Жел айдаған бұлтта 
кімнің қандай шаруасы болсын!.. Осы бір 
шоқ ақша бұлт ненің нышаны екенін, 
оның нені білдіретінін тек дала қосынын 
басқарып, бүкіл әлемді түбегейлі жаулап 
алуға аттанған Ұлы Қаған ғана ұққан 
болатын, осыны түсінген кезінде оның өзі 
де айран-асыр қалды, мұндай адам айтса 
сенгісіз ғажап құбылысқа өзі де бірде 
сенсе, бірде дүдәмалданып, басы дал 
болып келе жатты. Енді ол осы сырды 
біреумен бөліссем бе, әлде соның керегі 
жоқ па деп екі ойлы бола бастады. 


Бәлкім, бұл туралы біреуге айтар болса, 
кім біледі, ақша бұлт бір-ақ сәтте ғайып 
болып, абыройы айрандай төгіліп жүре 
ме екен? Онда мұны ақылынан адаса 
бастаған ба деуі де кәдік-ау... Сонсоң ол 
тағы да өз-өзіне тоқтау салып, шоқ 
бұлттың өзіне еріккеннен еріп 
жүрмегеніне, оның кенеттен жоғалып 
кетпейтініне, оны өзін үнемі нығметіне 
бөлеп жүргенінің белгісі ретінде Тәңірінің 
өзі жібергеніне қайтадан сене бастады. 
Осыны ойлағанда көкірегін қуаныш 
кернеп, жанына қанат біткендей сезім 
пайда болды, өзінің кемеңгерлігіне, 
Батыс елдерін жаулап алуға жорыққа 
шыққаны дұрыс болғанына деген нық 
сенім бойын билеп, әлемдік ұлыс құру 
жолында алдынан кездескеннің бәрін 
отқа орап, қылышпен кескілеу ниеті 
нығая түсті. Енді ол осы ойым дұрыс 
деген шешімге түпкілікті бекінді. Бұл 


шексіз билікқұмарлықтың түпсіз 
тойымсыздығы болатын. Билігі күшейген 
сайын араны да ашыла түсті… 
Жорық жолы жалғаса берді. 
Ал, әлгі шоқ бұлт не бағытын, не қалпын 
өзгертпестен өзінің жорыққа мінетін 
әйгілі жорғасынан түспейтін 
Шыңғысханның көз алдында қалықтап 
келе жатты. Атбегілер құйрығы қара, 
жалы ақ мұндай жылқы мың жылда бір 
рет туады дейтін. Ол да ғажап емес, 
сәйгүлік болмағанымен солығу дегенді 
білмейтін, ұзақ жүріске төзімді нағыз 
жорықтың аты. Құба жорға жауған сайын 
үдей түсетін нөсердей-ақ, жүрген сайын 
қарқынына қарқын қоса беретін. Иесінің 
тақымында бейне бір суда жүзген 
қайықтай сырғушы еді. Нөсер жауынның 
төгіп-төгіп барып басыла қалатынындай, 
ауыздығы болмаса мұндай ат та арындап 


барып, бойындағы күші сарқылғанда бір-
ақ жығылудан тайынбайды. Ілгеріде 
өткен бір жырау мұндай аттың үстінде 
өзіңнің мәңгі өлмейтініңе де сенесің 
деген екен… 
Шыңғысхан өз-өзіне риза, көңілі тоқ. 
Бойына сарқылмас күш бітіп, жігері 
тасып, астындағы аты емес, құдды өзі 
жортып келе жатқандай-ақ құба 
жорғаның бойындағы тасыған қанмен 
жаны да, тәні де бірігіп кеткендей 
алабұртып, діттеген жеріне жеткенше 
асығып келеді. 
Ия, иесі мен аты шынымен бір-біріне сай 
еді – екеуінің де аруағы асып, қуаты 
тасып-ақ тұр. Қағанның ер үстіндегі 
отырысы тұғырынан ұшқалы тұрған 
сұңқарға ұқсайды. Ат үстінде мығым 
отырған шымыр денелі, қоңырқай өңді 
әмірші үзеңгіні үзіп жіберердей шірене 


басады. Аттың үстінде де ол тақта 
отырғандай тіп-тік болып, басын кекжите 
ұстайтын, шықшыты шығыңқы келген бет 
әлпеті мен қысық көздерінен қара тастай 
салқындық пен ұстамдылықтың лебі 
еседі. Мың сан әскерді даңқты жеңіске 
бастаған ұлы билеушінің бойынан 
тегеуірінді күш-қуат пен қайтпас 
қайсарлық байқалып тұрғандай… 
Бүйтіп шабыты тасуының себебі мұның 
тек ұлы істерге ғана лайық екенінің 
белгісіндей басында үйіріліп жүрген сол 
бір шоқ бұлт болатын. Бұл орайда бәрі де 
осыны қуаттап тұрғандай еді. Бұлт… 
Аспан… Қосынның алдыңғы жағында, 
қағанның қай жерде екендігін білдіретін 
ұлыстың жорық туы желкілдеп келе 
жатқан.  
Ту ұстаушылар үшеу болатын, өздеріне 
осындай абыройлы іс сеніп 


тапсырылғанына масаттанып, өздерін 
асқақ ұстайды. Үшеуі де тұрқы-түсі бірдей 
баран атқа мінген. Ортада ту ұстаушының 
өзі, ал, оның екі жағында найзаларын 
кезей ұстап екі қосшысы келеді. 
Қағанның жолын пәле-жаладан аршиын 
дегендей ұмсына желкілдеген алтын 
тінді қара туға моншақпен кестеленген 
аузынан жалын шашқан айдаһардың 
бейнесіне жан біткендей құбылады. Екі 
көзі шақырайып, атыла секірген айдаһар 
шынымен тіріліп кеткендей-ақ тумен 
бірге ойнақтап, асыр салып келеді… 
Қайтқан құстай бірінің соңынан бірі 
тізбектелген жорық күндерінің бірі, 
кешқұрым шақ болатын. Ұясына 
еңкейген күннің ұзара түскен шапағы 
далия маңқиған даланың көз жетер 
жеріне соңғы сәулесін түсіріп тұрған. 
Қымсына қызарып, көкжиеккке иек 
артқан күн шапағы лек-лек әскерді, 


әрқайсысы өз орнынан ауытқымай, қатаң 
тәртіппен батысқа қарай ағылған мың сан 
қолды алыстан қараған адамға тұман 
басқан өзендей етіп көрсетер еді… 
Қаған таңертеңнен бері жорыққа 
басшылық етуден бір тыным тапқан жоқ. 
Жан-жақтан нояндар шауып келіп, тиісті 
нұсқау алғаннан кейін тынымсыз алға 
жылжыған қалың қолдың арасындағы өз 
әскеріне қарай қайтадан шауып кетіп 
жатты. Асықпаса болмайтын еді, күзгі 
жаңбыр мен ми батпаққа ұрынбай тұрып 
осы сапардағы ең үлкен кедергі – мол 
сулы Еділ өзеніне жетіп жығылу керек, 
содан кейін аяз түскенге дейін сол жерде 
аялдап, өзеннің беті қатқан соң мұз 
үстімен әрі қарай, діттеген мақсатқа жету 
– Батысты бағындыру үшін топан судай 
лап қою ғана қалады… 


Енді аттардың арқасы ер-тоқым мен 
жауынгерлерден тек түнге қарай ғана 
босайтын болды. 
Таң қылаң бере әскерді қайтадан 
жорыққа шақырып, өгіз терісінен 
жасалған дауылпаздар дүрсілдеп қоя 
береді. Ондаған мың адамды ұйқыдан 
ояту да оңай емес. Сондықтан, 
дауылпазшылар бар өнерін салып 
бағады, дүңкілдеген жорық сарыны 
түнемеге тігілген шатырлар мен қостар 
түгел жығылғанша бір толастамайды.  
Бұл кезде қаған атқа қонуға әзір тұрады. 
Ол қашан да елден бұрын тұрып 
дағдыланған, сол әдетімен бүгін де 
сарай-шатырдың алдында ерсілі-
қарсылы аяңдап қойып, түндегі ойларын 
тағы бір пысықтап, тиісті нұсқаулар беріп, 
қалың қолды ұйқысынан тұрғызып, 
аттары мен арбаларына қондырып 


жатқан дауылпаз үніне құлақ тосып жүр. 
Тағы бір күн басталып, әртүрлі дауыстар 
естіле бастады, қозғалыс көбейіп, 
түнемеге үзілген сапар әрі қарай 
жалғасты. 
Қалың қолды орнынан көтерген 
дауылпаз үні үзілер емес. Бұл тек 
ертеңгілік ұйқыдан оятатын белгі ғана 
емес, дауылпаз даусының одан да 
маңыздырақ тағы бір қыры бар еді. 
Жорыққа өзімен бірге еріп шыққан әр 
адамды Шыңғысхан осылай желкелейтін, 
шырт ұйқыда жатқан адамды бейне бір 
жабық есікті бұзып кірген бұзақыдай 
төсегінен суырып алған бұл дүңкіл алған 
бетінен қайтпайтын қатал да қайсар 
әміршінің өзі нұсқаған, өзі таңған ойдан 
басқаны бағыныштыларының басына 
жолатпау үшін ойлап тапқан амалы еді, 
өйткені, ұйқыдағы адам өзінің де, өзгенің 
де еркіне бағынбайды, бәрінен бостан, 


оның үстіне, түс көруі мүмкін, ал, түс 
дегенің түкке тұрғысыз әрі қатерлі 
бостандық, ондай бостандықты түбірімен 
жою керек, ұйқыдан енді ғана оянған 
адамды күнделікті қызметін атқаруға, 
әміршінің еркіне сөзсіз бағынып, дереу 
әрекетке кірісуге тек батыл да дөрекі 
қимылмен ғана көндіруге болады. 
Өгіздің өкіргеніне ұқсайтын дауылпаз үні 
Шыңғысханның есіне жас кезіндегі 
күндерін түсіріп, тұла бойын 
түршіктіретін: онда балаң кезі, сиыр 
жайып жүргенде бір-бірімен жан аямай 
сүзіскен екі бұқа тұяғымен ұсақ тастар 
мен топырақты бұрқырата шашып, 
өкіріскен кезде солардың даусынан 
делебесі қозған бұл садағын ала салып, 
қасында ұйықтап жатқан бір анадан туған 
ағасы Бектерді атып өлтіріп еді. Соның 
алдында екеуі өзеннен аулап алған 
балыққа таласып қалған болатын. Жан 


дауысы шығып шыңғыра тұрған Бектер 
қанға бөгіп қайтадан сылқ ете қалды, ал, 
Темуджин, ия, ол кезде бұл жай ғана 
Темуджин, қыршын кеткен Есугей 
батырдың жетім ұлы болатын, киіз үйдің 
көлеңкесінде жатқан дауылпазды ала 
сала тауға қарай тұра қашқан. Тауға 
барып тығылған ол сонда дауылпазды 
дамылсыз ұра берген болатын, ал, 
төменде байғұс анасы Ағөлең зар еңіреп, 
өз шашын өзі жұлып, ағасын өлтірген 
жауыз ұлын қарғап-сілеп жатқан. Сәлден 
кейін көрші-көлем жиналып, бұған қарап 
қолдарын сермеп әлденелер айтып 
жатты, бірақ бұл оларға құлағын да 
салмастан дауылпазды дүңкілдетіп ұра 
берді. Неге екенін кім білген, сол жолы 
батылы барып бұған қарай аяқ басқан 
адам болмады. Бұл болса таңға дейін көз 
ілместен дауылпазды дүңкілдетіп 
шықты… 


Енді жүздеген дауылпаздың дүңкілі 
тұтаса келе қуатты гуілге ұласып, мұның 
таңертеңгі ұранына, қаһарлы күріліне, 
жорыққа еріп шыққан жолдастарына 
берген белгісіне айналды – тыңда! Тұр! 
Іске кіріс! Ұлы мақсат – бүкіл әлемді 
бағындыруға аттан!.. Ал, олар мұнымен 
бірге жердің шетіне дейін баруға дайын – 
жердің де шеті бар шығар – ал, әзірше 
жер бетіндегі барша жанды мақұлық, 
адам болсын, аң болсын, құлағы бар 
болса әр таң сайын мұның 
дауылпазының дауысын іштерінен 
қалтырап тұрып тыңдайтын болады. 
Керек десең, таяудан бері мұның іштей 
толғанатын ойларының куәсі болып 
жүрген төбедегі ақ бұлт та дауылпаз 
үнімен тербеле қалықтап тұр! Аузынан от 
бүріккен айдаһар кестеленген туды 
желкілдете қозғап жел де есе бастады. 
Ақсиған азуы от шашқан аждаһа желмен 


бірге желпілдеп, тудан ыршып түсердей 
аласұрады… 
Бұл күндері таңғы ауа тап-таза, айнала 
әсем құлпырып тұрды. 
Түнге қарай, ұйқыға жатар алдында 
Шыңғысхан шатырынан шығып әрі-бері 
жүріп қайтуды әдетке айналдырды. Дала 
төсі жақыннан алаулап, алыстан 
жыпырлаған әскер ошақтарының отына 
тұнып тұр. Барлық әскери және 
шаруашылық қосындарында, 
бақташылар күрендерінде түтін шалқып, 
сарбаздар мен қызметшілер ет жеп, 
сорпа ішіп жатқан. Жорық қазандарында 
пісірілген жас еттің бұрқыраған иісінен 
дала тағылары да дәмететін сияқты. Әр-
әр жерден аш бөрінің жалт еткен жанары 
көзге шалынып, ұлыған дауыстары 
естіледі.  


Көп ұзамай қалың әскер жаппай ұйқыға 
кетті. Тек қосынды айнала шолып жүрген 
кезеуілдердің дауыстары ғана түн ішінде 
де бәрі қатаң тәртіптен ауытқымайтынын 
білдіріп тұр. Әйтпесе, болмайтын еді – әр 
нәрсенің өз орны бар, түптеп келгенде 
бәрі де бір ғана ұлы мақсатқа бағынып, 
Шыңғысханның бүкіл әлемді жаулап алу 
жолындағы жүктеген тапсырмасын 
бұлжытпай орындап, қалтқысыз қызмет 
етуге тиіс. Осындай сәттерде ол жаны 
шалқып тұрып өзінің кім екенін – 
адамзаттан асып туған асыл ердің қандай 
болуы керектігін ұғына түсетін. Оның 
қолында шексіз-шетсіз ұлы билік болуға 
тиіс және ол биліктің ауқымы неғұрлым 
ұлғайған сайын бұл да соғұрлым биіктей 
бермек, осыдан келіп мынадай 
қорытынды шығады – бұл дүниедегінің 
бәрі де осы мақсатқа қызмет етуге тиіс, 
ал, бұған пайдасы тимейтін заттың, 


басқаның, пәлен-пәштуанның барынан 
жоғы дұрыс! 
Сарыөзектегі жазалаудың себебі осы 
болатын... 
Бір түні атты кезеуіл оң қанаттағы әскерді 
аралап жүрген. Жауынгерлер демалып 
жатқан қосыннан сыртқары жерде 
жорық кезінде неше түрлі қызмет 
көрсететін жалшы-малшылардың, 
бақташылардың және сынған-бүлінген 
заттарды жөндейтін шеберлердің 
шатырлары тігілген болатын. Кезеуілдер 
бұл жерді де қарап шықты. Бәрі орнында. 
Жолдан шаршаған адамдар киіз үйлер 
мен шатырларда бірінің қасына бірі 
құлай-құлай кетіпті, тіптен, ашық 
аспанның астында, қоламтасы әлі 
суымаған оттың жанына қисая кеткендер 
де бар. Төңіректің бәрі тып-тыныш, 
шатырлар қараңғы. Атты кезеуіл шолуын 


бітіріп те қалған. Өздері үш адам 
болатын. Әрі қарай жүрмес бұрын олар 
аттарының басын сәл тежеп, әлденені 
әңгімелеп тұрып қалды. Арасындағы 
басшысы – жүзбасының башлығын киген 
ұзынтұра бұйрық берді: 
– Ал, болды. Сендер барып демалыңдар. 
Мен әлі де қарай тұрайын. 
Екі салтатты аттарын тебініп жүріп кетті. 
Ал, жүзбасы әуелі жан-жағына мұқият 
қарап алып, тың тыңдады да, атынан 
түсіп жетектеп алды, арбалар мен жорық 
шеберханаларын, былғары шеберлері 
мен тігіншілердің, қару-жарақ соғушы 
ұсталардың туарулы күймелерін айналып 
өтіп, қосынның шет жағында тұрған 
жалғыз қосқа қарай беттеді. Сыбдыр 
еткен әр дыбысқа құлақ тосып, әр 
қадамын сақтана басқан жүзбасының бет 
әлпеті ай сәулесімен қарауытып көрінеді, 


иесінің артынан еріп келе жатқан атының 
көзі түн ішінде де жарқырап тұр. Жүзбасы 
Ерден жалғыз қосқа жақындап келді, 
мұнда оны әлдекім күтіп отырған сияқты. 
Қостан бір әйел шығып, есіктің алдында 
қалшиып тұра қалды. 
– Аман-есенбісің, – деп сыбырлай тіл 
қатты жүзбасы шашын жаулықпен 
бастырған әйелге. Іле-шала: – Ия, халің 
қалай? – деп сұрады әлденеге алаңдаған 
кейіппен. 
– Бәрі жақсы, Тәңірінің арқасында бәрі 
ойдағыдай өтті. Енді алаңдамасаң да 
болады, – деп қуана жауап берді әйел. – 
Сені күтіп отыр ол. Сағына күтіп отыр. 
– Өзімнің де осында жеткенше тағатым 
таусылып бітті, – деді жүзбасы Ерден. – 
Қырсыққандай, біздің ноян жылқыны 
санаймыз деп ұстап қалғаны. Үш күн 


бойы жылқы санаймын деп табыннан 
шыға алмадым. 
– Оған бола қысылмай-ақ қой, Ерден! 
Мұндай жағдайда не істей алар едің, 
сен? Біреулердің көзіне түсіп қалуың да 
мүмкін болатын. 
– Әйел тыныштал дегендей басын 
шайқап қойды. – Ең бастысы, бәрі жақсы 
болды, жеңіл босанды. Тіптен, 
ауырсынып дыбыс та шығармады ғой. Ал, 
таңертең мен оны жабық күймеге 
отырғызып қойдым. Түк те болмаған 
сияқты. Әйелге салымың бар өзіңнің!.. 
Ой, не айтып тұрмын! – деп, өз әзілінен 
өзі ұялып қалды да, дереу маңызды бір 
жәйтті есіне түсіргендей бастырмалата 
сөйлеп кетті. – Ақсұңқар қонды қолыңа. 
Құтты болсын! – деп құттықтады сосын. 
– Ал, енді ұлыңа ат қой! 


– Айтқан сөзің Көк Тәңірінің құлағына 
шалынсын, Алтын! Бұл жақсылығыңды 
Дөгелең екеуміз өмірі ұмытпаспыз! – деп 
ризашылығын білдірді жүзбасы. – Атын 
қоя жатармыз, бұл ешқайда қашпайды 
ғой.  
Ол атының тізгінін әйелге ұстатты. 
– Алаңдама, керек болса, атыңды таң 
атқанша күзетуге бармын, – деп уәде етті 
Алтын. – Бар, бар, Дөгелең сені көп күтті 
ғой. 
Жүзбасы сәл кідіріп, қайраттанғандай 
болды да, қосқа жақын келіп, есіктің 
орнына тұтқан киізден жасалған ауыр 
сырманы көтеріп ашып, еңкейіп ішке 
кірді. Қостың орта тұсындағы ошақта әлі 
от жанып тұр екен, оның әлсіз 
жарығымен қостың түпкі жағында сусар 
терісінен тігілген тонға оранып отырған 
сүйгені Дөгелеңді көрді. Сырма көрпемен 


жауып қойған бесікті оң қолымен 
тербетіп отыр екен. 
– Ерден! Мен осындамын, – деді 
жүзбасыға кестеші әйел. – Біз 
осындамыз, – деп өз сөзін өзі түзетті ол 
ұялғандай жымия сөйлеп. 
Жүзбасы садағы мен қорамсағын, 
қылышы мен қынабын шешіп, босағаға 
қалдырды да, әйелге жақындап, үнсіз 
қолын созды. Содан кейін тізерлеп отыра 
қалып, әйелдің бетіне бетін тигізді. Екі 
ғашық аялай құшақтасып, бастарын бір-
бірінің иығына қойды. Осылай үн-түнсіз 
біраз тұрды. Дәл осы сәтте бұларға бүкіл 
әлемде осы қостан басқа ештеңенің 
керегі жоқ еді. Жорық кезінде баспана 
қылудан басқаға жарамайтын шағын 
қостың сыртында қалған күллі дүние бұл 
екеуі үшін жоққа тән болатын. Бүкіл 
дүниеде тек екеуі, бір-біріне ынтық 


қылып қойған құдіретті сезім және өмірге 
келгеніне үш-ақ күн болған, бесікте 
жатқан құйтақандай сәби ғана бар. 
Алғашқы болып Ерден тіл қатты: 
– Ия, халің қалай? Әлсіреп қалған жоқсың 
ба? – деп сұрады ол ентігін басуға 
тырысып. – Мен де алаңдаумен болдым. 
– Енді бәрі артта қалды ғой, – деп жауап 
берді кестеші әйел жымиып. – Бұл 
туралы ойламай-ақ қой. Енді біздің 
кішкентай ғана ұлымыз бар, сол туралы 
сұрамайсың ба одан да? Өзі сондай 
күшті-ақ! Емген кезде тура төсімді жұлып 
ала жаздайды. Өзі саған тартқан. Алтын 
да солай дейді. 
– Көрсетші, Дөгелең. Түрі қандай өзінің?! 
Дөгелең бесікті бүркеген көрпені ашпас 
бұрын әуелі кіре беріске қарай 
жақындап, сырттан ештеңе естілмей ме 


дегендей тың тыңдап алды. Төңірек 
тыныш екен. 
Жүзбасы тәтті ұйқыда пысылдап жатқан 
сәбидің өзіне қай жері ұқсайтынын 
іздегендей ұлының жүзіне ұзақ үңілді. 
Бәлкім, ол демін ішінен алып, титімдей 
ғана баласының бетіне қараған сәтте 
артында ұрпақ қалдырудың Көк 
Тәңірінен тамыр тартып жатқан түпкі мәні 
– өмірдің мәңгі жалғасуы екенін алғаш 
рет ұққан шығар. Өйткені, содан кейін ол 
сөзін шегелей тұрып былай деді: 
– Міне, енді екеуміз мәңгі біргеміз, 
Дөгелең, егер әлденеге ұшырай қалсам 
да мәңгі-бақи өзіңмен біргемін. Өйткені, 
қасыңда менің қанымнан жаралған ұлым 
болады! 
– Бірге боламыз дейсің бе? – деп қайыра 
сұрады әйел ащы жымиып. – Шіркін-ай, 
шынымен солай болар ма еді! Сен біздің 


сәбиімізді Будда тәрізді өзіңнің екінші 
рет қайталануың деп тұрсың ғой. Оны 
емізген кезде мен де осыны ойлағанмын. 
Осыдан үш күн бұрын жоқ еді, енді міне, 
қолыма ұстап көтеріп тұрмын, бұл 
Ерденнің кішкентай ғана түрі ғой, – 
дегенмін сонда. Ал, сен мұны қазір ғана 
ойладың ба? 
– Ойлағаным рас. Бірақ, дәл сен 
айтқандай емес. Мен өзімді Буддамен 
салыстыра алмаймын ғой. 
– Салыстырып керегі де жоқ. Сен Будда 
емессің, сен менің ең сүйікті 
айдаһарымсың! Мен сені тек айдаһармен 
ғана салыстыра аламын, – деп еркелей 
сыбырлады Дөгелең. – Туларға 
айдаһарды кестелегенде үнемі ойымда 
сен тұрасың. Мұны ешкім білмейді, бірақ 
әлгі айдаһарлардың бәрі де сенің 
бейнең! Әйтеуір, менің қолымнан 


шыққан тулардағы айдаһар – сенсің! 
Кейде, тіптен, түсімде де көремін. 
Түсімде айдаһарды кестелеп жатамын, 
сосын ол тіріліп кетеді, тек сен күлме, 
түсімде ол екеуміз құшақтасып жүреміз, 
сонсоң қосыламыз, айдаһар мені үстіне 
отырғызып алып ұшып кетеді, ең бір тәтті 
жеріне келгенде әлгі айдаһар дегенім сен 
болып шығасың. Түсімде үнемі тек сені 
ғана көремін, бірде айдаһар, бірде адам 
кейпіне еніп, түсімнен шықпайсың. 
Оянғаннан кейін түсім бе, өңім бе деп 
ұзақ уақыт бойы өз-өзіме сене алмай 
жатамын. Мен саған, Ерден, сен менің 
айдаһарымсың деп бұрын да айтатын 
едім ғой. Бұл әзілім емес. Шынымен 
солай! Менің қолымнан шыққан туларға 
мен тек сені ғана кестелеп келдім. Енді 
қарасам, тағы бір айдаһар туыппын. 
– Мейлі, қалай атасаң да өзіңе ұнаса 
болды. Ал, енді менің не айтатынымды 


тыңда, Дөгелең. – Жүзбасы сәл бөгеліп 
қалды да сөзін жалғастырды. – Енді 
балалы болғаннан кейін алдағы уақытта 
не істейтінімізді ойластыруымыз керек. 
Сол туралы сөйлесіп алайық. Бірақ, одан 
бұрын мынаны айтып қояйын, жадыңда 
жүрсін, мұны бұрыннан-ақ білесің, 
дегенмен, тағы да айтайын: мен сені 
үнемі сағынып жүремін! Қорқатыным да 
сол – шайқаста басымнан айырылып 
қаламын-ау деп қорықпаймын, саған 
деген осы сағынышымды жоғалтып 
алмасам екен деп қорқамын! Әскермен 
бірге қай жаққа барсам да сағынышым 
өзіммен бірге өлмей, сенімен бірге 
болуы үшін не істеуге болады деп 
ойлаймын. Бірақ, ойыма ештеңе түспей 
қояды, сонда: шіркін-ай, сол сағынышым 
әлдебір құсқа ма, жануарға ма, әйтеуір 
жаны бар бірдеңеге айналып кетсе, мен 
оны Дөгелеңнің қолына беріп қойсам деп 


армандаймын. Міне, ала ғой, мынау 
менің сағынышым, өзіңмен мәңгі бірге 
болсын деп қолыңа тапсырсам, онда 
маған өлім де қорқынышты болмас еді. 
Енді ғана түсініп тұрмын – менің ұлым 
саған деген сағынышымнан дүниеге 
келген! Енді ол мәңгі сенімен бірге 
болады. 
– Әлі атын да қойған жоқпыз. Әлде сенің 
бір ойлағаның бар ма? – деп сұрады 
әйел. 
– Бар, – деп жауап қатты жүзбасы. – Егер 
қарсы болмасаң, оның атын Құнан деп 
қоямыз. 
– Құнан?! 
– Ия. 
– Несі бар, өте жақсы есім. Құнан! Жас 
тұлпар деген сөз ғой. 


– Ия. Үш жасар жылқыны осылай атайды. 
Нағыз арғымақ болатын кезі. Жалы 
дауылдай бұрқырап, тұяғы қорғасындай 
ауырлайтын шағы! 
Дөгелең баласына еңкейе төніп: 
– Тыңда, балам, қазір әкең саған ат 
қояды, – деді. Жүзбасы Ерден көп 
сөйлеген жоқ. 
– Сенің атың – Құнан! Естідің бе, балам? 
Есімің – Құнан. Солай болсын. 
Осы сәттің маңыздылығын сезінген екеуі 
үнсіз тына қалды. Түн тып-тыныш 
болатын, көрші күреннен әлдебір иттің 
үргені, алыстан жылқының кісінегені 
естілді, бәлкім, ол жылқы да өзінің таулы 
алқаптағы туып-өскен жерін, сарқырап 
аққан өзенін, көкорай шөпті, 
жылқылардың жылт-жылт еткен 
арқасында шағылысып ойнаған күн 
сәулесін есіне алған болар… Жаңа ғана 


аты қойылған сәби болса, ештеңеден 
қаперсіз ұйықтап жатыр, оның әзірше 
ашық күндей жайдары тағдыры да 
өзімен бірге алаңсыз ұйқыға кеткен. 
Бірақ, көп ұзамай ол өмірдің алғашқы 
сабағын алатын болады. 
– Мен тек баламызға қандай ат қойсақ 
дұрыс болатынын ғана емес, басқа 
жәйттерді де ойлағанмын, – деді 
жүзбасы Ерден күректей алақанымен 
мұртын сипап қойып. – Дөгелең, өзің де 
білесің, саған мұнда баламен бірге қалуға 
болмайды. Тезірек кетуің керек шығар. 
– Кет дейсің бе? 
– Ия, Дөгелең, кетуің керек, неғұрлым 
тезірек кетсең, соғұрлым жақсы. 
– Мұны өзім де ойлағанмын, бірақ қайда 
барамын? Қалай кетемін? Ал, сен 
қайтесің? 
– Қазір айтамын. Екеуміз бірге кетеміз. 


– Бірге дейсің бе?! Бұл мүмкін емес қой, 
Ерден! 
– Біз тек бірге болуымыз керек. Басқаша 
болуы мүмкін емес! 
– Не айтып тұрсың өзің, ойланшы, сен оң 
қанаттың жүзбасысы емессің бе?! 
– Мен ойландым. Жақсылап тұрып 
ойландым.  
– Ал, қағанның құрығынан қалай 
құтылмақсың сонда? Жер бетінде жүрсең 
ол сені бәрібір тауып алады ғой! Ерден! 
Ақылға кел! 
– Мен бәрін ойластырып қойдым. 
Дұрыстап тыңдап алшы. Әу баста – 
адамы да, базары да көп, неше түрлі 
қаңғыбастар толып жүрген үлкен қалада 
тұрған кезімізде жасырынған жоқпыз, ол 
кезде қашып кету оңайға түсетін еді. Сол 
кезде саған: Дөгелең, жат жерліктердің 


киімін киіп, дәруіштерге қосылып ел 
кезіп кетейік деуші едім ғой, есіңде ме? 
– Қандай елді айтып тұрсың, Ерден? – 
деп күйзеле сөйледі кестеші. – Өз 
бетімізбен өмір сүретін ел бар ма қазір? 
Қағаннан құтылғаннан құдайдан құтылу 
оңай шығар! Өзің де түсініп тұрсың, сол 
кезде де біз осыдан қорыққанннан 
қалғанбыз. Қорқыныш пен махаббаттың 
арасында әрі-сәрі болып қала бергеніміз 
де содан емес пе – сен әскерді тастай 
алмайсың, бұл үшін басың кетеді, мен 
сенен кете алмадым, сүйіктімді 
қимадым. Енді, міне, үшінші адам келіп 
қосылды. Енді сәбиіміз бар. 
Екеуі төніп келе жатқан қатерді сезгендей 
бір сәт үнсіз қалды. 
Содан кейін жүзбасы қайтадан тіл қатты: 
– Кейде біреулер масқараға ұшырап 
қалмау үшін, абыройын сақтау үшін 


немесе сатқындығының жазасын 
тартудан қорқып қашып жатады. Ал, біз 
өмірге сәби келгенінен қорқып 
қашуымыз керек, ақыр түбінде бәрібір 
сазайымызды тартамыз. Ешкім аямайды 
бізді. Кету керек, Дөгелең, әйтпесе, 
кешігіп қаламыз. Басқа амалын таппай 
тұрмын. Неге басыңды шайқайсың? Енді 
не істейміз?! Бақыт пен сор егіз екенін 
білмеуші ме едің? Бақытқа мастандық 
қой, енді сорымызды татып көрейік. 
Кетеміз. 
– Мен сені түсініп тұрмын, Ерден, – деді 
әйел ақырын сөйлеп. – Әрине, сенікі 
дұрыс. Тек, менің ойлап тұрғаным, не 
дұрыс өзі – өмір сүргеніміз бе, әлде 
өлгеніміз бе? Өзімді айтпаймын. Сенімен 
бірге бақыттың да дәмін таттым, сол 
кезде-ақ бәрін шешіп қойғанмын – керек 
болса өлемін, бірақ сенен қалған белгіні 
қалай да аман сақтауым керек. 


Ақылдымын ба, әлде ақымақпын ба, 
әйтеуір, сол бейкүнә нәрестеге қолым 
көтерілмей қойды!.. 
– Өз-өзіңді қинай берме, өмір ме, өлім бе 
деп таңдау жасауға болмайды. Біз әлі 
дүниеге келмеген сәбиді аядық. Ал, енді 
ол да қасымызда, сол үшін өмір сүруіміз 
керек! Бұл жерден қашып кетейік. 
Екеуміз де ұл болуын қалап едік қой! 
– Мен өзім туралы айтып тұрған жоқпын. 
Сен маған мынаны айтшы, егер мені 
өлтірсе, ұлың екеуіңді тірі қалдыра ма? 
– Ондайды айтушы болма! Дөгелең, неге 
қорлайсың мені?! Әңгіме онда емес. 
Одан да өз жағдайыңды айтшы. Жолды 
көтере аласың ба? Алтын екеуің 
күймемен жүресіңдер, ол сенімен бірге 
қайда болса да баруға дайын. Мен 
қастарыңда жеке жүріп отырамын, кім 


біледі, шайқасып қалатындай жағдай 
бола ма… 
– Өзің біл, – деп қысқа қайырды кестеші. 
– Тек сенің қасыңда болсам жетеді 
маған… 
Бесікке бастарын сүйеп, екеуі тағы да 
үнсіз қалды. 
– Айтшы, – деді Дөгелең кенеттен. – 
әскер Жайыққа жақындап қалды дейді 
ғой. Рас па? Алтын біреулерден естіпті. 
– Бір-екі күннен кейін жетіп қалармыз. 
Ал, оның салаларына ертең-ақ жетуіміз 
мүмкін. Су болған жерде орман-тоғай да 
болады, солар кездессе-ақ Жайыққа 
жеттік дей бер. 
– Ал, ол үлкен де терең өзен бе? 
– Еділден кейінгі үлкен өзен сол. 
– Терең бе өзі? 


– Кез келген ат арғы бетке жүзіп өте 
алмайды. Ал, ағысты жерінде қандай 
мықты атты да ықтырып әкетеді. 
Салалары ғана тайыз. 
– Демек, әрі терең, әрі тыныш өзен 
болды ғой? 
– Айнадай жарқырап жатады. Бірақ, 
кейбір жерлері өте қауіпті болады. 
Балалық шағым осында өтті ғой, менің 
осы жақта туып-өскенімді айтқан 
шығармын саған? Жайық бойының 
әндері ерекше ғой, шіркін! Әсіресе, айлы 
түнде шырқаған әндерді айтсаңшы! 
– Мұны айтқансың, – деді кестеші 
ойланып тұрып. – Сүйгенінен айырылған 
бір қыздың Жайыққа батып өлгені туралы 
бір ән салып беріп едің ғой, сол әнің әлі 
күнге есімнен кетпейді. 
– Ескі ән ғой.  


– Менің бір арманым бар, Ерден. Ақ 
жібек матаға мынадай кесте тоқысам 
деймін: судың қыз батып кеткен жері 
үйіріліп барып қайтадан қалпына келген, 
айналада тал-бұталар өсіп тұр, құстар 
шырылдайды, көбелектер ұшып-қонып 
жүр, тек қыз ғана жоқ, қайғыны көтере 
алмай өліп кетті. Сол кестемді көрген 
адамның құлағына өзеннің өзі айтып 
жатқандай болып бір мұңлы әуен естіліп 
тұрса… 
– Бір күннен кейін сол өзенді де көресің. 
Енді мені мұқият тыңдап ал, Дөгелең. 
Ертең түнде дайын тұратын бол. Қосарлы 
атпен келген болсам, дереу баланы 
бесігімен бірге алып шығасың. Кез келген 
уақытта. Кідіруге болмайды. Енді кідірсек 
кеш қаламыз. Маған салса, екеуіңді 
қазір-ақ алып кетер едім. Бірақ жан-
жағымыздың бәрі жазық дала, жасырына 
да, тығыла да алмайсың, бәрі 


алақандағыдай көрінеді, түнде ай 
жарқырап тұр. Ашық далада күймемен 
жүріп атты қуғыншыдан қашып құтылу 
мүмкін емес. Ал, Жайыққа жақындаған 
кезде орман-тоғай басталады, сол кезде 
бағымызды сынап көреміз… 
Олар біресе үнсіз қалып, енді бірде 
алдағы тағдырлары қалай болатынын, 
ендігі жерде жаңа туған сәби бар, 
үшеуінің тағдыры не болары жөнінде 
сөйлесіп біраз тұрды. Сәби де көп 
күттірген жоқ, шамалыдан кейін бесігінде 
жатып қозғалақтап, қыңқылдай бастады 
да күшіктің қыңсылағанындай жіңішке 
дауыспен жылап жіберді. Дөгелең 
баланы тез көтеріп алып, әлі әдеттене 
қоймағандықтан ұялыңқырап, бір 
қырындап баланы төсіне апарды. 
Жүзбасының талай аймалап, талай сүйген 
төсі, өзі оны іштей көл бетінде қалқыған 
үйректің жонарқасына теңейтін. Енді жас 


ананың төсіне айналып кетіпті. Жүзбасы 
таңдана да қызыға басын шайқады, 
соңғы күндері осы сәтті тағатсыздана 
тосқаны есіне түсті, міне, енді өзі – әке, 
Дөгелең – ана болды, екеуінің ұлы бар, 
анасы оны емізіп отыр… Дүние 
жаралғалы бері солай болуы керек-тұғын. 
Шөп – шөптен, жанды мақұлық өзіндей 
мақұлықтан жаралады, табиғаттың заңы 
солай, тек адам ғана қырсығып, 
табиғаттың жолына кесе-көлденең 
тұрғысы келеді… Ұлы болса, ернін 
шолпылдатып қойып, еміп жатыр, үйрек-
төстен сүтпен бірге мейірім жұтқандай 
емген сайын жаны жай тауып, жүзі 
жадырай түседі. 
– Ой, қытығымды келтіреді, – деп қуана 
күлді Дөгелең. – Өзінің пысығын қарашы! 
Жабысып алып айырылмайды, – деп әлгі 
күлкісі үшін ақталғандай тез-тез сөйлеп 
ала жөнелді ол. – Қарашы, біздің Құнан 


шынымен саған ұқсайды-ей! Үлкен 
айдаһардың ұлы – кіші айдаһар ғой бұл! 
Міне, көзін де ашты. Қарашы, Ерден, 
қарашы! Көзі де, мұрны да, ерні де 
сенікінен аумайды!.. 
– Ұқсайды, әрине, ұқсайды, – деп келісе 
кетті жүзбасы. – Әйтеуір, бір адамнан 
айнымайды екен. 
– Қалай «әйтеуір бір адам?» – деп 
таңдана сұрады Дөгелең. 
– Өзімді айтып тұрмын, өзімді! 
– Кәне, алшы өзің, көтерші шамалы. Жып-
жылы болған кіп-кішкентай тірі жан! Жеп-
жеңіл өзі! Құдды қоян ұстап тұрған 
сияқтысың. 
Жүзбасы баласын құлатып алмайын 
дегендей сақтана қолына алды. Сол сәтте 
оған өз қолының күші де, салмағы да 
артық болып көрінді, күректей 
алақанымен құйтақандай сәбиді қалай 


ұстарын білмеген ол сасқалақтап, 
баласын төсіне басты, басқан да жоқ, 
абайлап қана кеудесіне тақады, бұған 
дейін аңғарып көрмеген әдебір сезім 
бойын билеп, сол мезет оның не екенін 
анық түйсініп, күлімдеп сала берді. 
– Білесің бе, Дөгелең, бұл қоян емес, бұл 
менің жан-жүрегім! – деді ол бар жан-
тәнімен елжірей егіліп. 
Анасының уызына тойған сәби қайтадан 
пысылдап ұйықтап кетті. Жүзбасының да 
әскердегі қызметіне баратын уақыты 
болып қалып еді. 
Түн ортасы ауа ғашығының шатырынан 
шыққан жүзбасы Ерден Сарыөзектің күзгі 
даласына нұрын төгіп тұрған аспандағы 
айға көз жіберіп еді, өзінің жалғыздығын 
сезініп көкірегі удай ашып кетті. Бұл 
жерден кеткісі келмей, қайтадан Дөгелең 
мен ұлының жанына барғысы келеді. 


Ұшы-қиырсыз кең даланы әлдилей 
тұмшалаған қараңғы түннің тыныштығын 
бұзып әлдебір тылсым сырлы дыбыстар 
естілетіндей. Сол мезет ол бұрын 
санасына кіріп көрмеген сұмдық 
жаңалық ашты: тағдырдың айдауымен 
Ұлы қағанның қасына еріп, Батыс 
жорығына бірге аттануы, оған қызмет етуі 
бағы емес, соры екен-ау! Өзінің де, 
сүйген жарының да, енді, міне, кішкентай 
ұлының да өмірі қыл үстінде тұр! 
Жорықта жүріп өмірге бала әкелгендері 
үшін бұларды кез келген сәтте жазаға 
тартуы кәдік! Демек, Дүниенің төрт 
құбыласын түгел билеуші Ұлы қаған мен 
мұны байланыстырып тұрған міндет-
мұраттың бәрі табиғатқа жат, алдағы 
уақытта бұлардың өміріне де қатер 
төндіретін бітіспес жау болып шыққаны 
ғой! Бұдан тек бір-ақ байлам жасауға 
болады – алды-артына қарамай қашу 


керек, сөйтіп, бостандық алып, 
баласының өмірін сақтап қалмаса 
болмайды!.. 
Ол манадан бері мұның атын күзетіп, 
атдорбадан жем беріп тұрған Алтынның 
жанына таяп келді. 
– Ия, қалай, ұлыңды көрдің бе? – деп 
сұрады Алтын. 
– Ия, рахмет саған, Алтын. 
– Атын кім деп қойдың? 
– Оның аты Құнан болады! 
– Жақсы ат екен. Құнан, ия? 
– Ия. Тәңірінің құлағына шалынсын. Ал, 
енді, Алтын, саған бір нәрсе айтайын, біз 
асықпасақ болмайын деп тұр. Сен маған 
туған апамдай болып кеткен адамсың, 
ал, Дөгелең сені анасындай сыйлайды. 
Сені бізге тағдырдың өзі жіберген болуы 
керек. Әйтпесе, ол екеуміз жорық 


біткенше бір-бірімізбен мүлдем жолыға 
алмай, сағыныштан құса боп өлер едік. 
Кім біледі, мүмкін Дөгелең екеуміз бір-
бірімізді мүлдем көре алмай да қалар ма 
едік. Өйткені, соғысты бастаған жақтың 
адамы қарғысқа көбірек ұшырайтыны 
белгілі ғой… Ризамын саған…  
– Түсініп тұрмын, – деді Алтын. – Ненің не 
екенін түсінетіндей болдық қой. Сен де, 
Ерден, басыңды қатерге тігіп жүрсің. – 
Алтын басын шайқап қойды. – Құдай 
қолдап, бәрі сәтті аяқталсын, әйтеуір. Сен 
қазір осы қалың әскердің арасында 
жүзбасысың, ал, ертең мыңбасы болуың 
да, сөйтіп, құрметке бөленіп, ноян атағын 
алуың да мүмкін. Ондай жағдайда біз 
бүйтіп әңгімелесіп тұрмас едік. Сен – 
жүзбасысың, ал, мен – құлақкесті күңмін. 
Осы сөзден-ақ түсіне бер. Бірақ, сен 
басқа жолды таңдадың – өз жаныңның 
қалағанымен жүрдің. Менің қолымнан 


бар келетіні – сенің атыңды ұстап тұру 
ғана. Ал, негізгі жұмысым – сенің 
Дөгелеңіңе кесте тоқуға көмектесу екенін 
өзің де білесің. Ал, мен оған бауыр басып 
кеттім, өйткені, ол, менің ойымша, 
Сұлулық құдайының қызы! Ия, ия! Ондай 
сұлулар сирек кездеседі. Бірақ менің 
айтайын дегенім бұл емес. Басқа нәрсе. 
Дөгелеңнің қолы шебер – бір орам жіп 
пен бір кез мата әркімнен-ақ табылады, 
бірақ Дөгелеңнің қолынан шыққандай 
кестені одан басқа ешкім тоқи алмайды. 
Мен мұны жақсы білемін. Ол кестелеген 
айдаһарлар туды бойлап жүгіріп жүрген 
сияқты. Ал, жұлдыз тоқыса, тура түнгі 
аспандағыдай жымыңдап сала береді. 
Құдайдың өзі шебер етіп жаратқан ғой 
оны. Мен онымен мәңгі бірге боламын. 
Ал, егер қашуға бел байласаңдар, мен де 
сендерге еріп кетемін. Жас босанған 
әйелге жолда қиын болады. 


– Бар гәп сонда болып тұр, Алтын. Ертең 
түн ортасына таман дайын отырыңдар. 
Кетеміз. Дөгелең екеуің баланы алып 
күймеге мінесіңдер, ал, мен бір атты 
мініп, екіншісін жетектеп қастарыңда 
жүріп отырамын. Жайықтың сағасына 
қарай кетеміз. Ең бастысы, таң атқанға 
дейін барынша алысқа кетіп үлгеру 
керек, әйтпесе ізімізге түссе тауып алуы 
мүмкін. Ол жаққа бір ілінсек, 
құтыламыз… 
Екеуі де үнсіз қалды. Атқа қонбас бұрын 
жүзбасы Ерден еңкейіп, қызметші күң 
Алтынның жарық-жарық қолынан сүйді. 
Біраз жыл бұрын Қытай жақтан малша 
айдап әкеліп, күңдікке салған, содан бері 
Шыңғысхан әскерінің қызметінде жүріп 
қартайған осы бір шапата денелі әйелді 
Дөгелең екеуіне Жаратқанның өзі 
жіберсе керек. Егер ойлап қараса, бұл 
әйелдің бұған үш қайнаса сорпасы 


қосылмайды: Шыңғысханның Батыс 
жорығында жолай кезіккен басыбайлы 
күң. Ал, іс жүзінде, екі ғашықтың басына 
қатер төнген кезде содан сенімді ешкім 
болмай шықты. Жүзбасы мұны жақсы 
түсініп тұр – дәл қазір күллі әлемде ол 
осы Алтын күңнен басқа ешкімге сене 
алмайтын еді! Ұлы жорыққа аттанған, 
кез-келген сәтте атой сала шайқасқа 
кіруге дайын тұрған ондаған мың қарулы 
әскердің арасынан мұны жақтайтын – тек 
осы әскер қызметшісі кәрі күң ғана. Одан 
басқа ешкім де мұны қостамақ емес. 
Кейіннен өзі де солай болып шықты. 
Сол күні өзінің Ақжұлдызына мініп, 
қосын-қосын болып ұйықтап жатқан 
әскерді айналып өтіп өз шатырына қарай 
бара жатқанда жүзбасы алдынан не күтіп 
тұрғанын ойлап, ең болмаса күнәсіз 
сәбиге көмектесе көр деп Құдайға 
жалбарынды, өйткені, өмірге жаңа 


келген жас сәби Құдайдың бұйрығымен 
жаралмай ма, сол бұйрықтың арқасында 
күндердің күнінде әлдекім адам 
кейпіндегі Құдай тәрізді болып халықтың 
алдына шықпай ма – адам дегеннің 
қандай болуы керектігін басқалар сонда 
ғана білетін болады! Ал, Құдай дегеніміз 
– адамның ақыл-ойы жетпейтін шексіз 
биік те түпсіз терең Аспан Әміршісінің өзі! 
Кімнің тағдырын қалай шешетіні, кім 
туып, кім өлетіні тек сол Көк Тәңірінің 
ғана қолында! Жүзбасы Ерден үзеңгіге 
табанын шірей тіреп, ер үстінде көтеріліп 
аспанға үңілді, іштей Тәңіріге 
жалбарынып, тағдырынан жауап күтті. 
Бірақ, Аспан үнсіз еді. Тек ұйқыға бөгіп, 
түн тылсымында бұйыққан Сарыөзек 
даласына күлгін сәулесін шашқан Ай ғана 
көк жүзінде баяу қалықтап барады… 
Ертесіне таң ата тағы да дауылпаздар 
дүңкілі тұтасқан бір күркірге ұласып, 


қалың әскерді ұйқысынан оятты, қолына 
қаруын алып, атқа қонуға шақыра 
бастады, Қағанның қайырым бермес 
қатал еркіне бағынып, әрі содан қуат 
алған қалың қол қайтадан 
Шыңғысханның Батыс жорығын 
жалғастырды. 
Бұл жорықтың он жетінші күні еді. 
Жолдың ең ауыр бөлігі – ұлан-ғайыр 
Сарыөзек даласының да шетіне шығар 
уақыт жетті, енді бір-екі күннен кейін 
Жайық өзенінің салалары кездесе 
бастауға тиіс, одан әрі Жер бетін Шығыс 
пен Батыс деп аталатын екі бөлікке бөліп 
жатқан ұлы өзен – Еділ де алыс емес. 
Бәрі де бәз-баяғы қалпында. Қолдың 
алдында баран атты ту ұстаушылар. 
Олардан кейін нөкерлері мен кезеуілдері 
қоршаған Шыңғысхан келеді. Астында 
жүрісі білінбейтін сол баяғы қара құйрық, 


ақ жалды Құба жорға сырғанап келеді. Ең 
бастысы, соңғы кездері қағанның көз 
қуанышы болып, жорыққа шыққалы 
сенімді серігіне айналған шоқ бұлт онсыз 
да әзер тежеп жүрген масаттану сезімін 
бұрынғыдан да асқақтата түсейін 
дегендей, төбесінде қалықтап жүр. Бұл 
қайда барса, бұлт та сонда бұрылады. Ал, 
жер бетінде көз жетер жердің бәрін 
толтырып, қара бұлттай қаптаған 
Шыңғысхан әскері лек-легімен Батысқа 
қарай жортып келеді. Әуеде теңіз 
толқынының алыстан талып естілген 
шуылындай болып тұтасқан бір гуіл ілініп 
қалыпты. Ал, осының бәрі – батысқа 
қарай ағылған сан мың адам мен жорық 
аттары, қару-жарақ пен табын-табын мал, 
соғыста қолданылатын неше түрлі керек-
жарақ, мүлік-мүкәммал атаулы түгелімен 
бір ғана Шыңғысханның күш-қуатын 
әйгілеп тұрған болатын, осының бәрі 


қағанның ойлаған жоспарын жүзеге 
асыру үшін жасалған. Сол сәтте ол ат 
үстінде отырып, ажалды пенденің ойына 
кіре бермейтін өз мұраты – бүкіл әлемді 
бағындырып, мәңгі өмір сүретін 
дүниежүзілік біртұтас мемлекет құру, 
оны өзі өлгеннен кейін де басқара беру 
туралы ойлаған болатын. Бірақ, мұны 
қалай іске асыруға болады? Мұның 
алдын-ала шығарған жарлықтары 
арқылы! Дүниені қалай басқару керектігі 
туралы мұның тасқа қашап жазған өсиеті 
аман тұрғанда, мұның ерік-қалауы да іске 
аса беретін болады. Қаған осыны ойлап 
келе жатқан, енді оны мәңгі өмір сүрудің 
ең қолайлы тәсілі сияқты көрінген тасқа 
қашап жазу мәселесі мазалай берді. Ол 
мұны Еділге жеткен соң, қыс кезінде 
қолға алатын болады. Өзеннің мұзы 
қалыңдауын күткен кезде бұл өзінің 
кемеңгер ғалымдары мен балшы-


көріпкелдерін жинап, мәңгілік мемлекет 
туралы өз ойларын солардың талқысына 
салады да бұл қағидаларды жартасқа 
қашап жазуға бұйрық береді. Бұл сөздер 
әлемнің астын үстіне түсіріп, күллі дүние 
қағанның аяғына бас ұратын болады. 
Жорыққа аттанған себебі де сол болатын, 
жер бетіндегі барлық жанды-жансыз 
нәрсе түгелімен осы мақсатқа 
жұмылдырылуы керек, ал, оған кереғар 
келетін нәрселер түбірімен жойылуға 
тиіс. 
Қағанның ойына тағы да жыр жолдары 
оралды:  
  
Ұлысымның тәжіне асыл тас қып  
Аспандағы Айды да тағып қойсам!  
Қыбырлаған құмырсқа, тірі жәндік  
Қызмет қып жүреді бұйрық қылсам.  


Тұлпарымның тер басқан сауырына  
Тауарихтың қоржынын артып алғам.  
Ұрпақтарым басады бауырына 
Күллі әлемді басқадан тартып алған! 
  
Сол күні түске таман Шыңғысханның 
құлағына жорық көшіне ілесіп келе 
жатқан бір әйел босаныпты деген хабар 
тиді, ал, бұған құдіретті қағанның өзі 
тыйым салған болатын! Баланы кімнен 
туғаны белгісіз екен. Бұл туралы хан 
шатырлары мен ас-суы үшін жауап 
беретін Арасан деген қосшысы 
хабарлады. Екі көзі ойнақшып бір орында 
тұрмайтын, қашан да жаңалық атаулыны 
елден бұрын біліп үлгеретін беті қып-
қызыл болған жылпос қосшы бұл жолы 
да осы хабарды елден бұрын жеткізді. 
«О, Ұлы қаған, бұл туралы өзің арнайы 
ескерткеннен кейін білгенімді саған 


хабарлауды өзімнің парызым деп 
білдім», – деп қырылдай сөйледі соңғы 
кездері жүрегін май басып, семіріп бара 
жатқан Арасан қосшы қағанмен үзеңгі 
тебісе желіп келе жатып. 
Шыңғысхан оның сөзіне бірден мән бере 
қойған жоқ, сондықтан жауап қайтармай 
жүре берді. Жартасқа қашап жазар ұлы 
ойлары туралы қиялға берілген хан 
көңіліне кірбің түсірген бұл хабарды 
қаперіне де ілгісі келмей біраз жүрді, 
өйткені, осындай болмашы 
жайсыздықтың өзі де жүйкесіне тиетінін 
көпке дейін мойындағысы келмеді. Әлгі 
хабар шамына тиген Шыңғысхан тіл 
қатпастан атын тебініп қалып жүрісін 
үдете түсті, үстіндегі бұлғын ішігінің 
шалғайы үріккен құстың қанатындай 
далпылдап барады. Ал, Арасан қосшы не 
істерін білмей сасқалақтап қалды, 
қағанға ілесемін деп ашуландырып 


алудан қорыққан ол біресе атының 
тізгінін тежеп, енді бірде хан бірдеңе 
айтса естімей қаламын ба деп үзеңгі 
тіресе қатар жортады. Қағанның 
осыншама ұзақ уақыт бойы неге үндемей 
қойғанын түсіне алмай дал болып келеді, 
әмірші «Басын алыңдар!» – деп бір ауыз 
сөз айтса жетіп жатқан жоқ па – дереу 
арбада келе жатқан әлгі бетпақ пен оның 
ұрлап туған күшігін жер жастандыра 
салмас па еді, хан жарлығын 
орындамаудың арты неге апарып 
соқтыратынын білсін, сайқал! Басқаларға 
үлгі болу үшін екеуін де киізге орап 
тұншықтыра салса болды ғой! Кенет 
қаған артына бұрылып қарамастан тіл 
қатты. Қағыс естіп қалмайын деп 
емпеңдеген сорлы қосшы үзеңгіге 
табанын тірей ердің үстінде көтеріліп 
кетті. 


– Ол қаншық әлгі күшігін тумай тұрғанда 
қарны шермиіп жүргенін ешкім 
байқамаған ба? Әлде байқаса да 
жасырмақ болған ба?! 
Арасан қосшы мұның қалай болғанын 
түсіндірмек болып, асыға-үсіге сөйлей 
бастап еді, қаған оның сөзін бөліп 
жіберді. 
– Жап аузыңды! 
Енді біраз уақыт өткен соң тағы да 
ызбарлана сұрақ қойды: 
– Егер ол байы жоқ қатын болса, өзі кім 
екен? Аспаз ба, қазаншы ма, әлде малшы 
ма? 
Жолдан бала тауып алуға батылы барған 
бетпақтың ту кестелеуші екенін естігенде 
қаған таңданып қалды, ол бұрын өзінің 
алтын тінді туларын біреулер пішіп-тігеді-
ау, оған кестемен өрнек салады-ау деп 
ойламаған екен. Аяғындағы етігін тігетін, 


шатырлар мен киіз үйлерді жасайтын да 
біреулер болады-ау деп ешқашан ойлап 
көрмепті. Ондай ұсақ-түйекке мән 
беретін уақыт қайда! Әйтеуір, бұл қашан 
көрсе де, жорықта болсын, демалған 
кезде болсын, қосындар мен 
күрендерде, шайқас кезі мен мерекеде 
мұның тулары алдын-ала жағып қойған 
алаудай шалқып тұратын. Сондықтан ба, 
олар әу бастан мұнымен бірге 
жаралғандай көрінуші еді. Қазір де 
қолдың алдында ту ұстаушылар бұған 
жол ашқандай аттарын алшаңдата басып 
кетіп барады. Батысқа жорыққа 
аттанғандағы мақсаты да басқалардың 
туларын табанға салып таптап, олардың 
орнына өз туын желбірету емес пе! Солай 
болады да!.. Мұның жолын ешкім де, 
ештеңе де бөгей алмақ емес! Әлемді 
жаулауға мұнымен бірге аттанған 
адамның қайсысы болса да сәл ағаттық 


жіберіп, хан жарлығы мен бұйрығына 
бағынбайтын болса, өлім жазасына 
кесіледі. Біреудің баршаны билеуінің ең 
сенімді қаруы да осы – өлім жазасы ғана! 
Бірақ кестешімен бірге тағы бір күнәһар 
бар емес пе? Не әскердің, не 
қызметшілердің арасында жүрген ол 
пәтшағар қалай жазадан құтылып 
кетпек?!. Бірақ, кім екен ол? 
Осы сәттен бастап Шыңғысханның қабағы 
түйіліп сала берді, мұнысы тастай қатып 
сазара қалған бет әлпеті мен кірпік 
қақпай қадала қарайтын сілеусіннің 
көзіндей сарғыш көз жанарынан, ат 
үстінде қаққан қазықтай қадала 
қалғанынан-ақ байқалып тұр. Бірақ 
қауырт шаруасы болып жақын келген 
адамдар да қағанның томсара қалуының 
себебі тек қайдағы бір кестеші мен оның 
ашынасының бейбастақтығы ғана 
еместігін білмеген еді, бұл оқиға оның 


ойына есіне түссе ұяттан өртеніп кете 
жаздап, жанын жегідей жейтін, жадында 
өшпес із қалдырған басқа бір жағдаятты 
салған еді. 
Өзінің Темуджин атымен жүрген, сонау 
жастық шағы тағы да ойына оралып, жан 
дүниесін аяздай қарып өтті, ол кезде 
әкеден айырылып жетім қалған, жүрген 
бір бозбас сияқты көрінетін Темуджинді 
кейіннен Дүниенің төрт бұрышын 
билейтін қатал әмірші болады деп кім 
ойлапты! Ондай ой, тіптен, өзінің де 
басына келген емес. Сол бір алыста 
қалған жас кезінде бұл бір масқара 
қорлықты бастан кешіп еді. Бала 
кездерінен-ақ атастырып қойған, 
кейіннен ержеткен соң үйленген сұлу 
әйелі Бөртені келін боп түскеніне бір ай 
толар-толмаста көршілес меркіт тайпасы 
шапқыншылық жасап, олжа қылып айдап 
әкетті. Оларға қарсы шабуыл жасап, 


әйелін қайтарып аламын дегенше арада 
біраз уақыт өтіп кетті, сүйген жарының 
қанша күн, қанша түн тұтқында болғанын 
дәл есептеп шығаруға мұның ешқашан 
батылы жеткен емес, тіптен, қазір де, 
ешкімнің ешқашан қолы жетпейтін асқар 
биікке самғай көтеріліп, сол биіктегі 
алтын таққа өз есімін ойып жазу үшін, 
сөйтіп, басқалардың көзін 
қарықтыратындай ұлы мәртебеге қол 
жеткізіп, содан кейін... өткеннің бәрін 
ұмыту үшін мың сан қолмен Батыс 
елдерін бағындыру жорығына аттанып 
бара жатқанда да, сол күндердің қаншаға 
созылғанын есептеуге дәті барар емес. 
Кейін бұл олардан қалай да кек алуға ант 
етті. 
  
Қас жауымның арам қаны шылаған,  
Желбіреттім жауынгерлік туымды.  


Жас өгіздің терісінен жасалған  
Дауылпаздар дүңкілдетіп ұрылды. 
Қара жалды тұлпарыма қондым да,  
Ақ сауытты иығыма ілдім мен. 
Серт ұстаған ақ семсерім қолымда, 
Ит-меркітке қарсы шаптым бір күн мен.  
Тұқымымен тұздай құрттым жауымды,  
Аршып алдым намысымды, арымды! 
  
Алыста қалған сол бір түні, кекке 
суарылған қасиетті антты орындау үшін 
үш күн бойы тынымсыз жүргізілген ауыр 
шайқастан кейін аяусыз қырғыннан бас 
сауғалап құтылмақ болған опасыз 
меркіттер мал-мүлкін тастап тұра қашқан 
сәтте, беті ауған жаққа қарай ойбайын 
сала безіп бара жатқан жауларының 
арасынан бір күймелі арбаны көзі шалып 
қалған. Сонда Темуджин айналасын 


жанұшыра шарлай жүріп: «Бөрте! Бөрте! 
Қайдасың?! Бөрте!» – деп жан дауысы 
шыға шыңғырған болатын. Бірақ Бөрте 
еш жерден табылмады да, ақыры 
серіктерімен бірге әлгі арбаны қуып 
жетіп, делбешілерді түгел қырып салған. 
Сонда ғана әйелі: «Мен мұндамын! Мен 
Бөртемін!» – деп айғайлап, арбадан 
секіріп түскен болатын. Бұл да атынан 
домалай түсіп, тұтқыннан босаған жан 
жарын түн қараңғысында құшағына 
аялай қысқан. Жас әйелінің аман-сау 
екеніне көзі жетіп, көкірегіне басқан сол 
бір сәтте оның ақ тамағына сіңіп қалған 
ащы темекінің иісі мұрнына келіп, 
әйелінің бойынан бөтен еркектің буы әлі 
де кете қоймағанын сезіп, жүрегіне біреу 
біз сұғып алғандай болды. Сонда бұл 
ернінің қанын шығара тістеп үн-түнсіз 
тұра берген. Ал, айналада қанды шайқас 
жалғасып жатты… 


Содан бері өз басы ұрысқа араласқан 
емес. Тұтқыннан аман шыққан әйелін 
күймеге отырғызып, кейін бұрылды да, 
жанын тырнаған күдігін айтып салмайын 
деп өз-өзін тежеп бақты. Содан бері өмір 
бойы сол күдігінің анық-қанығына жете 
алмай келеді. Әрине, әйелі жау қолына 
өзі барып түскен жоқ, оны да түсінуге 
болады. Бірақ, еш зардап шекпегенге 
ұқсайды, тіптен, басынан бір тал шашы да 
түспеуі қалай? Шамасы, Бөрте тұтқында 
жүргенде көп қинала қоймаса керек, түрі 
де азап шеккен адамға ұқсамайды. Бірақ, 
кейін де екеуі бұл туралы ашық сөйлесіп 
көрген емес. 
Аяусыз талқандалып, басқа жаққа ауып 
кетуге шамасы келмей, енді жауласуға да 
тұрмайтын, бұлардың жалшы-малшысы 
әрі құлы болып аман қалған азын-аулақ 
меркіттерге бұл күндері Шыңғысхан 
атанып отырған Темуджиннің неге 


шүйліге беретінін ешкім түсінген емес. 
Айналып келгенде, әлгі ат төбеліндей аз 
ғана меркіттің өзі қырылып бітті. Бөрте 
тұтқында болған кезде жағдайы қандай 
болғанын енді олардың бірде-бірі айта 
алмайтын еді. 
Кейін Шыңғысхан тағы үш әйел алды, 
бірақ тағдырдың сол бір қатал 
соққысынан қалған жан жарасынан әлі 
күнге қан сорғалап тұр. Қаған өмір бойы 
сол ішкі шеменді сығумен өтті. Талай 
уақыт өтсе де жазылмаған, бірақ ешкім 
байқамайтын бітеу жара. Бөрте тұңғыш 
ұлы Жошыны туғаннан кейін Шыңғысхан 
күн санап та көрді, сөйтсе, олай да, бұлай 
да болуы мүмкін екен, тұңғыш ұлы 
мұның да, меркіттің де баласы болуы 
әбден ықтимал. Сол күйі белгісіз болып 
қалған әлдекімнің қорлығы оны өстіп 
өмір бойы қиналуға мәжбүр етті.  


Ал, мына кестешіні екіқабат қылып, бала 
туғызған сілімтік те белгісіз болып отыр, 
оның қағанға еш қатысы жоқ, бірақ 
осының өзі зығырданын қайната 
бастады. 
Кейде адамның көңілі сәл нәрседен 
нілдей бұзылып, дүние-әлем бір-ақ сәтте 
өзгеріп шыға келуі мүмкін, ондайда жаңа 
ғана дұрыс болып тұрған нәрсе қисық 
болып көрінуі де ғажап емес… Ұлы 
қағанның жан дүниесі де осындай 
өзгеріске түскен болатын. 
Айналадағының бәрі әлгі хабарды алмай 
тұрған кездегіден еш айныған жоқ. 
Айдаһары жұлқынып, желмен 
желбіреген алтын туды көтерген ту 
ұстаушылар аттарын ойнақтата алда кетіп 
барады, өзінің тақымында сол баяғы 
Құба жорға, жан-жағы мен алды-артын 
бірдей қоршап сенімді нөкерлері – 
нояндар мен тайшыдар келеді, олардан 


сәл әрегірек күзет тобы – кезуілдердің 
жарты мыңдығы саклтанатпен аяңдап 
келеді, көз жетер жерде кең даланы 
қаптай қозғалған тегеуірінді күш – қалың 
әскер мен оның тірегі – шаруашылық 
күрендері жортып келеді. Ал, аспан 
төсінде осы адам тасқынының үстімен 
маңғаздана қалқып, жорықтың алғашқы 
күнінен бастап-ақ Аспан Әміршісінің 
желеп-жебеп жүргенінің куәсі болған 
ақша бұлт еріп келеді. 
Бәрі де бұрынғыдай сияқты, алайда, 
әлдебір өзгеріс бар еді, бұл өзгеріс 
қағанның қаһарын оята бастағандай. 
Демек, әлдекім мұның еркіне 
бағынбауды ойлаған екен, өзінің сасық 
нәпсісін мұның ұлы мұратынан жоғары 
қойып, хан жарлығына әдейі қарсы 
шығайын деген, қай нәмәрт ол! Мұның 
салт аттыларының бірі қағанына мінсіз 
қызмет етіп, бұйрық-жарлығына сөзсіз 


бағынудың орнына төсекте жатып, 
қатынды умаждауды артық көретін 
болып шықты! Ал, әскерге еріп келе 
жатқан әйел атаулы түгелдей мұның 
арнайы бұйрығы болмайынша, етектерін 
көтермеуге бекініп, құрсағын тарс бекітіп 
тастағанына қарамастан, қайдағы бір 
кестеші мұның тыйым салғанын елемей, 
бала туыпты! Әлде одан басқа кестеші 
табылмас деді ме екен?!. 
Осындай ызалы ойлар қағанның басында 
бейне бір арам шөптей қаулап бой 
көтерді, тіптен көзінің нұры да ызғарлы 
ашудан лайлана бастады. Бұл оқиғаның 
ұсақ-түйек екенін, оған соншама мән 
бермей-ақ қойса да болатынын 
түсінгенімен, ішкі дүниесінен көтерілген 
басқа бір дауыс айыпкерлерді бүкіл 
әскердің алдында қатаң жазалап, өлімге 
кесуді қатал да өктем түрде талап етіп, 


басқа ойларының бәрін тұншықтырып, 
ығыстыра бастады. 
Тіптен, күні бойы үстінен түспей қойса да 
мыңқ етпейтін қажымас-талмас Құба 
жорға да үстіндегі шабандоздың 
салмағын ауырлағандай өзінің атқан 
оқтай түп-түзу жүрісінен жаңылып, ақ 
көбікке малшына бастады, бұрын 
мұндайы жоқ болатын. 
Шыңғысхан қалған жолды ызғарлы 
үнсіздікпен өткізді. Ұлы жорыққа 
аттанып, әлемді түгел бағындырсам 
деген мұның ұлы жоспарын іске асыру 
үшін Батысқа беттеген дала 
сарбаздарының ауыр қолының жүрісіне 
еш кедергі жоқтай көрінгенімен, әлдебір 
жайсыздық бары анық байқалатын, 
мұның қара тастай берік те мызғымас 
мығым жарлығынан бір қиыршық бөлініп 
түсіпті. Қағанның тынышын кетірген де 


осы болатын. Жол бойы осыны ойлап 
келді, тырнақтың астынан қадалған 
тікендей болып мазасын алған бұл жәйтті 
ойлаған сайын жанындағыларға да 
жақтырмай қарай бастады. Әбден бала 
туып болғаннан кейін хабарлауын көрдің 
бе, ал, бұдан бұрын қайда болған, әлде 
екіқабат әйелді ажырату қиын ба екен? 
Ол кезде әңгіме де басқа – бұралқы иттей 
етіп қуып жіберсе болды, сазайын 
тартқызу деген сол болатын еді. Енді 
қайтпек керек? Болған жәйттің мән-
жайын хабарлаған кезде бұл 
шаруашылық күрені үшін жауап беретін 
ноянды сұрақтың астына алды – әлгі 
кестеші әйел баласын туып алғанша, 
сенімді адамдар баланың жылағанын 
естігенге дейін ешкімнің ештеңе 
байқамауы қалай? Бұған қалай жол 
беріліп жүр? Ноян бұған күмілжи жауап 
берді: Дөгелең деген кестеші әйел жеке 


киіз үйде тұрған, үнемі күреннің шет 
жағында жүреді екен, ешкіммен 
араласпай, саяқ жүретін болыпты, 
өйткені, қолы босамайды, күймелі 
арбасы, күтуші күңі бар, ал, бір шаруамен 
бара қалса, ылғи десте-десте матаға 
көміліп отырады, жібек матадан тігілген 
туларға кестеден өрнек тоқиды ғой… 
Жұрт болса, оны жібекке оранғанды 
ұнатады екен деп ойлапты, сондықтан 
оның қарнын ешкімнің байқамағанына 
таңғалуға да болмайды. Баланың әкесі 
кім екені әлі белгісіз. Кестешіні де әзірше 
тергей қоймапты. Күңі болса, ештеңе 
білмеймін деп ант-су ішіп отыр. Пәлен 
мың адамның арасынан қалай табарсың 
оны?.. Шыңғысхан бұл оқиғаға араласу 
өзіне лайық еместігін тыжырына есіне 
алды, бірақ бала тууға тыйым салған өзі 
ғой, сондықтан әскербасылар бұл 
келеңсіздік туралы өзінен жоғары 


бастыққа жеткізіп, олар одан да 
жоғарыға баяндап, бірте-бірте өзіне келіп 
тіреліп отыр, демек, бұл қаған басымен 
өз бұйрығына өзі тәуелді болғаны. Ал, өз 
жарлығыңнан өзің қалай бас тартарсың?! 
Әлгілердің жазаланбай қалмайтыны 
анық еді… 
Түн ортасына таман жүзбасы Ерден 
мыңбасыға баратын асығыс шаруам бар 
деп сылтау айтып, қосыннан сытылып 
шықпақ болды, бірақ мұнысы әшейін 
ғашығымен бірге қашып шығудың амалы 
болатын. Ол қағанға ендігі бәрі де белгілі 
екенін, Дөгелең мен баласын алып 
қашсам деген жоспарының талқаны 
шыққанын білмейтін еді. 
Жетекке алған атын қарғыдағы аңшының 
итіндей-ақ тізгінінен сүйрелей желген 
Ерден түнгі ұйқыға кеткен қосынды тып-
тыныш айналып өтіп, Дөгелеңнің киіз үйі 


тігілген күренге жақындай берді, жол 
бойы нояндардың шолғынына кезігіп 
қалмауды тілеп, жаратқанға 
жалбарынумен болды. Ноян шолғыны 
деген өте бір қатігез күзет болатын, егер 
әлдебір жасақшының қымыз ішіп қызып 
қалғанын байқаса да кешірім дегенді 
білмейді, ертесіне ат орнына арбаға 
жегіп, делбешілер ұзын бишікпен аяусыз 
шықпыртады… 
Жүздігін тастап шығып, қашуға бел буған 
Ерден егер қолға түссе басы кететінін 
жақсы білетін – не киізге орап 
тұншықтырып өлтіреді, не дарға асады. 
Тек көз көріп, құлақ естімеген басқа елге, 
басқа жерге қашып барып қана аман 
құтылуға болады. 
Түнгі дала бұл жолы да ай сәулесіне 
малынып тұр екен. Жан-жақтың бәрінде 
қосын-қосын болып орналасқан 


сарбаздар, жусаған мал, өшіп бара 
жатқан алаудың жанында бүк түсіп 
ұйқыға кеткен жауынгерлер. Осыншама 
адамның арасынан кімнің не істеп, не 
қойып жүргенін біле қою да оңай емес. 
Жүзбасы Ерденнің ойлағаны да осы 
болатын, тағдырын қырсық шалмаған 
болса, Дөгелең мен жас сәбиін алып 
құтылып та кетер ме еді, кім білген… 
Бір пәлеге тап болғанын ол шеберлердің 
күреніне жақындай бергенде-ақ түсінді. 
Атынан қарғып түскен жүзбасы қос аттың 
тізгінін қыса ұстап, екі жануардың 
көлеңкесін қалқалады. Ия, қырсық 
шалған екен бұларды! Шеткі шатырдың 
қасына үлкен етіп от жағылып, айналаны 
түгел жарқыратып жіберіпті. Он қаралы 
атты жасауыл отты қоршай барқылдап 
әңгіме айтып тұр. Жаяу жүрген үшеуі 
Дөгелең екеуі түнделетіп қашпақ болған 
күймені қайтадан жегіп жатыр. Содан 


кейін Ерден шатырдан қолына баласын 
көтерген Дөгелеңді сүйреп алып шығып, 
күймеге мінгізгенін көрді. От сәулесімен 
анық көрінген байғұс әйел қорыққаннан 
боп-боз болып кетіпті, үстінде сол сусар 
ішігі, баласын кеудесіне қысып алған. 
Жасауылдар одан бірдеңелер сұрап 
жатты. Аракідік кейбір сөздері естіліп 
қалады: «Кәне, жауап бер! Айт деймін 
саған! Күнәһар, салдақы!» Содан кейін 
Алтын күңнің зарлаған даусы естілді. Ия, 
бұл соның шыңғырғаны еді. «Мен қайдан 
білейін?! Неге ұрасыңдар мені!? Кімнен 
туғанын қайдан білейін оның! Осы 
жерде, осы далада болған ештеңесі жоқ 
қой. Ия, баланы жақында туды, оны 
өздерің де көріп тұрсыңдар! Ал, баланың 
бойға біткеніне тоғыз ай болғанын да 
түсінбей тұрсыңдар ма?! Оның кіммен, 
қашан болып жүргенін қайдан білейін 
мен?! Ұрмаңдар мені! Оны да қорқыта 


бермеңдер, әбден зәресі ұшып кетіпті, 
жас баласы бар ғой! Бөтен біреу емес, 
сендердің қызметшілерің, жорық 
туларыңды кестелейтін осы емес пе?! Не 
үшін өлтірмексіңдер оны, не үшін?!» 
Байғұс Алтын-ай, ат тұяғында тапталған 
шөп сияқты болған бейшара күңнің 
қолынан не келетін еді, ол түгіл жүзбасы 
Ерденнің өзі де амалсыздан бармағын 
шайнап тұрған жоқ па, он шақты 
жасауылға қарсы тұрар шама қайда?! Көп 
болса, бір-екеуін өлтіріп, өзі де қаза 
тапқаннан басқа не бітірмек бұл? Бірақ, 
одан не пайда? Жасауылдар үнемі ұялы 
бөрі сияқты шұбырып жүреді. Қан көрсе 
делебесі қозып, бүкіл үйірімен жабыла 
талайтын қасқырлардан айырмашылығы 
шамалы олардың! 
Жүзбасы Ерден жасауылдардың Дөгелең 
мен баласын күймеге мінгізіп, Алтын 


күңді де сонда сүйреп тығып, түн 
қараңғысына сіңіп жоғалғанына 
амалсыздан куә болды. 
Содан кейін бәрі тып-тыныш бола қалды, 
шатырдың маңы жым-жылас. Тек 
әлдеқайдан итттің үргені мен жылқының 
кісінегені, әлі ұйықтай қоймаған 
сарбаздардың дауыстары ғана естіледі. 
Кестеші Дөгелеңнің шатырының 
қасындағы алау сөне бастады. 
Адамдардың әбігерге толы тірлігіне, жан 
қиналысына, өзара арпалысына қуана 
қарап, жымыңдасқан жұлдыздар бәрі де 
осылай болуға тиіс деп құптағандай 
болады… 
Жүзбасы Ерден түсінде қимылдағандай 
баяу қозғалып, әп-сәтте ұйып сала берген 
сұп-суық қолымен жетектегі аттың 
жүгенін сыпырып, жерге тастай салды. 
Ауыздық салдыр ете қалды. Ерден өзінің 


ауыр дем алып тұрғанын аңғарды, 
бірден-бірге тынысы тарыла түсті. Ерулі 
атты шоқтығынан қағып қалып, қуып 
жіберуге шамасы әрең жеткендей болды. 
Енді бұл аттың керегі де жоқ, басы ауған 
жағына кете берсін, кім мінеді оған, 
ақылды жануар да осыны түсінгендей, 
жылқылар жусап жатқан жаққа қарай 
желе жөнелді. Жүзбасы Ерден қайда 
бара жатқанын өзі де білместен дала 
кезіп кете берді. Талай шайқаста сенімді 
серігі болған Ақжұлдыз аты артынан еріп 
келеді, қанатындай болған Ақжұлдызға 
мініп, сүйгені мен баласын күймеге 
отырғызып қатал тағдырдан қашып 
құтылсам деген арманы өстіп адыра 
қалды!.. 
Жүзбасы соқыр адамдай беті ауған жаққа 
қарай жүре берді, көз шарасы жасқа 
толып, тамшылап сақалын шылап жатыр, 
толған айдың ақ сәулесі бір-ақ сәтте 


еңкіштеніп шыға келген, солығын баса 
алмай дір-дір еткен иығына құйылып 
тұр… Ол үйірінен қуылған көкжалдай бет 
алды жүре берді, күллі әлемде жалғыз 
қалған бұған жансерік болар ешкім жоқ 
енді, қалауың білсін, шамаң жетсе – әрі 
қарай өмір сүр, жетпесе – өл! Басқа 
ештеңе қалған жоқ. Енді не істейді, қайда 
барып, кімнің қолтығына тығылады? Дәл 
осы жерде жүрегіне қанжар ұрып өле 
қалғаннан басқа ештеңе жоқтай көрінді, 
бәлкім, сонда жан-жүрегін сығып әкетіп 
бара жатқан жараның ауырғаны басылар, 
іші-бауырын өртеген күйік тынышталар, 
болмаса басқа бір жаққа безіп кетіп, 
өткен өмірін мәңгі-бақи ұмытуы керек… 
Жүзбасы жерге құлап түсіп, ыңырана 
еңірей жүріп топырақты қос қолдап 
тырнай берді, бірақ бұдан жердің 
ештеңесі кеткен жоқ, тек өзінің 
тырнағының көбесі сөгілді, содан кейін 


жүрелей отырып кісесіндегі қанжарын 
сипалады… 
Дала тым-тырыс, тек аспандағы 
жұлдыздар ғана жымыңдайды… Ал, 
адамнан зият Ақжұлдыз ат анда-санда 
оқыранып қойып, ай сәулесінің астында 
аш бөрідей бүгілген иесінің бұйрығын 
күтіп тұра берді… 
Бұл күні алдын ала дөң басына жиналған 
дауылпазшылар жорыққа шықпас бұрын 
әскерді жиынға шақырып дабыл қақты. 
Толассыз дүңкілдеген пәлен жүз 
дауылпаздың тұтаса келіп, күңіренген 
гуілге ұласқан дыбысы айнала төңіректі 
түгел ұйқыдан оятып жіберді. Өгіз 
терісінен тігілген дауылпаздар аранға 
түскен тағыдай ырылдап, күрілдеп, адам 
айтқысыз ауыр қылмыс істеген – жорықта 
жүріп бала туған кестеші әйелді 
жазалауға куә болуға шақырып жатты, ал, 


оның аты Дөгелең екені ешкімнің 
қаперіне де кірген жоқ. 
Дауылпаз гуілінің ырғағымен бейне бір 
шеруге шыққандай жасанып, бес қаруын 
асынған атты әскер жүздіктен соң жүздік 
болып тіркесіп, дөңді жартылай қоршап 
орналасты, екі жақты орай шаруашылық 
күрендері мен жорық шеберлері – 
киізден шатыр жасаушылар, қару соғатын 
ұсталар, сойылған малдың терісінен 
былғары илейтін қайысшылар, еркектер 
мен әйелдер жиналды, бәрі де жас, 
нағыз өмірге сәби әкелетін қылшылдап 
тұрған кезі. Күнәһарды халықтың 
алдында жазалау шарасы да осыларға 
үлгі болсын деп, осыларды қорқытып 
қою үшін әдейі жасалып жатыр еді. Хан 
бұйрығын орындамаған кез-келген 
адамның көретіні осы – өлім жазасына 
кесіледі! 


Дөң басында бір сәт те толас таппай 
дүңкілдеген дауылпаз үні 
жиналғандардың зәре-құтын алып, 
жүректерін ұшырды, қорыққаннан 
Шыңғысханның бұл ісі дұрыс екеніне, 
осылай етпесе болмайтынына деген 
сенімдері де арта түсті. Міне, дауылпаз 
дабылының қостауымен құлдары 
қағанды алтын зембілге салып дөң 
басына көтеріп шығарды. Қазір ол 
баланы кімнен тапқанын қасарып айтпай 
қойған күнәһарды жазаламақ. Ұясынан 
енді ғана көтерілген күн шапағымен 
сәулеленіп, жібек матаға моншақпен 
кестеленген айдаһарлары желдің 
қозғауымен құтырына билеген алтын 
тулардан сарғая көрінген дөң басына 
зембілді қойды. Күш-қуаты тасыған 
айдаһарлар қағанның құдіретін 
білдіретін, бірақ оны кестелеген әйел 
мұны емес, өзінің сүйгенін бейнелегенін 


қаған қайдан білсін! Ғашық жарға 
құшағында жатқан жігіті айдаһардан 
бетер айбатты болып көрінген ғой. Енді 
осы үшін басынан айырылатын болды. 
Соңғы сәт те жақындап қалды. Дауылпаз 
даусы бірден-бірге бәсеңдей берді, 
жазаны іске асырар алдында бұл дүңкіл 
кілт тоқтауға тиіс, сонда қорқынышты 
сәтті үрейлене күткен халықтың жым-
жырт тыныштығы қоюлана түспек, уақыт 
ағыны баяулап барып тоқтап қалмақ, 
содан кейін бір өмірдің қыршынынан 
қиылар сәтінде қайтадан дүңкілдеп, осы 
масқараға куә болған әр адамның 
бойында соқыр кекті өршітіп, күнәға 
батқан бейбақты іштей табалау мен осы 
жазаға өзі емес, басқа біреудің 
тартылғанына қуану сезімін оятатын 
болады. 


Дауылпаз үні бұрынғыдан да бәсеңдей 
түсті. Жиналғандар қалшиып қатып 
қалған, тіптен, астарындағы аттары да 
қозғалуға қорқып тұрғандай. 
Шыңғысханның жүзі қара тастай сазарып, 
жымқыра тістенген ерні мен кірпік 
қақпай қадалған қысық көзі әбжыланды 
елестетеді. 
Ақыры, дауылпаздар да тына қалды. Таяу 
жерге тігілген киіз шатырдан кестеші 
Дөгелеңді алып шықты. Еңгезердей екі 
жасауыл тұтқын әйелді қолтығынан 
ұстап, қос ат жегілген арбаға көтеріп 
мінгізді. Тікесінен тік тұрған Дөгелеңді 
құлап кетпесін дегендей қолтығынан 
демеген жас жасауыл арт жағында. 
Күнәһарды көргенде жұрттың бәрі, 
әсіресе, әйелдер шуылдасып қоя берді: 
Міне, әлгі кестеші! Салдақы! Некесіз бала 
туған арсыз! Өзі жап-жас, әрі сұлу, кез 


келген ноян мен тайшының екінші 
немесе үшінші тоқалы болуға жарап-ақ 
тұрған жоқ па?! Тіптен, шал болса да 
қайда жатыр! Еш қиындық көрмес еді 
ғой. Жоқ, бұған ашына керек, ұяттан 
безген қаншық! Қағанның бетіне 
түкіргенмен бірдей ғой мұнысы! Сазайын 
тартсын енді! Түйенің өркешіне асып 
өлтіру керек оны! Сондағы жеткен жері 
осы ғой! Ауыздарынан ақ көбігі атқылап, 
аяусыз сөккен дауыстар дауылпаздың 
тұтасқан гуіліне ұласып жатты, өгіз 
терісінен жасалған шанақтары жарылып 
кетердей болып дүңкілдеген дауылпаз 
даусы да қаған жақтырмаған адамды 
басқалардың да жек көруін қоздыра түсу 
үшін бұрынғыдан әрі күркірей түсті. 
– Әне, ойнастан тапқан баласын күңі 
көтеріп келеді! Қараңдар! – деп 
шуылдасты қызметші әйелдер айызы 
қана. Алтын күң осы бір қатігез әлемге 


жақында ғана келген бейкүнә сәбиді 
жөргегімен көтеріп келе жатыр еді. 
Дүңкиген ірі денелі жасауылдың 
айдауымен жан-жағына үрке қарап, 
арбаны қалқалай баяу басып келе жатқан 
Алтынның қолындағы бала өлімге 
бұйырылған бейшара кестешінің күнәсін 
дәлелдей түскендей. Жазаны орындар 
алдында басқаларға сабақ болсын деп 
оларды өстіп алып жүрді. Өзінің шаруасы 
тынғанын, енді ешқандай кешірім де, 
жарылқау да болмайтынын Дөгелең де 
түсінді. Бұларды сүйреп алып шығардың 
алдында шатырдың ішінде баласын 
соңғы рет емізген болатын. Айналасында 
не болып жатқанынан хабарсыз сәби 
дауылпаздың бірден-бірге бәсеңдей 
түскен дауысына елтіп, қалғи отырып 
анасының сүтіне алаңсыз тойып алған. 
Алтын күң де қасынан бір елі кеткен жоқ. 
Дауысын шығармауға тырысып, егіле 


жылаған ол бір қолымен қайта-қайта 
аузын көлегейлей берді. Сөйтіп тұрып 
екеуі бірер ауыз тіл қатысып қалды. 
– Қайда жүр ол? – деп сыбырлай сұрады 
Дөгелең баласын бір өңірінен екіншісіне 
ауыстыра қысып. Бірақ, бұл білмегенді 
Алтынның да білмейтіні өзіне анық еді. 
– Білмеймін, – деп жауап берді ол 
көзінен жасы моншақтап. – Бұл жерден 
алыста болса игі еді. 
– Сөйтсе екен! Солай болса екен! – деп 
тіледі Дөгелең. 
Күңі өзінің де тілегі осы екенін білдіріп 
басын изеді. Екеуінің де қазіргі бар тілегі 
сол – жүзбасы Ерден мына жауыздардан 
құтылып, аяқ жетпес алысқа кетіп үлгерсе 
екен! 
Шатырдың сыртынан біреулердің 
аяғының дыбысы, дауыстары естілді: 


– Кәне, алып жүріңдер! Сүйреңдер! 
Кестеші әйел баласын соңғы рет 
көкірегіне қысып, күңірене күрсінді де, 
қалтыраған қолымен күтушісіне берді. 
– Тірі қалса, бас-көз боларсың… 
– Ондай жамандықты ойлама! – деген 
Алтын күң көмейіне кептелген көз 
жасына тұншығып құмығып қалды да, 
содан кейін өз-өзіне ие бола алмай 
еңіреп қоя берді. Бар шері мен қайғы-
қасіретінен бір-ақ арылғысы келгендей 
тоқтаусыз аңырады. 
Сол сәтте жасауылдар бұларды далаға 
алып шықты. 
Күннің көзі көкжиектен едәуір көтеріліп 
қалған. Кестешіні өлтіргеннен кейін 
жорықты жалғастыруға дайын тұрған 
әскер қосындары мен күрендерінің 
сыртында далиып Сарыөзек даласы 
жатыр. Дөң үстінде қағанның алтын 


зембілі жарқырайды. Шатырдан шыққан 
сәтте Дөгелең зембілді де, оның үстінде 
тас құдайдай мелшиген қағанды да 
көзінің қиығымен байқап қалған 
болатын, хан зембілінің жан-жағында 
қанша рет тер төгіп, көз майын тауыса 
кестелеген от ауызды айдаһарлар 
ойнаған жалаулар таңғы самалмен 
желбіреп тұр. 
Күннен қорғайтын далданың тасасында 
шіреніп отырған Шыңғысхан дөң үстінен 
бәрін де – сап-сары даланы да, қалың 
әскерді де, шаруашылықпен 
айналысатын қызметшілерді де көріп 
отыр, ал, төбесінде ақ бұлты айналып 
жүр. Таң ата басталуға тиісті жорық 
сапары осы кестешінің кесірінен 
кешеуілдеп тұр. Бірақ, кейде бір нәрсеге 
кедергі келтірмеуі үшін екінші нәрсені де 
істеуіңе тура келеді. Ханның мұндай 
жазаның орындалуына қатысуы бір бұл 


емес, алда әлі қаншасы күтіп тұрғанын 
кім білген, бассыздыққа жол бермеудің 
жалғыз-ақ жолы осы – жұрттың алдында 
жазаға тарту; әміршінің бекіткен тәртібіне 
халықтың сөзсіз бағынуы үшін мұнсыз 
болмайтынына талай көзі жеткен, 
өйткені, қорқыныш пен өзім осындай 
жазаға ұшыраудан аманмын деген пасық 
қуаныш адамдардың бұл қатігез жазаны 
міндетті жәйт деп қабылдап, билеушінің 
бұл ісін ақтауы мен жақтауына мәжбүр 
етеді. 
Бұл жолы да кестеші әйелді шатырдан 
алып шығып, масқарашы ретінде 
арбаның үстіне мінгізіп елді айнала алып 
өткен кезде жұрттың бәрі гуілдесіп қоя 
берді. Шыңғысханның кірпігі де 
қимылдаған жоқ. Желкілдеген 
жалаулардың сабын қыса ұстап тас 
мүсіндей қатып қалған кезеуілдердің 
қоршауында далданы тасалап міз бақпай 


отыра берді. Бұл жазаның мақсаты да 
осы – Батыс жорығында ең бір болмашы 
деген қылмыстың өзі қатаң 
жазаланатынын әркім де білуге тиіс. Енді 
ғана ана болған жас әйелді мұндай қатаң 
жазаға тартпай-ақ, кешірім ете салуға 
болатынын қаған да біледі, бірақ одан еш 
пайда жоқ – кез-келген босаңдық басыңа 
пәле болып жабысады, билік әлсіреп, 
жұрт басына бастайды. Жоқ, ол 
мұнысына өкінген жоқ, бір ғана әттеген-
айы – кестешінің ашынасы кім екені сол 
күйі белгісіз қалды. 
Ал, дарға асуға кесілген бейбақ әйел 
масқаралау арбасына мініп әскер 
қосындарының алдынан өтіп жүр, 
көйлегінің өңірі айырылып кетіпті, 
қобырап кеткен көмірдей қара қолаң 
шашы күн сәулесіне шағылысып жылт-
жылт етеді, жүзі боп-боз. Бірақ, Дөгелең 
жүзін төмен салған жоқ, айналасына 


жанарының нұры өшкен өлі көзімен 
мұңая қарап, басын кекжитіп тұра берді – 
енді нені жасырмақ?! Апырмай, біреуді 
өз өмірінен артық көруге де болады 
екен-ау, ессіз махаббаттан туған баласы 
болса мынау!.. 
Бірақ, есірген жұрт бәрін де білгісі келеді: 
– Әй, қаншық, қайда әлгі дүрегейің? Кім 
ол? 
Өз кінәларын сезіну әлі санасына жете 
қоймаған тобырдың делебесі қозып, 
қатігездене түсті, енді олар өздерінің әлгі 
жасырын күнәсынан арылмақ болып 
шуылдасып кетті: 
– Дарға асу керек салдақыны! Тура қазір 
өлтіру керек! Күтетін несі бар мұның?! 
Жазаны ұйымдастырушылардың күткені 
де осы болса керек, олар құтырынған 
тобыр кестешінің сағын сындырып 
тынады деп ойлағанға ұқсайды. Хан 


нөкерлерінің арасынан қаған үшін жанын 
қиюға да бар екені андағайлап көзге 
ұрып тұрған зор дауысты бір ноян 
суырылып шықты. Астындағы арғымағын 
ойнақтатып, соры қайнаған кестеші 
мінген арбаның қасына жетіп келді, 
тумай жатып тұл жетім қалғалы тұрған 
сәбиді бауырына басып емпеңдеген 
Алтын күң де арбаға ілесіп келеді. 
– Кәне, тоқтаңдар, – деп бұйырды ол 
бұларға. Содан кейін атты-жаяулы 
әскерлер мен қызметшілерге қарап 
айқайлай сөйледі: 
– Тыңдаңдар бәрің! Мына ардан безген 
жүзіқара қазір кімнен бала тапқанын 
көрсетіп беруге тиіс. Біз оның ашынасы 
кім екенін білуіміз керек. Айт, кәне, мына 
тұрғандардың арасында балаңның әкесі 
бар ма? 


Дөгелең «жоқ» деп жауап берді. Тобыр 
тағы да гуілдесіп кетті. 
Арба жүздіктен жүздікті аралап жүре 
берді. Жүзбасылар қуана тіл қатып 
жатты: 
– Менде ондай кәззаптар жоқ! Мүмкін 
ана жүздікте шығар? 
Ноян болса, кестеші әйелден нәрестенің 
әкесін көрсетуді талап етіп, әскерді 
аралап жүре берді. 
Міне, олар тағы да атты әскерлердің 
келесі жүздігінің алдында тұр, әлгі 
сұрағын қайталап қоя беруден ноян да 
жалығар емес: 
– Кәне, салдақы, көрсет кімнен 
туғаныңды! 
Ал, осы жүздіктің басында жүзбасы 
Ерден тұр еді, астында сол Ақжұлдыз 
аты. Дөгелең мен Ерденнің көздері 


түйісті. Жаппай әбігер мен тобырдың 
шуылынан екеуінің бір-бірінен көз ала 
алмай ұзақ қарап қалғанын, Дөгелеңнің 
дір ете түсіп, онысын білдіргісі келмей 
маңдайына түскен шашын қайырмақ 
болғанын, бір мезет жүзі ду етіп 
қызарып, әп-сәтте басыла қалғанын 
ешкім де байқамай қалды. Дөгелең үшін 
екеуінің көз жанары шарпысуының өзі не 
тұратынын, осы сәттің ол үшін 
қаншалықты ауыр әрі қуанышты екенін 
тек Ерден ғана түсінді. Дереу есін жиып 
алған Дөгелең ноянның сұрағына еш 
абыржымастан жауап берді: 
– Жоқ, баламның әкесі мұнда да емес! 
Жүзбасы Ерденнің басы сылқ етіп 
салбырай қалғанын тағы да ешкім 
аңғарған жоқ, бірақ ол бар күш-жігерін 
жинап, түк көрмегендей тұра берді. 


Жендеттер жазаны орындауға сақадай 
сай тұрған. Қара шекпен жамылып, 
жеңдерін шынтағына дейін түріп алған 
үш кісі тасасынан атты кісі көрінбейтін 
алып атанды ортаға алып шықты. Ағаш 
түгіл кейде бұта да кездеспейтін мидай 
жазық далада көшпенділер ежелден бері 
дарға асудың осындай тәсілін 
қолданатын – атанның екі жағынан екі 
адамды бір арқанмен немесе екінші 
жағына құм толтырылған қап байлап, бір 
адамды асып өлтіре беретін. Кестеші 
Дөгелеңге де осындай қап дайындаулы 
тұр екен. Жендеттер таяқпен жасқап, 
жекіріп жүріп арбиған сирақтары ерең-
серең еткен атанды шөгеріп қойды. 
Сөйтіп, тірі жануар кейпіндегі дар ағашы 
да дайын болды. 
Дауылпаздарға қайтадан жан бітті, бірақ 
қылмыстының демі үзілер сәтте ғана 


қаһарына міну үшін әзірше баяу ғана 
дүңкілдеп тұр. 
Ноян бейбақ кестешіні келеке қылғандай 
әлгі сұрағын тағы да қайталады: 
– Ең соңғы рет сұраймын. Мисыз 
салдақы, бәрібір өлгелі тұрсың, мына 
күшігің де аман қалмайды. Сені қалай 
түсінгеніміз дұрыс, сонда кімнен 
туғаныңды өзің де білмейсің бе? Тағы бір 
ойланып көр, бәлкім, есіңе түсер? 
– Кімнен көтергенім есімде жоқ. Бұл 
басқа жерде және баяғыда болған, – деп 
жауап берді кестеші. 
Дала төсін еркектердің қарқылдаған, 
әйелдердің шиқылдаған күлкісі басып 
кетті. Бейбақ әйелді бәрі табалап тұр. 
Ноян да қояр емес: 


– Сонда қалай болғаны, мұны қалай 
түсінеміз, әлде базарда кездейсоқ 
жолыққан біреуден көтердің бе?  
– Ия, базардағы біреуден! – деп қырсыға 
жауап берді Дөгелең. 
– Саудагер ме, әлде ел кезген қаңғыбас 
па, бәлкім, базардың ұрысы шығар? 
– Саудагер ме, кезбе ме, әлде ұры ма – 
онысын білмедім, – деді Дөгелең. 
Тағы да қарқылдаған-шиқылдаған күлкі 
дүр ете қалды. 
Саудагер ме, қаңғыбас па, ұры ма – бұған 
бәрібір емес пе, ең бастысы, ондаймен 
айналысуға базардан басқа жер 
таппағанында болып тұр ғой! 
Кенет сарбаздар сапынан біреудің даусы 
естілді де бәрі жым-жырт тына қалды. Ол 
да жұрттың бәрі естісін дегендей 
саңқылдай сөйлеген еді: 


– Менмін ол баланың әкесі! Білгілерің 
келгені осы болса, ол – менмін! 
Ешкімнің қыбыр етуге шамасы жоқ, тым-
тырыс – бұл кім екен? Енді сәл шыдаса 
кестеші әйел өзімен мәңгі бірге ала 
кететін құпияны өзі ашып, ажал тұзағына 
өз басын өзі тыққан қай есалаң бұл?! 
Әлгі ақымақтың кім екенін көргенде 
елдің бәрі есінен танып қала жаздады: 
атын тебініп қалып, жүзбасы Ерден 
ортаға шығып келеді. Ақжұлдыздың 
тізгінін тежеп, ер үстінде үзеңгіге аяғын 
тірей көтерілген ол қоршаған тобырға 
айнала қарап тағы да ақыра қайталады: 
– Ия, менмін ол! Ал, мынау – менің ұлым! 
Ұлымның аты – Құнан! Анасының аты – 
Дөгелең! Өзім – жүзбасы Ерденмін! 
Солай деді де атынан қарғып түсіп, 
Ақжұлдызды алақанымен мойнынан 
салып қалды, сөйтіп бойындағы қаруы 


мен сауыт-сайманын жүре шешіп жан-
жағына лақтыра адымдап, екі жендет екі 
қолынан ұстап тұрған кестешіге қарай 
беттеді. Айнала қоршаған қалың әскер 
әлі тым-тырыс, ажалына қасқая қарсы 
қарап, өз еркімен өлімге беттеген адамға 
бәрі де таңырқай қарап тұр. Ажалына 
бойсұнып, тірліктен үмітін үзген сүйгеніне 
жақындай бере, жүзбасы Ерден тізерлеп 
отыра қалып, ғашығын құшағына қысты, 
әйел қолын оның басына қойып, ажал 
алдында қайтадан қосылған екеуі үн-
түнсіз тұрып қалды. 
Сол сәтте дауылпаздар да дүңкілдеп, 
әлденеден үріккен бір табын сиырдай 
ыңырана өкіріп қоя берді. Дауылпаз 
даусы жаппай бағыну мен анталаған 
тобырдың құштарлана тосқан тілегін 
қанағаттандыруды талап еткендей. Елдің 
бәрі есін жинап ала қойды, бәрі де бәз-
баяғы қалпына келіп, бұйрықтар беріле 


бастады – жорыққа дайындалыңдар! 
Дауылпаз үні бұйрықты одан әрі шегелей 
түседі: бірің қалмай бәрің де өз 
шаруаларыңды біліңдер. Жендеттер 
дереу іске кірісті. Оларға көмекке тағы үш 
жасауыл ұмтылды. Жабылып жүріп 
жүзбасыны жерге алып ұрды да, қолын 
артына қаратып байлап тастады, кестеші 
әйелді де сөйтті, содан кейін екеуін шөгіп 
жатқан атанның қасына сүйреп алып 
келді; арқанның бір ұшын тұзақтап, 
жүзбасының, екінші ұшын – атанның 
өркешінің екі аралығынан өткізіп 
кестешінің мойнына ілді; содан кейін 
жанталаса жүріп, дауылпаз үні де 
желкелеп қояр емес, түйені орнынан 
тұрғыза бастады. Жануар орнынан 
тұрғысы келмей, қарсыласып жатыр. 
Аузын арандай ашып, бақырып қойып, 
қарпып алардай-ақ басын екі жағына 
кезек сермелейді. Алайда, таяқпен 


осқылаған жасауылдар жан қоя ма, бір 
кезде иіле бүктетіліп барып атан да 
орнынан түрекелді. Екі өркеші баладай, 
өзі де ірі жануардың екі қапталында бір 
жиырылып, бір созылып, ажалды да бірге 
қарсы алған екі ғашық жантәсілім етіп 
жатты… 
Дауылпаз дүңкілінен құлақтары бітіп, 
жазаны тамашалаудан көздері босамаған 
қалың тобыр қағанның күннен қорғар 
далдасының дөңнен жылжып кеткенін, 
әміршінің жанынан бір елі қалмайтын бір 
топ кезеуілдің оған ілесе кеткенін 
байқамай қалды. Қаған жазалау 
жүргізілген жерден аулақ кеткенді жөн 
көріп еді, осы да жетер: жаза 
орындалды, тіптен, діттеген межеден де 
асып түсті – төсектің қамын басқадан 
жоғары қойған бәтшағар – әлгі кестешінің 
ашынасы қолға түсті, өзі жүзбасы болып 
шықты, тәмам жұрттың алдында өзі келіп 


қолға түсіп, лайықты жазасын алды; әлде 
мұнысы пендешілік пе екен, кезінде 
Бөрте сұлу үлкен ұлын босанғанда бұл 
оның анық өз белінен жаралғанына сол 
күйі күмәнді болып қалған-тұғын, сол 
ұлын әлі күнге жақтырмайды, бүгінгі 
жазалау кім екенін ақыры біле алмай 
кеткен сол бір меркіт жігітінен кек алғаны 
емес пе осы?! 
Ал, дауылпаздың дүңкілі жалғаса берді, 
бір арқанмен керілген екі ғашықтың 
жансыз денесі екі жағынан салбыраған 
атанға жол беріңдер деп дүңкілдейді ол. 
Түйенің екі жағында салақтап келе 
жатқан жүзбасы мен кестешінің 
мүрделері әлемнің болашақ әміршісінің 
қанды тағы орнықты болуы үшін 
шалынған құрбандық еді. 
Дауылпаздар адамның жанын түршіктіріп 
күркірей берді, күллі жасақтың құлағы 


тұнып, есеңгіреп қалды, мақсатынан 
қайту дегенді білмейтін ханның дегеніне 
көнбеген адамға не болатынын өз 
көзімен көрген әр адам өзінің 
амандығына шүкірлік етіп келе жатты… 
Жендеттер мен жасауылдар жылжымалы 
дар – алып атанды жетелеп бүкіл әскер 
мен шаруашылық қосындарын аралап 
шыққаннан кейін сүйгені үшін құрбан 
болған екі бейбақтың мәйітін алдын ала 
қазылған көрге апарып көмгенше, 
дауылпаздар тоқтамай дүңкілдей берді. 
Әскер орнынан қозғалып, 
Шыңғысханның қалың қолы Батысқа 
қарай қайтадан беттеді. Сан мыңдаған 
атты әскер мен шаруашылық жасақтары, 
жолда азық қылатын айдаулы мал, 
ұсталар мен шеберлер бірі қалмастан 
Сарыөзек даласындағы әлгі қанды оқиға 
болған жерден тезірек аулақ кетейік 


дегендей алды-артына қарамай тұра 
жөнелді, тек не істеп, не қоярын 
білмеген, тіптен, өзінің бар екендігі 
туралы ескертуге де батылы бармаған 
бір-ақ адам – қолында жап-жас жетімегі 
бар Алтын күң ғана сол жерде қала 
барды. Бәрі де оны ұмытып кетті, оның 
бар-жоғын білудің өзі ұят сияқты көрініп, 
одан аулақ кетуге асықты, көрсе де 
көрмегенсіп, бейне бір өрттен қашқан 
адамдай безе қашты, ешкімнің мұнда 
ешқандай шаруасы жоқ екен. 
Енді біраздан соң бәрі де сап тыйылды, 
дауылпаз үні де, айқай-сүрең бұйрықтар 
да басылып, желкілдеген тулар мен 
желбіреген жалаулар да көзден біржола 
ғайып болды… Тек Сарыөзек даласын 
басып өткен жорықтың бағытын 
сілтегендей ат тұяғы таптап, малдың 
тезегі қалған жол ғана көкжиекке дейін 
созылып жатыр… 


Айдалада жалғыз қалған Алтын күң түнгі 
ошақтардың орнында қалған шикілі-пісілі 
тамақтың қалдығын теріп, жартылай 
мүжілген сүйектерді қоржынына тыға 
берді, бір жерде әлдекім ұмыт 
қалдырған қой терісін тауып алып, 
иығына аса салды, түнге қарай сәбиінің 
астына төсейді ғой, енді амалсыздан оған 
ана болуға тура келетін болды… 
Алтын өзінің не істеп, не қоярын, қайда 
бет алып, қайда барарын, қайдан 
баспана тауып, баланы қалай асырарын 
білмей дал болды. Маңқиған меңіреу 
даладағы шаңқиған күн көзі барда 
әлденеден үміті де бар еді – кенеттен 
әлдебір баспана табылып, айдалада мал 
баққан шопанның жолым үйі кезігіп қала 
ма… Сөйтіп өз-өзіне демеу беруге 
тырысқан байғұс күң аяқ астынан азаттық 
алып, екінші жағынан ойына алса зәресі 
ұша қорқатын қолындағы нәрестеге де 


ие болып шыға келді. Өйткені, жас 
баланың қазір-ақ қарны ашады, оған сүт 
керек, әйтпесе, аштан өледі. Ол осыдан 
қорқып келеді. Бірақ, қолдан келер 
қайран жоқ… 
Алтынның бар үміті – сап-сары боп 
сазарып жатқан осы қу далада біреулерді 
кездестіру; егер олардың арасында бала 
емізіп жүрген әйел болса, баланы соған 
асырауға беріп, өзі оған ерікті түрде күң 
болар еді… 
Сорлы әйел дала кезіп басы ауған жаққа 
– біресе шығысқа, одан батысқа, одан 
кейін қайтадан шығысқа қарай жүре 
берді… Қолында жас бала, аялдау 
дегенді білместен аяңдай берді. Түске 
қарай бала қозғалақтап, қыңқылдап, 
емшек сұрай бастады… Әйел оның 
жаялығын ауыстырды да жүре тербетіп 
қайтадан жолға шықты. Бірақ, көп ұзамай 


бала қаттырақ жылай бастады, бірден-
бірге тоқтамастан шырылдап, тіптен беті 
де көгеріп кетті. Сол кезде Алтын тоқтай 
қалып, жанұшыра шыңғырып жіберді: 
– Көмектесіңдер! Көмек беріңдер! Енді 
не істеймін?! 
Ұшы-қиырсыз кең далада не бір түтін, не 
жанған от көрінбейді. Елсіз-сусыз иен 
далада көз тоқтатар бір қара көрінсе не 
дерсің!.. Айналасында тек безере 
мелшиген қу дала мен түпсіз терең көк 
аспан ғана, төбесін айналып бір шөкім ақ 
бұлт қалықтайды… 
Сәби жылай-жылай ықылық ата бастады. 
Алтын сасқанынан отыра қалып баланы 
жазғыра жөнелді: 
– Маған не дейсің енді, байғұс бала-ай?! 
Өзіңнің дүниеге келгеніңе жеті-ақ күн 
болды! Тумай жатып сорлаған бейбақсың 
ғой сен!.. Сен жетімекті немен 


асыраймын? Көрмей тұрсың ба, 
айналада ешкім жоқ! Бүкіл әлемде тек 
екеуміз ғана қалыппыз, екі бейбақ, 
сонсоң аспандағы бір шөкім ақ бұлт ғана, 
керек десең құс та ұшпайды бұл жерден, 
тек сол ақ бұлт ғана қалықтап жүр… 
Қайда барамыз енді? Немен асыраймын 
сені? Екеумізді айдалаға тастап кетті, 
әкең мен шешең болса – өлген, оларды 
дарға асып, қара жерге көміп тастады, 
соғыста несі бар еді солардың, адам 
деген бір-бірімен қырылыспаса жүре 
алмай ма осы, ту көтеріп, дауылпаз ұрып, 
не іздейді екен солар, айналып келгенде, 
міне, өмірге келмей жатып жетім 
қалдың… Баланы көкірегіне қыса ұстаған 
Алтын осылай тұра берсе жанын жеген 
қайғыдан көкірегі қарс айырылып 
кетердей сезініп, дала кезіп жүгіре 
жөнелді… Ал, сәби болса мұны қайдан 
ұқсын, ол да тірі жан, өзіне керегін сұрап, 


анасының жып-жылы сүтін іздеп 
шырылдап жылай берді. Амалы құрыған 
Алтын тасқа отыра қалып, көзінен жасы 
бұршақтай тұрып, ашумен көйлегінің 
өңірін айырып жіберді де ешқашан бала 
емізіп көрмеген, уақыты келіп семе 
бастаған мамасын баланың аузына тыға 
салды. 
– Мә саған! Мә, еме ғой! Көр өзің! Кәрі 
шандырды талмағаннан не шығар екен! 
Сүтім болса аяп отыр дейсің бе сенен, 
сорлы жетімек?! Көзің жетті ме енді? 
Олай болса мазалай берме мені! Ойбай-
ай, не айтып кеттім мен? Шандыры несі, 
жетімегі несі! О, Тәңірім, неге сонша 
жазалайсың мені?!. 
Ал, бала болса аузына емшек тиісімен 
жылағанын қоя қойып, бар денесімен 
ұмсына түсіп, қызыл иегімен талмай 


сорып, қуана жылтыраған көзін бір ашып, 
бір жұмып, рахаттана шолпылдата түседі. 
– Ия, қалай екен? – деп сұрады әйел 
шаршаңқы кейіппен. – Енді көзің жеткен 
шығар? Бос емшекті сора бергеннен 
ештеңе шықпайды ғой. Қазір бұрынғыдан 
да бетер бақыратын боласың, елсіз-
күнсіз қу далада сүтті қайдан табамын 
саған? Көп болса, алдадың дерсің, 
алдағаным жоқ, сенің көзіңді жеткізгім 
келді. Өмір бойы күң болып өтсем де 
ешқашан алдап көрген емеспін. Анам 
маған бала кезімнен үйреткен, бізде, 
Қытайда, біздің тұқымда біреуді алдаған 
адам болған емес. Шамалы алданыш 
қыла тұр, қазір бар шындықты өзің де 
білетін боласың… 
Алтын күң қанша қатігез де ерепейсіз 
болғанымен, бәрібір болмай қоймайтын 
оқиғаға өзін-өзі дайындап, сәбиімен 


осылай сөйлесіп отырған, бір кезде 
таңданғаннан өз көзіне өзі сенбей 
шошып кетті – жас сәби бос емшектен 
айырылар емес, қайта шөкімдей жүзі 
нұрлана түсіп, мырғамға батып жатыр… 
Алтын демін ішінен ала тына қалды да 
абайлап қана мамасын сәбидің аузынан 
суырып алды, кенет үрпісінен аппақ боп 
сүт тамшылап қоя бергенде сасқанынан 
ышқынып қалды. Дереу қайтадан 
мамасын сәбидің аузына тыға салып, 
ізінше қайтадан алды, ия, шынымен сүт 
шығыпты… Емшегінен шынымен сүт 
сорғалап тұр! Кенет бойына әлдебір алып 
күш біткендей болды. 
– О, Тәңірім! – деп тебірене тіл қатты 
Алтын күң. – Төсімде сүт пайда болды! 
Нағыз сүттің өзі! Естіп тұрсың ба, сәбиім, 
енді саған мен ана боламын! Өлмейсің 
енді! Көк Тәңірі көз жасымызды көріп, 


шапағатын төкті бізге! Енді сен, менің 
ұлымсың! Атың – Құнан, әке-шешең сені 
солай атаған, ал, олар бір-бірін шын 
сүйген болатын, бірақ, сол үшін сені 
өмірге әкеле сала, өздері өмірмен қош 
айтысты. Осындай кереметті жасаған, 
сені аман алып қалуым үшін бойыма сүт 
бітірген құдіретті күшке алғыс айт, 
балам!.. 
Бұрын-соңды естіп-көрмеген ғажайып 
оқиғадан есінен айырылып қала 
жаздаған Алтын ыстықтап кетті, 
маңдайынан шып-шып тер шықты. 
Айналасына алақтай қарап, сайын 
даладан көзге ілінер ешкімді байқамады, 
не бір адам, не бір қыбыр еткен жанды 
мақұлық көрінбейді, тек аспан төсінде 
шақырайып күн тұр және төбесін айнала 
бір шоқ ақ бұлт ғана қалықтап жүр... 


Сүтке тойған сәби жаңа табылған 
анасының қолында жатып рахаттана 
ұйқыға кетті, тынысы баяулап, маужырай 
бастады; ал, әйел болса, соңғы күндері 
басынан өткен оқиғаларды түгел ұмытып, 
құлағында әлі де тұнып тұрған 
дауылпаздың дыбысын да жадынан 
шығармақ болып, бұрын аңғарып 
көрмеген тәтті сезімге – бала емізген 
ананың мейірлі сезіміне бөленіп, сол 
сезімнен аспан мен жердің және ана 
сүтінің бірлігін түйсініп, бұйығып отыра 
берді… 
Ал, жорық одан әрі жалғасып жатты… 
Дүниені тітіренткен жаугердің қалауына 
қалтқысыз бағынған даланың қалың 
қолы батысты бетке ұстап жөңкіліп 
келеді. Түмен-түмен әскер, шаруашылық 
қосындары, табын-табын мал... 


Қасында күзетшілері мен нөкерлері, 
алдында жібек матаға моншақпен 
кестеленген аузынан жалын шашқан 
қаһарлы айдаһарлар бейнеленген 
жауынгерлік тулары мен жалаулары 
желбіреген Шыңғысхан өзінің болдыру 
білмес тұлпары – тағдырының өзіндей 
ерекше түсті – қара құйрық, ақжал Құба 
жорғасының үстінде желдіртіп келеді. 
Жорғаның құйма алтындай тұтас біткен 
тұяғының астында дөңгеленіп қалып 
жатқан жер кейін қарай сырғи түскенімен 
таусылар емес, қанша жүрсең де 
жеткізбес көкжиекке дейін созылып жата 
береді, тіптен, жүрген сайын қосыла 
түсетіндей. Әйтеуір, әзірше шеті де, шегі 
де көрінетін түрі жоқ. Жер бетіндегі бір 
түйір құмдай болғанымен, осы ұшы-
қиырсыз дүниені жеке билемек болған 
қаған көзі жетсе де, жетпесе де бүкіл 
әлемді бауырына басуды армандап 


келеді. Дүниенің төрт құбыласын түгел 
билеуші деген атаққа жеткені де осы 
шексіз билікқұмарлықтан болатын. 
Қазіргі жорығының мақсаты да осы… 
Қағанның жүзі сұсты, өзі көп 
сөйлемейтін, солай болуға тиіс те еді. 
Бірақ, оның жан дүниесінде не болып 
жатқанын ешкім білмейтін. Кенет ол 
астындағы атын кілт бұрып, соңына еріп 
келе жатқан нөкерлерімен қақтығысып 
қала жаздағанда зәресі зәр түбіне кеткен 
байғұстар әзер дегенде жалтарып 
үлгерді, бірақ бұған не себеп болғанын 
ешкім түсінген жоқ. Қаған қалтыраған 
қолымен көзін көлегейлеп тұрып, көк 
аспанды түгел тінтіп шықты – бірақ, шоқ 
бұлтты көре алмады, ол не кейіндеп, не 
кідіріп қалмаған екен, алда да, артта да 
болмай шықты… 


Жорықтың алғашқы күнінен бастап 
төбесінде айналып жүріп алған ақ бұлт 
сөйтіп аяқ астынан жоқ болып кетті. Сол 
күні де, ертесіне де, он күн өткен соң да 
ол қайтадан пайда болған жоқ. Қағанның 
ақ бұлты иесін біржола тастап кеткен 
болып шықты. 
Көк Тәңірінің өзінен теріс айналғанын 
Шыңғысхан тек Еділге жеткен кезде ғана 
ұқты. Ұқты да тоқтады. Батыс әлемін 
жаулап алуға ұлдары мен немерелерін 
аттандырып, өзі Өртөске қайта оралды, 
сол жерде өмірден озып, сүйегі жан 
баласы таба алмастай жасырын 
жерленді… 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет