Сөж тақырыбы: «Қазақ тілі сөзжасамы» еңбегі бойынша сөзжасамдық ұялар мен тізбектерге уәждемелік талдау жасау



Дата17.11.2022
өлшемі65,37 Kb.
#50836

Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігі
Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті



Филология факультеті
Ақымет Байтұрсынов атындағы қазақ тіл білімі кафедрасы
Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы

СӨЖ
Тақырыбы: «Қазақ тілі сөзжасамы» еңбегі бойынша сөзжасамдық ұялар мен тізбектерге уәждемелік талдау жасау
Орындаған: Зеберхан А.
Тексерген: Салқынбай А.
Алматы, 2022 жыл
Тіл – ойдың көрінісі, әр сөзде – халықтың мінезі, ұлттық ерекшелігі жатыр. Демек, тіл тұтас – халықтың болмысы. Әр сөздің уәжділігін зерттей отыра бұған әбден көз жеткізсек болады. Тілімізде бірдей дыбысталып, мағынасы бөлек сөздерді бүгінгі күнге дейін омоним ретінде қарастырып келеміз. Десек те, тарихи сөзжасамды қарастыра келе, тіліміздегі бүгінгі күні омоним деп санамызда әбден дағдыланып қалған кей шартты түрде біртүбірлі сөздерді жоғарыдағы терминге балау, әсте қиын. Себебі, уәждемелік талдау нәтижесінде біртүбірлі негізсөздердің арасында бірдей дыбысталғанымен, айтарлықтай мағына алшақтығы жоғын байқаймыз. Бұған дәлел ретінде тілімізде ықылымнан бар, біртүбірлі «үй» сөзіне сөзжасамдық ұя және сөзжасамдық тізбек құра отырып, уәждемелік зерттеу жүргізіп көрелік.

  1. ҮЙ. Бұл тұлғаның бүгінгі тілімізде беретін 2 мағынасы бар:

    1. Үй – баспана, тұрғылықты мекен;

    2. Үй – етістік ретінде, яғни бірнәрсені (әдетте ұсақ) біржерге төбе етіп жинау (үю).

Міне, осы негізгі екі өзексема арқылы тілімізде қажеттілік пайда болғанда, жаңа атаулар туып, тіл дамыды. Әр мағынасында жеке сөзжасамдық ұя мен тізбек құрайық.
Біз көрсеткен алғашқы мағынасындағы сөзжасамдық ұя:
Үй. Үйші, үйшік, үйшіктей, үй-жай, үйқамақ, үйдей, үйлен, үйлену, үй иесі, үй шаруасы, үй(сіз)лі-күй(сіз)лі, үйлесім, үйлесімді(лік), үйлі-баранды т.б.
Етістік мағынасындағы сөзден сөзжасамдық ұя:
Үй. Үйір, үйірме, үйінді, үйіп-төгу, үйірлес, үйірмеші, үйірбасы, үйіншек, үйінді, үйдек-түйдек, үйелмелі-сүйелмелі, үйірлік, үйір болу т.б.
Енді сөзжасамдық тізбек құрап көрелік:
Үй – үйшік - үйшіктей
Үй - үйлен-үйлену - үйлену той
Үй – үйсіз – үйсіз-күйсіз
Үй - үйлесім - үйлесімді - үйлесімділік

Үй – үйір – үйірме – үйірмеші – үйірмешіл – үйірмешілдік
Үй – үйір – үйірлес
Үй – үйір – үйірлік

Байқап отырғанымыздай, екі сөзде мағыналық алшақтық аса көрінбейді. Мұнда ішкі мағыналық даму нәтижесінде, сөз сыртқы дыбыстық жамылғысын сақтай отырып, жаңа атаулар пайда болды. Түбірлік уәждеменің мағына туғызу мүмкіндігі зор екендігін табылған ұялар мен тізбектердегі мысалдар дәлелдеп тұр. Қай-қайсысын алсақ та, бүгінгі лексиконымыздағы актив сөздер қатарында һәм бір-біріне мағыналық жағынан жақын. Түптеп келгенде бір өзексема «үй»-ден шыққан екі мағынаның уәжі – бір жерге жинау, ортақтастық. Табылған мысалдар жоғарыда айтып өткен омонимге қатысты тұжырымымызға дәлел бола алады. Сонымен қатар, үй сөзі екі сөз табында келіп, екі түрлі мағына бергенін ескеріп, семантикалық сөзжасамдық тәсіл арқылы жасалғанын байқай отырып, семантикалық-сөзжасамдық тәсіл – тілдегі сөздердің сөз таптарына жіктелуіне негіз бола алады деп қорыта аламыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет