1.Фонетика- гректің фоне деген сөзі негізінде қолданысқа еніп қалыптасқан. Фонеманың мағынасы – дыбыс, үн, дауыс. Фонетика – тіл ғылымының, тілдердің дыбыстық жүйесін зерттейтін саласы. Ол тіл дыбыстарын, олардың құрамын, тілдегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтарын зерттейді.
Фонетиканың зерттейтіндері – тілдің барлық жағдайларында және қызметінде көрінетін дыбыстық құрамдары мен тәсілдері және тілдің дыбысталу түрі мен жазба түрінің арасындағы байланыстар.
2. Фонетика ғылым ретінде жалпы фонетика және жеке фонетика (нақтылы тілдің фонетикасы) болып бөлінеді.
«Жалпы фонетика тіл дыбыстарының тіл жүйесінде өмір сүру жағдайларын зерттеуден басқа, оларды сөйлеудің түйдегінде зерттейді, басқаша айтқанда, ол бірінші жағынан, фонетикалық құбылыстардың бір-бірімен байланыстарын және екінші жағынан фонетикалық құбылыстар мен фонетикадан тыс құбылыстардың себепті байланыстарын қарастыра отырып, тіл дыбыстарының динамикасын зерттейді.»
Жеке фонетика белгілі бір тілдің дыбыстық құрамын, ондағы дыбыс заңдарын зерттейді. Ол зерттеудің мақсатына қарай сипаттама (синхрониялық, статикалық) фонетика және тарихи (диахрониялық) фонетика болып бөлінеді.
Сипаттамалы фонетика тілдің өмір сүріп тұрған дәуіріндегі дыбыстық құрамын қарастырады да, ондағы фонемалар жүйесін және фонемалардың ішкі өзара байланыстарын белгілеп айқындайды. Тарихи фонетика белгілі бір тілдің даму тарихының әр түрлі дәуірлерінде оның дыбыстық құрамының өзгеруін және өзгерудің себептерін зерттеп айқындауды мақсат етеді. :
Туыстығы жоқ, құрылымы бөлек тілдердің дыбыстық жүйесін салыстыра зерттеу салғастырмалы фонетиканың үлесіне тиеді. М. Қазақ – орыс, қазақ – ағылшын т.б.
Қазақ тілінің дыбыс жүйесі жөнінде алғашқы мәліметті Н.И. Ильминскийдің 1860 жылы Қазан қаласында шыққан «Материалы к изучению киргизского наречия» («Ученые записки Казанского университета») деген еңбегінен кездестіре аламыз. Одан соң М.Терентьев жазған «Гармматикада» [1] қазақ фонетикасы жөнінен айтарлықтай жаңалық байқалмайды. Онда кейбір дыбыстардың айтылуы мен комбинаторлық түрде алмасуы жайында азын-аулақ мәлімет береді.Түркі тілдерінің фонетика мәселесін зерттеу жайында В.В. Радловтың сіңірген еңбегі аса зор. П.М. Мелиоранский екі бөлімнен құралатын қазақ тілінің грамматикасын жазып, оның алғашқы бөлімін фоне-тика мен морфология мәселесіне арнаған болатын. Октябрь революциясына дейін казақ тілі жайында жазылған еңбектерден — В. Катаринскийдің. «Грамматика кир¬гизского языка» (Фонетика, этимология и синтаксис. Орен-бург, 1897), И. Лаптевтың «Материалы по казах-киргизско¬му языку» (Москва, 1900) және Н. Созонтовтың «Записки по грамматике киргизского языка» (Ташкент, 1912) деген кітаптарын атап өтуге болар еді.
Аталған еңбектердің фонети¬ка тарауында айтарлықтай жаңалық жоқ, көбіне, бұрынғы айтылған мәселелерді қайталап отырады.
Г. В. Архангельский жазған «Грамматикада» қазақ тілі дыбыстарының жіктелуі, дыбыстардың өз ара алмасуы, кейде дыбыстардың сөзде айтылмай түсіп қалуы (редукциясы), үндестік заң мен екпін мәселесі қысқаша түрде сөз болады.Қазақ тілі фонетикасының ғылыми негізі А.Байтұрсынов еңбектерінде ойып орын алады. Қазақ фонетика мәселелерін арнаулы жүйеге салып зерт¬теу кезеңі проф. Құдайберген Жұбановтан басталады. Проф. Қ. Жұбанов қазақ лингвистикасының ірге тасын қалаушылардың бірі болды. Ол қазақ фонетикасының бір топ мәселелері (атап айтқанда — тіл дыбыстарының фонологиясы мен жіктелуі, дыбыстардың өзгеру құбылысы, үндестік заң, сөздің буын құрылысы және акцентуация саласы) жөнінде зерттеу жүргізіп, олар туралы белгілі шешімге келеді.
Адамның дыбыстық тілі - өте күрделі құбылыс, сондықтан да оны үш түрлі аспектіде (лат. аspestus – көзқарас, түр, сипат) қарастыру керек. Олар: анатомия–физиологиялық (биологиялық) аспект, акустикалық (физикалық) аспект және лингвистикалық (функциональдық) аспект.
Достарыңызбен бөлісу: |