Тақырыбы: «Түркі халықтарына ортақ әдебиетті дәуірлеу»
Түркі этномәдени жүйені тұтас сақтап қалатын ең күшті фактор - барлық түркі тілдері мен мәдениеттерінің лингвистикалық базасы болып саналатын ілкідегі көне түркі тілі. Бәрімізге мәлім көне түркі тілінің бай ойлау жүйесі мен үлкен мәдени әлеуеті болды. Сол себепті, одан қазіргі түркі тілдері мен мәдениеттері салаланып шыққаннан кейінгі даму процесінің жаңа сатысында да бұл тіл, яғни түркі тілі алып түркі әлемінің әмбебап әдеби тілі ретінде ұзақ ғасырлар бойы қарым-қатынас құралы болып саналды.
Осы тілде түркі және әлем әдебиетінің тамаша туындылары дүниеге келді. Мәдениеттанудың ойлау типологиясы бойынша мұндай сабақтастықтың жазба ескерткіш ретіндегі бастамасы Орхон-Енисей ескерткіштері «Орхон трилогиясы» тек саяси-идеологиялық мақсатта жазылуы тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар тарихи- этнографиялық құжат ретінде де ерекше маңызға ие. Бұл жазба ескерткіштер көне түркілер туралы сол кезеңнің қандай да бір қытай дерегінен сан есе артық, әрі толық мағлұмат беретін бай ақпарат сипатында. Қытай деректері тек хронологиялық мәліметтер болса, ал аталмыш түркі деректері жанды өмірдің, бастан өткен тарихтың ақпараттар жиынтығы. Бұл тұрғыда көптеген зерттеушілер оларды қаһармандық эпос деп те есептейді. Шынында да кейінгі ғасырларда пайда болған эпикалық дастандар Орхон түркі жазба ескерткіштерінің өзінің ұғыну мәдениетінің дәстүрлері негізінде пайда болған. Шамамен біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың орталарында қалыптаса бастаған көне түркі эпосы «Оғыз қаған», «Қорқыт Ата кітабы», «Алпамыс», «Манас», «Көрғұлы» секілді әлемнің ең тамаша қаһармандық эпостарын тудырған. Аталмыш эпикалық дастандарда түркілердің ұлы жаһангерлік қасиеті өз көрінісін тапқан. Егер түркілер Еуразияның маргинал этносы болған болса, олар ешқашан мұндай тамаша ескерткіштерді өмірге әкеле алмас еді. Түркі эпос мәдениетінің ерекшелігі - осы ескерткіштерде түркілердің этнографиясы нақты оқиғалардың берілуі, сюжет драматизмі, кейіпкерлердің ерлігі, мемлекеттің сипаты, әр түрлі халықтармен қарым-қатынас динамикасы Еуразия кеңістігінің өзіндей кең әрі көлемді түрде беріледі. Құрылымдық және қызметтік ерекшеліктері бойынша түркі этникалық-мәдени жүйесі әрқашан тұтас бір бүтінді құрап, біртұтас бір әлем моделін көрсеткен. Бұл мағынада жалпы түркі мифологиясы моделі біреу, біртұтас. Оның қандай да бір элементін кез келген түркі халқында кездестірмеу еш мүмкін емес. Осыған байланысты, жеке-жеке түркі халықтарында кездесетін әлем моделін (үлгісін) басты модельдің бір варианты деп санауға болады. Ал басты модель болса, біртұтас түрде де, жеке-жеке элементтерімен де түркі халықтарында соншалықты маңызды өзгеріске ұшырамастан, осы кезеңге дейін өмір сүріп келген өзгермейтін, тұрақты жалпы түркі мифологиялық әлем моделі. Түркі эпикалық мәдениетінің классикасына кіретін, бірақ түркі суперэтносының кейінгі тармақталу процесінде едәуір дәрежеде ұлттық сипат алған (қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, әзербайжан, түрік) эпостардың өзін тап бір ортақ түркі жазба ескерткіші секілді етіп көрсететін фактор – түркі тайпаларының ынтымақтастығы, түркі әлемінің ортақ біртұтастығы. Мысалы, «Қорқыт Ата кітабы» дастанында ішкі және сыртқы Оғыз тайпалары арасындағы келіспеушіліктерді жою, олардың бірлігін қамтамасыз ету - осы эпостың идеялық мақсаты болып саналады. Эпостардан өнердің жанрлық түрлеріне өту процесінде осы идеяның өзінің де тармақталып, салалануы заңды.
Түркілердің тарихи өмірін тебіреністі тілмен баяндайтын, кейде осы шынайы тарихты мифге айналдыратын, аңыз формасында ұсынатын, даналардың дана сөздерін бізге қысқа әрі нұсқа түрде жеткізген эпос-оғызнамалар («Оғыз қаған», «Қорқыт Ата кітабы», «Көрғұлы», «Манас», «Эмсали-Түрки» - түркі мақалдарының жинағы және тағы басқалары) турасын айтқанда, жоғары әдеби-эстетикалық ой-пікірдің жемісі. Профессор Ф.Баят бұл феноменді зерттей келе былай деп атап көрсетеді. «Оғызнамалар әрі дастан, әрі жылнама дәстүрінде түркі тайпаларының бір мемлекет құрамында бірігіп, жаһандық мемлекет құру жолында жүргізген күресінің жемісі. Оғыздар мен олардың ұлы аталары туралы, оғыз мәдениеті, оғыз мемлекеттілігі туралы бұл дастандар түркілердің жаһангерлік идеясын жаю үшін туған. Бұл тұрғыда оғызнамаларда әр түрлі кезендерде құрылған түркі жаһан мемлекеттерінің үлгілері көрінеді, түркішілдік оғызшылдық түрінде сақталып насихатталады. Әрине, оғыздар түркі тарихында ірі мемлекеттердің құрылуына жақыннан атсалысқан, өздерінің мемлекеттерін құрған, үнемі әлемдік мемлекетті құру идеясының туын көтерушілер болған. Негізінде оғызнамалар тек оғыз мемлекетінің жылнамаларда, эпикалық дәстүрде баяндалуы ғана емес, тұтас түркі этносының дастанға айналған, эпикалық тарихи-идеологиялық жыры. Оғызнама бұл тұрғыда саналы түрде түркшілік идеологиясын насихаттайтын Орхон-Енисей жазбалары, Қашқаридың «Диуанымен» қатар тұрады. Түркі қаһармандық дастандарында қаһармандық өлшемі - алыптық пен батырлық. Жаулап алу дастандарында алыптық енді билік ету идеясымен бірлеседі. Алып болу - әлемге билік ету секілді болып қабылданады. Алыптық пен билік ету Оғызнама дастандарында Тәңірдің берген тартуы секілді көрсетіледі. Осыған байланысты, орта ғасыр авторлары көп уақыт түркі армиясын заң түзуші, әлемді ретке келтіруші, жолдан азғандарды жазаға тартушы күш ретінде көрді» дейді. Әрине, оғызнамалардың түркі халықтарының ең танымал, әдеби- көркемдік жағынан ең тамаша дастандар екендігі еш шүбәсіз. «Қорқыт Ата кітабы» мен «Көрғұлы» әлем мәдениетінің ең тамаша әдеби жәдігерлерінің бірі. «Қорқыт Ата кітабында» оғыз түркілерінің мемлекеттілік тарихының бастау алдындағы жағдайы, олардың рухани-танымдық құндылықтары, ұлыс пен жерді қорғау жолындағы күрескерлік рухы, оғыз тайпалары арасындағы бірлікті қалай да сақтап қалу ниеті барынша шынайылықпен көрініс тапқан. Ал «Көрғұлы» ерліктің басқа қырын ашады. Халық арасынан шыққан қаһармандар халықтың құқығын қорғау, жер бетіне әділет орнату үшін тіпті билікпен де күресу миссиясын атқарады. Негізінде түркі эпосының мұндай мазмұнда берілуі үлкен даналықтың белгісі. Түркі мемлекеті үлкейіп, империяға айнала бастаған сайын халықпен байланысын жоғалтпауы керек. Қандай жағдай болмасын халықты қанаушылық сипат алмауы тиіс. Бұлай болған жағдайда халықтың әділетсіздікке төзбейтіні оны ақыр соңында құлдырауға алып баратыны анық.
ХХ ғасырдың басынан осы күнге дейін түркі өркениетінің әлемге тарту еткен әдебиет қайраткерлерін назарға алар болсақ, олардың шынымен де жалпы адамзаттық құндылықтарды, ұлы гуманизм идеалдарына қол жеткізуде, адамзатты өркениетке жеткізетін жұмыстардың жүргізілуінде үнемі алдыңғы сапта болғанын анық көруімізге болады.