Бақ-тағы ұлттық идеяның насихатталуы



Дата25.10.2022
өлшемі28.23 Kb.
#45229



ЖАҺАНДАНУ ДӘУІРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫҢ РӨЛІ


М.Б.Шындалиева
Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан


Ұлттық идея мен ұлттық мүдде бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Ұлттық идея ұлттық мүддені көздейді және мемлекеттің бірінші мақсаты осы ұлттық мүддеге негізделуі тиіс. Әлемдік тәжірибеде шынайы және ықпалды ұлттық идеяның тууы мен дамуының тарихы бар. Мәселен, Америкада «америкалық арман» аталған ұстаным әлемдегі ең мықты державалардың біріне айналуына көмектесті. Тарихтан белгілі бұл мысал әртүрлі этностарды бірыңғай американ ұлтына біріктіруге бағытталған идея, руханилық, имандылықты насихаттау емес, бұл идеяның негізі пайдаға ғана бас июді көздейді және үлкен табысқа жетудің моделі іспетті.


Соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі Германияда бүкіл неміс ұлтын біріктіретін ұлттық идеяның арқасында екі бірдей соғыстан кейін де өз қалпына келіп, алдыңғы қатарлы елдер сапына тұруына мүмкіндік туды. Ұлттық идеяның жарқын үлгісін Жапония мысалында алып қарасақ, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ұлттың бірлігі мен топтасуының нәтижесінде қайта түлеп шығуға мүмкіндік алды. Мұнда тек жапондықтардың рухы ғана емес, жаңа батыстық технологияны меңгеру арқылы екі құндылықтың қосылуы арқылы мол табыстарға кенелгені тарихтан белгілі. Жапон халқының буддистік этика қағидаттарын, ұлттық қасиет пен ділдің, еңбекқорлықтың, үлкендерді сыйлаудың үлгісін көрсетіп отыруы мемлекеттегі ұлттық идеяға мен ұлттық мүддеге құрметтің арқасы десек болады.
ХХ ғасырдағы Кеңестер Одағында этностарды отарлау саясаты салдарынан бір-бірімен араласып кетіп, кейбір ұлттар жоғалып, өзінің тілі, діні, ділінен айырылғандары баршылық. 200-ден астам ұлттың 100-ге жуығы ғана өзінің болмысын сақтап қалғаны тарихтан белгілі. Жоғарыдағы мемлекеттердің қай-қайсысын алсақ та олар өз даму жолдарында ұлттық идеяға бағынуды негізгі міндет деп түсінеді. Сондықтан ұлттық идея белгілі бір ұлттың, сол ұлттар өмір сүріп жатқан елдің әлем алдындағы тарихи рөлі. Қазір кез келген елдің ұлттық идеясының мазмұнына мысқылдап болса да жаһандану процесінің ықпалы әсер ете бастады. Бұл процестің ұлттың идеяны жойып жіберуінің мүмкіндіктері мол. Жаһандану салдарынан нақты бір ұлттың өзіндік ерекшеліктерін болмыстың жалпы адамзаттың мәнімен араластырып жойып жіберу қаупі жоқ емес. Жаһандану дәуірін басынан кешіріп отырған әрбір ұлт өзінің этностық бірізділігін ұстанған жағдайда ғана өзіндік ерекшелігін сақтап қала алады. Жаһандану ұлттық идеяны қалыптастыруға кері әсерін тигізе отырып, оның мазмұны мен түріне қосымша міндеттер жүктейді.
Жаһандану – жалпы әлемдік саяси, экономикалық, мәдени, ақпараттық жағынан тұтастық құру идеясы. Мұның екі жағы бар, біріншіден, жаһандануға бет бұрған елдердің экономикасы неғұрлым жедел дамиды, бірақ бұл елдер өзінің ұлттық құндылықтарынан алыстамаған жағдайда ғана өзінің ұлттық құндылықтарынан, яғни ұлттық идеясынан қол үзбеуіне мүмкіндік туады. Екіншіден, экономикасы жедел дамыған кез келген ел өз халқының ертеден қалған нышандарын халықтың топтасуына жұмсауы тиіс. Сонда ғана ұлттың қазіргісі мен өткені, болашағы көрініс табады. Бұл процестен шетін қала алмайтын қазақ қоғамы заман ағымына лайықты бейімделе отырып, ұлттық ерекшеліктерімізге жататын ұлттық дәстүр мен мәдениетімізді сақтаған жағдайда өміршеңдікке жол аша алады.
Бүгінгі таңда жаһанданудың әсерінен жастар арасында батысқа еліктеушілік белең алып, олардың жүріс-тұрысы, ойлауы мен киінуінен, мінез-құлқынан өзгергіштік байқалады. Бұл өзгерістерге бұқаралық ақпарат құралдарының әсері болмай отыр десек қателесеміз. Себебі, күнделікті басылымдардан, телерадио арналарынан батыстың кино, музыкалық туындылары көптеп беріледі. Қазақ халқының төл киносы мен ән-күй өнері жеткілікті дәрежеде уағыздалып, жастар санасына сіңірілуде, бірақ бұл жеткілікті дәрежеде жүзеге асырылып отыр деуге әлі ертерек. Тек қазіргі таңдағы жастардың киім кию үлгісіндегі батыстық сарын көзге бірден көрінеді. Әсіресе, қыз балалардың денелерін жартылай жалаңаштап жүруі соңғы жылдары белең алған батыстан ауысқан сән үлгісі. Бұл сән түрінің қазақ қыздары мен әйелдеріне әкеліп жатқан зияны туралы дәрігерлер үнемі айтуда. Бұл қыздарымыздың жартылай жалаңаштанып жүретін құлқы жаратылысынан емес, өскен орта мен көрген үлгі-өнегесі, тәрбиесінің нәтижесі. Ол үлгі-өнегені жастар көбінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бойларына сіңіруде. Бұл күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
Қазақ ұлтының ұлттық мүддесін қорғайтын ұлттық идея негізінен ұлттық идеологияға келіп тіреледі. Мемлекеттік идеология қажет және онсыз өмір сүру мүмкін емес, ұлттық мемлекет идеологиясыз өмір сүрмейді. Егемендік, экономикалық тәуелсіздік, саяси реформалармен қатар ұлттық мүддені жүзеге асыру тұғыры мықты ұлттық идеология қажет-ақ. Әрбір қоғам мүшесінің санасына әсер етіп, оны қозғалысқа келтіру үшін де идеологиялық саясат қажет екені белгілі. Көпұлтты Қазақстанның жағдайында ортақ мүддеге жұмылдырудың бірден бір жолы ұлттық идеяны ұлттық ділге негіздеп, адамзаттық құндылықтарды қамтитын ортақ идеяларды біріктіріп, бай, қуатты мемлекет құру негізгі міндеттердің бірі.
Тарихшы-ғалым Х.М.Әбжанов: «…ұлттық идеямыздың бес ғасырдан астам тарихы бар екен. Оның өзi бiрнеше дәуiрден тұрады. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру, бiрде тiлiн, бiрде тiсiн көрсеткен Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату құрады». Ұлттық идеяны көксеген, соны қорғап, өз шығармаларына арқау етіп, қуғынға ұшыраған Алаш арыстары немесе кеңес дәуірінде қазақ ұлтының тілі, діні, тарихын насихаттаудан шаршамаған Ж.Молдағалиев, М.Мақатаев, С.Шаймерденов, С.Әшімбаев т.б., 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһармандары Қ.Рысқұлбеков, Л.Асанова,т.б көп қасіретті басынан кешіргенін бүгінгі жас ұрпақ біліп өсуі тиіс.
Ұлттық идеяның кешегісі мен бүгініне арналған философ Ә.Нысанбаев, этнограф-фольклоршы А.Сейдiмбек, тарихшы Ә.Ғали, әдебиетші-журналист А.Шәрiптің еңбектерін жас ұрпаққа таныстыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ұлттық идеяны түп-тамыры біріншіден, тілде жатыр. Президентіміз бұл мәселе төңірегінде үнемі өз ойларында нық айтып келеді, парламентте бұл мәселе шешімін табуға жақын, ал үкiметте мемлекеттік тіл ден гөрі ресми тілде іс жүргізгенді, сөйлегенді қалайтыны күнделікті жаңалықтарды көру нәтижесінде көз жеткізіп отырмыз.
Ұлттық идеяның екінші тірегі – дін. Қазақстандағы барлық халықтардың діні құрметтеледі, бірақ негізгі дін – ислам діні болуына не кедергі? Басқа дінді ұстанушылар, яғни Қазақстанға қоныс аударғандар қазақ ұлтының тарихын, салт-дәстүрiн, мәдениетiн құрметтеуі шарт. Тарихи отанынан тыста жүрген қазақтар өз тілі, діні, діліне берік және осы үш тұғырға бекем. Қазақ жастарын ұлттық идеяға қалтқысыз бетін бұруы үшін санасын, ой-пікірін қалыптастыруға көмектесу бұқаралық апарат құралдары арқылы жүзеге асыруға болады. Көне ғұламаларымыздан қалған мынадай сөз бар: «Діннің философиясы – Үндістанда, теориясы – Мысырда, ал практикасы - Түркістанда». Практика дегеніміз – сөз бен істің бірлігі десек, Ежелгі Түркістанда, яғни Тұран елінде, Меуреннахрда дінді өтте қатты ұстанған, дін арқылы кемелдікке жеткен ғұламаларымыз көп болған. Олар дінді сөз жүзінде емес, іс жүзінде ұстанған. Осы үрдіс жетпіс жылдай үзіліп, енді жалғасын тауып жатыр.
Үшінші тірекке ділді жатқызамыз. Мунда ұлт ділінің негізгі көрсеткіштері мен қасиеттеріне: қазақ халқының жанының кеңдігін, кеңпейілдігін, кешірімшілдігін, қайырымдылығын, қонақжайлылығын, өзге мәдениетті тез қабылдағыштығын, бір ауыз сөзге тоқталғыштығын, табиғатпен етене жақындығын, ақын жандылығын т.б. қасиеттерін жатқызамыз. Бұл қасиеттер басқа халықтарда да бар шығар. Жоғарыда біз тізбектеген қасиеттер қазақ ділінде ерекше көрініс тапқан.
Кез келген мемлекетке ұлттық идеяны насихаттайтын идеологиялық насихат керек. Ұлттық идеяның мән-мағынасын бүгінгі таңда БАҚ-тың күнделікті қызметінде, оқу орындарында арнайы курстар өткізу арқылы, ол туралы ұғым-түсiнiктерді жастардың санасына сіңірудің тетіктерін тереңінен ойлау - кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Ұлттық идеяны насихаттауда жастарға тәлiм-тәрбиелік жағын қамти отырып, айналадағы opтаға, тарихи сын көзбен карауға баулудың артықтығы жоқ сияқты.
Жаһандану дәуірінде батыстық мәдениеттің әсері кеңейіп, жастарымыз өзгергіштікке түсіп бара жатқандығы әлеуметтік, рухани келеңсіз жайттарды туғызу қаупі бар. Бұған дейінгі тарихымыздан белгілі Қытай мен Ресей сияқты алып елдермен жақын көрші бола отырып, өз ділімізді, мәдениетіміз мен дәстүрімізді сақтай білдік. Сондықтан бүгінгі таңда жаһанданудың кез келген талабына дайын болуымыз керек.
Түптеп келгенде, бұл материалдардың барлығы ұлттық идеологияны, тәуелсіздіктің іргесін бекітетін бірден-бір арқау екен. Тәуелсіздік өзінен-өзі келмейтін, тек соны ұстап тұра алатын елдің ғана іргесіне қазық байлап, соның мәніне тереңдеп бара алған ұлттың ғана босағасында берік орын тебетінін қайта-қайта жаңғырта айтып, оқырман жүрегіне орнықтыра алсақ қана өз міндетімізді толық орындаған боламыз.
Тілімізге, дінімізге, ділімізге қайта мойын бұрған кезеңде ұлы көшке тосқауыл болар көп кедергі пайда болғаны анықталып отыр. Олар: болашақ ұрпағымыздың ең басты мұрасы – ана тілін білмеуі, салт-дәстүрден бірте-бірте қол үзіп бара жатқандығы, әке-шешесін, ата-әжесін, бауыр еті баласын тастап кету, сияқты қатыгездіктерін орын алуы. Жастар арасында етек алып отырған арақ ішу, наша шегу, зорлық-зомбылық, ұрлық жасау сияқты жағымсыз қасиеттерге бой алдыру жайы көп болып кеткен жағдайы бар.
Қазақстан Республикасының да өсу, өркендеу жолында жаңа бір белестерден асып, келесі бір биіктерді бағындыру бағытында бұрын байқалмаған немесе кезі келмеген қажеттіліктер, соған орай жүзеге асырылуы міндетті мұраттар көтерілмей тұрған жоқ. Бұл дамудың өмірлік заңдылығы екені даусыз. Осы сияқты еліміз үшін тәуелсіздікті нығайту, әлемдік тәжірбие, берік мемлекеттілік талаптарының туындайтын түрлері өзгерістердің өмірге келуі айналып өтуге болмайтын ақиқат.
Тәуелсіз еліміздің жаһандану дәуіріндегі ұлттық идея насихатын жүргізуді жоспарлы, барынша өміршең, қоғамдық белсенді, өмірде болып жатқан саяси өзгерістерге сай жүргізу абзал.





Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет