Мемлекеттік тіл



Дата10.03.2022
өлшемі25,08 Kb.
#27500

Мемлекеттік тіл

«Қазақ ССР-індегі Тілдер туралы Заңының» қабылдануы – көпұлтты республикамыздағы тілдер проблемасын шешудің, сол арқылы бүгінгі таңның ең өткір проблемаларының бірі – ұлтаралық қатынас мәселесін реттеудің байыпты да салмақты қадамы деуге болады. Осы бір қуанышты оқиғаға орай журнал тілшісі Жарылқап Қалыбаев аталмыш Заң жобасын әзірлеуге белсене атсалысқан көрнекті ғалым, Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдаровқа жолығып, жаңа заңның сыр-сипаты жайында және заңда бекітілген қағидаларды тезірек іс жүзіне асырудың жолдары жөнінде әңгіме қозғады.

– Әбдуәли Туғанбайұлы, сіз әу бастан қазақ тіліне мемлекеттік статус беруді жақтап, «Қазақ әдебиеті» газетінде сындарлы пікір айтқан ғалымсыз. Сол ойыңыз көпшіліктің қолдауына ие болып, бүгінде іс жүзіне асып отыр. Бұл үшін сіз қуанышты да бақытты боларсыз, әрине?..

– «Қазақ әдебиетіндегі» алғашқы интервьюге сенің де қатысың бар ғой. Сондықтан бұл менің де, сенің де, барша халқымыздың да ортақ қуанышы. Алайда мен о баста-ақ қазақ тілінің мемлекеттік статусқа ие болатынына кәміл сенгем. Өйткені, кез келген мемлекеттің мемлекет болуы үшін мынадай алты атрибуты (белгісі) болуы шарт: мемлекеттік шекара, мемлекеттік жалау, мемлекеттік герб, мемлекеттік гимн, мемлекеттік басқару аппараты және мемлекеттік тіл. Бізде белгілі себептерге байла- нысты осылардың соңғысы сақталмай келді. Праволық мемлекетке қол жеткізудің жолдары қарастырылып жатқан казіргі қайта құру заманында әрбір республиканың мемлекеттік тіл атрибутын қалыпқа келтіруі – заңды да табиғи нәрсе еді.

– Алайда, қазақ тіліне мемлекеттік статус беру мәселесі оңайлықпен шешіле салған жоқ қой?

– Ия, қазақ тілінің мемлекеттік статусы туралы мәселе, ғылыми түрғыдан дұрыс түсінбегендіктен, кейбіреулерді шошытқаны рас. Олардың ойынша, қазақ тілі мемлекеттік тіл болса республикамыздағы басқа халықтардың тіліне нұқсан келеді-мыс, қарым-қатынас тәсілі қиындайды, ұлтаралық наразылық күшейеді. Бұл пікірдің түбірімен қате екендігіне Заң жобасын талқылау және қабылдау кезіндегі айтыстар толығымен көз жеткізген сияқты.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусына ие болуы бірде-бір тілді төмендетуге, шеттеуге емес, тек өзін-өзі көтеруге бағытталған.

Қазақстанда тұратын өзге ұлттың өкілдері де қазақ тіліне құрметпен қараудың қажеттігін түсінді. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он бірінші сессиясында қазақ тіліне мемлекеттік тіл статусын беруге қарсы болғандар аз болды.

Бір қызығы, қарсы болғандар көбіне: «тілді күштеп үйретуге болмайды»,«тілгеәміржүрмейді»–депқарсыдayайтакеліп,қазақжәне орыс тілдерінің қатар мемлекеттік тіл болуын жақтады. Меніңше, мұндай пікір мемлекеттік құрылыстың теориясы мен практикасын жете білмеушіліктен немесе тіл үйренгісі келмеушіліктен туған.

– Дұрыс айтасың. Бұл мәселе туралы менің әріптесім, біздің Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі А. Н. Гаркавецтің сөзінде жеріне жеткізіліп айтылды. «Заң, – деді ол – орыс тілі сияқты, қазақ тілін оқып-үйренудің міндетті тәртібін белгілеген кезде кейбір жолдастар орыс тілінде сөйлейтін халықтың праволарына нұқсан келтіріліп отырғаны туралы неліктен сөз қозғай бастайды? Олар тең праволылықты емес, қайта бір тілділіктің артықшылықтарын, яғни іс жүзінде қалыптасқан теңсіздікті қорғайтынын олардың өздері де түсінеді деп ойлаймын».

Байқап қараған адамға біздің Заңда қазақ тілін күштеп үйретудің титімдей де нышаны жоқ. Екінші жағынан, өз өмірін Қазақстанмен байланыстырып отырған әрбір адам жергілікті халықтың тілін, тарихын білгені жөн. Өйткені, қазақтардың этникалық отаны – Қазақстан. Егер, қазақ тілінің аясы өз топырағымызда тарыла бастаса, басқа бір жерде шарықтап кетуі, дамуы мүмкін емес. Сондықтан қазақ тілінің мемлекеттік статус алуы – әділетті де заңды нәрсе.

– Сіз Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Идеология бөлімінің жанынан құрылған Тіл статусы туралы комиссияның мүшесі болып, Tiл туралы Заңның жобасын әзірлеуге, оны талқылауга белсене қатыстыңыз. Сондықтан да «атының сыры иесіне мәлім» деген нақыл сөзді ескеріп қабылданған заңның сыр-сипатын сұрағым келеді. Біздің заңның басқа одақтас республикалардың заңдарынан өзіндік ерекшелігі қандай?

– Бізге дейін 12 одақтас республикада Тіл туралы Заң қабылданды. Солармен салыстырып қарағанда, біздің заңның интернационалистік сипаты басым. «Қазақ ССР-інің Тіл туралы Заңы» негізінен үш топтағы тілдердің статусын белгіледі: қазақ тілі – мемлекеттік, орыс тілі – ұлтаралық қатынас құралы ретіндегі статусқа ие болды, ал белгілі бір ұлт өкілдерінің топтары жинақы тұратын жерлерде олардың тіліне Халық депутаттары Советтерінің шешімімен белгіленген тәртіп бойынша жергілікті ресми тіл статусын беру мүмкіндігі атап көрсетілді.

– Жергілікті ресми тіл статусын беру Қазақстаннан басқа республикалардың заңдарында кездесе ме?

– Кейбір одақтас республикалардың заңдарында сол республика территориясында тұратын халықтардың тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалатыны айтылған. Алайда мұндай жалпылама сөздер еліміздің Конституциялары мен партия Программаларында айтылып келді ғой. Бірақ, іске аспағаны белгілі. Біздің заңымызда бұл мәселе нақтылана түсті. Мәселен, Ұйғыр ауданындағы халықтың 70–80 проценті – ұйғырлар. Енді олар сол аудан көлеміндегі іс кағаздар мен жиын, мәжілістерді өз тілінде жүргізуге хақылы деген сөз. Міне, нақ осындай нақтылық басқа одақтас республикалардың заңдарында жоқ. Тіпті, Молдавия мен Прибалтика республикаларының Тіл туралы заңдарында орыс тіліне ұлтаралық қарым- қатынас құралы ретінде жеке-дара статус берілмеген.

– Заң жобасын талқылау кезінде «біздің республикада да қазақ және орыс тілдері ұлтаралық, қарым-қатынас құралы болып танылсын» деген пікірлер айтылды. Егер олай етпеген жағдайда онсыз да орыс тілі барлық жерде қазақ тілімен бірдей қолданылатыны баса көрсетілген бұл заңның мазмұны айналып келгенде баяғы екі тілдің мемлекеттік тіл статусына ие болуы болып шығады. Бұл пікірге қалай қарайсыз?

– Ие, «аузы күйген үріп ішеді» дегендей-ақ біздің қазақ жұрты екі тілдің мемлекеттік тіл болуына үрке қарайтыны рас. Өйткені мұндай декрет біздің республикада 1923 жылы қабылданған. Одан кейінгі жылдары да мемлекеттік қостілділікті дамыту жөнінде қаулылар болған. Бірақ өкінішке орай, соның бәрі де іс жүзіне аспай қалды. Керісінше, қазақ тілі қоғамдық өмірден ысырылып, шын мәнінде ғылым, техника және өндіріс тілі болудан қала бастады. Ұрпақ арасындағы рухани байланыстың жалғастығы үзілуге айналды.

Ана тіліміздің қолдану аясының тарылуына, ең алдымен, Сталиннің болашақта барлық тілдердің бір тілге айналып кетуі туралы солақай тұжырымы кінәлі. Содан барып, халықта ұлттардың жақындасуы,тілдердің жақындасуы деген сыңаржақ түсінік орнықты. Бұл қоғамдық пікірді Хрущев өзінің Белоруссия мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде: «Біз неғұрлым орысша сөйлеуге тезірек көшсек, коммунизмге соғұрлым ертерек жетеміз» деп «жетілдіріп» толықтыра түсті. Оны әкімшіл-әміршілдік система қанын жерге тигізбей қағып алып, дереу сол бағытта жұмыс істеуге кірісіп кетті. Лениндік ұлт саясатының осылайша бұрмалануының нәтижесінде 1926 жылғы халық санағында көрсетілген елімізде өмір сүрген 194 үлкенді-кішілі ұлт пен ұлыс, этностық топтардың жарты ғасырдың ішінде 93-і «із-түзсіз» жоғалып кетті. Бұғанасы өсіп, буыны қатпаған қазақ тілін сол 20-жылдардың өзінде орыс тілімен қатар қою дұрыс емес еді. Өйткені, барлық жерде іс қағаздарын орыс тілінде жүргізу міндетті болды. Сөйтіп, орыс тілінің басымдығы қазақ тілінің дамуына кері әсер етті.

Қазақ тілінің қазіргі жағдайына қарасақ, тұлға жағынан бәрі бар сияқты. 12 томдық энциклопедия, 10 томдық түсіндірме сөздік жаздық, В.И.Лениннің 55 томдығы аударылды. Қаншама көркем кітаптар шықты. Бірақ, тіліміздің қолданылу аясы тар. Партия, совет, кәсіподақ, комсомол және ғылым қызметкерлері қазақ тілін біле бермейді. Өйткені, бұған дейін қазақ тілін білудің қажеттілігі шамалы деген теріс тұжырым бас бермей келді.

Революциядан кейінгі 70 жыл ішінде 84 түрлі терминологиялық сөздіктер шығарыппыз. Бірақ олар қажетімізге асып отыр ма? Оларды іске қосуға тиіс ғалымдарымыз қазақ тіліне шорқақ. Неге дейсіз ғой, өйткені, қажеттілік жоқ. Осы орайда кезінде орыс тілін барлық жерде міндетті түрде қолдануға мәжбүр ететіндей қажеттілік бар ма еді деген сұрақ туады. Меніңше, ол қолдан жасалған жасанды қажеттілік еді.

Мәселен, Қазақ ССР Ғылым академиясынан 1989 жылы шығарылған 150-дей кітаптың 10 шақтысы ғана қазақ тілінде жарық көрді. Оның өзін Тіл білімі институты мен Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері жазған. Осындай өкінішті фактілердің бәрі республикада тіл білімінің құнын түсіруге әкеп соғуда.

Республикада орын алған осындай көпе-көрнеу бұрмалаудан және қазақ тілінің мүмкіндігі туралы ескі көзқарастың салқыны болса керек, Қазақ ССР-інің халық депутаттары қазақ тілін де орыс тілімен қатар ұлтаралық қарым-қатынас құралы деп жариялауға дайын болмай шықты.

Әйтпесе, кең байтақ республикамызды мекендейтін бір миллионнан астам түркі тілдес халықтардың өкілдеріне қазақ тілі әзір де жат емес еді ғой. Ал, енді бұл заңның мәні айналып келгенде екі тілдің мемлекеттік тіл болуына келіп саяды деген пікірмен келісу қиын. Себебі, қазақ тілі мемлекеттік тіл деп тайға таңба басқандай көрсетілді. Енді оны іс жүзіне асыру халықтың өзіне байланысты. Заң қабылданды деп іс біттіге санасақ, немесе өз тілін ұмытқан, шала-шарпы білетін қазақтарымыз ана тілді үйренуге енжарлық танытса, онда өз тілін қадірлемеген халықтың тілін өзге жұрт та үйреніп жарытпас.

– Сіз қазақ тілінің қазіргі халі туралы жақсы айттыңыз. Алайда бұл тізімді мен мынадай фактілермен толықтырғым келеді. Біз қазір қазақтардың 40 проценттейі ғана ана тілін білмейді деп жүрміз. Меніңше, білетіндердің де жағдайы мәз емес. Қазақша сөйлеп жүргендердің өзі де көбіне орысша сөз араластырып немесе орысша ойлап қазақша аударма жасайтын сияқты. Яғни қазақша ойлау жүйесі, сөйлеу тәртібі бұзыла бастаған. Мысалға, көшеде жөн сұраған қазақтардың: «Айтып жіберіңізші: Ауэзова-Джамбулага қалай барады? – деген өтінішін орыс тіліндегі: «Скажите пожалуйста!..» деген қаратпа сөзден бастайтын орамның дәлме-дәл баламасы екендігі анық.

Айта берсек, мұндай мысалды жүздеп, мыңдап, келтіруге болады. Алайда бұл үшін жастарды кінәлауға, немесе бүкіл халыққа кінә тағуға болмас. Өйткені, Қазақстан территориясындағы бүкіл хабарлардың (теле-радио, газет-журнал, кино, кітап және т. б.) 5–6 проценті ғана таза қазақ тілінде келеді екен. Қалғаны – Бүкілодақтық және республикадағы орыс тіліндегі хабарлар. Белгілі журналист Камал Смайловтың «Қазақ әдебиеті» газетіндегі (6 октябрь 1989 ж.) мақаласына қарағанда, Алматы қаласының киоскілеріне күніне 100 мыңнан астам газет түседі, соның 20,5 мыңы қазақ газеттері; қазақ радиосы тәулігіне 19 сағат 30 минут хабар жүргізеді, соның ішінде қазақ тіліндегі хабарлардың мөлшері 4 сағат 30 минут қана; Астана тұрғындары тәулігіне 5 каналдан 36 сағат телевизор көреді, соның 6–8 сағаты ғана қазақша; бір жылда республика баспаларынан 1336 кітап шықса, соның ішінде қазақ тіліндегісі 612 екен. Бұған қазақ бала бақшалары мен мектептерінің, ана тілінде оқытатын училищелер мен институттардың, әсіресе оқулық кітаптардың саны тым аз екенін қосайық. Міне, дәл бұндай жағдайда ана тіліміздің қолдану аясын кеңітіп, толыққанды етуге көбірек күш жұмсамасақ болмайтын сияқты.

– Иә, «асфальттың ақылды балалары қазақша түс көре алмайды» деген сөздің жаны бар. Сондықтан бұл айтқандарың Қазақ ССР Министрлер Советінің «Қазақ ССР-інде қазақ тілін және басқа ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік программасын» әзірлеу барысында ескерілсе нұр үстіне нұр. Ал қазақша ойлау, сөйлеу тәртібінің сақталмауы жөнінде біздің институтта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады.

– Әбдуәли Туғанбайұлы, көптен күткен заң қабылданды. Енді соны тезірек іске асырудың қандай жолдары бар деп ойлайсыз?

– Тілдерді дамытудың шаралары Қазақ ССР Министрлер Советінің жаңағы айтқан программасында егжей-тегжейлі сөз болуға тиіс. Осы программаға байланысты Тіл туралы заңды іске асыруға көмекші бір қоғамдық ұйым болғаны жөн. Біздіңше, ол республикалық «Қазақ тілі» қоғамы болмақ. Қоғамның «Қазақ тілі» деген газеті болу керек. Онда тілдерді насихаттау жұмысы жүргізіліп, ғылыми ой-пікірлер айтылмақ. Қазірдің өзінде облыс, аудан, ауыл-селоларда қоғамның бастауыш ұйымдары ашылуда. Олар жергілікті жердегі ұлт бала бақшалары мен мектептердің, іс қағаздарының заң қағидаларына сәйкес жұмыс істеуін қадағалауда. Соларға қоғамдық жәрдемші, бақылаушы болуда. Және біз солар арқылы жер-жердегі тілдердің жағдайынан хабардар болып тұрамыз, әлеуметтік зерттеулер жүргіземіз. Қоғамның өзіндік құрылысында әртүрлі секторлар бар. Тіл мәдениетіне байланысты, жер-су, қала атауларына байланысты секторлар құрылған және этнолингвистикалық, терминологиялық, информация секторлары бар.

Сондай-ақ, қоғам тіл үйрету, оқыту методикаларын жасауға көмектеседі. Мәселен, Прибалтикада тіл үйренудің алты айлық жедел тәсілмен оқытатын курстары мен жедел төте аударма жасаудың курстары бар. Осы жағдайдың Қазақстанда да тезірек ашылуына қоғамдағы ғылыми қызметкерлер көмектесуге тиіс. Сауда қызметкерлеріне арнап, немесе медицина, транспорт саласы сияқты әртүрлі әлеуметтік топтарға арналған, әрі қалтаға салып жүретін шағын салалық сөздіктер шығару да алдағы күннің еншісінде. Мұндай кітапшаларды Эстониядағыдай кооперативтер арқылы тездетіп шығару үшін қоғамның қаржысы болу керек. Әзірше қоғамға Тіл білімі институты мен Ұйғыртану институты, Әдебиет және өнер институты, Жазушылар одағы мен Журналистер одағы, Халыққа білім беру жөніндегі комитет пен Мәдени қордың Қазақ бөлімшесі және т. т. қамқорлық жасауда. Алдағы уақытта қамқоршы-спонсорлардың саны арта түседі деген үміттеміз.

– Әңгімеңізге рақмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

«Арай», 1990. 4-5 б. (Сұхбаттасқан Ж.Қалыбаев)

Мемлекеттік тілдің жайын ойласақ

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы құзырындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Министрлер кеңесі жанындағы тіл комитеті, Бұқаралық ақпарат құралдары министрлігі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлесе отырып, үстіміздегі (1994ж.) қазан айында тіл мәдениетіне арналған ғылыми- практикалық мәслихат (конференция) өткізуді қолға алып отыр.

Көпшілікке белгілі, бүгінгі таңда қалың жұрттың назарын өзіне аударып отырған өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің өз мәртебесіне сай атқаруға тиісті әлеуметтік қызметін жандандырып, қолданыс аясын кеңейтуге байланысты қоғам тарапынан істелетін істер мен нақтылы шараларды айқындау болып саналады.

Мәселе өте күрделі әрі ауқымды: балабақшадағы бүлдіршіндерден бастап жоғары оқу орындарында мамандық алатын жастарға дейін қазақ тілінде тәрбиелеп, оқытып, білім беру, кеңсе-іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, ғылымды қазақ тілінде сөйлету, шаршы топ алдында ана тілінде дұрыс та таза, шешен сөйлеу – міне, осылардың барлығы кезек күттірмейтін тілдің өзекті мәселелері. Бұлардың бірі бәсеңдеу, бірі қарқынды түрде жүзеге асырылып жатқаны да белгілі. Алайда осыған қарап мемлекеттік тіліміз қоғам тіршілігінің барлық саласында бірден дұрыс қызмет атқарып жатыр деп айтуға болмайды. Өйткені, мәселе оның әйтеуір бір жұмсалуында емес, табиғи әсемдігі мен әуезділігін бұзбай, қалыптасып қалған заңдылығы мен әдеби (жазу, сөйлеу) нормаларының қатал сақталуында, ұлан-асыр сөз байлығының кең пайдаланылуында болып отыр. Қысқасы, қоғам, зиялы қауым алдында мемлекеттік тіліміздің беделін көтеріп, бүгінгі үрдіс пен биік талаптарға сай оның әлеуметтік мәнін арттырып, әдеби тіл нормаларының көпшілікке ортақ, қолайлы да сындарлы сипат алып, бірізділікпен жұмсалуына ат салысу міндеттері тұр.

Күн тәртібіндегі толғағы жеткен осы мәселелерді саралай келіп, алдағы мәслихатымыздың (конференциямыздың) тақырыбын «Тіл мәдениеті» деп атап, оның мақсат-міндеттерін осы тұрғыдан анықтауды мақұл көрдік.

Әрине, «Тіл мәдениеті» – ауқымды кең ұғым, алдымен, «мәдениет» деген сөздің өзі айтып тұрғандай, бұл, біріншіден, тілдің дұрыстығы, қолайлылығы, көркемдігі, жүйелілігі дегенді білдірсе, екіншіден, тілдің осы сипаттарымен жұмсалуын талап ету дегенді танытады. Бүгінде қазақ тілінің ағартушылық, қоғамдық, мәдени, рухани қызметі мен атқаратын жүгі арта түсуде. Бұл жүк оның көпшілікке түсінікті, баршаға ортақ және белгілі нормаларға бағынған сипатта жұмсалуын, яғни тіл мәдениетін талап етеді.

Бұл тұрғыдан келгенде, ең алдымен ана тіліміздің сөздік қазынасын дұрыспайдаланумәселесісөзболуғатиіс,өйткені,бұлбүгінгітандашешетін тұстары ұлғайған, әрқилы талас туғызып отырған мәселеге айналуда. Соның бірі – көркем әдебиетте және бұқаралық ақпарат құралдары тілінде әр сөзді орнымен дұрыс қолдану, әдеби тілде жергілікті сөздер мен көне, сирек, қарапайым сөздерді пайдаланудың бағыт-бағдарын, шама-шегін айқындау мәселесі. Қазақ көркем әдебиетінің сөз мәдениетіне арнап, Академияның тіл білімі, әдебиет пен өнер институттары Жазушылар одағымен бірлесе отырып, 1986 жылы ғылыми практикалық мәслихат өткізгені белгілі. Мұнда қазақ көркем прозасындағы әдеби тіл мен көркем тіл нормаларынан ауытқушылықтың, тілге деген жауапсыздықтың орын алып келе жатқандығы айқын мысалдармен көрсетіліп, ана тіліміздің жүйелі заңдылықтары мен әсемдігін сақтаудың бағыт-бағдары ұсынылған болатын. Сондықтан биылғы өтетін мәслихатта әңгіме арқауы негізінен бүгінгі баспасөз бен радио, теледидар тілі болғаны абзал.

• Тіл тәрбиесі бесіктен басталады

• Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру оның қолданылу аясын кеңейтуге байланысты

• Тіл мәдениеті тазалығымен жоғары

Келесі мәселе терминология саласына қатысты болмақ. Мұнда

терминдердің жасалу принциптерін айқындап, заман талабына, қоғамдық жаңа үрдіске байланысты дұрыс деп табылғанын берік ұстану, яғни термин жасауда төл сөздеріміз бен кірме сөздердің қатысын айқындау, олардың тұлғалануын реттеу: бөлек не бірге жазу, түбірін сақтап не кіріктіріп айту, кірме терминдердің қазақша айтылуы мен жазылуын сөз ету сияқты мәселелер мәслихат талқысына салынады.

Бүгінгі сауатты, мәдениетті қауымды алаңдатып отырған тағы бір келесі мәселе – емле жайы. Бұл да қашаннан пікір таласы арылмаған, ол талас қазіргі күнде күшейе түскен саланың бірі. Тегіс сауатты жазуды қалыптастыру – ұлттық мәдениеттің бір шарты болса, оның да әңгіме қозғайтын тұстары бар. Қазіргі графиканы – «орыс жазуын» пайдаланып отырған күндерімізде кейбір қалыптасқан нормаға айналған ережелерді бұзып, басқаша жазу (мысалы, ерін үндестігін сақтап, күлүн, өрүк, бүгүн, күмүс деп жазуды ұсынып жүргендер бар), кірме сөздерді тегіс қазақ тілінің дыбыс заңдарына сәйкес сындырып айтып, сол айтылған күйінше таңбалау, т.т сияқты мәселелер.

Емле мәселесін сөз еткенде бұл күндерде жазу (графика) жайы көкейімізде тұратын анық, яғни кириллицаны тастап, латын жазуына көшуге бет алған екенбіз, қалған уақытта қазіргі емлені сөз етудің қанша қажеті бар деушілер де табылады. Алдымен, егер жазудың жаңа түріне көшетін болсақ, оның емле ережелерін де бірден дұрыс, сындарлы етіп ұсынудың негізі қазіргі еліміздің басты-басты қағидаларында жатқандығын ұмытпауымыз керек. Екіншіден, жаңа жазуға көшу бірер жылда бітетін, күрт орындалатын шара емес, ең азы 5-10 жылға кететін, ал жарты ғасырдан астамғы жазба дүниені қалың көпшіліктің оқып пайдалануы одан да көп жылдарға созылатынын ескертсек, әлі де біраз уақыт қазіргі еліміздің дұрыстығын діттеу – мәдениетті қоғамның талабынан шығады. Оның үстіне, қазіргі емле ережелерімізді түп-тамырымен өзгертпей, бірақ жөндеп-қырнайтын, бір ізге түсіретін тұстары бар болса, ол жөнінде де пікір алысып, ғылыми әрі практикалық негіздерін салмақтау қажет. Сірә, жазудағы дәл қазіргі бейберекеттілікті, яғни әр редакция, әр автор, әр баспаның төл немесе кірме сөздерді өзінше өзгертіп жазып жатқан «еркіндігі» мен сынақтарды (экспериментті) құптау қиын, өйткені, тіл мен жазу дегендер – миллиондардың «мүлкі», ол мүліктің «сынған, сындырылған» тұстарынан зиян шегетін әлеумет топтары аз болмайды. Мысалы, мектепте үйретілетін емле ережелері мен олардың баспасөз беттеріндегі бұзылған сәттерін көретін мектеп оқушылары мен мұғалімдерінің халі қандай болмақ?

Егер кейбір сөздердің жазылуына немесе бір-екі ережеге қайткенде де өзгеріс енгізу қажет болса, ол күнде бұл өзгерісті уәжімен дәлелдеп, ғылыми-практикалық орындар болып келісіп, жүзеге асыру керек және ол өзгерісті ресми түрде көпшілікке міндетті етіп ұсыну қажет. Сірә, мұндай ресми міндеттілік бізге әлі де керек болар. Кезінде емле ережелеріміздің өкімет тарапынан Жоғарғы Кеңес президиумының жарлығымен бекітіліп, заңдастырылыуы тегін болмаған болар. Бұл әрекет жазу ісінде жүйелілікті, баршаға ортақтықты қамтамасыз ететін пәрменді шаралардың бірі болғанын айта аламыз.

Мәслихатта пікір алысатын келесі мәселе – сөзді дұрыс айту (дыбыстау) жайы болмақ. Бұл – тіл мәдениетінің бүгінгі танда әбден қиюы қашып бара жатқан саласы. Ана тіліміздің ғасырлар бойы қалыптасқан дыбыс заңдылықтары, дыбыс үндесулері әр алуан себептермен бұзылып бара жатқаны айтылып та, жазылып та, көрсетіліпте келеді. Бұл жерде әңгіме кірме сөздердің қазақша қалай дыбысталуы жайында ғана емес, қазақтың төл сөздерінің сөйлеу барысында дұрыс айтылу сазы туралы да болуға тиіс.

Адам тіл мәдениетін, тіл заңдылықтарын оқу-тәрбие арқылы, негізінен саналы түрде үйренеді, яғни әдеби тілдің қалыптасқан нормаларын, әсіресе, ана тілінің дұрыс жазу және сөзді дұрыс дыбыстау қағидаларын оқытып-үйрететін және ана тілінің сөздік байлығы мен көркемдік әлемінің жүйелік түрде танытатын орны – мектеп болатындықтан, оқушылардың тіл мәдениеті де мәслихат көздейтін мақсаттардың бірі деп саналмақ.

Тіл мәдениетін насихаттайтын, тіл нормаларын көрсететін, тұрақтандыратың пәрменді құралдардың бастысы- жазба дүниелердің, оның ішінде баспасөздің орны ерекше.

Газет-журналдардың тілі – үлгі тұтатын қалып, үйрететін ұстаз деуге болады, өйткені, бұл күнде газет-журнал, кітап оқымайтын адам кемде- кем. Публицистиканың сөз қолданысына қалың оқырман қауымының құлақтары үйреніп, жазу үлгілеріне көздері дағдыланып, солай сөйлеуге, солай жазуға бейім тұратындығын күнделікті өмір байқатып отыр. Баспасөздің сөз қолдану үрдісі мен емлесінің қалың көпшілікке тигізетін ықпалының күштілігі сондай, қалыптасқан заңды ереже-нормалар еленбей, баспа беттерінде кейбір сәтсіз қолданыстар мен қате жазулар дәстүрге айналып бара жатқаны да байқалады. Сондықтан мәслихат бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе баспасөз тілінің әдеби нормаларды сақтауы және олардан жөнсіз ауытқуы жайында кеңінен әңгіме қозғамақ.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесі оның шаршы топ алдында ауызша жұмсалуы қызметін де жандандыра бастады: жиын-жиналыстарды, әртүрлі аудиторияларда, өндіріс-шаруашылық ұжымдарының алдында ауызша сөз айту, жиын-жиналыстарда баяндамаларды қазақ тілінде жасау жарыссөздерде қазақша сөйлеу, көпшілікке арналған лекция-әңгімелер өткізу, радио мен теледидардан сөйлеу – осылардың баршасы ауызша сөйлеу мәдениетін көтеруді талап етеді. Шаршы топ алдында қазақ тілінде ауызша сөйлейтін адам ойын дәл, жатық әрі әдемі, әсерлі етіп еркін жеткізе алатын болуы керек, ал бірақ бұл – сан жылдармен берілмеген, өз алдына жеке мәслихат жиындардың әңгіме өзегі болмаған, арнайы құралдары жазылмаған, ғылымда да көп зерттелмеген, пән ретінде оқылмайтын, қысқасы, қалтарыста қалып келе жатқан сала. Демек, ауызша сөйлеу мәдениеті өткізілетін мәслихаттың назарында тұрмақшы.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі күшін танытатын шараның бірі оның ресми іс-қағаздарында, күнделікті тұрмыс қажеттілігінде қолданылуы болып отыр. Бұл – кейінгі 60-70 жыл бойы күнделікті қоғам тіршілігінде орын ала алмаған сала. Демек, жұмыс енді басталып келеді, мұндай да норма, қалып-тәртіп, жүйелілік – қысқасы тіл мәдениеті болу керек. Жазу сауаттылығымыздың тағы бір мәселесі – тыныс белгілерін дұрыс қоюға да байланысты. Мәслихат бұл мұратты да көздейді.

Сөйтіп, әлеуметтік қару ретінде тілдің, сөздің қуаты бүгінгі тіршілігімізде орасан артып отыр және әрі қарай да күшейе бермекші. Ол үшін осы қарудың замана талабына сай болуын насихаттау бүгінгі таңдағы өзекті шараларымыздың бірі деп танимыз. Тіл мәдениетіне ұлттық мәдениетіміздің бір саласы ретінде қарап, оны қастерлеп, дұрыстығы мен ортақтығын бекіте түсуге атсалысу – әлеуметтік ой пікіріміздің де, оқу-ағарту ісіміз бен ғылымымыздың да, бұқаралық ақпарат құралдары мен бүкіл жазба дүниеміздің де үлесіне тиетін парызы мен қам-қарекеті, сондай-ақ бұл әрбір азаматтың, жеткіншек жас ұланды тілеуге баулитын әрбір ата ана мен тәрбиешінің, мектеп мұғалімі мен институт ұстаздарының ізгі міндеті болу қажет.

Сондықтан да мәслихатқа дайындық ретінде баспа бетінде кеңінен пікір алысуға барша жұртты шақырамыз.



«Егемен Қазақстан», 1994. 17 маусым. ( Р. Сыздықовамен бірге)

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет