Тақырып: Бастауыш сыныптардағы қазақ тілі, ана тілі оқулықтарына талдау. Тіл сабақтары бойынша бір пәнділік, әр пәнділік жүйе бойынша құрылған сабақтар Жоспар



бет1/4
Дата29.12.2023
өлшемі35,35 Kb.
#144737
түріОқулық
  1   2   3   4

Тақырып: Бастауыш сыныптардағы қазақ тілі, ана тілі оқулықтарына талдау.
Тіл сабақтары бойынша бір пәнділік, әр пәнділік жүйе бойынша құрылған сабақтар

Жоспар:

  1. Бастауыш сыныптардағы қазақ тілі, ана тілі оқулықтарына талдау.

  2. Тіл сабақтары бойынша бір пәнділік, әр пәнділік жүйе бойынша құрылған сабақтар

1. «Қазақ тілі» – бастауыш мектептегі негізгі де маңызды пән. «Қазақ тілі» пәні арқылы оқушылар қоршаған ортаны таниды, ұлттық мәдениетті, моральды, дүниетанымды сезіне бастайды, сөйлеуге дағдыландыруда оқушының өзіндік ерекшелігі айқындала түседі. Бұған қоса тілді оқып-үйрену барысында оқушылар алғашқы тілдік мағлұматтарды меңгереді, олардың ақыл-ойы, сөйлеу дағдылары жетіледі.
Пәнді оқытудың мақсаты – оқу және жазу дағдыларын қалыптастасқан, алғашқы тілдік мағлұматтарды, сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін меңгерген, алған тілдік білімдерін өмір жағдайларында қолдана білетін жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуына мүмкіндік жасау.
Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқытуда жаттығулардың алатын орны ерекше. Қазіргі талапқа орай тілдік-грамматикалық жаттығулар, ойын жаттығулары, сөйлеу жаттығулары, рефлексиялық жаттығулар орындатылады.
Ойын жаттығулары оқушылардың оқу-танымдық қызметін ойын (пәндік, пәнаралық, сюжеттік, рөлдік ойындар) арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Білім алушының өзін көрсетуіне, жолдасының пікірін ескеруіне, қарым-қатынас жасауына, стандартты емес жағдайда өз білімін қолдана білуіне ықпал етеді. Ойын және сөйлеу жаттығулары арқылы қатысымдық және ақпараттық дағдыларды қалыптастыру міндеті шешіледі. Сонымен бірге мақсат қою, технологияларды қолдану, іс-әрекеттің нәтижесін бағалау аспектілерін сабақта жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Тірек сызбалардың проблемаларды шешу дағдыларын қалыптастыруда үлкен рөлі бар. Өйткені мұндай сызбалар арқылы тілдік категориялардың ұқсастығын, айырмашылығын, өзіндік ерекшеліктерін салыстырып көрсетуге болады. Сызбаларда көбінесе дерексіз байланыстар мен қатынастар көрсетіледі. Мәселен, тірек сызба бойынша сөйлем құратуға, сөйлемдегі сөздердің байланысын көрсетуге болады. Сонымен қатар тірек сызбалар дербестікті дамыту үшін де қолданылады.
Бастауыш мектепте оқу пәні мазмұнын іріктеуді реттейтін дидактикалық негіздер бойынша оқытылатын тілдік материалдар мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне орай ғылымилық, сабақтастық, жүйелілік, түсініктілік дидактикалық ұстанымдары негізінде сұрыпталды. Бағдарлама құруда басты ұстаным ретінде коммуникативтік ұстаным алынды. Бұл ұстаным тілдің сөйлеу және таным құралы екенін терең ұғынуға мүмкіндік береді.
Қазақ тілі оқу пәнінің мазмұнын түзу мен іріктеудің басты функционалдық және коммуникативтік ұстанымдары пәндік құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталады. Ал қолжетерлік ұстаным оқу мазмұнын сызықтық-концентрлік жүйемен орналастыру арқылы жүзеге асырылады. Материалды концентрлі оқыту тілдік ақпаратты сыныптан сыныпқа (2,3,4) өткен сайын біртіндеп күрделендіре түсуге мүмкіндік береді.
«Қазақ тілі» пәні оқулығы мына бөлімдерден тұрады: «Тіл және сөйлеу», «Дыбыс және әріп», «Мәтін», «Сөйлем», «Сөз және оның мағынасы», «Сөз құрамы», «Сөз таптары». Тілдік саладағы барлық тоғыз сөз таптары мен олардың белгілері таныстырылады.
Оқулық мазмұнына сәйкес күнпарақтық – тақырыптық жоспар жасалады. Қазақ тілі 4 сынып авторлары: Ж.Қ.Балтабаева, М.Қ.Солтанғазина, Ф.С.Лекерова (Алматыкітап баспасы 2011). Ана тілі 4 сынып оқулығының авторлары: З.Мүфтибекова,П.Қ.Жаманқұл (Алматыкітап 2011)
«Әдебиеттік оқу» пәні-бастауыш сынып оқушыларының ауызша және жазбаша тілін дамытуды , яғни сөздік қорын байытуды,байланыстыра және грамматикалық тұрғыдан жүйелі сөйлеуге үйретуді , сөйлеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді.Ұлттық тәрбие ,рухани-мәдени құндылықтар, ана тілі және қазақ халқының салт-дәстүрлері негізінде сусындаған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді. Адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын ашуға, адамгершілікке тәрбиелеуге, тілі мен қиялын дамытуға мүмкіндік береді.
Әдебиеттік оқу пәнін оқытудың жалпы мақсаты – дұрыс, мәнерлеп және шапшаң оқуды меңгерту, көркем-шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту. Оқушылардың әдеби сауатын ашу негізінде рухани байыту, оқушыны көркем шығарманың мазмұнын түсінуге жетелеу, оқу дағдыларын және оқырмандық біліктілігін қалыптастыру, әдеби-эстетикалық талғамын жетілдіре отырып, ізгілікті-елжанды дара тұлға төрбиелеу.
Оқу материалдары төмендегі тараулар бойынша топтастырылады:
1)талаптан да, білім мен өнер үйрен (16 сағ.);
2)маужырап барқыт қоңыр күз (10 сағ.);
3)туған елім,туған жерім (15 сағ.);
4)ата-бабам тарихы-менің тарихым (15 сағ.);
5)туған жерге қыс келді (10 сағ.);
6)жақсыдан үйрен (15 сағ.);
7)масатыдай құлпырар жердің жүзі (10 сағ.);
8)табиғат-менің өз үйім (15 сағ.);
9)жаздыгүні шілде болғанда (12 сағ.);
10)сарқылмас қазына (18 сағ.).
Әр бөлімге бөлінген сағаттар санында ауызша және жазбаша тіл дамыту,қайталау сабақтары қоса есептеледі.
Қазіргі кезде барлық ақпарат құралдарында адамгершілік құндылықтар азайып, қатігездік белең алып отырғаны жаппай жазылып та, айтылып жатқаны белгілі. Әсіресе сондай жат қылықтардың бірегейі - қазақ отбасындағы балалардың ата-анасына деген мейірімділігі азайып, қарттар үйіндегі қазақ аталары мен апаларының санының артуы - дұрыс шешімін табуы тиісті әлеуметтік маңызды мәселе. Осындай күрделі істе оқулықтың, соның ішінде көркем сөздің құдіретін пайдалануға мүмкіндік беретін «Әдебиеттік оқу» пәніндегі көркем шығармалардың мәні өте күшті тәрбие құралы екендігін ескерілген. «Адам болам десеңіз» жалпы бөлімнен басқа жастайынан балалардың бойына ата-анасына, үлкендерге мейірімділік, қамқорлық көрсету мақсатында арнайы «Қадірлі әкелерім, мейірімді аналарым» атты бөлім қосылды.
«Әдебиеттік оқу» оқу пәні материалдарын сұрыптауда монографиялық ұстаным басшылыққа алынады. Бұл ұстанымның талабы бойынша Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбаевтың, Ш.Құдайбердіұлының, С.Көбеевтің, С.Торайғыровтың, С.Дөнентаевтың, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының, М.Жұмабайұлының, Ж.Аймауытұлының, С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің, Б.Майлиннің, М.Әуезовтің т.б. классик ақын-жазушылардың балаларға арналған шығармалары әр сыныпта қайталанып отырады. Оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай олардың әр түрлі жанрда, әр түрлі тақырыпта жазған шығармаларын оқуға, өз бетімен оқулықпен жұмыс жасауға мүмкіндік алады.
2-3-сынып оқулығында маусымдық-тақырыптық ұстаным басшылыққа алынатыны себепті. Маусымдық материалдардың дер кезінде оқылуы, мәтіндегі оқиғалардың оқушының көз алдында өтіп жатуы тиістігі ескеріліп, оқу күз айында басталатынына орай «Білім керек бәріне», қыс мезгілінің материалдары «Қыста талай қызық бар», көктем, жаз айлары келбеттері «Туған өлке табиғатын қастерлейік» деген атаулармен берілді.
«Әдебиеттік оқу» пәні 4-сыныпта оқушыны жоғарғы сыныптардағы «Әдебиеттің» жүйелі курсын меңгеруге дайындауға, әдеби сауаттандыруға, сөз өнері құралдары арқылы мәдени дамытуға баса көңіл бөлінеді. Бұл материалдарды оқытуда 4-сыныпта жанрлық-хронологиялық ұстаным басшылыққа алынып, қазақ балалар әдебиеті тұтас бітімінің қысқа нұсқасы ұсынылады.
Оқулықты жасау барысында Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары (жалпы бастауыш білім), оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдар, зерттеу еңбектері қолданылды.
2.Қоғамымызда болып жатқан саяси және әлеуметтік өзгерістер білім берудің негізгі сатысы ретінде бастауыш мектепке аса зор мән беріп отыр. Өйткені, бастауыш оқытудың негізгі көздейтін мақсаты - оқушыларды үздіксіз білім берудің мемлекеттік жүйесінің талаптарына сай жоғарғы сыныптарда ғылым негіздерін терең игеруге дайындығын мүмкіндігінше көтере түсу. Осыған орай, бастауыш мектептегі білім мазмұнын жетілдіре түсудің басты бағыттары айқындала түсуде. Сол бағыттардың бірі бастауыш буында орындалатын әр түрлі ғылым негіздерінің арасындағы үйлесімді жолдарын анықтауға келіп саяды. «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұны тұжырымдамасында» осы мәселеге, яғни «бір пәннен алған білім, білік, дағдыны екінші пәнді оқытуға тірек ету» керектігіне ерекше мән берілген.
1970-1980 жылдары шағын жинақты бастауыш сыныптағы оқыту әдістемесін зерттеуге белсене кіріскен ғалымдарымыздың бірі – Б.Құлмағанбетова. Ол мақалаларында мұғалімге көмек ретінде әдістемелік нұсқаулар беруді мақсат ете отырып, қазақ тілі сабақтарында өздігінен орындалатын жұмыстардың түрлері мен оны ұйымдастыру жолдарын көрсетуге баса мән береді.
1980 жылы Ш.Әуелбаевтың «Қазақ тілі сабақтарының мазмұны мен жоспарлау үлгілері» атты еңбегі жарыққа шықты. Автордың бұл еңбегі шағын жинақты бастауыш сынып мұғалімдері үшін қиындық келтіріп отырған қазақ тілі сабақтарының мазмұнын анықтау мәселесін шешуге байланысты жасалған алғашқы әрекет болып есептеледі. Өйткені бағдарламада үлкен тақырыптарға арналған сағат сандары ғана көрсетіледі де, әрбір жеке сабақтың мазмұнын белгілеу үлкен қиындық туғызады. Сондықтан бұл құралда қазақ тілі сабағының мазмұны мен көлемі анықталып, оның толық жоспарлау үлгілері берілген.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет