8.2 Азаматтық істерді сот талқылауына дайындаудың мерзімдері
ҚР АПК 164 бабына сәйкес істі сот талқылауына дайындаудың мерзімдері қарастырылған. Азаматтық істерді сот талқылауына дайындау, егер осы Кодексте және басқа да заңдарда өзгеше белгіленбесе, талап қою арызы соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.
Алименттерді өндіріп алу туралы, денсаулықтың бұзылуынан келтірілген зиянды өтеу туралы, сондай-ақ асыраушысынан айрылуына байланысты істерден басқа айрықша қиын істер бойынша ерекше жағдайларда және еңбек қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша істі сот талқылауына дайындау үшін ұсынылған мерзім өткеннен кейін бұл мерзім судьяның ұйғарымы бойынша қосымша бір айға ұзартылуы мүмкін.
Істі сот талқылауына дайындау мерзімін ұзарту туралы ұйғарым шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
8.3 Азаматтық істерді сот талқылауына дайындаудың тәртібімен жүзеге асырылатын процессуалдық әрекеттер
ҚР АПК 165 бабына сәйкес судьяның істі сот талқылауына дайындау жөніндегі әрекеттері айқындалған. Істің мән-жайларын ескере отырып, істі сот талқылауына дайындау тәртібімен судья мынадай әрекеттерді жасайды:
1) дәлелдерді негіздейтін дәлелдемелерді қоса тіркеп, талап қоюшы мәлімдеген талаптарға жазбаша пікірді сот белгілеген мерзімде ұсынуды жауапкерге міндеттейді;
2) егер жауапкер немесе іске қатысатын басқа да тұлғалар сотқа талап қою арызына қоса берілген құжаттарды алмағандығы туралы мәлімдеген жағдайда, сот олармен сотта таныстыруды қамтамасыз етеді, ал осы адамдардың тапсыру туралы өтінішхаты болған жағдайда талап қоюшыны көрсетілген құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндеттейді;
3) тараптарға олардың процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, ұсынылған процестік құжаттар және тараптар өзара даулайтын мән-жайлар бойынша түсіндірмелер беруді ұсынады;
4) тараптарға дәлелдемелерді сот белгілеген мерзімде уақтылы ұсынбаудың және процесті негізсіз созудың осы Кодексте белгіленген құқықтық салдарын түсіндіреді;
5) тараптарға дауды татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен шешу не дауды шешу үшін төрелікке жүгіну құқығын және олардың құқықтық салдарын түсіндіреді;
6) кәмелетке толмаған талап қоюшының немесе жауапкердің заңды өкілдеріне олардың істі соттылығы бойынша баланың тұрғылықты (тұрған) жері бойынша аудандық және оған теңестірілген сотқа беру туралы өтінішхатпен жүгіну құқығын түсіндіреді;
7) іске қатысатын адамдардың құрамы туралы, оның ішінде үшінші тұлғалардың іске кіруі туралы мәселені шешеді, сондай-ақ тиісті емес жауапкерді алмастыру туралы мәселені шешеді;
8) осы іс бойынша сот талқылауының аяқталуына мүдделі адамдарды сотқа талап қою арызының келіп түскені туралы хабардар етеді;
9) тараптың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сараптама тағайындайды, сондай-ақ іске қатысуға маманды, аудармашыны тарту туралы мәселені шешеді;
10) куәларды сот отырысына шақыру туралы мәселені шешеді;
11) өтінішхат бойынша тараптар азаматтарды және заңды тұлғаларды істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар дәлелдемелерді ұсынуға міндеттейді, осы Кодекстің 73-бабының жетінші бөлігінде белгіленген құқықтық салдарды түсіндіреді;
12) кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, іске қатысатын адамдарға хабарлай отырып, жазбаша және заттай дәлелдемелерді сол жерде тексеріп қарайды;
13) сот тапсырмаларын жібереді;
14) талап қоюшының арызы бойынша ол берген талап қою арызын қайтару туралы ұйғарым шығарады;
15) егер тараптар арасында сотқа дейін реттеу тәртібімен партисипативтік рәсім жүргізілген жағдайда тарапты оны жүргізу барысында алынған құжаттарды және дәлелдемелерді ұсынуға міндеттейді; талап қоюшыдан ол мәлімдеген талаптардың мәні бойынша жауап алады, одан ол даулап отырған фактілерді, жауапкер тарапынан ықтимал қарсылықтардыанықтайды, егер бұл қажет болса, қосымша дәлелдемелер беруді ұсынады, тараптарға олардың процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
16) істі дұрыс әрі уақтылы қарау және шешу үшін өзге де қажетті процестік әрекеттерді жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |