Юнус Емре мен Мағжан Жұмабаев өлеңдеріндегі герменевтика сабақтастығы (Менің І Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумында (Нийде (Түркия) университеті, 20 наурыз, 2014 ж.) оқыған баяндамамнан үзінді)
Қазіргі кездерде жиі қолданылып жүрген герменевтика терминінің негізгі мәні әдебиет мен өнердегі құпия белгілер, сырлы түсініктерді мәтіндерге сүйене отырып түсіндіру екені белгілі. Ал түркі әдебиетінің өзге халықтардың әдебиетіне ұқсай бермейтін ерекшелігі де ондағы сыр түйіндерінің айрықша молдығында еді. Түркі әдебиетінің тарихына зер салғанда, ұлы даналарымыздың барлығы да терең сырға тұнған өсиеттерін маржан сөзбен өрнектеп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырып отырған. Солардың бірі түркі әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар түрік халқының ұлы ақыны Юнус Емре де өзінің «әр өлеңі терең сыр» екенін ұқтырып кетеді. Жалпы, ХІІІ ғасырдың ортасы мен ХІV ғасырдың басында ғұмыр кешкен Юнус Емре мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев өлеңдеріндегі сырлы сөздерге назар аударғанда, өмір сүру кезеңінің арасында алты ғасырдан аса айырмашылығы болса да, екі ақынның өзара рухани үндестігі герменевтика сабақтастығымен ұласып жатады.
Сыршыл ақындардың ұқсастығы алдымен олардың өздерін бірде сорлы
қып, бірде ақындық «мені» шарықтап, өздерінен асқан күшті жан жоқтай таныстыруында... Ал ақындық «меніне» келсек, «Періште бірде боламын» деп басталатын өлеңінде періште де, күннің тағына отырып көкті бағындырған билеуші де, он сегіз мың ғаламның патшасы да болған Юнус Емрені көреміз. 84 жолдан тұратын осы өлеңінде өзін қоршаған барлық құбылыстарға теңей отырып, ақындық тұлғаны ерекше сомдайды. Ол, тіпті, «Басы, соңы дүниенің Құдайдың өзі боламын» деп өлеңін түйіндеу арқылы ақындық «менін» асқақтата түседі. «Қағбаның қара тасы – мен» деп басталатын өлеңінде Юнус Емре:
Жер мен көктің тірегі,
Мұхит та – мен, теңіз – мен.
Көпке мәшһүр Юнуспін,
Барлығына негіз – мен, –
деп жырласа, қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен кім?» өлеңінде өзін арыстан мен жолбарысқа, бірде көктегі Күнге, бірде көктегі бұлт пен жердегі ерке желге, бірде шалқып, тасатын шеті жоқ қаракөк теңізге, бірде патша, қазы, биге, бірде жалын мен тұлпарға, сондай-ақ «От» өлеңінде де от пен жалынға, күнге балайды. Сөйтіп, түркі халқының екі ақыны да өздерінің кім екендігін осылайша бар әлемге паш етеді. Әсіресе, олардың өздерін құдайға теңестіруі жағынан ұқсастығы ойландырады. Мәселен, Юнус Емре «Басы, соңы дүниенің Құдайдың өзі боламын» десе, «Өзім – тәңірі, табынамын өзіме, Сөзім – құран, бағынамын сөзіме» дейді Мағжан. Осы айтқандарын әрі қарай дәлелдей түскендей Юнус Емре:
Әзірейіл деген кім екен?
Құртамын оны, құл етем!
Әзірейілді салып зынданға,
Бишаралардың бірі етем.
Жәбірейіл маған түк емес,
Секілді ол бір құр елес,
Жүз мың Жәбірейіл келсе де,
Келе алмас маған тізерлес,–
десе, М.Жұмабаев:
Мейірленсем – сегіз жұмақ қолымда,
Қаһарлансам – тамұқ даяр жолымда,–
деп бастапқы ойларын үдете түседі. Сөйтіп, бар әлемнің билеушісіне айналған ақындардың құдіреті сұмдық шарықтап, ақындық «мені» тым биіктей береді. Аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешкен Юнус Емренің де, бұлыңғыр қоғамда өмір сүрген Мағжан Жұмабаевтың да осылайша асқақтауы бәлкім заңдылық шығар. Өйткені ақындық «менінің» астарында терең сыр жатқандай. Мағжанның «мені» қазақтың «мені» еді. Отаршылдықтың езгісін көргісі келмей, еңсесін көтеру үшін өзін тәңірге балады. «Қаһарлансам – тамұқ даяр жолымда» деп дұшпанына сес көрсетіп, ақын осындай рухты өлең жазады. Оның үстіне өздерін тәңірге балап, өктем сөйлеген бұл ақындар тамырын тереңге жайып, төрткүл дүниені бағындырған ежелгі түркі халқының ұрпақтары емес пе?!
Түйіп айтқанда, түрік ақыны Юнус Емренің де, қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың да «әр өлеңі терең сыр». Ақындардың жұмбақ әлеміне бойлаған сайын ұлтының да ұлылығы асқақтай түседі.