Тынық мұхит – Жер шарындағы ең үлкен және өте терең мұхит. Көлемі – 180 млн км². Көлемінің үлкендігі жағынан қалған үш мұхитты қосқанда тең. Тынық мұхит Солтүстік және Оңтүстік Американың батыс жағлауларынан бастап Еуразияның шығыс бөлігіне және Аустралия мен Антарктидаға дейінгі аумақты алып жатыр. 1520 – 1521 жылдары Ф.Магеллан дүниежүзін айналу саяхаты кезінде осы мұхитты алғаш жүзіп өтті. Жүзу кезінде ешқандай дауылға ұшырамағандықтан, саяхатшылар оны «Тынық мұхит» деп атаған. Тынық мұхитта бүкіл дүниежүзілік мұхиттың ең терең жері (11 022 м) – Мариан шұңғымасы бар.
Атлант мұхиты. Көлемі жөнінде екінші орында. Ауданы – 93 млн км². Солтүстік және Оңтүстік Американың шығысынан бастап Еуразия мен Африканың батысына және Антарктидаға дейін барады. Оның солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ұзындығы Тынық мұхиттың ұзындығымен бірдей, бірақ ені едәуір тар. Атлант мұхитын ежелгі гректер Африканың солтүстік-батысындағы Атлас (Атлант) тауына байланысты атаған.Ол шығысында Еуропа мен Африканың, батысында Солтүстік және Оңтүстік Американың, оңтүстігінде Антарктиданың аралығында орналасқан. Мұхит солтүстіктен оңтүстікке қарай 15 мың км шамасында екі жарты шарға созыла орналасқан. Ені басқа бөліктеріне қарағанда экватор маңында 2830 км-ге дейін тарылады. Орташа тереңдігі – 3597 м. Мұхиттың түбі Орта Атлант суасты жотасымен бөлінген. Терең шұңғымалар арал доғаларын айнала орналасқан (ең терең жері Пуэрто-Рико шұңғымасы – 8742 м) олар бір-бірінен су астындағы үстірттермен, қыраттармен, жоталармен бөлінген.
Үнді мұхиты. Көлемі жағынан Тынық және Атлант мұхитынан кіші. Ауданы (75 млн км²) Оңтүстік жарты шардың едәуір бөлігін алып жатыр. Орташа тереңдігі – 3711 м, ең терең жері 7729 м (Зонд шұңғымасы). Үнді мұхиты төрт материкті жалғастырады.География ғалымы Үнді мұхиты жөнінде мәліметтерді Васко да Гаманың жүзген уақытынан (1497 – 1499 ж.ж) бері жинай бастаған. XVIII ғасырдың соңында ағылшынның теңізде жүзушісі Джеймс Кук бұл мұхиттың тереңдігін алғаш рет өлшеген.
Солтүстік Мұзды мұхит. Мұхиттардың ішіндегі көлемі ең кішісі. Ауданы – 14 млн км². Көп бөлігін жыл бойына мұз басып жатады. Солтүстік Америка және Еуразия жағалауларымен шектеседі. Басқа мұхиттарға қарағанда таяз.Мұхиттың ең терең жері Гренланд теңізінің солтүстігінде (5527 м). Жалпы орташа тереңдігі 1220 м. Солтүстік Мұзды мұхит солтүстік полюсті қоршай орналасқан.Мұхит бөліктері. Мұхит бөліктеріне теңіздер, шығанақтар, бұғаздар жатады. Теңіз – мұхиттың бір бөлігі, алайда суының қасиеті, ағыстары және ондағы тіршілік дүниесі жөнінен мұхиттан айырмашылығы болады. Теңізді мұхиттан түбектер, аралдар немесе су астындағы жоталар бөліп тұрады. Мысалы, Баренц теңізі Солтүстік Мұзды мұхиттың бөлігі, Балтық теңізі – Атлант мұхитының бөлігі, Беринг теңізі – Тынық мұхиттың бөлігі, ал Қызыл теңіз – Үнді мұхитының бөлігі.Материкке қатысты орналасуына қарай теңіздер ішкі және шеткі теңіздер болып бөлінеді. Материктердің шетінде мұхиттармен жалғасып орналасқан теңіздерді шеткі теңіздер деп атайды. Шеткі теңіздерге Баренц, Кар, Лаптевтер, Чукот, Охот, Шығыс Сібір және басқа теңіздер жатады.Материкке ішкері еніп жатқан, дүниежүзілік мұхиттармен шектеспейтін теңіздерді ішкі теңіздер деп атайды. Мысалы, Жерорта теңізінің барлық жағы құрлықпен қоршалған. Ішкі теңіздер қатарына Қара теңіз. Балтық теңізі, Мәрмәр, Азов, Қызыл және басқа да теңіздер жатады.