Абай Құнанбайұлы шығармашылығының басым көпшілігі адамгершілік қасиеттері мен жалпы адамзаттың жан-жақты даму үрдісі турасында. Солардың ішінде философиялық негізделген , гуманистік тұрғыдан зерттеленген тақырыптардың бірі : “толық адам концепциясы”. Абайтанушы М.Мырзахметұлы: “Бүкіл оқу орындарындағы тәлім-тәрбие беретін оқулықтар Абайдың “толық адам” ілімі негізінде қайта жазылуы тиісті. Бұл рухани қажеттілік”, – деген болатын. Қай заман, қай кезеңдерде болмасын адамзат жаратылысы және оның толыққанды адам болуының жолдары жайлы пікірлер аз болған жоқ. Адам мәселесі – әдебиетте, философияда, психологияда және басқа да салаларда толық шешімін таппаған іргелі тақырып. Жазушы, ғалым Мұхтар Омарханұлы айтқандай: “Абай адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қойған”. Сол себептен де, Абай толық адам тақырыбын қозғағанда , адамгершілік жайында айналып өтпеген. Кемел адам концепциясын зерттеу барысы Абайдың он жетінші қара сөзінен бастау алады десек болады. Абайдың бұл қарасөзі оның ғылым, ақыл, жүрек туралы өлеңдерімен мағыналас болып келеді [2]. “…Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын”, - дейді оларға ғалым. Демек, Абай жүректі, яғни адамның ішкі түйсік - сезімін, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бірақ ғылым бойынша да, Абайша да ең идеал нәрсе – осы үшеуінің бірлігі. “Осы үшеуі (ақыл, қайрат, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол”, - дейді.
Кемел адам жаратылысы туралы ой-пікірлер Абайға дейінгі Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Қ.А.Яссауи және Ж. Румидің шығармаларынан да орын алған болатын. Сайып келгенде, барлығына ортақ бір ілім мен тұжырымдама. Мәселен, Әл-Фарабидің “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары” трактатында “Жүрек— басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес”, - дейді [4].
Әл-Фараби түрік әлемінде өз танымының негізі ретінде жүрекке шешуші мән беруі - Абай негізін қалаған “толық адам” ілімінің төркінін білдіретін құнды дерек көзіне жатқызуға әбден болады. Осы ретте қазақ әдебиеті тарихында ізгілік идеясына сүйенген кемел адам туралы рухани мұралар желісінің бірегейлері деп мыналарды атасақ болады:
Толық адам - рухани жаңғырудың шыңы, адамның өзінің рухани болмысын тануы. Адам сатысы Алла Тағаланың жаратқандарын сүюге ұмтылып гуманизм, адамгершілік деңгейінде болса, ал толық адам Жаратқанның өзін сүюге ұмтылып, рухани жаңғырудың ең биік шыңына ұмтылады, көпшіліктен бөлектенуді, өзімен жеке болуды құп көреді. Бұл – таза рухани деңгей. Яғни, өмірді өзінің мақсатына жету құралы ретінде пайдаланады. Абай көзқарасындағы жәй ғана адамзат түсінігі мен толық (кемелденген) адамның болмысы әртүрлі сипатта. Бірінші айырмашылық, иман деңгейінде. “Адам” күнәлі істерден бойын аулақ салып жүрсе, ал “толық адам” оған қоса бұрынғы істердің күнәсін де жоюға ұмтылады. Осылай ол толық тазару жолына түседі. Толық адамның иманы берік әрі тұрақты бола түседі. Яғни, кемелдене отырып, тән құмарын жеңіп , рухани дүниесін жаңғыртады. Абай адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшеген. Өзінің қара сөздерінің бірінде былай жазған болатын: “Толық мұсылман болмай - толық адам болмайды”. Екінші айырмашылық, өзін-өзі тану және ғылым мен білім деңгейі. Толық адам – өзінің жан дүниесін танып, рухани түрде толысып өзгеруге әрекет жасайды. Ал ол үшін жоғары ой-өрістің қажет екендігі белгілі. Абай ілімі бойынша білімге құштарлық – жан құмары. Абайдағы толық адам туралы ойларының бастаулары қарасөздерінен басталып , өлең жолдарымен жалғасын тапқан. Толық адамның тұла бойын толтырар ізгі қасиеттер “Ғылым таппай мақтанба” өлеңінде айқын көрсетілген. Бұл өлеңінде көп нәрседен тікелей хабар беруі себепті М.Әуезов: “Абайдың, әсіресе, көп ой қорытпай айтқан мағыналы да програмдық бір өлеңі”, - деп ерекше мән бере бағалауында үлкен сыр жатыр. Осылайша Абай жастардың болашаққа деген айқындамасы ретінде талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахымды атап көрсеткен [2].
Ал, “Малға достың мұңы жоқ малдан басқа” өлеңіндегі мына бір шумақтар да адам бойындағы негізгі үш қасиеттің ерекшелігін нақты түрде жеткізе білген:
“Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боларсың елден бөлек”, - деп, ой тастай келе, ары қарай : “Үш – ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек”, - деп, толық адамның қасиеттерін санамалап береді . Бұл үш нәрсені бірге ұстай білу тек нәпсімен күресе білетін адамның ғана қолынан келеді. Сол кезде ғана, қарапайым адамзат жаратылысынан бөлек болып, толық адам деңгейіне көтеріледі[3].
Сонымен, толық адамның негізгі қасиеті – жан мен тәннің гармониясында өмір сүріп, өмірдің максималды ләззатін сезіне білетін жан. Бұл деңгейдегілер барлық жаратылысты тең дәрежеде көреді , сыйлайды. Бұл деңгейге көтерілгендер өздері де жұртқа сыйлы әрі білімі толысқан болып келеді. Сайып келгенде, адам мен толық адамның арасындағы айырмашылық та олардың ойлау, сөйлеу және іс-әрекетінің мақсатына байланысты. Абай үшін дүниенің басты құндылығы - адам, жәй ғана емес, рухани кемелденген толық адам. Абайдың арманындағы толық адамның сұлбасы дінмен ұштасып, білім-ғылыммен дамиды және жетіледі. Адамзат өркениетіндегі барлық игі қасиеттер: иман, ғылым, білім, тәрбие, әдеп, адамгершілік, қайраткерлік, азаматтық, жомарттық, әділеттік қасиеттерін бойында жинай білген адам - Абай ұсынған “толық адам” концепциясы. Осы ретте Қадыр Мырза Әлінің мына бір жолдары еріксіз ойға оралады екен:
“Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын”.