Соғыстан кейінгі жылдары жазба әдебиет те дамыды. Д. Әбілев, Ө. Сәрсенбаев, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, Ө. Шәріпов, Ә. Әбішев, Ғ. Мұстафин қазақ кеңес әдебиетінің танымал шеберлеріне айналды. Әдеби жанр түрі көп болғанымен, тақырыптарды таңдау аясы шектелді. Көркемөнер мен әдебиетті жаңғыртпақ болған өнер адамдарының шығармашылығына шек қойылды. 20-30-жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырап, таптық методологияға негізделген әдебиет социалистік құрылыстың тек жақсы жақтарын, халықтың социалистік жасампаз өмірін, халықтар достығын, жаңа қоғамдық қатынастарды бейнеледі.
Соғыстан кейінгі уақытта әдебиетшілер шығармашылығы қатаң идеологиялық бақылауға алынды. Соған қарамастан 40-жылдардың аяғы мен 50-жылдардың басы Қазақстан кеңестік әдебиетінің гүлденген кезі болды. 1947 жылы М. Әуезовтің «Абай» романының 2-томы басылып шықты, 1948 жылы, С. Мұқановтың «Сырдария», Ғ. Мұстафиннің «Миллионер», 1949 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романдары жарық көрді. 1949 жылы «Абай» романы үшін М. Әуезовке КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріліп, роман жазушыға дүниежүзілік даңқ әкелді. 50-жылдардың басында қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, Т. Жароков және т.б. шығармалары жарық көрді.
Достарыңызбен бөлісу: |