Байланысты: 1 аза стан аума ында ы тас асырына атысты археологиялы ескерт
14. Жетісу және Тянь-Шандағы үйсіндердің этносаяси құрылымдары. Ерте темір дәуірі заманында сақтардан соң Жетісу жерін үйсін тайпалары мекендеген. Олар Орталық Азия аумағындағы ертедегі алғашқы этникалық бірлестіктердің бірі болды. Қытай деректерінде «Усун-го» (Үйсін мемлекеті) деп аталады.
Үйсіндер Жетісу мен Тянь-Шаньда, Қытайдың солтүстік-батыс өлкесінде, Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай таулы бөктеріндегі далалы өңірлерде өз іздерін қалдырған. Бұлар қазақ халқының қалыптасуына негіз болған тайпалар қатарына жатады.
Үйсін атауы Қытай жазбаларында біздің заманымыздан бұрынғы екінші ғасырдан бастап кездеседі. Олар «ат жақты, аққұбаша, сары шашты» болып бейнеленеді.
Үйсіндердің шығыс шегі бір кездерде Қытайдың солтүстік-батысындағы Бесбалық ауданы арқылы батысында Шу және Талас өзендерінің бойымен өтіп, Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылып жатса керек. Ал солтүстікте шегара Балқаш көліне дейін жетті. Олардың ордасы Қызыл Аңғар (Чигучен не Чигу) қаласы Ыстықкөл мен Іле өзенінің оңтүстік жағалауы аралығында орналасты. Олардың басқа да көптеген қалалары, сауда орталықтары болған. Олар Шығыс Жетісу жеріндегі – Сүмбе, Лепсі, Батыс далалық аймақтарындағы – Суяб, Құлан, Ақтөбе және тағы басқа қалалар.
Үйсін мемлекетінің патшасын гуньмо деп атаған.
Біздің заманымыздан бұрынғы 53-інші жылы мемлекет екі бөлікке бөлінді: ұлы гуньмо және кіші гуньмо. Үлкен гуньмодан кейінгі мемлекеттік лауазым кіші гуньмо болды. Бұл бас уәзір еді. Одан кейінгі лауазым – тулы (дулы), бұл Қытай мемлекетіндегі үлкен уәзірмен дәрежелес болды. Мемлекет әскері оң және сол қанатқа бөлінді, оларды екі қолбасшы басқарды. Әскери қолбасшылардың көмекшілері «Дарту» атағын алып отырды. Елдің жоғарғы сотының қызметін оңқа билер, діни басшылықты абыздар жүргізді.
Үйсіндердің кейбір әскербасылары мен шенеуіктерінде және сарай жанындағы басқа да лауазымды адамдардың алтын және мыс мөрлері болған. Сол кездегі қалыптасқан тарихи ахуалға байланысты үйсіндердің көрші ғұндармен, Хан империясымен, қаңлылармен қарым-қатынасы өзгеріп отырды.
Біздің заманымыздан бұрынғы 138 жылы ғұндарға қарсы одақ құру жөнінде «Батыс өңірге» келген Қытай елшісі Чжан Цянь «Қазір үйсіндер күшті елге айналыпты, халқы 630 мың адам, әскері бір мың сегіз жүз сексен сегіз мың сегіз жүз жауынгерден құралған» деп жазады. Үйсін мемлекеті шығыс, батыс және орталық болып үшке бөлінген.
Қытай деректерінде «Шығысында ғұндармен, батыс жағында қаңлы елімен шектеседі. Жері ұлан-байтақ, кең әрі жазық, жауын-шашыны көп. Ауа-райы суық. Тауларында қалың қарағай өседі» деп суреттейді. Үйсіндердің малдарының құрамында жылқыдан басқа қой және сиыр, қос өркеш түйе, есек, ешкі де болған. Үйсіндер жануарлардың терісін илеп, аяқ киім, тері шалбар мен атәбзелдерін дайындаған.
Таптық қоғамда байлықты жылжымалы және жылжымайтын мүлік деп бөлуге болатыны мәлім. Олардың біріншісіне – мал, қол өнер бұйымдары, тұрғын үй тағы басқалар, ал екіншісіне – жер, жатқызылады. Жылжымалы мүлік ертерек жекеменшік түрлеріне айналды, өйткені ол айырбас жасауға мүмкіндік берді. Мұның өзі, әсіресе, көшпелі тайпаларда, соның ішінде Жетісудағы үйсіндердің белгілі бір топтарында мал түріндегі байлықтың жинақталып, мүлік теңсіздігінің дамуына себепші болды.
Үйсіндерде жекеменшіктің кеңінен тарауына байланысты бөлінбейтін байлық болып есептелетін жерді пайдалану ісінде де теңсіздік орын алды, тіпті оны мұрагерлік жолымен пайдалану да көрініс тапты. «Менің ата-бабаларымның сүйегі жатқан жер немесе менің қыстауым тұрған жер, менің жерім» деген белгілі қағида орын алды. Бұл көшпелі қоғамның бәріне тән жазылмаған заң – кімнің малы көп болса, іс жүзінде жердің де қожасы сол болуы керек деген қағида үйсіндердің де нақты әлеуметтік өмірін бейнелегенін көрсетеді. Мысалы, бай үйсіндердің төрт-бес мыңнан жылқысы болса (ал қыс кезінде бір жылқыны асырау үшін шамамен 8-10 гектар жайылым керек), мұншама жылқыны бағу үшін шамамен алғанда 30-50 мың гектар жайылым қажет екенін есептеп шығару қиын емес.
Сондықтан мұның өзі ежелгі үйсін қоғамында біздің заманымыздан бұрынғы І ғасырдан бастап малы көп байлардың шұрайлы жайылымдарды басып алу үрдісі басталғанын айтуға негіз бола алады.
Біздің заманымыздан бесінші ғасырға дейін Жетісуда өмір сүрген Үйсін мемлекетін аварлар (жужандар) құлатты.