Байланысты: 1 аза стан аума ында ы тас асырына атысты археологиялы ескерт
41.Қазақ хандығы кезіндегі билер институты. Қазақ халқының өмірінде билер институтының алар орны мен үлес-салмағы, маңыздылығы айрықша. Өйткені, оның – мемлекеттің саяси және әлеуметтік жағдайын тек әдеттегі құқықпен ғана емес, рухани-мәдени салт-дәстүр негізінде де ұштастыра әрі теңестіре отырып қамтамасыз етуші бірден-бір құрылым ретіндегі рөлі ерекше. Бұл құрылым ол кезде мемлекеттік басқару жүйесімен тығыз астасып жатты. Билер ел, жер, жесір дауын, мал-жан, кәсіп мәселесін түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, қарарсыз, ауызша жүзеге асырып, бітіріп отырған. «Би – әлеуметтік категория ретінде қазақ халқының тарихында ерте заманнан бері қолданылып келе жатыр... Әлеуметтік қатынастардың дамып шиеленісумен бірге, кейде билердің көпшілігі қанаушы таптардың уәкіліне айналған. Билердің әдет-заң нормаларын талқылауда, билік айтуда, ол биліктің орындалу әдістерін белгілеуде кең құқықтары болды. Билер соты Қазан төңкерісіне дейін қылмыстық және азаматтық істердің көпшілігін қарайтын ресми орган болып, құн, барымта, қалың мал, әмеңгерлік, көп әйел алу, т.б. патриархтық кертартпа қалдықтарды қорғап келеді» – деп билердің қоғамдағы рөлін әдейі төмендетіп көрсеткен.
Ел басқаруда билердің орны ханнан кем еместігін, тіпті ханның өзін «Билер кеңесі» сайлайтынынан сескенген Ресей империясы Қазақстанды отарлау барысында олардың рөлін шектеп, мүлдем жойып тынды. Ал, қарауындағы бодан елдің күшті хандықтардан тұруы, ондағы билердің кей жағдайда хандардан да беделдері асып тұратындығы Ресей империясының отарлау саясатын ойдағыдай жүзеге асыруына кедергі деп білді. Осы себептен билердің қызметін мүлдем жою көзделді. 1868 жылы қабылданған «Жаңа устав» қазақ даласында сұлтандық пен елді басқарудың ежелден келе жатқан дәстүрлі жүйесін жойды. Солай қазақ даласы ұсақ болыстарға бағынышты болды. Осындай ұсақталған болыстарды, бұрын көсемдігімен, шешендігімен халыққа танылғанда ғана өздігімен би атанатындарды енді халық сайлап, Ресей патшасының еркеше құқықты өкілдері заңдастырып бекітетін болды. Мұндай қадамға бару ғасырлар бойы мінсіз қызмет етіп, тарихтың, қоғамның қалыптасуына олардың бойындағы сан-алуан тума таланттарын біржолата жою еді. Өйткені, енді болыстыққа би – қазылыққа өзінің дара қасиеттерімен би атанғандар емес, пара беру арқылы, халықтың емес, қара басының құлқынын ойлайтын, Ресей патшасы өкілдерінің айтқанын істеп, айдағандармен жүретін дарынсыз, жетесіз мансапқорлар сайланды. Абайдың «Бас-басына би болған өңшең қиқым» деп қынжылуы осы кездің көрінісіне айқын куә. Арғы-бергі ауызша тараған немесе жинақталып қағазға түскен көне шежірелерімізге зер салсақ, бидің тек байлардың ғана арасынан емес, жоқ-жітікті кедейлер арасынан да талай шыққанын, «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» билер болғанын тарих растайды.
Би дегенге үш арысымыз – Төле, Қазыбек, Әйтеке жеткен заңғар биіктен қарағанымыз абзал. Енді халық даналықтарына сүйене отырып, билер бойындағы дара қасиеттерге қысқаша болса да жеке-жеке тоқталып, сараласақ. Иә, би-көпті көрген, яғни «көре-көре көсем болған», көкірек көзі қиядағыны шалатын, ойы орамды, көнені ғана біліп қоймай, болашақты да тап басып, байламды, бағаналы болжам жасай алатын, әрдайым халық көңілінен шығатын жан болуы шарт. Шешендік – көп халықтарда ертеден ұшырасатын қасиет. Тіпті, Ежелгі Рим империясы мен Грек, Мысыр елдеріндегі оқу орындарында шешендік өнер «Риторика» аталып, негізгі пәндердің бірі болып саналған. Ал, қазақ даласында билер біздегі секілді ешбір пәнді оқымай-ақ салиқалы ойдың түйінін дәл жеткізуге шебер болған. Даулы мәселені шешкен жерде кемі үш би қатысқан, бірі – айыптаушы (прокурор), екіншісі – ақтаушы (адвокат), үшіншісі –төбе би (судья). Қазақта, сондай-ақ жалпы түркі елдерінде би секілді қазы деген сөз жиі кезігеді. Қазы да билік айтушы, төрелік етуші болып саналады. Әйтсе де би мен қазы сөздерінің арасы жер мен көктей. Қазы бір өзі ғана даулы іспен жүгінушілерге шешім шығарып, төрелік айтады. Ал оның әділдігі мен әділетсіздігі көп жағдайда тең түсіп жатуы ықтимал. Ондай жағдайда даушылар қазыдан асып, билер алдына жүгінетін болған. Қазы өзінің дүниетаным, көзқарасына қарай дұрыс болсын, бұрыс болсын – төрелік айтушы ғана.
Халық арасында «би екеу болса, дау төртеу» деген астарлы сөз бар. Бұл арада даулы мәселені екі би емес, үш би шешсін дегені. Яғни, бұл әдіс сол кезеңдегі дала демократиясының таптырмас туындысы болып табылады. Би елші (дипломат) мәмілегер ретінде де тарихтан орын алған. Яғни, би тек ел ішіндегі даулы мәселені шешеді екен деп қарауымыз да жете бағамдамаушылық. Әрине, жеке адамдар, ру, тайпа, ұлыс аралығындағы кикілжіңді ел мен ел арасындағы даулы істермен қатар қоюға болмайды. Сол себепті де, соңғы мәселені шешу үшін жат жұртқа нағыз беделді билерді жіберіп реттеп отырған. Қазақтармен жауласып келген Жоңғар хандығына соғысты тоқтатып, тату көршілік қатынас орнату үшін кезінде Қазыбек би бастаған елші жіберілген. Сонда Қазбек бидің Жоңғар ханына елшілікке барғанда айтқаны: «Сен темір де мен көмір, Еріткелі келгемін. Екі еліктің баласын, Теліткелі келгемін. Егесетін ел шықса, Иілткелі келгемін. Тұтқыр сары желіммін, Жабысқалы келгемін. Жаңа үйреткен жас тұлпар Шабысқалы келгемін. Танымайтын жаттарға, Танысқалы келгемін. Қазақ-қалмақ баласы, Табысқалы келгемін. Табысуға келмесең, Тұрысатын жеріңді айт, Сен қабан да мен арыстан Алысқалы келгемін». Ел басшылары сол заманда билер арқылы барлық түйінделген мәселелерді мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешіп, бәтуаластыруды мұрат тұтқан. Билер саясатпен де айналысып, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп отырған.
Би – жекелеген адамдар, ру мен ру, тайпа мен тайпа арасындағы дау-жанжалды шешумен ғана шектелмегені баршаға мәлім. Олар ел мен ел арасындағы қоғамдық мәні зор саяси мәселелерді шешуде хан-сұлтандардың негізгі тірегі, кеңесшісі болған. Хан қаншама қаҺарлы болғанның өзінде «Билер кеңесінде» көпшілік дауыспен қабылданған шешімді жеке билікпен бұза алмаған. Әйгілі әз Жәнібек ханның жанында ел ішінің сыртқы саясатының барлық мәселелерін талқылап, баға беріп, жөн-жоралғы сілтейтін алпыс би болған екен дейді. Атақты Абылай ханның жанында үнемі кеңесші 8 би болғаны тарихтан белгілі. Ал, иісі қазақтың кемеңгер ханы әз Тәуке, бүгінде ежелгі гректердің заңгері Салон шығарған заңмен пара-пар делініп жүрген, «Жеті Жарғыны» жазғанда ошақтың үш аяғындай тең тұрған билеріміз – Төле, Қазыбек, Әйтекелердің ақыл-кеңесін басшылыққа алғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Күлтөбе, Мәртөбе бастарында өткен талай әйгілі кеңестерде ел бірлігі, ас-ауқаты, амандығы мен болашағы жайында келелі іске кеңес берген де осы билеріміз болатын. Ел ішінде би ой түйіп, сөз ұстап, әділ төрелік айтумен бірге, бүкіл бір халықтың болашақ ұрпағын тәрбиелеуде де теңдессіз қызмет атқарумен қадірменді саналған. Қалай болғанда да сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып, оның ел басқару жүйесінде айрықша қоғамдық маңыз атқарып келген билердің рөлін қайта жандандырсақ, ұлттық қадір-қасиеттерімізді сақтауға көмектесер еді. Осы қастерлі мұра, даналық, «қара қылды қақ жарар» әділдіктің адал оғы, сатылмаған қазақтың киелі ауызды билерінен шыққан сөздер бүгінгі таңда да қазақ қоғамына үлгі болуы қажет екендігіне ешкімнің таласы жоқ деген ойдамыз.