Байланысты: 1 аза стан аума ында ы тас асырына атысты археологиялы ескерт
82.Қазақстандағы индустрияландырудың ерекшеліктері. Қазақстан индустрияландыру кезеңінде 1925 жылы желтоқсанда БК(б)П XIV съезінде белгіленген Кеңес Одағын индустрияландыруды жүзеге асыру ісі Қазақстанда бірқатар қиындықтарға кездесті, олар негізінен қазақ елінің бодандық өткенімен және әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірде артта қалуымен байланысты. Бірінші дүниежүзілік соғыс әрекеттерінен, өнеркәсіп пен транспорт қатты зардап шеккен еді. Ірі өнеркәсіптің жалпы өнімі 1920 жылы 1913 жылмен салыстырғанда екі есе, ал өндіріс жабдықтарын өндіру 4,5 есе, мұнай өндіру 4 есе қысқарды, мыс және полиметалл кендерін шығару, мыс балқыту тоқтап қалды, көптеген кең орындары мен көмір шахталарын су басты немесе электр стансаларының қирауы, жабдықтардың бүлінуі т.б. себептерден жұмыстарын тоқтатты.
1920-1921 жылдары жекелеген кәсіпорындар ғана қалыпқа келтіріле бастады, ал тұтастай алғанда бұл үрдіс 1922 жылдың екінші жартысында ғана өрістеді. Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіруде 1923 жыл бетбұрыс кезеңіне айналды. Алдыңғы кезекте ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу кәсіпорындары қалпына келтірілді, оған 1922 жылы алынған егіс өнімділігі ықпал етті. Қостанай, Орал және Семей губернияларында, Павлодарда т.б. қалаларда ірі диірмендер іске қосылды, бұл ұн тарту өнеркәсібін жедел қалыптастыруға жағдай жасады. Солтүстік Қазақстанда май шайқау зауыттары жұмыс істей бастады, жаңадан 20 май зауыты салынды. Тамақ өнеркәсібінің басқа салаларында да ілгері басушылық байқалды, мәселен, 1923 жылғы тамызда ірі мөлшердегі күрделі қаржыны қажет етпейтін Илецк және Коряковск тұз шығару кәсіпшіліктері қайтадан жұмыс істей бастады.
Ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарын қалпына келтіру ісінде де кейбір игі қадамдар жасалды. Мұнай өнеркәсібі бәрінен жеделірек қатарға қосылды: Ембі және Доссор көсіпшіліктері 1925 жылдың өзінде 1913 жылғы деңгейден асып түсті. Өндірісті техникалық жағынан қайта құру ісі жүргізілді, мұнай өндіруге тереңнен соратын насостар қолданылды, кәсіпорындарды электрлендіру өріс алды, жабдықтар жаңартылды, кең барлаудың геофизикалық әдістері пайдаланылды. Полиграфиялық өнеркәсіп те біршама ілгері басып, соғысқа дейінгі деңтейге тез көтеріліп келе жатты, осының нәтижесінде қазақ және орыс тілдеріндегі газеттер басылымы көбейді.
Риддерде шахталарды, рудниктерді, байыту фабрикаларын, электр стансаларын, теміржолды, басқа да нысандарды қалпына келтіру жөнінде біршама жұмыстар атқарылды, алайда жабдықтар мен ақшалай қаржының жетіспеушілігінен бұл кәсіпорындар техникалық күзет жағдайына көшіріліп, 1925 жылы ғана Риддер кәсіпорындарын қалпына келтіру жұмыстары қайтадан қолға алынды. Қарағанды және Екібастұз көмір өндірістері, Спасск зауыты, Успен кең орны және басқа да тау-кен өндірісі орындары мен тау-кен зауыттарының кәсіпорындары тоқтап тұрды. 1925 жылдың аяғында ғана Қарсақбай мыс балқыту зауыты мен Байқоңыр — Қарсақбай-Жезқазған тар табанды теміржолын қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Қазақстандағы өнеркәсіп пен транспорты қалпына келтіру ісі еліміз индустрияландыруға көшіп жатқан кезде аяқталды. Сол кезге дейін өнеркәсіп пен транспорттағы мемлекеттік сектор едәуір нығайып, дами бастады. Мемлекет иелігіне алынған жеке меншік кәсіпорындар негізінде пайда болған бұл сектордың Қазақстандағы бүкіл өнеркәсіптегі үлес салмағы 64%-на, ал ірі өнеркәсіпте 97,2%-ға жетті. Барлық теміржол желілері, сондай-ақ кемешілік ісі, кеме айлақтарын т.с.с. қосқандағы ірі су жолдары мемлекет меншігінде болды. Жеке меншіктік секторды дамытуға және сауда еркіндігіне жол беретін жаңа экономикалық саясат жағдайында Қазақстанда басқадай экономикалық құрылым айтарлықтай дамымады.
Солай дегенмен де, бұл кенже қалған, революцияға дейінгі, отарлық деңгей болатын, ол Қазақстанның дамуына индустрияландыру жағдайында берік те дербес негіз бола алмас еді, ал жана экономикалық саясат жағдайында жұмыс істеген өнеркәсіп орындары мен теміржолдар техникалық жағынан артта қалушылық, өндірісте және азық-түлік пен шикізаттарды тасымалдау ісінің мейлінше ала-құлалығы, жол қатынастарының әлсіздігі, кейде заманға сай жол қатынастарының болмауы себептері нәтижесінде 20-жылдардың екінші жартысында — 30-жылдарда Мәскеудің, Ленинградтың, Донбастың, Оралдың, КСРО-ның басқа да дамыған аймақтарының кәсіпорындары сияқты жергілікті «индустрияландыру құралы» бола алмады. Оның үстіне ескі кәсіпорындар мен теміржолдарды техникалық жағынан жаңғырту немесе оларды жаңадан салу бағытындағы алғашқы қадамдарға жергілікті тұртындар арасында білікті жұмысшылардын болмауы, ақшалай қаржының, құрылыс материалдарының жетіспеушілігі т.б. тікелей кедергі болып отырды.