21.Қыпшақтардың саяси гегемониясының Қазақстан аумағына таралуы. Қыпшақ — қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған ежелгі тайпа, орта ғасырларда Орта Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі. Қыпшақтар ең әуелі Алтай, Саян тауларының баурайларын мекендеген. VII ғасырда олар Қазақстан жеріне Алтайдағы телэ тайпаларының құрамында қоныс аударып келген. VII-X ғасырларда Қазақстан аумағында қыпшақ этникалық қауымдастығының ұзаққа созылған қалыптасу процесі жүрді. Қазақстан жерінде қыпшақ этникалық қауымдасуын үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең, қыпшақтардың қимақ тайпалық одағында болуы: VII ғасырдың екінші жартысы – VIII ғасырдың соңына дейін. Екінші кезең: VIII ғасырдың аяғы – XI ғасырдың басы. Бұл кезде қыпшақтар Алтай және Ертістен Орал таулары мен Еділге дейін қоныс тепті. Қыпшақ тайпалық Одағына Мұғалжар жеріндегі құмандар және қимақ тайпалары кірді. Қыпшақтар Сырдария, Қаратау бойындағы қалаларды өздеріне бағындырды. XI ғасырдың орта кезінен бастап қыпшақтар қазіргі Волгадан (Еділден) батысқа қарай жылжыды, сөйтіп шығыс Еуропа елдерімен, орыс княздіктерімен, Византиямен, Венгриямен шектесті. Ұлан-байтақ қыпшақтар мекендеген жерлер "Дешті қыпшақ”, яғни қыпшақ даласы деп аталды. Ал қыпшақтардың өзі Батыс Еуропа деректерінде құмандар, орыс жылнамаларында половцылар деп көрсетілді.XI ғасырдың екінші жартысынан бастап 1219 жылға дейін қыпшақ тайпалық одағы дамуының үшінші кезеңі жүрді.
22.Түркілер өркениеті және Ұлы Жібек жолы. Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихына үңілсек, осынау тарихи жолдың жібек саудасына байланысты «Жібек жолы» атанғаны түсінікті. Ал «Ұлы» сөзінің оған қосылуы жолдың кең байтақ Шығыс пен Батыс өлкелерін байланыстыруында болды. Сондықтан бұл жол «Ұлы Жібек жолы» деп аталды.
Біздің заманымыздан бұрынғы екінші ғасырдың орта шенінде Жібек жолы елшіліктің және сауда-саттықтың тұрақты желісі ретінде қызмет атқара бастайды.
Ұлы Жібек жолының тарихи маңызын атап көрсетсек:
• мұсылмандық діни орындар (мешіт, шығыс моншалары, ғибадатханалар, мавзолейлер тағы басқа) салынды;
• жер жаһанның барлық территориясын белгілі бір дәрежеде қамтыды;
• әлемдік өркениеттер осы осы жол арқылы бір-бірімен ассимиляцияға түсе отырып, жаңа саяси-мәдени өркениеттердің қалыптасуына әсерін тигізді. Ұлы Жібек жолының басы Қытай жеріндегі Хуанхэ өзенінің аңғарындағы аймақтан басталады. Ол Ұлы Қытай қорғанының батыс шетінен өтіп, Іле мен Ыстықкөлге жетеді. Керуен жолдары алғаш рет император Удидің тапсыруымен батысқа саяхат жасайды, бұл жолмен дипломат Чзян-Цянь жүріп өтеді. Қытай елшісінің соңынан іле-шала жібек артқан керуендер батысқа қарай бет алады. Уақыт өткен сайын керуен жолдарының тармақтары жергілікті саяси-экономикалық жағдайларға байланысты жанданып немесе керісінше құлдырау кезеңдерін басынан кешіріп отырған. Алтыншы ғасырдың екінші жартысында Ұлы Жібек жолы Кореядан Қаратеңізге дейін созылып жатқан орасан зор, көшпелі империя Түркі қағанатының құрамына енеді. Алтыншы ғасырдың соңғы кезеңінде Ұлы Жібек жолының Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды қамтитын бөлігі өзгеше жанданып, осы аймақтағы қала мәдениетін өркендетуге көп көмегін тигізеді. Жетісуда ол бірқатар қалалық орталықтың тууына әсер етсе, Қазақстанның оңтүстігінде қалалардың тез көркеюіне себепші болады. Орта Азия арқылы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуға келген сауда жолы он төртінші ғасырға дейін Қытайға баратын теңіз жолы игеріліп, бұрынғы көне жолдың жұлдызы сөнгенге дейін жұмыс істейді.