25. Әмір Темірдің Алтын Ордаға жорығы. Әмір Темір Алтын Орданы басып алудан бұрын оның өзіне жақын жатқан бөлігі Ақ Орданы әлсіретуді көздейді. Ақ Орданың ханы Ұрұс Алтын Орданың астанасы Сарай қаласын басып алуға көмектеспегені үшін Жошы ұрпағы Түй Қожаны жазалайды. Ал оның баласы Тоқтамыс Ақ Ордадан Темірге қашып барады. Бұл жағдайды дер кезінде пайдаланған Темір Тоқтамысқа өскер беріп, Ақ Ордадағы билікті алуға аттандырады. Алайда Тоқтамыс Сауран түбіндегі 1374-1375 жылдардагы шайқаста жеңіліске ұшырайды. Темір Тоқтамысқа әскер беріп, Ақ Ордаға қайта аттандырады. Ұрұс ханның үлкен үлы Тоқтақиядан жеңіліп, Әмір Темірге қайта қашып келеді. 1375 жылдың басында Ұрұс ханнан Әмір Темірге Тоқтамысты қайтаруды талап еткен және өз әскерінің Түркістан жеріне таяп қалғанын ескерткен елші келеді. Әмір Темір бұған жауап ретінде Тоқтамысты үшінші рет қаруландырып, енді өзі бірге аттанады. 1376 жылы Ұрұс ханның дүние салуы, көп ұзамай оның үлкен ұлы Тоқтақияның қаза болуы Ақ Орданың жеңілуіне әкеліп соғады. Әмір Темірдің тапсырмасын жүзеге асырған Тоқтамыс өзін Ақ Орданың билеушісі деп жариялайды. 1380 жылдан бастап Тоқтамыс Алтын Орданың көптеген жерлерін - Сарайды, Қажы-Тарханды, Қырымды, Мамай Ордасын басып алады. Тоқтамыс енді Алтын Орда мен Ак Орданын бұрынғы қуатын қайта қалпына келтіруді ойлап, Әмір Темірге тәуелділіктен бас тартады. Тоқтамысты жазалау үшін Әмір Темір 1391 жылы 200 мын әскерімен оған қарсы жорыққа аттанады. Құндызша деген жерде Тоқтамыстың әскерін қуып жетіп, қирата жеңеді. Алайда ұрыс алаңынан Тоқтамыс хан қашып құтылады. Әмір Темір көп олжамен қайтады.Тоқтамыс 1393 жылдан бастап Алтын Орданы қайта қалпына келтіруге тырысып, өзініің билігін күшейте түседі. Әмір Темір 1395 жылы Тоқтамысқа қарсы тағы да жорыққа шығады. Бұл жолғы шайқас Кавказ тауының солтүстігіндегі Терек өзенінің жағасында өткен. Тоқтамыс күйрей жеңіліп, Темір әскерлері Еділ бойынан – Алтын Орданың астанасы Сарай-Беркеден бір-ақ шығады. Қаланың байлығын тонап, бала-шаға, ер-әйел демей, көптеген адамдарды құлдыққа айдап әкетеді. Еділ бойындағы басқа да көптеген қалалар тоналып, оларға өрт қойылды, Алтын Орда экономикасына ұзақ жылдар бойы оңалмастай нұқсан келтірілді.