26. Моғолстанның әлсіреуі және құлауы. Әмір Темір шабуылдары әбден титығына жеткен Моғол хандығы мүлде әлсірейді. Хандық бірнеше иеліктерге бөлініп, саяси жағынан бөлшектенеді. Қызыр-Қожа хан Темірге өзінің тәуелділігін мойындайды. Моғолстан Әмір Темір қаза болғаннан кейін (1405 жылы) ғана Қызыр-Қожаның мұрагері Мұхаммед ханның кезінде (1408-1416) тәуелсіздікке қол жеткізе бастайды. Моғол ханы Темір өлгеннен кейін оның әулетінің ішіндегі талас-тартысты пайдаланып қалады. Мұхаммед хан Темірдің немерелері Ахмед мырза мен Ұлықбектің арасындағы Ферғана үшін таласта ол өзінің әскер күшімен ахмед мырзаға көмектесіп, жеңіске жеткен еді. Осы кезден бастап Моғолстан өз тәуелсіздігін ала бастаған. Мұхаммед хан қаза болған соң, Моғол хандығының ішіндегі талас-тартыс қайта басталады. Бұл талас-тартысты Темірдің немересі Ұлықбек пайдаланып, өзін жақтаушы Қызыр-Қожаның немересі Шер-Мұхаммедтің хан болуын қолдайды. Оның хан тағына отыруына көмектескен Ұлықбек енді одан өзіне тәуелді болуын талап етеді. Бұған қарсы болған Моғол шонжарлары Қызыр-Қожаның екінші бір немересі Уәйісті хан тағына отырғызады. Бұған наразы болған Ұлықбек 1425 жылы Моғолстанға шапқыншылық жасап, халықты талан-таражға ұшыратып қайтады. Моғолстандағы жағдай 1428 жылы Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін де сол баяғы бытыраңқы күйінде қалады. Хандық билік үшін талас енді Уәйіс ханның балалары Жүніс пен есен-бұға арасында басталады. Таластың нәтижесінде дулат әмірлерінің қолдауымен есен-бұға 1433-1462 жылдары хан тағына отырады. Бірақ Жүніс хандық өкімет үшін таласын тоқтатпайды. Ол Темір әулеті әбу Саидтан көмек сұрайды. Тартыс 1462 жылы Есен-бұғаның қаза болуымен аяқталады. Ферғана жерінде – Жетікентте билік құрып отырған Жүніс дереу Моғолстанға оралып, өзін хан етіп жариялайды. Моғолстан хандығы Жүніс ханның немересі Абдар-рашид ханның кезінде ыдырай бастайды. Оның Жетісу аймағы Қазақ хандығының құрамына енеді.
27.Әбілқайыр хан мемлекеті. XIV ғасырда Орда-Ежен мен Шайбани ұрпақтары иелігіндегі ұлыстар мен ру-тайпалар Ақ Орда мемлекетінің құрамында болды. Мұнда Орда-Ежен мен Тоқа-Темір әулетінен шыққан хандар билік жүргізді. Осыған қарамастан Шайбани ұрпақтары өз иелігіндегі билігін сақтап қалды. Ал XV ғасырдың 20- жылдарының аяғына қарай Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі түрік шонжарларының қиян-кескі күресінің нәтижесінде билік Орда-Ежен мен Тоқа-Темір мұрагерлерінен Шайбан ұрпақтарына ауысады. Оған Ақ Орданың әлсіреуі мен құлдырауы, оның соңғы ханы Барақтың 1428 жылы қаза табуы себепші болды. Бұл кезде Ақ Орданың жерінде бір-біріне тәуелсіз екі саяси бірлестік нығайды. Жазба тарихи дерекетерде бұл феодалдық иеліктер Көшпелі өзбектер хандығы деп те аталған. Бұл ұлыстардың арасында жер үшін, билік үшін ешбір тоқтаусыз, қиян-кескі ұрыстар үнемі болып тұрған. Осы талас-тартыстың барысында Жошының Шайбан ұрпағынан тараған Дәулет-Шайхоғылының баласы 17 жасар Әбілқайыр жеңіске жетті. Ол 1428 жылы Батыс Сібірде Тура (Түмен) қаласында хан болып жарияланды. Оны Шайбани ұлысына кірген рулар мен тайпалардың 200-ге жуық ірі өкілдері қолдаған. Халқының құрамына Ақ Ордаға кірген түрік және түріктенген түрік-моңғол тайпалары жатты. Олардың бастылары: қыпшақ, найман, қият, маңғыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы, ұйылын, шынбай, күрлеуіт және тағы басқалары. Бұл тайпалар тілі, шаруашылығы, мәдениеті және тұрмысы жағынан туыстас тайпалар. Сондықтан олар «өзбек» деген атпен саяси жағынан бірге аталған. Оның иелігі Ноғай Ордасының шығыс бетін, батыста – Жайыққа, шығыста – Балқашқа дейінгі, оңтүстікте – Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте – Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды.Әбілқайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде (1428–1468 жж.) елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. XV ғасырдың 50-ші жылдары Әбілқайыр Мауеренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен Бұхараға талау-тонау жорықтарын жүргізді. Соғыстар барысында Әбілқайыр қанша жерлерді қосып алғанымен, хандық ішінде саяси берік бірлік болмады, әлеуметтік-экономикалық қайшылықтар күшейді. Ірі феодалдық топтар, ру басылары, сұлтандар оны қолдамады, қарсы шығып отырды. Әбілқайыр мемлекетінің ішкі әлсіздігі, Шыңғыс әулеті арасындағы тоқтаусыз қырқыстар, көшпелі рулар мен тайпалар сұлтандарының өз алдына бөлінуге ұмтылуы 1456–1457 жылдардағы Әбілқайырдың Үз-Темір тайшы басқарған ойраттармен Сығанақ маңындағы шайқаста күйрете жеңілуіне алып келді. Ол Түркістандағы талан-таражға түскен қалаларын тастап, Дешті-Қыпшақ даласына кетуге мәжбүр болды. Тек 60-жылдардың басында ғана Әбілқайыр Сырдария бойындағы бұрын өзі жаулап алған қалаларына қайта оралды. Осы жерден Әбілқайыр 1468 жылы Моғолстанға қарсы жорыққа кетіп бара жатқанда Алматы маңындағы Аққыстау деген жерде кенеттен қайтыс болды.Ішкі және сыртқы қайшылықтардың шиеленісуі, бітпейтін феодалдық соғыстар мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, Әбілқайыр хандығының ыдырап тарауына ұрындырды. Сөйтіп Шайбан әулетінің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі тоқтады. Көшпелі өзбек тайпаларының бір бөлігі XVI ғасырдың бас кезінде Мауеренахрға көшіп кетті. Қазақстан жерінде қалып қойған ру-тайпалар қазақ хандарының қол астына кірді. Темір ұрпақтары үкіметінің әлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы үкімет билігін басып алды.