Баспа қызметі - баспаны немесе полиграфиялық ұйымды құруға, кез-келген түрдегі баспа өнімдерін дайындау және шығаруға бағытталған қызмет болып табылады.
Алдын-ала калькуляциялау - басылымды дайындап, өндіріп шығаруға жұмсалатын шығындарды нақты баптары бойынша есептеп алуға мүмкіндік береді.
Есептік калькуляция - бухгалтерлік есеп мәліметтері негізінде нақты орын алған шығындар бойынша жасалынады және басылымның жоспарлы өзіндік құнымен салыстыра отырып, талдауға негіз болады.
Бақылау – басқару процесінің қажетті құрамдас бөлігі, ол кері байланыс элементі болып табылады, себебі бақылау арқылы жоспарлар мен қабылданған шешімдерге түзету жасалынады.
Бақылау технологиясы – бұл ауытқуларды анықтауға мүмкіндік беретін әдістер мен тәсілдерді жинақтау механизмі.
Бақылау қағидасы – бұл бақылау жағдайында экономикалық, әлеуметтік, және басқа заңдылықтарға сәйкестендірілген бақылау жүйесінің қалыптасуын, жұмыс істеуін анықтайтын жалпы қабылданған ережелер болып табылады.
(АКБСЖ) - Ақпараттық, кітапхана және баспа ісі бойынша стардарттар жүйесі.
Жоспарлы калькуляцияның бір түрі - сметалық калькуляция; оны бір рет шығатын (бірегей) бұйымға немесе жұмысқа, тапсырыс берушілермен есептесу, баға белгілеу және басқа мақсаттар үшін жасайды.
Жобалық (проектілік) калькуляциялау –келешектік калькуляцияның бір түрі, олар күрделі қаржының, жаңа техниканың және технологияның тиімділігін анықтау үшін қолданылады.
ХҚЕС – халықаралық қаржылық есептілік стандарттары
ҰҚЕС – ұлттық қаржылық есептілік стандарттары
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бүгінгі таңдағы қалыптасқан экономикалық қатынастар, қаржылық-шаруашылық қызметін жүзеге асыратын меншік иеленушілердің көптүрлілігі, ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынастардың күрделілігі, бәсекелестік деңгейінің жоғарылығы, отандық есеп жүйесінің халықаралық стандарттарға бет бұруы шаруашылық бірліктеріндегі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесіне қатаң талап қоюда.
Бүгінгі нарықтық қатынастар жағдайында микро деңгейде қызмет атқаратын шаруашылық механизмдерінің, яғни, жеке ұйымдардың нарықтық экономиканың басты звеносы ретіндегі маңызы артып отыр. Соған сәйкес нақты экономикалық ғылымдардың да мәнділігі өсе түсті.
Баспа өнімдерін өндіретін ұйымдардың нарықтық қатынастар жағдайында әрекет етуі, яғни үнемі өзгеріп отыратын сыртқы ортаға бейімделуі, бәсекелестікті қабылдауы, сатып алушылар тарапынан баспа өнімдерінің сапасы мен дәрежесіне қатысты талаптарының жоғарылауын ескеруі қажет. Дәл осындай мүмкіндікті қамтамасыз ететін ұйымдағы бірден-бір ақпараттық жүйе бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесі.
Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы заңнама бойынша барлық шаруашылық субъектілері өздерінің ұйымдық-құқықтық және меншіктік нысанына қарамастан бухгалтерлік есеп жүргізуге, қаржылық есептілікті құрастырып, тиісті орындарға ұсынуға міндетті.[1]
Экономиканың даму деңгейі, оның ішінде қаржы жүйесінің, өндірістің, әлеументтік-экономикалық даму қарқынының артуы есеп жүйесінде шешілуге тиісті жаңа мәселелерді туғызды. Есеп жүйесі деңгейінің төмендігі қай елде болмасын экономикалық прогресске кері әсер етеді. Бүгінгі күні елдерді олардың өркениеттілік деңгейіне ғана емес, олардағы есеп жүйесінің даму деңгейіне қарап та бөлуге болады. Яғни, есеп жүйесіне қатысты мәселелер әрқашан өзекті және қандай қоғамда болмасын жедел шешімді талап етеді.
Баспа өнімдерін шығару және таратумен айналысатын ұйымдар біздің елімізде көптеп саналады, олардың ішінде ірі корпорациялар да болғанымен, көбінесе шағын және орта бизнес субъектілері ретінде құрылған. Сондықтан олар бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті құрастыруда №2 ұлттық қаржылық есептілік стандартын басшылыққа алады.[3]
Баспа қызметі дегеніміз баспаны немесе полиграфиялық ұйымды құруға, кез-келген түрдегі баспа өнімдерін дайындау және шығаруға бағытталған қызмет болып табылады.
Баспа өнімін шығарушы және таратушы ұйым бұл баспа өнімдерінің айналысы сферасындағы негізгі звено, шаруашылық және заңнамалық тұрғыда өз алдына жеке қызмет атқаратын, баспа өнімдерін шығарытын, сатып алатын, сақтайтын, сатумен айналысатын, және де халыққа қажетті басқа да қызмет түрлерін көрсетіп пайда алатын ұйым болып табылады. Баспа өнімдерін шығаратын ұйымдардың барлығы коммерциялық ұйымдар болып табылады, себебі олардың мақсаты жоғары пайда алу. Баспа ұйымы осы бағытта өнімдер шығарып оларды тұтынушыларға жеткізеді. Баспа қызметінің негізгі мақсаттарын келесі түрде анықтауға болады:
- жеке адамның, қоғамның, жалпы мемлекеттің баспа өнімдеріне деген қажеттілігін қанағаттандыру;
- ой мен сөз бостандығына, көзқарастар мен тұжырымдарды еркін жеткізуге деген құқықты қамтамасыз ету;
- ұлтына, этникалық тегіне, түсіне, тілі мен дініне, жынысына, көзқарасына, саяси тобына, мүліктік жағдайы мен әлеументтік ортасына қарамастан автор ретінде өз ойын айту мүмкіндігін беру;
- баспа өнімдерінің көлемі мен тиражын арттыру арқылы, сонымен қатар, кітаптардың тақырыптарын кеңейту арқылы халықтың ұлттық және мәдени дамуына жағдай жасау;
- баспа өнімдері арқылы азаматтардың мәдени деңгейін көтеру, ұлттық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыларының түпнұсқасын немесе аудармасын шығару арқылы жалпы адамдық құндылықтарға жақындату.
Баспа ұйымдары басылымдардың саудасын ұйымдастырады, сатып алушылар тарапынан баспа өнімдеріне деген сұранысты зерттейді, анықтамалық-ақпараттық қызметті атқарады, маркетингтік қызметпен айналысады, баспа өнімдерінің нарығын зерттейді, халыққа қажетті басқа да ілеспе қызмет түрлерін көрсетеді.
Шаруашылық қызметті жүзеге асыру барысында баспа ұйымдары күрделі шаруашылық-экономикалық қатынастарға түседі. Баспа өнімдерін тұтынушылар саны мен баспа ұйымдары ұсынатын өнімдер саны мен түрлері күн сайын өсуде. Яғни, шаруашылық-экономикалық қызметінің нәтижесін анықтауға мүмкіндік беретін, барлық ақпаратты пайдаланушылар үшін шешім қабылдауға негіз болатын бухгалтерлік есеп жүйесін бақылауды күшейту қажет.
Қазіргі жағдайларда кез-келген ұйым үшін басқарушылық есепті жүргізу қажеттігі туындап отыр, себебі ұйым өз қызметін бюджеттеуді, жоспарлауды, талдауды жүзеге асырып, менеджерлердің басқарушылық жұмысын жетілдіруі қажет болып отыр. Қалыптасқан нарықтық қатынастар халықаралық нарыққа шығудың бір шарты ретінде, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының талаптар бойынша экономикалық дамудың көптеген қағидаларын қайта қарауды талап етіп отыр.
Басқарушылық есептің негізгі мақсаты әдеттегі тапшылығына қарамастан қорларды үнемдеу, өндіріс шығындарын азайту, ұйымның бәсекелестігін қамтамасыз ететін табысты арттыру болып табылады.
Басқарушылық есеп ақпаратына мұқият көңіл бөлу арқылы өндірісті басқару тиімділігіне, табысты сату-өткізу қызметіне ғана емес, менеджерлердің уақыттылы және тиімді шешім қабылдауына әсер етуге болады. Осылардың барлығы әрбір ішкі кезеңдердегі шығындарды азайту, соның нәтижесінде өнімнің өзіндік құнын азайтуға және кәсіпкердің әрбір үрдіс бойынша, немесе ұйым бойынша жалпылама түрде алынған табыс сомасының ашықтығын қамтамасыз етеді. Осы жоғарыда аталғандардың барлығы зерттеу тақырыбының өзектілігін ашады.
Тақырыптың зерттелу дәрежесі. Өндіріс шығындарының есебі және өнімнің өзіндік құнының калькуляциялануы мәселелріне қатысты тақырыпты толық зерттелген деп атауға болады. Бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті құрастыруға қатысты заңнамалық және өзге нормативтік-құқықтық актілер бар, өндіріс шығындарының есебі мен калькуляциялау мәселелері толық қаралған деуімізге болады. Осы тақырыпты қозғайтын отандық Тайгашинова К.Т., Тулегенов Э.Т., Назарова В.Л., Дәуренбекова Ә.Н. сияқты авторлардың оқулықтары мен оқу құралдары, кандидаттық және докторлық диссертациялары қаралып зерделенді. Шет елдік авторлар ішіндегі Колин Друри, Р. Энтони, Дж. Рис, Ч.Т. Хорнгрен, Дж.Фостер, А.Д. Шеремет, М.А. Вахрушина сынды авторлар еңбегін атауымыз қажет. Дегенмен де ұлттық тілдегі оқулықтардың, оқу құралдарының аздығы анық.
Баспа ісіне қатысты заңнамалық актілер мен нормативтік әдістемелерге қатысты мәселенің қиындау екендігі мәлім. Тәуелсіздік алғаннан бергі «Баспа ісі» жөніндегі Қазақстан Республикасының заңының жобасы 2006 жылдың соңында ғана ТМД халықтарының парламентаралық Ассамблеясының «Баспа ісі» деп аталатын заң үлгісі негізінде даярланған болатын. Ал «Баспа ісіне қатысты стандарттардың» Қазақстандық үлгісі мүлде жоқ, тек Ресейлік халықаралық стандарттарға негізделіп жасалынған «Ақпараттық, кітапхана және баспа ісі бойынша стардарттар жүйесі» (АКБСЖ) стандарттары бар. Оның құрамына 76 стандарт және салалаық стандарттар кіреді.
Ал енді тікелей баспа ісіне қатысты бухгалтерлік есепті ұйымдастыру мен салық салу, құқықтық аспектілерді ашу мәселесі отандық авторлар еңбегінде қарастырылмаған. Ал Ресейдегі кітап шығару және сату өндірісінің даму деңгейіне сәйкес Иришина Е.В., Иванова Е.Н., Далада Е.В., Комаров Е.И. сияқты Ресейлік авторлардың кітаптары пайдаланылды.