117.ҚР қоғамдық қозғалыстарының құрылуымен көп партиялық жүйенің қалыптасуы. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін көппартиялықтың қалыптасуының шынайы кезеңі басталды. Партия рөлінің күшеюі әлеуметтік топтардың саяси бағыттарының және әлеуметтік-экономикалық реформаларға ықпал етуге тырысуымен анықталды.
Жаңа тұрпаттағы алғашқы саяси партиялар қатарында «Социал-демократтар» партиясы, «Алаш» ұлттық еркіндік партиясы, Қазақстанның «Халық конгресі» партиясы, «Республикалық» партия болды.
1991 жылдан бастап, қоғамдық бірлестіктердің қызметі «Қазақ КСР-дегі қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңмен реттеле бастады. Заңға сәйкес, 1991 жылдың 30 желтоқсанына дейін республика аумағында қызмет ететін барлық қоғамдық бірлестіктердің қайта тіркеуден өтуі талап етілді. Партия мен қоғамдық қозғалыстардың дамуы мен жұмыс істеу ережесі бүгінде 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, сонымен бірге ҚР «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңымен (1996 ж.) және «Саяси партиялар туралы» Заңымен (2002 ж.) реттеледі. Атап айтсақ, Ата Заңның 5-бабында:
1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Мемлекеттік органдарда партия ұйымдарын құруға жол берілмейді.
2. Қоғамдық бірлестіктер заң алдында бірдей. Қоғамдық бірлестіктер ісіне мемлекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бірлестіктердің заңсыз араласуына, қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік органдардық қызметін жүктеуге жол берілмейді, – деп жазылған.
Қазақстанда қоғамдық және саяси-қоғамдық қозғалыстардың дамуын 6 негізгі кезеңдерге бөліп көрсетуге болады:
– 1986 жылдың күзінен 1989 жылдың басына дейін (бейресми бірлестіктердің құрылуы, клубтық құрылымның дамуы);
– 1989 жылдың басы мен 1991 жылдың тамызы (көпұлтты және бірұлтты партиялардың, қозғалыстардың және ұйымдардың қалыптасуы);
– 1991 жылдың қыркүйегі мен 1998 жылдар аралығы (КОКП таратылуы, КСРО-ның күйреуі, тәуелсіз Қазақстан Республикасының қалыптасуы, дифференциацияның өсуі және республика азаматтарының саяси белсенділігінің дамуы, жаңа партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің қалыптасуы және тіркелуі);
– 2002 жылдан 2007 жылға дейін («Саяси партиялар туралы» жаңа Заңның қабылдануына байланысты партиялық жүйе конфигурациясының өзгеруі, мемлекет пен БҰҰ ара-қатынастарының жаңа форматы);
1990 жылдың басы мен орта шенінде ұйым ретінде тіркелген саяси партиялар үгіт-насихат, жақтастарын іріктеу және саяси іс-қимылдарға тарту кезеңінде болды. Орталық ұстанымдағы анағұрлым көрнекті партиялар қатарында Қазақстанның «Социалистік» партиясы, Қазақстанның «Халық Конгресі» партиясы, Қазақстанның «Халық Бірлігі» Партиясын атауға болды. Қазақстанның саяси партиялары, қозғалыстары, қоғамдық бірлестіктері Жоғарғы Кеңестің XІІ және XІІІ шақырылымдағы сайлауларына, сонымен бірге 1990, 1994, 1995 жылдардағы Парламент мәжілісінің сайлауларына қатысып, олардың кейбірі еліміздің жоғарғы өкілдік органында депутаттық фракцияны құрады. Атап айтар болсақ, 1995 жылғы депутаттық корпуста Қазақстанның халық бірлігі партиясы, Қазақстанның халық Конгресі партиясы, Халықтық-кооперативтік партия, Қазақстанның қайта өрлеу партиясы, «Лад» қозғалысы және т.б. болды.
Партиялық жүйенің ары қарай дамуы үшін маңызды жайт парламентте партиялардың пропорционалдық өкілдерін енгізу туралы ұсыныс болып табылады. Бұл Қазақстан Республикасының Парламентінің 1998 жылғы 7 қазандағы елдің Негізгі Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларында іске асты. Аталған түзетулерге сәйкес, Парламенттің Мәжілісінде партиялық тізім бойынша сайланған депутаттар үшін қосымша он орын берілді.1999 жылы өткен Қазақстан Республикасының Парламентінің Мәжілісіне сайлау депутаттық мандат үшін партияаралық бәсекелестіктің алғашқы тәжірибесіне айналды. Бұл жылғы Мәжіліс сайлауына тоғыз партия қатысты. 1999 жылдың қазанында партиялық тізім бойынша дауыс беру өткізіліп, сайлау қорытындысы бойынша Парламенттің төменгі палатасы - Мәжілістен 10 орынды «Отан», Коммунистік, Аграрлық, Азаматтық партиялары жеңіп алды.
Партиялық жүйенің қалыптасуының және дамуының жаңа кезеңі біріншіден, 2002 жылы саяси партиялар туралы заңның қабылдануымен, екіншіден, 2004 жылғы парламенттік сайлауға партиялардың қатысуымен байланысты болды.