40.XIV-ХVI ғасырлардағы Қазақстанның қалалық мәдениеті және ХVI -ХVIII ғ. басында қалалық мәдениеттің құлдырауы. ХV-ХVІІ ғасырлардағы қазақ қалалары моңғол шапқыншылығынан кейін қалалық тіршілігінен үзіліп қалған болатын. Шындығында да моңғол шапқыншылығы кезінде Жетісудағы Іле мен Талас өңіріндегі қалалардың дамуына алапат зиянын тигізген еді. Бірақ Сырдария мен Қаратау бойындағы қалалардың тағдыры бұған қарағанда өзгеше сипат алды. ХІІІ ғасырдың басында өртенген, тоналған бұл қалалар ХІІІ ғасырдың аяғында және XIV ғасырда қайта қалпына келтіріліп, қолөнер мен сауданың маңызды орталығына айналды. Ал XVІ- XVІІ ғасырларда қазақ хандарының ордасы болды. Сыр бойы калалары үшін Қазақ хандары өте қажырлы қайрат жұмсады. Ең алғаш Қазақ хандығының құрамына қосылған Сырдария жағасындағы – Созақ және Сауран қалалары болды. XV ғасырдың соңында Сығанақ пен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Сығанақ қаласы қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылынан солтүстікке қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі кезде қаланың орны – Сунақ-Ата қалашығы. XV-XVI ғасырларда Сығанақ қаласы Сыр өңірі немесе Дарияның жағалауындағы қалалары ішіндегі саяси-әкімшілік, сауда-айырбас, орталықтары ретінде ең ірі қаланың бірі болып саналады. Жазба деректердің мәліметтері бойынша, аймаққа қыпшақтардың келуіне байланысты мұндағы оғыздар оңтүстік-батысқа қарай жылжып кетеді. Ал Сырдың орта және төменгі ағысына Қыпшақ хандығы орналасады. Ибн Рузбихан Сығанақ қаласы «аймақтың солтүстік жағындағы жер жәннатының шеті» деп сипаттаса, қала Дешті Қыпшақтың шекаралық сауда бекеті, бүкіл әлемге аумағының кеңдігімен, қауіпсіз әрі тыныш болуымен даңқы шыққан қала дейді. Сығанақ Түркістанның ірі сауда орталығы болған, қала тау өзендерімен және Сырдариядан тартылған арықтармен суландырылып, егіншіліктің де орталығы болған. XV-XVI ғасырларда Созақ қаласы аймақтық Дешті Қыпшақпен түйіскен жерінде, Сыр бойындағы қалаладан анағұрлым алшақ орналасты. XV ғасыр соңында Созақ қаласы мен оның өңірлерінде Жәнібек ханның ұлы Махмуд сұлтан билік жүргізді. Қазақ тарихында елеулі орын алған Созақ қаласының орны Қаратаудың теріскей беткейіндегі қазіргі Созақ аулының жерінде жатыр. Онда екі ортағасырлық қала орны сақталған. Солардың біріншісі Тарсатөбе. Ол ауылдың солтүстік-шығыс шетінде орналасқан. Екіншісі ауылдың орта тұсында орналасқан кейінгі Созақтың орны. Оны жергілікті тұрғындар «Өркешігі» деп атайды. Созақта 1946 жылы археологиялық зерттеу жүргізген Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (Ә.Х. Марғұлан) қала екі бөліктен тұратындығын алғаш айтқан. Сауран - ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Биіктігі 6 метр қабырғамен қоршалған қалашықтың өлшемі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 800 метр солтүстік-батыстан оңтүстік шығысқа қарай 500 метр мәдени қабатының биіктігі 2 метр. Сауран туралы алғашқы деректер 10 ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған. Шыңғыс хан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді. 13 ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14 ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. 16 ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Сауран 17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырдың басында әлсіреп, 19 ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 - 800 метр дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың 7-18 ғасырларға жататынын дәлелдейді.