93)Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы– Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
94) Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсті. Осы бағытта 1992 жылы қаңтарда бағаны ырықтандыруға, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіруге кірісті.
Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш кезеңі белгіленді. Бірінші кезең - 1991-1992 жылдар, екінші кезең - 1993-1995 жылдар аралығы болып, осы мерзімде жүргізілетін іс бағдарламасы Жоғарғы Кеңестің сессиясында мақұлданып, Президенттің Жарлығымен бекіді. Ал үшінші кезең - 1996-1998 жылдарды қамтуға тиіс болды. Осыған байланысты көптеген жаңа заңдар, реформаны жүзеге асыруға қажет басқа да құжаттар қабылданды. Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т.б. Сондай-ақ нарықтық экономикаға тән инфрақұрылымның кейбір түрлері: биржалар, коммерциялық банктер, сауда үйлері, жеке меншіктік кәсіпорындар мен шаруашылықтар, жеке меншік пен мемлекет меншігі аралас ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар өмірге келді. Сөйтіп, нарықтық экономикаға қарай, меншіктің түрін өзгертуде, аралас экономика құруда біршама жұмыстар атқарылды.Алайда, нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателіктерге жол берілді. Біріншіден, реформаны бастауда мемлекеттің мақсаты да, мүдделері де, оларға жетер жолы да, әдіс-тәсілдері де толық анықталмады. Екіншіден, барлық елдерге бірдей сай келетін экономикалық реформаның моделі болмайды. Әр елдің өзіне тән, оның ұлттық бітіміне, тарихына, дәстүріне, нақтылы саяси, әлеуметтік, экономикалық қалыптасқан жағдайына сәйкес өз моделі, өз жолы болу керек. Оны әлемдік тәжірибе де көрсеткен. “Жапондық”, “Немістік” тағы басқадай әр елдің өз даму жолы болғаны белгілі. Қазақстан көп елде жақсы нәтиже бермеген, Халықаралық Валюталық Қоры ұсынған “есеңгіретіп емдеу” деп аталатын жолына түсті, Ресейдің соңынан ерді. Үшіншіден, экономикалық реформа бірінен кейін бірі және өзіндік ретімен жасалуы арқылы жүзеге асуға тиіс. Ал Қазақстанда қажетті заң жүйесі жасалып бітпей, жеке меншікке негізделген кәсіпорындардың үлесі өсіп, бәсеке ортасы қалыптаспай тұрып, ең әуелі бағаны ырықтандырудан бастау қате болды, өйткені бағаны ырықтандыру үкімет тарапынан мезгіл-мезгіл оны өсіріп отыру болып шықты. Төртіншіден, қабылданған заңдар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, себебі ол заңдардың жүзеге асатын механизмдері жасалмаған-ды. Бесіншіден, инфляцияны ауыздықтамаса ешбір істе береке болмайтыны белгілі. Бірақ осыған қарамастан мемлекеттегі қаржы, несие, ақша жүйесі ретке келмеді. Ұлттық банк ақша жүйесін, ақша айналымын, оның ішкі және сыртқы қозғалысын қатаң бақылауға алудың орнына, ақша-несие ресурстарын бей-берекет жұмсап, аса жоғары процентпен сатып, пайда табумен әуестенді. Алтыншыдан, қылмыс, жемқорлық, заңды бұзушылық көбейді. Оған жаппай тәртіпсіздік, жауапкерсіздік қосылды. Міне, бұлар реформаны жүргізуде, экономиканы дамытуда өздерінің зиянын тигізді. Жетіншіден, мемлекет басшылары экономикалық дағдарыс кезінде өмір сүріп, жұмыс істеп көрмегендіктен, оның ой-қырын, бүге-шігесін, одан шығу жолдарын білмеді. Экономикалық дағдарысты дұрыстап бағалай алмады. Елді дағдарыстан тез арада шығару саясаты жүргізілді, бірақ ол ешқандай нәтиже бермеді.Сондықтан мемлекет дағдарыстан шығудың жолдарын қарастыра бастады. Оның ең бастысы – бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 ж. мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді. Осының нәтижесінде әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғарғы таза пайда алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті, елдің экономикасы бағаның шарықтап өсу кесірінен төмен түсіп кетті
1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін екі жыл бойы теңгені қолданысқа енгізуге күрделі дайындық жүргізілген еді. Нәтижесінде, 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді.Ұлттық валюта-бұл елдің заңмен белгіленген ақша бірлігі. Өзінің ұлттық валютасын енгізу Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуда және дербес дамуында маңызды рөл атқарады. Теңге елдің қаржылық Тәуелсіздігінің ажырамас символына айналды. жаңа ақшаның атауы ХV ғасырда Отырар қаласында «таньга» деп басылып шыққан монетаға ұқсастырып «теңге» атауымен аталған болатын.1992 жылдың 27 тамызы күні Қазақстаның Ұлттық банкі теңге купюрасының үлгілерін бекіткен болатын. Мемлекет басшысының жеке тапсырмасымен отандық суретшілер Тимур Сүлейменов, Қайролла Әбжәлелов, Меңдібай Алин және Ағымсалы Дүзелханов Англияда қазақ валютасының дизайнындағы портретін бекітті. Осылайша, теңге алғаш рет Ұлыбританияда басылып шықты.